Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Кейбір нұсқаулықтарды бекіту туралы" 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 168 және "Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті туралы" 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулыларына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 11 тамыздағы № 910 қаулысы.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер енгізілсін:

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      1) тармақшаның күшін жою көзделген - ҚР Үкіметінің 02.06.2022 № 355 қаулысымен (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі).

      1) "Кейбір нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 168 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде іс жүргізу жөніндегі нұсқаулықта:

      12-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Белгіленген үлгідегі бланкіде ресімделуге тиіс, бірінші басшы (ол болмаған кезде – бұйрық болған жағдайда оның міндеттерін атқаратын адам), өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша жауапты хатшы, министрліктердің Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған және жауапты хатшының өкілеттіктерін жүзеге асыратын лауазымды адам қол қойған немесе толтырылған деректемелері бар (ЭЦҚ тексерудің оң нәтижесінің белгіленген тәртіппен анықталғаны туралы растамасы бар, ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжаттар) электрондық құжаттың оған сәйкес келетін шаблонын пайдалана отырып жасалған құжаттардың бірінші даналары Кеңседе қабылдануға жатады.";

      17-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Үкіметтің қарауын талап етпейтін әрі орталық және жергілікті атқарушы, өзге де мемлекеттік органдар шеше алатын заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін Үкімет Регламентіне және Кеңсе туралы ережеге сәйкес БҚҚБ меңгерушісі (ол болмаған кезде – меңгерушінің орынбасары) тиісті министрліктерге, әкімдерге және өзге де мемлекеттік органдарға жібереді.";

      19-тармақтың бірінші бөлігіндегі 8) тармақшаның бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) жол жүргенге дейін 3 (үш) күн бұрын министрліктер басшыларының, облыстар мен Астана және Алматы қалалары әкімдерінің, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" (бұдан әрі – "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ"), "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі" (бұдан әрі – "ҚазАгро" ҰБХ"), "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" (бұдан әрі – "Бәйтерек" ҰБХ") акционерлік қоғамдарының басқарма төрағаларының іссапарға шығуына рұқсат алуға байланысты өтініштер беріледі;";

      57-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жеделхатқа Кеңсенің жеделхатты дайындаған құрылымдық бөлімшесінің басшысы растаған тарату көрсеткіші қоса беріле отырып, адресаттарды жинақтап көрсетуге рұқсат етіледі (мысалы: "министрлерге").";

      84-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) Үкімет мүшелерінің, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ", "Бәйтерек" ҰБХ" акционерлік қоғамдарының төрағалары мен құрылымдық бөлімшелер басшыларының, сондай-ақ қажет болған жағдайда, орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының қатысуын Кеңсенің БҚҚБ қамтамасыз етеді;";

      104-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "104. Үкімет мүшелері, ұлттық басқарушы холдингтердің, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, баяндамашылар келмеген жағдайда, БҚҚБ-ның тіркеуді жүзеге асыратын қызметкері келмеген қатысушының көмекшісімен немесе қабылдау бөлмесінің қызметкерімен дереу хабарласады, келмей қалу себептерін нақтылайды.";

      124-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "124. Хаттамаға қол қойылғаннан кейін БҚҚБ бір күн мерзімде Үкімет мүшелеріне және хаттамада тапсырмалар берілген адресаттарға өздеріне қатысты бөлікте хаттамадан үзінді көшірме дайындайды, тиісті құрылымдық бөлімшелердің ұсыныстары бойынша хаттамалық тапсырмаларды бақылауға қоюды және оларды таратуды жүзеге асырады.";

      134-1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бұл ретте Әділет, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері көрсетілген мерзімге дейін 10 (он) жұмыс күні бұрын енгізілген Үкімет қаулылары мен Премьер-Министр өкімдерінің жобаларын ағымдағы жылғы 18 желтоқсанға дейін келісуді қамтамасыз етеді.";

      көрсетілген Нұсқаулыққа 3-қосымшаның 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) ІІМ және басқа да жедел қызметтердің шұғыл ақпарлары;";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде, орталық және жергілікті атқарушы органдарда құжаттардың орындалуын бақылауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықта:

      28-тармақтың бірінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "28. Президент, Премьер-Министр, Мемлекеттік хатшы, Үкімет, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесі басшыларының актілері мен тапсырмаларын орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың орындау сапасына бақылау жүргізуге, сондай-ақ Президент Әкімшілігі бекітетін жыл сайынғы кестеге сәйкес Ұлттық экономика министрлігіне қорытындыларды беруге Премьер-Министр Кеңсесінің мынадай құрылымдық бөлімшелері жауапты болып табылады:";

      2) күші жойылды - ҚР Үкіметінің 02.06.2022 № 355 қаулысымен.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 02.06.2022 № 355 қаулысымен.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов