РҚАО-ның ескертпесі!
Осы Қаулы 2013 жылғы 10 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді.
"Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 196-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. "Мемлекеттік меншік объектілерінің, сондай-ақ меншігінде мемлекеттің үлесі бар объектілердің жұмыс істеуіне және оларды басқарудың тиімділігіне кешенді мониторинг жүйесін енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 24 шілдедегі № 998 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 27, 347-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы 2013 жылғы 10 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | С. Ахметов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 4 желтоқсандағы № 1546 қаулысымен бекітілген |
Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру қағидалары
Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 18.02.2021 № 75 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 196-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингін ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингі (бұдан әрі – мониторинг) мемлекеттік мүліктің сапалық және сандық жай-күйін, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың қызметінде болып жатқан өзгерістерді уақтылы айқындау, одан әрі дамуын болжау және теріс процестердің алдын алу мен салдарын жою жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу мақсатында олардың технологиялық, қаржы-шаруашылық қызметін, құқықтық сипатын базалық және мерзімдік жедел қадағалау мен мемлекеттік мүліктің талдамалық бағалау жүйесін білдіреді.
3. Мониторинг елдің стратегиялық мүдделеріне сәйкес орнықты экономикалық дамуды мемлекеттік болжау және реттеу жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады, қолданыстағы заңнаманың негізінде және бірыңғай мемлекеттік саясат шеңберінде экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ақпараттық-талдау функцияларын орындайды.
4. Мониторинг мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың жай-күйін және даму үрдістерін, сондай-ақ ел және өңірлер экономикасының ресурстық-энергетикалық негізін сақтауға және нығайтуға әсер ететін мемлекеттік мүліктің, оның ішінде сенімгерлік басқарудағы, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы), концессиядағы не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша берілген мемлекеттік мүліктің жай-күйін анықтайды. Мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың, мемлекеттік мүліктің, оның ішінде сенімгерлік басқарудағы, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы), концессиядағы не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша берілген мемлекеттік мүліктің жай-күйі мен даму үрдістері туралы мониторинг нәтижесінде алынған талдамалық ақпаратты мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға:
республикалық мүлік бойынша – мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган;
коммуналдық мүлік бойынша – облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары;
жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкі бойынша – аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты жібереді.
Талдамалық ақпаратты мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді.
5. Осы Қағидалар "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамын (бұдан әрі – ҰӘҚ) қоспағанда, мемлекеттік кәсіпорындарға, мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдарға және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді қоса алғанда, оның ішінде ұлттық басқарушы холдингтерге, акционері мемлекет болып табылатын ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға (бұдан әрі – мемлекеттің қатысуы бар заңды тұлғалар), мемлекеттік органдарға, сенімгерлік басқару, мүліктік жалдау (жалға алу) шарттары, концессия (бұдан әрі – шарт тарапы) бойынша тараптар болып табылатын не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша жеке және заңды тұлғаларға, мониторингтi орындауға тартылған тәуелсіз сарапшылар мен консультанттарға, консалтингтік ұйымдарға (бұдан әрі – тәуелсіз сарапшылар) қолданылады.
6. Мониторингтің мақсаты мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық мүддесін қамтамасыз ету болып табылады.
7. Мониторингтің негізгі міндеттері:
1) мониторинг объектiлерiн басқарудың тиiмділiгiн өндiрiстiк-техникалық, технологиялық, қаржы-экономикалық, құқықтық, экологиялық және басқа параметрлерде кешендi талдау және ұлттық экономиканың мүдделерiне сәйкес оның дамуының болжамдылығы бөлiгiнде объектінің жай-күйiн біртұтас бағалау;
2) концессиялар шарттарының не мемлекеттік-жекешелік әріптестік, мемлекеттік меншік объектілерін сенімгерлік басқару, мүліктік жалдау (жалға алу) шарттарының міндеттемелері мен талаптарының орындалуын талдау;
3) проблемаларды анықтау және мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғаларды (бұдан әрі – мониторинг объектісі) одан әрi дамыту бойынша ұсынымдар әзiрлеу;
4) мониторинг объектілері техникасының, технологиясының даму перспективаларын және олардың өңірлердің жай-күйіне әсерін сараптамалық талдау;
5) мониторинг объектілері бойынша электрондық деректер базасын қалыптастыру және жүргізу;
6) мемлекеттің экономикалық өсуін қамтамасыз ету, экономикаға ықтимал қолайсыз факторлардың әсер ету дәрежесін барынша азайту үшін қолайлы жағдай жасау, ұлттық экономикаға инвестициялардың келуіне жәрдемдесу болып табылады.
8. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аудандық уәкілетті орган – аудандық коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілеттік берілген, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган;
2) базалық қадағалау – тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде талдау жасалуға тиіс мониторинг объектілерінің тізбесі айқындалатын жыл сайынғы ақпарат жинау;
3) жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлік жөніндегі уәкілетті орган – аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты;
4) коммуналдық мүліктің электрондық есебі – "Есептілікті тапсырудың бірыңғай жүйесі" бағдарламалық қамтылымын пайдалана отырып әзірленген және Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығы (бұдан әрі – ҚР ҰКО) берген тәуелсіз сарапшының электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылған коммуналдық мүліктің мониторингі нәтижесі бойынша есеп;
5) мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор (бұдан әрі – бірыңғай оператор) – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалған, мемлекеттік мүлікті ұйымдастыру мен есепке алу саласында бірыңғай техникалық саясатты іске асыру бойынша міндеттер жүктелген заңды тұлға;
6) мерзімді қадағалау – мониторинг объектілері бойынша ақпаратты жедел жинау;
7) облыстық уәкілетті орган – облыстық коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілеттік берілген, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган;
8) республикалық мүліктің электрондық есебі – "Есептілікті тапсырудың бірыңғай жүйесі" бағдарламалық қамтылымын пайдалана отырып әзірленген және ҚР ҰКО берген мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган басшысының электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылған республикалық мүліктің мониторинг нәтижесі бойынша есеп;
9) тәуекелдерді басқарудың жүйесі - қаржы-шаруашылық қызметінің қорытындыларын ескере отырып, іріктеу қағидаттарына негізделген тиісті жылға арналған мониторинг объектілерінің тізбесін қалыптастыруды қамтамасыз ететін әкімшілік ету жүйесі.
2-тарау. Мониторингті ұйымдастыру тәртібі
9. Мемлекеттік мүліктің түрлері бойынша республикалық және коммуналдық мүлік мониторингі, ал жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару деңгейлері бойынша облыстық, аудандық коммуналдық мүлікке және жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкіне мониторинг жүргізіледі.
10. Объектілер мониторингін:
1) республикалық мүлік бойынша – мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган;
2) облыстық коммуналдық мүлік бойынша – облыстық уәкілетті орган;
3) аудандық коммуналдық мүлік бойынша – аудандық уәкілетті орган;
4) жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкі бойынша – жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлік жөніндегі уәкілетті орган ұйымдастырады.
Облыстық және аудандық уәкілетті органдар, жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкі жөніндегі уәкілетті орган мониторинг объектілерін зерттеу, ақпарат жинау және талдау, ұсыныстарды пысықтау жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін "Мемлекеттік сатып алу туралы" 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тәуелсіз сарапшыларды тартады.
Тәуелсіз сарапшылардың құқықтары мен міндеттері мемлекеттік сатып алу туралы тиісті шартта реттеледі.
11. Мониторингтеу объектілері:
1) мемлекеттік кәсіпорындар;
2) ҰӘҚ қоспағанда, мемлекет қатысатын заңды тұлғалар;
3) мемлекеттік мүліктің құрамына кіретін, оның ішінде сенімгерлік басқаруға, мүліктік жалдауға (жалға алуға), концессияға не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша берілген мүліктің барлық түрлері болып табылады.
12. Мониторинг жүргізу жөніндегі жұмыстар бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
13. Мониторинг нәтижелері мемлекеттік мүлік тізіліміне (бұдан әрі – тізілім) электрондық есеп түрінде енгізіледі.
14. Облыстық және аудандық уәкілетті органдар, жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкі жөніндегі уәкілетті орган мониторингті ұйымдастыру мақсатында:
1) облыстық коммуналдық және аудандық коммуналдық мүліктің, жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкінің мониторингі объектілерінің тізбесін, тексеру жүргізудің кезеңділігі мен мерзімдерін белгілейді;
2) мониторинг бойынша жұмыстар жүргізу үшін мемлекеттік бюджет қаражатының көлемін негіздейді;
3) мониторингті жүзеге асыру үшін мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен техникалық тапсырма әзірлеу жөнінде ведомствоаралық комиссия құрады;
4) мониторинг жүргізу жөніндегі жұмыстарды әдістемелік қамтамасыз етуді және үйлестіруді жүзеге асырады.
3-тарау. Коммуналдық мүлік объектілеріне мониторингті жүзеге асыру тәртібі
15. Облыстық және аудандық уәкілетті органдар, жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлік жөніндегі уәкілетті орган мониторингті жүзеге асыру мақсатында:
1) мониторинг объектілерінен сенімді және объективті талдау жасау үшін қажетті мониторинг объектілері қызметінің өндірістік-техникалық, технологиялық, қаржы-экономикалық, экологиялық, құқықтық және өзге де параметрлері туралы ақпаратты сұратады және алады;
2) жергілікті атқарушы органдардан, сондай-ақ ведомстволық тиесілігіне қарамастан, өзге де мүдделі мемлекеттік органдардан және заңды тұлғалардан мониторинг объектілерін басқарудың тиімділігін талдау үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді сұратады және алады;
3) мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалардан, шарт тараптарынан ішінде сенімгерлік басқару, мүліктік жалдау (жалға алу), концессия шарттарының не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты талаптарын, мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың инвестициялық бағдарламаларын орындау жөніндегі тұрақты және іріктелген есептілікті сұратады;
4) ел және өңірлер экономикасының ресурстық-энергетикалық негізінің, сақталуы мен нығаюына қолайсыз әсер ететін факторларды уақтылы анықтау және бейтараптандыру, орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында мониторинг объектілері бойынша ақпарат жинау мен талдауды жүзеге асыра отырып, мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың жай-күйіне және даму үрдісіне жүйелі қадағалау жүргізеді;
5) есепті жылдан кейінгі жылдың 25 ақпанына дейінгі мерзімде мүдделі мемлекеттік органдарға, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға мониторинг нәтижелері бойынша талдамалық жазбаларды, ақпараттық материалдар мен ұсынымдарды береді;
6) мониторинг объектілерін басқару тиімділігі мониторингінің электрондық деректер базасын жүргізеді.
16. Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалар облыстық уәкілетті органға немесе аудандық уәкілетті органға коммуналдық мүлікті басқарудың тиімділігін дұрыс және объективті талдау үшін қажетті барлық ақпаратты қағаз және электрондық жеткізгіште ұсынады.
Жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлік жөніндегі уәкілетті органына коммуналдық мүлікті басқарудың тиімділігін дұрыс және объективті талдау үшін барлық қажетті ақпаратты қағаз және электрондық жеткізгіште мемлекеттік кәсіпорындар ұсынады.
17. Коммуналдық мүлік объектілері мониторингінің мазмұнын:
1) тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалар, сондай-ақ коммуналдық мүлік, оның ішінде сенімгерлік басқарудағы, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы), концессиядағы не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша берілген мүлікті жылына бір реттен жиілетпей өткізілетін базалық кешенді тексеру;
2) мониторинг объектілерін базалық кешенді тексеру арасындағы кезеңдерде объектілердің қызметі бойынша мониторингтің негізгі деректерін ағымдағы жаңарту үшін мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың қызметі, сондай-ақ мемлекеттік мүліктің, оның ішінде сенімгерлік басқарудағы, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы), концессиядағы не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша берілген мүліктің жай-күйі бойынша ақпаратты мерзімді жедел жинақтау құрайды.
Осы ақпаратты жинақтау мониторинг объектісінен сұрау салу жолымен жүзеге асырылады.
Мониторинг объектілерін базалық кешенді тексерулер мыналарды:
1) мониторинг объектілері қызметінің өндірістік-техникалық, технологиялық, қаржы-экономикалық, экологиялық және құқықтық параметрлері бойынша ақпаратты жинауды және жүйелі талдауды;
2) мониторинг объектілерін басқару тиімділігінің жай-күйін бағалауды, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін теріс процестердің алдын алу және еңсеру жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу мақсатында олардың жай-күйінің өзгеру болжамын;
3) мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың техникасын, технологиясын; коммуналдық мүлікті, оның ішінде сенімгерлік басқарудағы, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы), концессиядағы не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша берілген мүлікті дамыту перспективаларын сарапшылық бағалауды;
4) мемлекеттік органдарды мониторинг объектілерінің жай-күйі, олардың даму үрдістері мен болжамдары туралы қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуді қамтиды.
18. Коммуналдық мүлік объектілерінің мониторингі:
1) ресурстардың, негізгі және қосалқы өндірістер технологияларының жай-күйін;
2) қаржы-шаруашылық қызметін;
3) осы міндеттемесі бар концессионердің, сенімгерлік басқарушылардың және ұйымдарды тең иелердің инвестициялық қызметін;
4) қоршаған ортаны қорғауды және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды;
5) кадрлық және әлеуметтік саясатты;
6) құқықтық мәселелерді: жүргізілетін қызметтің ұйым жарғысына, сенімгерлік басқару, мүліктік жалдау (жалға алу) және концессия шарттары не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарына сәйкестігін;
7) сенімгерлік басқару, мүліктік жалдау (жалға алу) және концессия шарттары не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты талаптары мен міндеттемелерінің орындалуын талдауды қамтиды.
19. Коммуналдық мүлік объектілеріне мониторинг мынадай тәртіппен жүргізіледі:
1) облыстық және аудандық уәкілетті органдар не жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлік жөніндегі уәкілетті органы объектіге тексеру жүргізу басталғанға дейін он жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басшыларына, сондай-ақ шарт тарапына тексеру жүргізуге шарт жасасқан тәуелсіз сарапшылар және таныстыру үшін берілетін ақпараттың тізбесін көрсете отырып, тексеру жүргізу туралы хабарлайды;
2) мониторингті мониторинг объектісіне тексеру жүргізуге шарт жасасқан тәуелсіз сарапшылар қалыптастырған жұмыс тобы мониторинг объектісінің салалық тиесілігі мен қызметінің ерекшелігіне қарай жүргізеді. Жұмыс тобының міндеті мониторинг объектісі қызметінің заңдық, техникалық, технологиялық, экологиялық, инвестициялық, қаржылық және басқа да мәселелері бойынша ақпаратты жинау және талдау болып табылады. Жұмыс тобының мүшелері өндірісті, ғимараттарды, құрылыстарды, негізгі техниканы, машиналар мен тетіктерді қарап тексеруді жүргізеді. Ақпаратты жинау және оны бастапқы талдау аяқталғаннан кейін жұмыс тобы кейіннен талдау үшін есеп дайындайды;
3) тексеру нәтижесінде алынған материалдарды жүйелі талдау, соның ішінде:
барлық бөлімдер бойынша сарапшылық деректерді салыстыру және статистикалық есептілік деректерімен салыстыру арқылы материалдарды жинау және алдын ала өңдеу кезеңінде жүргізілетін алдын ала талдау;
мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалар көрсеткіштерінің өзара үйлестірілген жиынтығы біріктірілетін мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалар қызметіне, сондай-ақ коммуналдық мүліктің, оның ішінде сенімгерлік басқарудағы, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы), концессиядағы не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша берілген мүліктің жай-күйін жалпы техникалық-экономикалық талдау;
талдаудың әрбір бөлімі бойынша орын алған проблемалардың бәрін анықтау;
мониторинг объектілері мен тиісті мемлекеттік органдарды экономикалық-заңдық талдау жүзеге асырылады, мұнда мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалар қызметінің алынған көрсеткіштердің, коммуналдық мүліктің, оның ішінде сенімгерлік басқарудағы, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы), концессиядағы не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша берілген мүліктің жай-күйі жөніндегі ақпараттың және анықталған проблемалардың негізінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес мониторинг объектілері – мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғаларды басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында ұсыныстар тұжырымдалады;
4) тексеру жүргізген тәуелсіз сарапшылар мониторинг объектісін тексеру мен оның қызметіне жүргізілген талдаудың негізінде есепті және бастапқы материалдарды, ресімдейді, олар:
қағаз нұсқада облыстық және аудандық уәкілетті органдарға не жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлік жөніндегі уәкілетті органына;
тәуелсіз сарапшы қол қойған және мөрмен растаған есептің қағаз нұсқасының сканерленген көшірмесімен қоса коммуналдық мүліктің электрондық есебі түрінде тізілімге ұсынылады;
5) бірыңғай оператор коммуналдық мүліктің электрондық есебі түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тәуелсіз сарапшының электронды мекенжайына электрондық есептің тізілімге енгізілгені немесе оны қабылдаудан бас тарту себебі туралы хабарлама жібереді.
Тәуелсіз сарапшының Қағидалардың осы тармағының 4) тармақшасының үшінші абзацында көрсетілген талапты орындамауы электрондық есепті қабылдаудан бас тарту үшін негіз болып табылады.
4-тарау. Республикалық мүлік объектілеріне мониторингті жүзеге асыру тәртібі
20. Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган мониторингті жүзеге асыру мақсатында:
1) базалық қадағалау негізінде республикалық мүліктің мониторинг объектілерінің тізбесін, тексеру жүргізудің кезеңділігі мен мерзімдерін айқындайды;
2) орталық атқарушы органдардан, сондай-ақ ведомстволық тиесілігіне қарамастан, өзге де мүдделі мемлекеттік органдардан мен заңды тұлғалардан мониторинг объектілерін басқарудың тиімділігін талдау үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді сұратады және алады;
3) мониторинг объектілерінен дұрыс және объективті талдау жасау үшін қажетті мониторинг объектілері қызметінің қаржы-экономикалық, құқықтық және өзге де параметрлері туралы ақпаратты сұратады және алады;
4) мониторинг объектілері, орталық атқарушы органдарынын деректері негізінде, қаржы-экономикалық көрсеткіштер және бірыңғай оператордан алынған өзге де деректер негізінде талдау жүргізеді.
5) жүргізілген талдау қорытындылары бойынша анықталған ескертулер болған кезде ұсынымдар қалыптастырады және мониторинг объектілеріне, орталық атқарушы органдарға жібереді;
6) жоспарланған жылдың 25 желтоқсанына дейінгі мерзімде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға, мүдделі мемлекеттік органдарға мониторинг нәтижелері бойынша талдаулар мен ұсынымдарды ұсынады.
21. Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалар мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға басқарудың тиімділігін дұрыс және объективті талдау үшін қажетті барлық ақпаратты қағаз және электрондық жеткізгіште ұсынады.
22. Республикалық мүлік объектілері мониторингінің мазмұнын:
1) тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде жылына бір реттен жиілетпей өткізілетін мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттік, оның ішінде сенімгерлік басқарудағы, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы), концессиядағы не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша берілген мүлікті базалық кешенді тексеру;
2) мониторинг объектілерін базалық кешенді тексеру арасындағы кезеңдерде объектілердің қызметі бойынша мониторингтің негізгі деректерін ағымдағы жаңарту үшін мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың қызметі, сондай-ақ мемлекеттік, оның ішінде сенімгерлік басқарудағы, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы), концессиядағы не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша берілген мүліктің жай-күйі жөніндегі ақпаратты мерзімді жедел жинақтау құрайды.
Осы ақпаратты жинақтау мониторинг объектісінің өзінен де, орталық атқарушы органдар мен олардың ведомстволарынан да сұрау салу жолымен жүзеге асырылады.
Мониторинг объектілерін базалық кешенді тексеру мыналарды қамтиды:
1) мониторинг объектілері қызметінің қаржы-экономикалық және құқықтық параметрлері бойынша ақпаратты жинау және жүйелі талдау;
2) мониторинг объектілерін басқару тиімділігінің жай-күйін бағалау, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қолайсыз процестердің алдын алу және еңсеру жөніндегі ұсынымдарды тұжырымдау мақсатында жай-күйінің өзгеруін болжау;
3) мемлекеттік органдарды мониторинг объектілерінің жай-күйі, олардың даму үрдістері мен болжамы туралы қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету.
23. Республикалық мүлік объектілерінің мониторингі:
1) қаржы-шаруашылық қызметін;
2) кадрлық және әлеуметтік саясатты;
3) осы міндеттемесі бар концессионердің, сенімгерлік басқарушылардың және ұйымдардың тең иелерінің инвестициялық қызметін;
4) құқықтық мәселелерді: жүргізілетін қызметтің ұйым жарғысына, сенімгерлік басқару, мүліктік жалдау (жалға алу) және концессия шарттарына не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкестігін;
5) сенімгерлік басқару, мүліктік жалдау (жалға алу) және концессия шарттары не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты талаптары мен міндеттемелерінің орындалуын талдауды қамтиды.
24. Республикалық мүлік объектілерінің мониторингі мынадай тәртіппен жүргізіледі:
1) мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган базалық және мерзімдік қадағалау нәтижесінде алынған материалдарға жүйелі талдау жүргізеді, оның ішінде:
қаржы-экономикалық қызметтің жоспарлы көрсеткіштерін есепті көрсеткіштермен салыстыру арқылы материалдарды жинау және алдын ала өңдеу кезеңінде жүргізілетін алдын ала талдау;
мониторинг объектілері мен тиісті мемлекеттік органдар үшін ұсынымдар тұжырымдай отырып, экономикалық-заңдық талдау;
2) мониторинг объектісін қадағалау және оның қызметіне жүргізілген талдау негізінде мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган есеп жасайды, ол мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган басшысы қол қойған және мөрмен расталған есептің қағаз нұсқасының сканерленген көшірмесімен қоса, республикалық мүліктің электрондық есебі түрінде тізілімге ұсынылады;
3) бірыңғай оператор республикалық мүліктің электронды есебі келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның электрондық мекенжайына тізілімге электрондық есептің енгізілгені немесе оны қабылдаудан бас тарту себебі туралы хабарлама жібереді.
Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның Қағидалардың осы тармағының 2) тармақшасында көрсетілген талапты сақтамауы электрондық есепті қабылдаудан бас тарту үшін негіз болып табылады.