Тіркелген тарифтерді айқындау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 27 наурыздағы № 271 қаулысы

Жаңартылған

      «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» 2009 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 7-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Тіркелген тарифтерді айқындау қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           С.Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2014 жылғы 27 наурыздағы
№ 271 қаулысымен  
бекітілген    

Тіркелген тарифтерді айқындау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Тіркелген тарифтерді айқындау қағидалары (бұдан әрі — Қағидалар) «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» 2009 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі — Заң) 5-бабының 7-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері ендіретін электр энергиясына тіркелген тарифтерді айқындау тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) тіркелген тариф – жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын Заңда белгіленген тәртіппен есеп айырысу-қаржы орталығының сатып алуына арналған тариф;
      2) уәкілетті орган — жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      3) жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу- қаржы орталығының электр энергиясын сатып алу шарты (бұдан әрі — сатып алу шарты) — сатып алушы ретіндегі есеп айырысу-қаржы орталығы мен сатушы ретіндегі энергия өндіруші ұйым арасында жасалатын жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын сатып алу-сату шарты.
      4) жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп  айырысу орталығы (бұдан әрі – қаржы-есеп айырысу орталығы) – жүйелік
оператор құратын және уәкілетті орган айқындайтын, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген және Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің электр желілеріне берілген электр энергиясын Заңда көзделген тәртіппен орталықтандырылған сатып алуды және сатуды жүзеге асыратын заңды тұлға;
      5) биомасса — биологиялық органикалық қазбалы емес материалдар;
      6) биогаз – ашуы немесе газдануы нәтижесінде биомассадан алынатын метан, көміртегі монооксиді және (немесе) сутегі;
      7) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган – өз құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласындағы басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен анықтамалар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қолданылады.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 03.02.2016 № 50 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      3. Тіркелген тарифтерді уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі жаңартылатын энергия көздерінің мынадай түрлерінің әрқайсысы үшін бекітеді:
      1) күн сәулесінің энергиясы;
      2) жел энергиясы;
      3) судың гидродинамикалық энергиясы;
      4) биогазды пайдалану арқылы алынған энергия.
      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі бұрын бекітілген тіркелген тарифтердің деңгейлерін үш жылда бір рет түзетуге құқылы.
      5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітілген тіркелген тарифтерді түзету туралы актісі Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде алғашқы ресми жарияланғанынан кейін бір жылдан соң қолданысқа енгізіледі.
      6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітілген тіркелген тарифтерді түзету туралы актісі қолданысқа енгізілген сәтке дейін есеп айырысу-қаржы орталығымен жасалған қолданыстағы сатып алу шарттарына қолданылмайды.

2. Тіркелген тарифті айқындау тәртібі

      7. Уәкілетті орган әлемнің басқа мемлекеттерінде қолданылатын жаңартылатын энергия көздерін пайдалану есебінен өндірілетін электр энергиясына тарифтерді салыстырып талдау жолымен тіркелген тарифтерді бекіту бойынша ұсыныстарды қалыптастырады.
      Мемлекеттер тізбесін уәкілетті орган жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласында қызметін жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерімен және Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісім бойынша айқындайды.
      8. Уәкілетті орган тіркелген тарифтерді бекіту бойынша ұсыныстарды қалыптастыру кезінде мынадай факторларды да есепке алады:
      1) Қазақстан Республикасында электр энергиясын өндіру және оны Қазақстан Республикасынан тыс жерлерден сатып алу көрсеткіштері;
      2) Қазақстан Республикасында электр энергиясын тұтыну және оны Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде сату көрсеткіштері;
      3) Қазақстан Республикасында жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерінің электр энергиясын ендіру көрсеткіштері;
      4) парниктік газдардың шығарындыларын төмендету бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері;
      5) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген нысаналы көрсеткіштер;
      6) тіркелген тарифтерді жыл сайын кезекті индексациялаудың болуы.
      9. Тіркелген тарифтер теңгемен бекітіледі.
      10. Уәкілетті органның тіркелген тарифті бекіту бойынша ұсынысын Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізгенге дейін уәкілетті орган, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі уәкілетті орган, табиғи монополиялар саласындағы уәкілетті орган, стратегиялық және бюджеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті орган, Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ дәстүрлі және жаңартылатын энергетика саласында қызметті жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдауларда талқылау қажет.
      11. Тіркелген тарифтер, күн сәулесінің энергиясын түрлендіру үшін қазақстандық кремний (Kaz PV) негізінде фотоэлектрлік модульдерді пайдаланатын, жиынтық қуаты 37 МВт күн электр станцияларының жобасы үшін тіркелген тарифтерді қоспағанда, инфляцияны ескере отырып, жылына бір рет 1 қазанға мынадай формула бойынша индекстеледі:

      Тt+1 = Тt * ТБИ, мұндағы:

      Тt+1 – жоғарыда көрсетілген формула бойынша есептелген төмендеу жағына қарай толық тиынға дейін дөңгелектелген индекстелген тіркелген тариф;
      Тt – егер бұрын индекстеу жүргізілген болса, соларды ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қолданыстағы тіркелген тариф;
      ТБИ — мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның деректері бойынша айқындалатын индекстеу жүргізілген жылдың 1 қазанының алдындағы он екі айға жинақталған тұтыну бағасының индексі.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 03.02.2016 № 50 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      11-1. Күн сәулесінің энергиясын түрлендіру үшін қазақстандық кремний (Kaz PV) негізінде фотоэлектрлік модульдерді пайдаланатын, жиынтық қуаты 37 МВт электр станцияларының жобасы үшін тіркелген тарифтер инфляцияны ескере отырып, жылына бір рет 1 қазанға мынадай формула бойынша индекстеледі:

      Тt+1 – жоғарыда көрсетілген формула бойынша есептелген, төмендеу жағына қарай толық тиынға дейін дөңгелектеліп индекстелген тіркелген тариф;
      Тt – егер бұрын индекстеу жүргізілген болса, соларды ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қолданыстағы тіркелген тариф;
      ТБИ – мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның деректері бойынша айқындалатын, индекстеу жүргізілген жылдың 1 қазанының алдындағы он екі айға жинақталған тұтыну бағасының индексі.
      Ескерту. Қағидалар 11-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 03.02.2016 № 50 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      12. Тіркелген тарифтерді индекстеу есебін есеп айырысу-қаржы орталығы жыл сайын 10 қазанға дейін жүзеге асырады.
      13. Тіркелген тарифтерді индекстеу есебін және индекстелген тіркелген тарифтерді есеп айырысу-қаржы орталығы өзінің ресми интернет-сайтында тиісті жылғы 15 қазаннан кешіктірмей жариялайды.
      13-1. Тіркелген тарифке индекстеуді алғаш рет қолдану осы Қағидалардың 14-тармағына сәйкес қаржы-есеп айырысу орталығына жаңартылатын энергия көздерінен алынатын электр энергиясын беру басталғаннан кейін күнтізбелік бір жылдан кешіктірмей жүргізіледі.
      Ескерту. Қағидалар 13-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 03.02.2016 № 50 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      14. Қаржы-есеп айырысу орталығы индекстелген тіркелген тарифтерді жылына екі рет: электр энергиясын қаржы-есеп айырысу орталығына қаңтар-маусым аралығындағы кезеңде бере бастаған жаңартылатын энергия көздері объектілері үшін – 1 шілдеден бастап және электр энергиясын қаржы-есеп айырысу орталығына шілде-желтоқсан аралығындағы кезеңде бере бастаған жаңартылатын энергия көздері объектілері үшін – 1 қаңтардан бастап қолданылуға тиіс.
      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.02.2016 № 50 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      15. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 03.02.2016 № 50 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).