Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 4 желтоқсандағы № 1546 Қаулысы

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Қаулы 2013 жылғы 10 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі.     
      «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан  Республикасының Заңы 196-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
      2. «Мемлекеттік меншік объектілерінің, сондай-ақ меншігінде  мемлекеттің үлесі бар объектілердің жұмыс істеуіне және оларды басқарудың тиімділігіне кешенді мониторинг жүйесін енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 24 шілдедегі № 998 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 27, 347-құжат) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы 2013 жылғы 10 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2012 жылғы 4 желтоқсандағы
№ 1546 қаулысымен   
бекітілген     

Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың
және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің
мониторингін жүзеге асыру қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 196-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингін ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
      2. Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингі (бұдан әрі – мониторинг) мемлекеттік мүліктің сапалық және сандық жай-күйін, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың қызметінде болып жатқан өзгерістерді уақтылы айқындау, одан әрі дамуын болжау және теріс процестердің алдын алу мен салдарын жою жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу мақсатында осы объектілердің технологиялық, қаржы-шаруашылық қызметін, құқықтық сипатын базалық және мерзімдік жедел қадағалау мен мемлекеттік мүліктің талдамалық бағалау жүйесін білдіреді.
      3. Мониторинг елдің стратегиялық мүдделеріне сәйкес тұрақты экономикалық дамуды мемлекеттік болжау және реттеу жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады, қолданыстағы заңнаманың негізінде және бірыңғай мемлекеттік саясат шеңберінде экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ақпараттық-талдау функцияларын орындайды.
      4. Мониторинг мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың жай-күйін және дамуының үрдістерін, сондай-ақ ел және аймақтар экономикасының ресурстық-энергетикалық негізін сақтауға және нығайтуға әсер ететін мемлекеттік мүлікті, оның ішінде сенімгерлік басқарудағы, мүліктік жалдаудағы (жалгерлік), концессиядағы мемлекеттік мүліктің жай-күйін анықтайды. Мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың, мемлекеттік мүліктің, оның ішінде сенімгерлік басқарудағы, мүліктік жалдаудағы (жалгерліктегі), концессиядағы мемлекеттік мүліктің жай-күйі мен дамуының үрдістері туралы талдамалық ақпаратты Қазақстан Республикасының Үкіметіне, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға:
      республикалық мүлік бойынша – мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган;
      коммуналдық мүлік бойынша – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жібереді.
      Талдамалық ақпаратты мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган, облыстық уәкілетті орган, аудандық уәкілетті орган мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді.
      5. Осы Қағидалар Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, мемлекеттік кәсіпорындарға, мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдарға және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді қоса алғанда, оның ішінде ұлттық басқарушы холдингтерге, акционері мемлекет болып табылатын ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға, мемлекеттік органдарға, сенімгерлік басқару, мүліктік жалдау (жалгерлік) шарттары, концессия (бұдан әрі – шарт тарапы) бойынша тараптар болып табылатын жеке және заңды тұлғаларға, мониторингтi орындауға тартылған тәуелсіз сарапшылар мен консультанттарды, консалтингтік ұйымдарға (бұдан әрі – тәуелсіз сарапшылар) қолданылады.
      6. Мониторингтің мақсаты мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық мүддесін қамтамасыз ету болып табылады.
      7. Мониторингтің негізгі міндеттері:
      1) мониторинг объектiлерiн басқарудың тиiмділiгiн өндiрiстiк-техникалық, технологиялық, қаржы-экономикалық, құқықтық, экологиялық және басқа параметрлерде кешендi талдау және ұлттық экономиканың мүдделерiне сәйкес оның дамуының болжамдылығы бөлiгiнде объектінің жай-күйiн біртұтас бағалау;
      2) концессиялардың, сенімгерлік басқарудың, мемлекеттік меншік объектілерін мүліктік жалдау (жалға алу) шарттары міндеттемелерінің орындалуын талдау;
      3) проблемаларды анықтау және мемлекеттік кәсіпорындарды және мемлекет қатысатын заңды тұлғаларды одан әрi дамыту бойынша ұсынымдар әзiрлеу;
      4) мониторинг объектілері техникасының, технологиясының даму перспективаларын және олардың өңірлердің жай-күйіне әсерін сараптамалық талдау;
      5) мониторинг объектілері бойынша электрондық деректер базасын қалыптастыру және жүргізу;
      6) мемлекеттің экономикалық өсуін, ықтимал теріс факторлардан экономиканың осалдық дәрежесін барынша азайтуды қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдай жасау, ұлттық экономикаға инвестициялардың ағынына жәрдемдесу.
      8. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) аудандық уәкілетті орган – аудандық коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілетті жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган;
      2) мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор (бұдан әрі – бірыңғай оператор) – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалған, мемлекеттік мүлікті ұйымдастыру мен есепке алу саласында бірыңғай техникалық саясатты іске асыру бойынша міндеттер жүктелген заңды тұлға;
      3) облыстық уәкілетті орган – облыстық коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілетті жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган;
      4) электрондық есеп – «Есептілікті тапсырудың бірыңғай жүйесі» бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалана отырып әзірленген және ұлттық куәландырушы орталық берген тәуелсіз сарапшының электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылған мониторинг нәтижесі бойынша есеп.

2. Мониторингті ұйымдастыру тәртібі

      9. Мемлекеттік мүліктің түрлері бойынша республикалық және коммуналдық мүліктерге, жергілікті мемлекеттік басқару деңгейлері бойынша – облыстық және аудандық коммуналдық мүліктерге мониторинг жүргізіледі.
      10. Объектілерге мониторингті:
      1) республикалық мүлік бойынша – мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган;
      2) облыстық коммуналдық мүлік бойынша – облыстық уәкілетті орган;
      3) аудандық коммуналдық мүлік бойынша – аудандық уәкілетті орган ұйымдастырады.
      Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган, облыстық уәкілетті орган, аудандық уәкілетті орган мониторинг объектілерін зерттеу, ақпарат жинау және талдау, ұсыныстарды пысықтау жөніндегі жұмыстарды өткізу үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес олардың қызметтерін сатып ала отырып және мемлекеттік тапсырыс берушінің функцияларын жүзеге асыра отырып, тәуелсіз сарапшыларды тартады.
      Тәуелсіз сарапшылардың құқықтары мен міндеттері мемлекеттік сатып алу туралы тиісті шартпен реттеледі.
      11. Мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігін мониторингілеу объектілері (бұдан әрі – мониторинг объектілері):
      1) мемлекеттік кәсіпорындар;
      2) Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларды, мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдарды және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді қоса алғанда, оның ішінде ұлттық басқарушы холдингтер, акционері мемлекет болып табылатын ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар (бұдан әрі – мемлекеттің қатысуы бар заңды тұлғалар);
      3) мемлекеттік мүліктің құрамына кіретін, оның ішінде сенімгерлік басқарудағы, мүліктік жалдаудағы (жалгерліктегі), концессиядағы мүліктің барлық түрлері болып табылады.
      12. Мониторинг жүргізу жөніндегі жұмыстар бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      13. Мониторинг нәтижелері мемлекеттiк кәсiпорындар мен мекемелердiң, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың тізіліміне (бұдан әрі – тізілім) электронды есеп түрінде енгізіледі.
      14. Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган, облыстық уәкілетті орган және аудандық уәкілетті орган мониторингті ұйымдастыру мақсатында:
      1) республикалық, облыстық коммуналдық және аудандық коммуналдық мүліктің мониторингі объектілерінің тізбесін, тексерулер жүргізудің кезеңділігі мен мерзімдерін белгілейді;
      2) мониторинг бойынша жұмыстар жүргізу үшін мемлекеттік бюджет қаражатының көлемін негіздейді;
      3) мониторингті жүзеге асыру үшін техникалық тапсырма әзірлеу жөніндегі мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен Ведомствоаралық комиссия құрады;
      4) мониторингті жүргізу жөніндегі жұмыстарды әдістемелік қамтамасыз етуді және үйлестіруді жүзеге асырады.

3. Мониторингті жүзеге асыру тәртібі

      15. Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган, облыстық уәкілетті орган және аудандық уәкілетті орган мониторингті жүзеге асыру мақсатында:
      1) мониторинг объектілерінен сенімді және объективті талдау жасау үшін қажетті мониторинг объектілері қызметінің өндірістік-техникалық, технологиялық, қаржы-экономикалық, экологиялық, құқықтық және өзге де параметрлері туралы ақпаратты сұратады және алады;
      2) Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарынан, сондай-ақ ведомстволық тиесілігіне қарамастан, өзге де мүдделі мемлекеттік органдардан және заңды тұлғалардан мониторинг объектілерін басқарудың тиімділігін талдау үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді сұратады және алады;
      3) мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалардан, шарт тараптарынан сенімгерлік басқару, мүліктік жалдау (жалгерлік), концессия шарттарының талаптарын, мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың инвестициялық бағдарламаларын орындау жөніндегі тұрақты және ішінара есептілікті сұратады;
      4) ел және өңірлер экономикасының ресурстық-энергетикалық негізінің, бірыңғай және дербес коммуникациялық және энергетикалық жүйелерінің сақталуы мен нығаюына қолайсыз әсер ететін факторларды уақтылы анықтау және бейтараптандыру, тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз ету мақсатында мониторинг объектілері бойынша ақпарат жинау мен талдауды жүзеге асыра отырып, мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың жай-күйіне және даму үрдістеріне жүйелі қадағалау жүргізеді;
      5) есепті кезеңнен кейінгі жылдың 25 ақпанына дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының Үкіметіне, мүдделі мемлекеттік органдарға, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға мониторинг нәтижелері бойынша жинақталған талдамалық жазбаларды, ақпараттық материалдар мен ұсынымдарды береді;
      6) мониторинг объектілерін басқару тиімділігі мониторингінің электрондық деректер базасын жүргізеді.
      16. Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалар мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға немесе облыстық уәкілетті органға немесе аудандық уәкілетті органға және/немесе оның тиісті расталған өкілеттігі бар сенімді тұлғасына басқарудың тиімділігін дәйекті және объективті талдау үшін барлық қажетті ақпаратты қағаз және электронды тасығышта беруге міндетті.
      17. Мониторинг мазмұны:
      1) тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттік, оның ішінде сенімгерлік басқарудағы, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы), концессиядағы мүлікті жылына бір реттен жиілетпей өткізілетін базалық кешенді тексерулерді;
      2) мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың қызметі, сондай-ақ мемлекеттік мүліктің, оның ішінде сенімгерлік басқарудағы, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы), концессиядағы мүліктің жай-күйі туралы қажетіне қарай өткізілетін мерзімді ақпаратты мерзімді жедел жинақтау мониторинг объектілерін базалық кешенді тексеру арасындағы кезеңдерде объектілердің қызметі бойынша мониторингтің негізгі деректерін ағымдағы жаңартуды құрайды.
      Осы ақпаратты жинақтау мониторинг объектісінің өзінен, сол сияқты орталық атқарушы органдардан, олардың ведомстволарынан және жергілікті атқарушы органдардан сұрау салу жолымен жүзеге асырылады.
      Мониторинг объектілерін базалық кешенді тексерулер мыналарды:
      1) мониторинг объектілері қызметінің өндірістік-техникалық, технологиялық, қаржы-экономикалық, экологиялық және құқықтық параметрлері бойынша ақпаратты жинауды және жүйелі талдауды;
      2) мониторинг объектілерін басқару тиімділігінің жай-күйін бағалауды, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін теріс процестердің алдын алу және жеңу жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу мақсатында жағдайдың өзгерісінің болжамын;
      3) мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың техникасын, технологиясын; мемлекеттік мүлікті, оның ішінде сенімгерлік басқарудағы, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы), концессиядағы мүлікті дамыту перспективаларын сарапшылық бағалауды;
      4) мемлекеттік органдарды мониторинг объектілерінің жай-күйі, олардың дамуының үрдістері мен болжамдары туралы қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуді қамтиды.
      18. Мониторинг:
      1) ресурстардың, негізгі және қосалқы өндірістер технологияларының жай-күйін;
      2) қаржы-шаруашылық қызметін;
      3) осы міндеттемесі бар концессионердің, сенімгерлік басқарушылардың және ұйымдарды бірлесіп иеленушілердің инвестициялық қызметін;
      4) қоршаған ортаны қорғауды және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды;
      5) кадрлық және әлеуметтік саясатты;
      6) құқықтық мәселелерді: жүргізілетін қызметтің ұйым жарғысына, сенімгерлік басқару, мүліктік жалдау (жалға алу) шарттарына сәйкестігін;
      7) сенімгерлік басқару, мүліктік жалдау (жалға алу) шарттарының міндеттемелері мен жағдайларының орындалуын талдауды қамтиды.
      19. Мониторинг мынадай тәртіппен жүргізіледі:
      1) мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган немесе облыстық уәкілетті орган немесе аудандық уәкілетті орган мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғаларды, сондай-ақ шарт тараптарын зерттеу жүргізуге арналған шарт жасасқан тәуелсіз сарапшылар және таныстыру үшін берілетін тиіс ақпараттың тізбесін көрсете отырып, зерттеу жүргізу туралы объектіге зерттеу жүргізу басталғанға дейін он жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлайды;
      2) мониторингті, мониторинг объектісіне объектісін зерттеу жүргізуге шарт жасасқан тәуелсіз сарапшылар мониторинг объектісінің салалық тиесілігі мен қызметінің ерекшеліктеріне сүйене отырып қалыптастырылған жұмыс тобы жүргізеді. Сарапшылар тобының міндеті мониторинг объектісі қызметінің заңдық, техникалық, технологиялық, экологиялық, инвестициялық, қаржылық және басқа да мәселелер бойынша ақпаратты жинаудан және талдаудан тұрады. Тиісті сарапшылар өндірісті, ғимараттарды, құрылыстарды, негізгі техниканы, машиналар мен тетіктерді қарап тексеруді жүргізеді. Ақпаратты жинау және оны бастапқы талдау аяқталғаннан кейін жұмыс тобы оны кейіннен талдау үшін есеп дайындайды;
      3) мыналарды:
      барлық бөлімдер бойынша сарапшылық деректерді салыстыру және статистикалық есептілік деректерімен салыстыру жолымен материалдарды жинау және алдын ала өңдеу кезеңінде жүргізілетін алдын ала талдауды;
      мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалар көрсеткіштерінің өзара үйлестірілген жиынтығы біріктірілетін мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалар қызметіне, сондай-ақ мемлекеттік мүліктің, оның ішінде сенімгерлік басқарудағы, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы), концессиядағы мүліктің жай-күйін жалпы техникалық-экономикалық талдауды;
      талдаудың әрбір бөлімі бойынша орын алған проблемалардың бәрін анықтауды;
      алынған мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалар қызметі көрсеткіштерінің, мемлекеттік мүліктің, оның ішінде сенімгерлік басқарудағы, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы), концессиядағы мүліктің жай-күйі жөніндегі ақпарат және анықталған проблемалардың негізінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғаларды басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында ұсыныстар пысықталатын мониторинг объектілері және тиісті мемлекеттік органдар үшін ұсыныстарды пысықтаумен бірге экономикалық-заңдық талдауды қоса алғанда, зерттеудің нәтижесінде алынған материалдарды жүйелі талдау жүзеге асырылады;
      4) зерттеу өткізген тәуелсіз сарапшылар мониторинг объектісін зерттеудің және оның қызметіне жүргізілген талдаудың негізінде берілетін есепті және бастапқы материалдарды:
      мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға немесе облыстық уәкілетті органға немесе аудандық уәкілетті органға қағаз нұсқада;
      тізілімге тәуелсіз сарапшы қол қойған және мөрмен растаған есептің қағаз нұсқасының сканерленген көшірмесі қоса бекітілген электронды есеп түрінде ресімдейді.
      5) бірыңғай оператор электронды есеп түскен күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде тәуелсіз сарапшының электронды мекенжайына тізілімге электронды есепті енгізу немесе оны қабылдамау себебі туралы хабарламаны жібереді.
      Тәуелсіз сарапшының Қағидалардың осы тармағының 4) тармақшасының үшінші бөлігінде көрсетілген талапты орындамауы электронды есепті қабылдаудан бас тарту үшін негіз болып табылады.