Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер енгізілсін:
1) «Кейбір нұсқаулықтарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 168 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде іс жүргізу жөніндегі нұсқаулықта:
12-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«12. Белгіленген үлгідегі бланкіде ресімделуге тиіс, бірінші басшы (ол болмаған кезде – бұйрық болған жағдайда оның міндеттерін атқаратын адам), өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша жауапты хатшы, министрліктердің Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған және жауапты хатшының өкілеттіктерін жүзеге асыратын лауазымды адам қол қойған немесе толтырылған деректемелері бар (ЭЦҚ тексерудің оң нәтижесінің белгіленген тәртіппен анықталғаны туралы растамасы бар, ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжаттар) электрондық құжаттың оған сәйкес келетін шаблонын пайдалана отырып жасалған құжаттардың бірінші даналары Кеңседе қабылдануға жатады.»;
17-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«17. Үкіметтің қарауын талап етпейтін әрі орталық және жергілікті атқарушы, өзге де мемлекеттік органдар шеше алатын заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін Үкімет Регламентіне және Кеңсе туралы ережеге сәйкес БҚҚБ меңгерушісі (ол болмаған кезде – меңгерушінің орынбасары) тиісті министрліктерге, әкімдерге және өзге де мемлекеттік органдарға жібереді.»;
19-тармақтың бірінші бөлігіндегі 8) тармақшаның бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«8) жол жүргенге дейін 3 (үш) күн бұрын министрліктер басшыларының, облыстар мен Астана және Алматы қалалары әкімдерінің, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» (бұдан әрі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ»), «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» (бұдан әрі – «ҚазАгро» ҰБХ»), «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» (бұдан әрі – «Бәйтерек» ҰБХ») акционерлік қоғамдарының басқарма төрағаларының іссапарға шығуына рұқсат алуға байланысты өтініштер беріледі;»;
57-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Жеделхатқа Кеңсенің жеделхатты дайындаған құрылымдық бөлімшесінің басшысы растаған тарату көрсеткіші қоса беріле отырып, адресаттарды жинақтап көрсетуге рұқсат етіледі (мысалы: «министрлерге»).»;
84-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) Үкімет мүшелерінің, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ», «Бәйтерек» ҰБХ» акционерлік қоғамдарының төрағалары мен құрылымдық бөлімшелер басшыларының, сондай-ақ қажет болған жағдайда, орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының қатысуын Кеңсенің БҚҚБ қамтамасыз етеді;»;
104-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«104. Үкімет мүшелері, ұлттық басқарушы холдингтердің, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, баяндамашылар келмеген жағдайда, БҚҚБ-ның тіркеуді жүзеге асыратын қызметкері келмеген қатысушының көмекшісімен немесе қабылдау бөлмесінің қызметкерімен дереу хабарласады, келмей қалу себептерін нақтылайды.»;
124-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«124. Хаттамаға қол қойылғаннан кейін БҚҚБ бір күн мерзімде Үкімет мүшелеріне және хаттамада тапсырмалар берілген адресаттарға өздеріне қатысты бөлікте хаттамадан үзінді көшірме дайындайды, тиісті құрылымдық бөлімшелердің ұсыныстары бойынша хаттамалық тапсырмаларды бақылауға қоюды және оларды таратуды жүзеге асырады.»;
134-1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Бұл ретте Әділет, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері көрсетілген мерзімге дейін 10 (он) жұмыс күні бұрын енгізілген Үкімет қаулылары мен Премьер-Министр өкімдерінің жобаларын ағымдағы жылғы 18 желтоқсанға дейін келісуді қамтамасыз етеді.»;
көрсетілген Нұсқаулыққа 3-қосымшаның 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«7) ІІМ және басқа да жедел қызметтердің шұғыл ақпарлары;»;
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде, орталық және жергілікті атқарушы органдарда құжаттардың орындалуын бақылауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықта:
28-тармақтың бірінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«28. Президент, Премьер-Министр, Мемлекеттік хатшы, Үкімет, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесі басшыларының актілері мен тапсырмаларын орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың орындау сапасына бақылау жүргізуге, сондай-ақ Президент Әкімшілігі бекітетін жыл сайынғы кестеге сәйкес Ұлттық экономика министрлігіне қорытындыларды беруге Премьер-Министр Кеңсесінің мынадай құрылымдық бөлімшелері жауапты болып табылады:»;
2) «Қазақстан Республикасы Yкіметінiң Регламентi туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 44, 443-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Yкіметінiң Регламентiнде:
19-тармақтың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«19. Үкімет мәжілістерінде қарауға арналған мәселелердің тоқсан сайынғы тізбесін жоспарланатын тоқсанның алдындағы айдың 20-күнінен кешіктірмей Кеңсеге енгізілетін Үкімет мүшелерінің ұсыныстары негізінде Премьер-Министрмен және оның орынбасарларымен келісім бойынша Кеңсе Басшысы бекітеді.
Жоспарланған мәселелердің бекітілген тізбесі Үкімет мүшелеріне, облыстар мен Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне және қажет болған кезде басқа да мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың басшыларына жөнелтіледі.»;
24-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«24. Үкімет мәжілістеріне, әдетте, Премьер-Министрмен келісілген тізім бойынша Кеңсенің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысады.»;
36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«36. Кадрлық (мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарын тағайындау және босату, сондай-ақ жұмыс топтарын, комиссияларды құру бөлігінде) және ұйымдастырушылық сипаттағы қаулыларды қоспағанда, қаулылардың жобалары Конституцияға, заңнамалық актілерге, Президенттің, Үкімет пен Премьер-Министрдің актілеріне сәйкестігі тұрғысынан заңдық сараптама жүргізуге жауапты Әділет министрлігімен, сондай-ақ Қаржы министрлігімен міндетті түрде келісуге жатады.
Кадрлық (мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарын тағайындау және босату, сондай-ақ жұмыс топтарын, комиссияларды құру бөлігінде) және ұйымдастырушылық сипаттағы қаулыларды қоспағанда, мемлекеттік басқару және жоспарлау, әлеуметтік-экономикалық және өңірлік саясат мәселелеріне қатысты қаулылардың жобалары Ұлттық экономика министрлігімен міндетті түрде келісуге жатады.
Әділет және/немесе Ұлттық экономика және/немесе Қаржы министрліктерінің қорытындысы теріс болған жағдайда, егер Премьер-Министр өзгеше айқындамаса, қаулының жобасын Премьер-Министрдің Кеңсесіне енгізуге болмайды.»;
37-тармақтың төртінші бөлігінің 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) заңнамалық актілердің жобалары бойынша – Әділет, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен келісілгеннен кейін олар Үкіметке енгізілгенге дейін;»;
42-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«42. Ведомстволардың санын, министрліктердің, олардың басшы лауазымды адамдарының штат санының лимиттерін ұлғайтуды көздейтін қаулылардың жобаларын Үкімет Президентпен немесе оның уәкілеттігі бойынша Президент Әкімшілігімен келіседі.
Мемлекеттік органдар ведомстволардың санын, министрліктердің, олардың басшы лауазымды адамдарының штат санының лимиттерін ұлғайтуды көздейтін қаулылардың жобаларын Республикалық бюджет комиссиясының оң қорытындысы болған кезде енгізеді.»;
50-1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Бұл ретте Әділет, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері көрсетілген мерзімге дейін 10 (он) жұмыс күні бұрын енгізілген Үкімет қаулылары мен Премьер-Министр өкімдерінің жобаларын ағымдағы жылғы
18 желтоқсанға дейін келісуді қамтамасыз етеді.»;
75-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«75. Үкіметтің нормативтік қаулысы қабылданғаннан кейін министрліктер мен олардың ведомстволары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар бір ай мерзімде өздерінің актілерін Үкімет қабылдаған қаулыға сәйкес келтіруге және қажет болған кезде оны іске асыру мақсатында тиісті актілер шығаруға міндетті.»;
78-тармақтың алтыншы бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Кеңсеге енгізілетін Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің жобаларына әзірлеуші мемлекеттік органның, Әділет және Қаржы министрліктерінің бірінші басшылары міндетті түрде бұрыштама қояды.»;
79-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) Премьер-Министр (Премьер-Министрдің міндетін атқарушы адам), Кеңсе Басшысы, жобаны әзірлеуші мемлекеттік органның, Әділет және Қаржы министрліктерінің басшылары бұрыштама қойған Қазақстан Республикасының Президенті актісінің тиісті бланкідегі жобасы. Мүдделі мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының бұрыштамалары Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығы жобасының келісу парағына ғана қойылады. Қазақстан Республикасының Президенті актісінің жобасы мен оған қосымшаның әр парағын жобаны әзірлеуші мемлекеттік органның бірінші басшысы дәйектеуге тиіс.
Кеңседе пысықталған, Қазақстан Республикасының Президенті актісінің енгізілетін жобасына Үкіметке енгізілген Қазақстан Республикасының Президенті актісінің әзірлеуші органның, Әділет, Қаржы министрліктерінің бірінші басшыларының бұрыштамасы бар жобасын қоса беруге рұқсат етіледі.
Премьер-Министрдің Кеңсесінде пысықталған Қазақстан Республикасының Президенті актісінің жобасына Премьер-Министр, Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысы, әзірлеуші органның, Әділет, Қаржы министрліктерінің бірінші басшылары тиісті бланкіге бұрыштама қояды;»;
88-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«88-1. Заң жобалары Конституцияға, заңнамалық актілерге сәйкестігі тұрғысынан заңдық сараптама жүргізуге жауапты Әділет министрлігімен, мемлекеттік басқару және жоспарлау, әлеуметтік-экономикалық және өңірлік саясат мәселелеріне жауапты Ұлттық экономика министрлігімен, сондай-ақ заң жобасын республикалық бюджет қаражатымен қамтамасыз етуге жауапты Қаржы министрлігімен міндетті түрде келісілуге тиіс. Әділет және/немесе Ұлттық экономика және/немесе Қаржы министрліктері теріс қорытынды берген жағдайда, егер Премьер-Министр өзгеше айқындамаса, заң жобасы Кеңсеге енгізілмейді.
Бұл ретте Ұлттық экономика, Әділет және Қаржы министрліктері заң жобалары барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін келіседі.»;
98-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«98-2. Таныстыруға заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы және лауазымды адамдары, тиісті заң жобасын келісуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың басшылары, заң жобасын әзірлеуге қатысқан коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ ғылыми сараптама жүргізуді жүзеге асырған сарапшылар шақырылады. Әділет, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің басшылары заң жобаларын таныстыруға міндетті түрде қатысады.»;
101-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«101. Үкіметтің бастамасы бойынша Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілетін заң жобаларының төлнұсқаларына міндетті түрде: заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның, Әділет, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің басшылары, Кеңсе Басшысы және Премьер-Министр (оның міндетін атқарушы адам) бұрыштама қоюға тиіс. Үкімет бланкісіне шығарылған заң жобасына түсіндірме жазбаға Кеңсе Басшысы бұрыштама қояды және Премьер-Министр (оның міндетін атқарушы адам) қол қояды. Заң жобаларының төлнұсқалары Парламент Мәжілісіне қағаз және электрондық жеткізгіштерде (электрондық құжаттар форматында) енгізіледі.»;
105-тармақта:
үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Қорытынды дайындауға жауапты деп айқындалған мемлекеттік орган Парламент депутаттары бастамашылық жасаған заң жобасы бойынша алдын ала қорытындыны Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысына дейін күнтізбелік 5 (бес) күн бұрын Әділет министрлігіне ұсынады, сондай-ақ Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына мемлекеттік кірістерді ықтимал қысқарту немесе мемлекеттік шығыстарды ықтимал ұлғайту бөлігінде алдын ала қаржы-экономикалық есептерді енгізеді.»;
бесінші және жетінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:
«Үкімет қорытындысының жобасын Ведомствоаралық комиссияның ұсыныстарын ескере отырып, заң жобасында реттелетін қатынастар құзыретіне жататын мемлекеттік орган әзірлейді. Қорытындының жобасы мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалады және келіп түскен күнінен бастап 3 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде міндетті түрде Әділет, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен келісіледі (олардың басшылары бұрыштама қояды). Қажет болған кезде қорытындының жобасына әзірлеуші мемлекеттік кірістерді ықтимал қысқарту немесе мемлекеттік шығыстарды ықтимал ұлғайту бөлігінде қаржы-экономикалық есептерді қоса береді.»;
«Парламент депутаттары бастамашылық жасаған, Үкіметтің Регламентіне сәйкес дайындалған Үкіметтің заң жобаларына қорытындыларының жобаларын Кеңсеге енгізген кезде әзірлеуші мемлекеттік орган оларға Үкімет жанындағы Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның хаттамалық шешімінің көшірмесін, Әділет, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері хаттарының көшірмелерін қоса береді, сондай-ақ қажет болған жағдайда әзірлеуші қорытындының жобасына мемлекеттік кірістерді ықтимал қысқарту немесе мемлекеттік шығыстарды ықтимал ұлғайту бөлігінде қаржы-экономикалық есептерді қоса береді.»;
109-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Бұл ретте заң жобасын әзірлеуші заң жобасына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды салыстырма кесте түрінде әзірлеушінің алдын ала ұстанымын қамтитын қысқаша түйіндемемен Кеңсеге жібереді, оларды Үкімет басшылығы осы өзгерістер мен толықтырулар бойынша Үкіметтің бірыңғай ұстанымын әзірлеу үшін Әділет, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді.»;
109-1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Үкімет қорытындысының жобасы Президент Әкімшілігінің ұстанымын ескере отырып, мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалады және міндетті түрде Әділет, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен келісіледі (олардың басшылары бұрыштама қояды не мемлекеттік органның бірінші басшысының қолы қойылған тиісті хат ұсынылады) және егер тапсырмада өзге мерзім көрсетілмесе, 15 (он бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Кеңсеге енгізіледі.»;
113-тармақтың бірінші, екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«113. Парламент қабылдаған және Премьер-Министрге қолын қойып бекітуге жіберілетін барлық заңдар бойынша заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган (немесе оның құзыретіне орай) Әділет, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен келісім бойынша заң қабылданған күннен бастап бес күн мерзімде қорытындыны осы Регламентке 5-2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша дайындайды және Кеңсеге жібереді.
Қорытындыдан басқа Кеңсеге міндетті түрде Әділет, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері, сондай-ақ Парламент қабылдаған заңда мәселелері қозғалатын өзге де мемлекеттік органдар хаттарының көшірмелері, Үкімет Парламент Мәжілісінің қарауына енгізген заң жобасының нұсқасы мен депутаттардың әр түзетуі бойынша негіздемемен Парламент қабылдаған заңның салыстырма кестесі, депутаттардың түзетулеріне Үкімет қорытындылары енгізіледі. Мұндай салыстырма кестені әзірлеуді заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган жүзеге асырады.»;
көрсетілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентіне 1-1-қосымшаның жетінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Жоба Қаржы (министр (вице-министр) – тегі және аты-жөні), Әділет (министр (министрдің орынбасары) – тегі және аты-жөні), Ұлттық экономика (министр (министрдің орынбасары) – тегі және аты-жөні) министрліктерімен, өзге де мемлекеттік органдармен келісілді.».
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов