Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 23.06.2015 № 475 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 16-бабының 9) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Экологиялық (жасыл) инвестицияларды іске асыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 08 тамыздағы
№ 1032 қаулысымен
бекітілген
Экологиялық (жасыл) инвестицияларды іске асыру қағидалары 1. Жалпы ережелер
1. Осы Экологиялық (жасыл) инвестицияларды іске асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 16-бабының 9) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында экологиялық (жасыл) инвестицияларды іске асыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) белгіленген мөлшер бірлігі – Қазақстан Республикасының климаттың өзгеруі саласындағы халықаралық шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасы үшін парниктiк газдар шығарындыларының көлемін айқындауға пайдаланылатын көміртегі бірлігі;
2) белгіленген мөлшер резерві – қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) қалыптастыратын, экологиялық (жасыл) инвестициялар схемасын іске асыру мақсаттары үшін қажетті белгіленген мөлшер бірлігінің көлемі;
3) көмiртегi бiрлiгi – көмiртегi қостотығының бiр тоннасына барабар есептiк бiрлiк;
4) экологиялық (жасыл) инвестициялар – бiрлiктердiң белгiленген мөлшерiн беруден, парниктiк газдар шығарындыларына квоталарды парниктiк газдар шығарындыларын азайтуға немесе сiңiрiлуiн арттыруға бағытталған жобаларға (бұдан әрі – жобалар), бағдарламаларға және iс-шараларға бөлудiң ұлттық жоспарындағы квоталар көлемiнiң резервiн басқарудан алынған қаражатты инвестициялау.
3. Белгіленген мөлшер резерві қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымының (бұдан әрі – ведомстволық бағынысты ұйым) басқаруына беріледі.
4. Ведомстволық бағынысты ұйым экологиялық (жасыл) инвестициялар шеңберінде көміртегі бірліктерімен жүргізілетін операцияларды уәкілетті органмен келіседі.
5. Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарының квота көлемі резервін басқарудан және белгіленген мөлшер бірліктерін беруден түскен қаражат Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық бюджетке аударылуға жатады.
6. Экологиялық (жасыл) инвестициялар шеңберіндегі жобаларды инвестициялау бюджеттік заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті жылға арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат көлемінде және резервтен белгіленген мөлшер бірліктерін қолданудан немесе іске асырудан алынған қаражат көлемінде жүзеге асырылады.
2. Экологиялық (жасыл) инвестицияларды іске асыру тәртібі
7. Экологиялық (жасыл) инвестициялар бойынша ұсыныстар уәкілетті орган белгілеген мөлшер резервінің көлемін алдын ала зерттеу мен анықтау негізінде қалыптастырылады.
8. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметіне экологиялық (жасыл) инвестицияларды іске асыру үшін климаттың өзгеруі саласындағы халықаралық шарттарға сәйкес оның белгіленген мөлшерінің белгілі бір бөлігіне (бөліктеріне) құқықты қайта табыстау мүмкіндігі туралы ұсыныстар береді.
9. Уәкілетті орган ұсынған ұсыныстар негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен парниктік газдар шығарындыларының саудасы бойынша халықаралық шарт жасалады.
10. Парниктік газдар шығарындыларымен сауда жасасу бойынша халықаралық шарттың қорытындыларын алған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті орган және оның ведомстволық бағынысты ұйымы экологиялық (жасыл) инвестициялар шеңберінде іске асырылатын жобаларды іріктеу бойынша конкурс өткізетіні туралы хабарландыруды бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстарда орналастырады.
11. Конкурсқа заңды тұлғалар қатысады.
12. Конкурсқа қатысу үшін ведомстволық бағынысты ұйымға парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша немесе олардың сіңірілуін арттыру бойынша қызметті қарастыратын жобалар ұсынылады.
13. Жобаға өтініш беруші ведомстволық бағынысты ұйымға конкурсқа қатысуға өтініш және ақпарат береді. Өтініш еркін нысанда жасалады.
14. Жобалар бойынша ақпарат мыналарды қамтуы тиіс:
1) жобаның атауы және жалпы сипаттамасы;
2) жобаның іске асыру жоспарланып отырған экономика саласы,ортасы және секторы;
3) жобаны іске асыру орны;
4) жобаны іске асыру кезеңі;
5) жобаны іске асыру нәтижесінде көздерден парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе олардың сіңірілуін арттырудың жоспарланып отырған мөлшері;
6) жобада көзделген технологиялардың, өнімнің, сондай-ақ іс-шаралардың сипаттамасы;
7) жоба мониторингінің жоспары;
8) өтініш берушінің және басқа да жобаға қатысушылардың байланыс ақпараттары.
15. Осы Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген құжаттар конкурс өткізу туралы хабарлама жарияланған кезден бастап жиырма жұмыс күні ішінде қабылданады.
16. Ведомстволық бағынысты ұйым өтініш беруші ұсынған барлық жобаларды есепке алуды және тіркеуді жүзеге асырады және конкурстық құжаттаманы қарайды.
17. Конкурс бойынша жобаларды іске асыру үшін мыналар басым салалар болып табылады:
1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру;
2) энергияның жаңартылатын көздерін пайдалануды қолдау;
3) орманды қайта қалпына келтіру және орман өсіру;
4) парниктік газдар шығарындыларын азайтатын энергия көздеріне өту;
5) қалдықтардың түзілуін төмендету және кәдеге жарату арқылы парниктік газдар шығарындыларын азайту.
18. Жобалар бойынша берілген өтініштер мен ақпарат негізінде ведомстволық бағынысты ұйым жобалар тізбесін (бұдан әрі – тізбе) құрады және құжаттарды қабылдау аяқталған кезден бастап жиырма жұмыс күні ішінде уәкілетті органға қарауға жолдайды.
19. Уәкілетті орган тізбе түскен кезден бастап он жұмыс күн ішінде жобаны қарайды және жобаны инвестициялауды мақұлдау немесе бас тарту туралы шешім шығарады.
20. Жобаны мақұлдау туралы шешімді уәкілетті орган парниктік газдар шығарындыларын азайтудың немесе сіңірілуінің ең көп критерийлеріне сәйкес қабылдайды.
21. Өтініш беруші осы Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген тиісті емес түрде дайындалған немесе дәйексіз мәліметтерден тұратын конкурстық құжаттар ұсынған жағдайда жобаны инвестициялаудан бас тартылады. Уәкілетті орган өтініш берушіге жобаны инвестициялаудан бас тарту туралы хабарламаны шешім қабылданған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде жолдайды.
22. Мақұлданған жобалар тізбесі уәкілетті органның және ведомстволық бағынысты ұйымының интернет-ресурстарында жоба туралы мынадай мәліметтерді енгізе отырып орналастырылады:
1) жобаның атауы және жалпы сипаттамасы;
2) жобаға өтініш беруші туралы мәліметтер;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның шешімі;
4) жоба бойынша парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе олардың сіңірілуін ұлғайтудың өтініш берілген көлемі.
23. Осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес республикалық бюджеттен қаражат бөлінгеннен кейін уәкілетті орган жиырма жұмыс күн ішінде бөлінген қаражат көлемін ескере отырып, тізбедегі жобалардың кезектілігіне сәйкес жобаларды инвестициялау туралы шартқа қол қояды.