Міндетті кәсiптiк зейнетақы жарналарын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 26 наурыздағы № 255 қаулысы

Қолданыстағы

      БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Қаулы 2014 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

      «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 6-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Міндетті кәсiптiк зейнетақы жарналарын жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
      2. «Қызметкердің міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу үшін алынатын ай сайынғы табысын айқындау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 26 тамыздағы № 849 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 50, 693-құжат) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы 2014 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           С. Ахметов

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің         
2014 жылғы «26» наурыздағы 
№ 255 қаулысымен     
бекітілген       

Міндетті кәсiптiк зейнетақы жарналарын жүзеге асыру қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 6-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстармен айналысатын қызметкер (бұдан әрі – қызметкер) – жұмыс берушімен еңбек қатынастарында тұратын және еңбек шарты бойынша тікелей жұмыс орындайтын, кәсіптері өндірістердің, жұмыстардың, қызметкерлер кәсіптерінің тізбесінде көзделген зиянды еңбек жағдайлары (ерекше зиянды) жұмыстармен айналысатын жеке тұлға;
      2) зиянды (ерекше зиянды) еңбек жағдайлары – белгілі бір өндірістік факторлардың әсері қызметкердің еңбекке қабілеттілігінің төмендеуіне немесе сырқаттануына не оның ұрпақтарының денсаулығына теріс ықпалы болуына әкеп соқтыратын еңбек жағдайлары;
      3) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт – салымшы (алушы) талаптарын ұсынылған шартқа тұтастай қосылу арқылы ғана қабылдай алатын қосылу шарты;
      4) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      5) уәкiлеттi ұйым (бұдан әрi – Орталық) – Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша құрылған республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсiпорын;
      6) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры – зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдері жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;
      7) өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау – өндірістік объектілерді (өндірістік қызметті жүзеге асыратын цехтарды, учаскелерді, жұмыс орындарын, сондай-ақ жұмыс берушілердің бөлек тұрған өзге де бөлімшелерін) оларда орындалатын жұмыстар қауіпсіздігінің жай-күйін, зияндылығын, ауырлығын, қауырттығын, еңбек гигиенасын айқындау және өндірістік орта жағдайларының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтерге сәйкестігін айқындау мақсатында бағалау жөніндегі қызмет;
      8) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары – міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының салымшылары еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстармен айналысатын қызметкерлердің пайдасына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына салатын ақша;
      9) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының салымшысы (бұдан әрі – салымшы) – қызметкердің пайдасына өзінің меншікті қаражаты есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын жұмыс беруші.

2. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру тәртібі

      3. Салымшылар міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын меншікті қаражаты есебінен қызметкерлердің пайдасына жүзеге асырады.
      4. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабына сәйкес белгіленеді.
      5. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жүзеге асыру міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан жеке тұлғалардың бірыңғай тізіміне сәйкес жүргізіледі.
      6. Шарт Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі № 984 қаулысымен бекітілген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидаларына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, салымшы және қызметкер арасында жасалады.
      7. Салымшылар қызметкердің бір айда есептелген табысының сомасы негізінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу үшін алынатын табыстардан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын ай сайын жүзеге асырады.
      8. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асырған кезде қызметкердің «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (бұдан әрі – Салық кодексі) көзделген барлық ай сайынғы табыстары ескеріледі.
      9. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асырған кезде:
      1) Салық кодексінің 155-бабының 3-тармағында;
      2) Салық кодексінің 156-бабы 1-тармағының 12)13),  26-1)тармақшаларында белгіленгендерді қоспағанда, Салық кодексінің 156-бабының 1-тармағында;
      3) Салық кодексінің 357-бабы 2-тармағының 4)5) тармақшаларында көрсетілген төлемдердің түрлері ескерілмейді.
      Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуге шығыстар салымшының еңбекақы төлеу қорына жатады.
      10. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, оның ішінде берешекті аудару экономика секторларының кодтарын қолдану және төлемдерді тағайындау тәртібіне сәйкес айқындалатын төлемдерді тағайындау кодтары көрсетіле отырып, Орталықтың банк шотына жүргізіледі.
      11. Салымшы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асырған кезде үш данада қағаз жеткізгіштегі төлем тапсырмасын және екі данада жеке тұлғалардың тізімін банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға ұсынады.
      12. Жеке тұлғалардың тізімі әрбір жеке тұлға бойынша: жеке сәйкестендіру нөмірін, тегін, атын, әкесінің атын (болған кезде), туған күнін, жарна сомасын және ол үшін міндетті зейнетақы жарналары аударылатын кезеңді (айды, жылды) қамтуға тиіс.
      13. Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар Орталыққа ақша аударуды Қазақстан Республикасының төлем жүйелерінде қолданылатын форматтарға сәйкес жеке тұлғалардың тізімдерімен бірге электрондық төлем тапсырмаларымен жүргізеді.
      14. Салымшылар төлейтін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомалары Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес шегеруге жатады.
      15. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару, ұстап қалу (есебіне жазу) және аудару, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару кезінде қателер анықталған жағдайда, салымшылардың (алушылардың) іс-қимылдары, сондай-ақ міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын уақтылы аудармаған кездегі өсімпұлды төлеу және берешекті өндіру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы № 1116 қаулысымен бекітілген Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және аудару қағидалары мен мерзімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      16. Салымшылар кәсіптері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1562 қаулысымен бекітілген тізбеде (бұдан әрі – Тізбе) көзделген еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстармен айналысатын қызметкерлерге міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асырады.
      17. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары Тізбеде көзделген еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстарда уақытша жұмыс істейтін ұйымдардың өндірістік, көмекші және қосалқы цехтарының қызметкерлеріне де төленеді.
      18. Кәсіптері мен лауазымдары Тізбенің «Жалпы кәсіптер» бөлімінде көзделген қызметкерлерге, егер бұл кәсіптер Тізбенің тиісті бөлімдерінде немесе кіші бөлімдерінде арнайы көзделмесе, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары олардың қандай өндірістерде немесе цехтарда жұмыс істейтініне қарамастан жүзеге асырылады.
      19. Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау және міндетті мерзімдік медициналық тексеріп-қарау нәтижелері бойынша айына жұмыс уақытының кемінде 80 % зиянды (ерекше зиянды) еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің кәсіптері анықталған жағдайда, жұмыс берушілер, қызметкерлердің өкілдері, мүдделі мемлекеттік органдар еңбек жөніндегі уәкілетті органға оларды Тізбеге енгізу бойынша негізделген ұсыныстар енгізеді.
      20. Өндірістік объектілерді аттестаттау нәтижелерімен расталған зиянды (ерекше зиянды) еңбек жағдайлары жойылған кезде, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының салымшылары міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді жүзеге асырмайды.