Ормандарды молықтыру, орман өсіру және олардың сапасына бақылау жасау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 шілдедегі № 958 Қаулысы

Қолданыстағы

 

      РҚАО-ның ескертпесі.

      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 22 желтоқсандағы № 18-02/681 бұйрығын қараңыз.


      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шілдедегі Орман кодексінің 12-бабының 17-1) тармақшасына және 73-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Омандарды молықтыру, орман өсiру және олардың сапасына бақылау жасау қағидалары бекітілсін.
      2. «Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандарды молықтыру мен орман өсiру және олардың сапасына бақылау жасау жөнiндегi іс-шараларды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 23 желтоқсандағы № 1592 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 2012 ж., № 10, 191-құжат) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2012 жылғы 21 шілдедегі
№ 958 қаулысымен 
бекітілген    

Ормандарды молықтыру, орман өсiру және олардың
сапасына бақылау жасау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ормандарды молықтыру, орман өсiру және олардың сапасына бақылау жасау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Орман кодексіне сәйкес әзірленді және мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандарды молықтыру, орман өсiру және олардың сапасына бақылау жасау тәртібін анықтайды.
      2. Ормандарды молықтыру мен орман өсіру мемлекеттік орман қоры учаскелерінің ықтимал орман өсіру жағдайларына, ағаш және бұта тұқымдылардың орман болып өсу қасиеттеріне сәйкес жүзеге асырылады және:
      1) орман ағаштарын отырғызуды немесе орманды күтiп-баптау және оны сауықтыру жөнiндегi шараларды қоса алғанда, бұдан бұрын орман алып жатқан алаңдарда жаңаруына жәрдемдесу шараларын жүргiзуді, сондай-ақ бұрын орман болмаған аумақтарда жасанды орман екпелерiн құруды және өсiруді;
      2) мемлекеттік орман қоры жерлерін ұтымды пайдалануды;
      3) ормандардың өнімділігі мен сапасын арттыруды;
      4) аумақтың оңтайлы мөлшерде орманды болуын қамтамасыз етуді;
      5) ормандардың ортаны қорғау және орта құру функцияларын орындау үшін олардың судан қорғау, қорғаныштық, санитариялық-гигиеналық және басқа да пайдалы қасиеттерін арттыруды қамтамасыз етеді.
      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) агротехникалық күтім жасау – орман дақылдарына күтім жасау шаралары, бұл оларда шөп және керексіз ағаш пен бұта өсімдіктерінің өсуіне жол бермеуді және топырақта ылғалдың жиналуын қамтамасыз етуді қамтиды;
      2) аралас орман дақылдары – құрамында бірнеше ағаш және бұта тұқымдылары бар орман дақылдары;
      3) бастапқы орман дақылдары – кескен кезде қажетті тұқымдылардың сенімді түрде жаңаруын қамтамасыз ету мақсатында кесерден бірнеше жыл бұрын өсіп тұрған орман қолтығында өсірілген дақылдар;
      4) кеспеағаш аймағы – ағаш кесудiң барлық түрi үшiн бөлiнген немесе ағаштары кесiлу сатысындағы орман учаскесi;
      5) орман көмкермеген жерлер – ағашы кесілген жерлер, өртеңдер, алаңқайлар, селдір ормандар;
      6) орман екпелерін қайта жаңарту – құндылығы төмен немесе өнімділігі төмен екпелерді құнды және өнімділігі жоғары екпелерге ауыстыру;
      7) орманның табиғи жаңаруына жәрдемдесу – шаруашылық жағынан құнды тұқымдылардан орманның жаңа ұрпағының тез арада пайда болуы және сақталуы үшін қолайлы жағдай жасау;
      8) орманды күтіп-баптау – орманды жарықтандыру және тазарту түрінде орман дақылдарына күтім жасау шаралары, бұл осы дақылдардың өсу жағдайларын жақсарту мақсатында оларды көлеңкелеп тұрған тез өсетін ағаш және бұта тұқымдыларының табиғи өскіндерін кесуді және (немесе) қалың екпелерді сиретуді қамтиды, діңі мен ұшарбасын қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар;
      9) орман дақылдарын техникалық қабылдау – мемлекеттік орман иеленушінің комиссиясы жүргізетін міндетті сипаттағы іс-шара;
      10) ормандарды молықтыру және орман өсіру қоры (бұдан әрі - ОМОҚ) – орман дақылдарын алуға, орманның табиғи өсуіне және орманның табиғи жаңаруына жәрдемдесу шараларын жүргізуге арналған мемлекеттік орман қорының жерлері. ОМОҚ орман дақылдары қорына, құндылығы төмен және жіңішке екпелерді қайта жаңарту қоры мен орманды өсіру қорына бөлінеді;
      11) өздігінен өсіп-өну – табиғи түрде жаңарған орман ағаштарының өсімі;
      12) сүрекдің жасының сыныбы – тегіне байланысты сүрекдіңдердің жас құрылымының сипаттамасы үшін қолданылатын жас аралығы;
      13) сүрекдіңнің толымдылығы – нақты және қалыпты (стандартты кестелер бойынша оңтайлы толымдылығы 1,0) екпе ағаштар қималарының алаңдары сомаларының арақатынасымен айқындалатын салыстырмалы көрсеткіш, жас ағаштарда ағаш шымылдығының толысу дәрежесі бойынша анықталады;
      14) таза орман дақылдары – қандай да бір тұқымдық дақылдар, олардың өсуі нәтижесінде осы тұқымдықтың таза екпесі пайда болуға тиіс;
      15) табиғи қалпына келу – орманның жаңа тобының табиғи жолмен түзілу процесі;
      16) тексеру кезеңі – орман шаруашылығын жүргізу үшін орман орналастыру жобасы әзірленген мерзім;
      17) тұқымдықтар (тұқымшашу көздері) – жеке тұрған тұқымдық ағаштар немесе олардың тұқымдық топтары, орман учаскелері-тұқымдық шоқ ағаштар немесе орманның табиғи жаңаруын қамтамасыз ету үшін жақын орман учаскелерінен тұқымның басқа жаққа ұшып келуі мүмкін емес кеспеағаштарда қалдырылған орман учаскелері-тұқымдық жолақтар;
      18) ықтырмалық орман даңқылдары – белгілі бір аралықта алмасып отыратын ықтырмалар мен ықтырма аралық кеңістіктер түрінде құрылатын екпелер;
      19) генерация – кейінгі ұрпақ ауыстыратын бір жастағы тұқымдылардан тұратын ұрпақ.

2. Ормандарды молықтыру мен орман өсіру тәртібі

      4. Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 73-бабына сәйкес ормандарды молықтыру мен орман өсіру жөнінде мемлекеттік орман қорында жүргізілетін жұмыс көлемі орман орналастыру және осы салада маманданған басқа да жобалау-іздестіру ұйымдары әзірлеген, мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен жобалармен (орман орналастыру жобасы) айқындалады.
      5. Ормандарды молықтыру бойынша жұмыс көлемі орман орналастыру жобасында тексеру мерзіміне көзделеді және кесу мен орманды молықтыру арасында алшақтыққа жол берілмейтіндей түрде жүргізіледі.
      6. Орман орналастыру жобаларында сондай-ақ орман көмкермеген жерлердегі барлық телімдерде (селдір ормандардан басқа), сондай-ақ тексеріс кезеңінің кеспеағаш қорын құрайтын телімдерде тағайындалатын орманды табиғи жаңартуды қоса алғанда, ормандарды молықтыру тәсілі көрсетіліп, ормандарды молықтыру жөніндегі іс-шаралар айқындалады.
      7. Ормандарды молықтыру мен орман өсіру:
      1) орманның табиғи жаңаруы;
      2) орманды табиғи жаңғыртуға жәрдемдесу шараларын жүргiзу;
      3) орман дақылдарын құру тәсілдерімен жүзеге асырылады.
      8. Таулы ормандардың орта және жоғарғы белдеулері аймағының тік беткейлерінде ормандарды молықтыру негізінен орманның табиғи жаңаруы немесе орманның табиғи жаңаруына жәрдемдесу шараларын жүргізу жолымен жүзеге асырылады.
      9. Ал қалған табиғи аймақтарда табиғи жаңарудың болуына және орманның табиғи жаңаруы немесе орман дақылдарын құру арқылы шаруашылықтың қарқынды жүргізілуіне байланысты болады.
      10. Рұқсат етілген шекті мерзім ішінде орманды шаруашылық тұрғыдан құнды тұқымдармен табиғи қалпына келтіру мүмкін болмайтын орман көмкермеген жерлерде орман дақылдары құрылады.
      11. Сүрекдіңдерді кесуден кейін бірден орман дақылдарын құру керек орман учаскелері орман орналастыру жобаларымен анықталады.
      12. Қалған алқаптарда әрбір ормандарды молықтыру мен орман өсіру қоры үшін ормандарды молықтыру және орман өсірудің кезектілігі мен мерзімін мемлекеттік орман қорында болған өзгерістерді ескере отырып, орман орналастыру және басқа да жобалау-іздестіру ұйымдары әзірлеген жобалар бойынша орман иеленушілер белгілейді.
      13. Есептен шығарылған орман дақылдары және бұдан бұрын орман аясында болмаған алқапта жобалау-іздестіру ұйымдары орман дақылдары жұмыстарын жүргізудің бүкіл тізбегі айқындалатын орман дақылдарын құру жобаларын әзірлейді.
      14. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандарды молықтыру мен орман өсіруді орман иеленушілері жүзеге асырады.
      15. Орман пайдаланушылар басты мақсатта пайдалану үшін ағаш кесуді жүргізген кезде олар орманның жаңаруын қоса алғанда, орман орналастыру жобасына сәйкес ағашы кесілген алаңның екі еселенген мөлшеріне тең алаңда ағаш отырғызуды жүргізеді. Осы мақсаттар үшін мемлекеттік орман иеленушілер ағаш кескен жылдан кейін наурыз айына дейін орман пайдаланушыларға мемлекеттік орман қоры аумағында қосымша алқаптар береді.
      16. Мемлекеттік орман иеленушіде орман дақылдары қоры және орман пайдаланушыға мемлекеттік орман қоры аумағында қосымша учаске беру мүмкіндігі болмаған жағдайда орман пайдаланушылар жергілікті бюджетке орман көмкерген алқапқа ауыстырғанға дейін орман дақылдарын отырғызу мен өсіру құнының мөлшерінде төлемақы енгізеді. Орман дақылдарын отырғызу мен өсіру үшін төлемақы орман иеленуші әзірлеген технологиялық-есеп картасымен айқындалады.

Орманның табиғи жаңаруы кезінде іс-шаралар
жүргізу тәртібі

      17. Ағаш дайындау жұмыстарын жүргізу алдында орман орналастыру материалдарына сәйкес кесілетін алқапта ормандарды молықтыру тәсілі анықталады.
      18. Егер орман орналастыру жобасында орманның табиғи жаңаруы көзделсе, ағаш кесуді жүргізу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 14 ақпандағы № 141 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу ережесіне (бұдан әрі – Орманды кесу ережесі) сәйкес өскiнді және тұқымдықтарды сақтауды көздейтін тәсілдерімен жүзеге асырылады. Бұл ретте ағаш кесуді жүргізу басталғанға дейін өскіндерді есепке алу жүргізіледі.
      Орманның табиғи жаңаруы көзделген учаскелер, оның ішінде орманның табиғи жаңару шаралары жүргізілетін учаскелер орман өсіру қорын құрайды.
      19. Ағаш кесуден кейiн орманның табиғи жаңаруының жай-күйi барлық ағаш дайындау операцияларынан кейiн сақталып қалған өскiн, ағаш кесу орындарын тазартуды және өскiннiң түзетілуiн есепке алу арқылы, ал оның өмiршеңдiгі ағаш кесу орындарын куәландыру кезiнде анықталады. Жаңаруды бағалау Ағаш кесу ережесінде белгіленген шәкiлдер бойынша айқындалады.
      Есепке алу нәтижелерi бойынша еркін нысанда акт жасалып, онда өскіннің мөлшерi мен сақталу пайызы, оның жай-күйiнiң жалпы сипаттамасы және алаң бойынша орналасуы көрсетіледi.
      20. Дайындау маусымына және ағаш кесу тәсілiне қарай өскiннің оның ағаш кесуге дейiн есепке алынған мөлшерiнiң 50 пайызынан 80 пайызына дейiн сақталуын қамтамасыз ету қажет. Таулы, жазықтағы ормандардағы және Қазақтың ұсақ шоқысы ормандарындағы ағашы кесілген жерлерде өскiндi сақтаудың нормативтік көрсеткiштерi Ағаш кесу қағидаларымен бекітілген.
      21. Орманның табиғи жаңаруы (өсуі):
      1) шаруашылық тұрғыда құнды тұқымдылардың өсуге қабілетті өскіні болған жағдайда;
      2) егер тұқыммен жаңарту мүмкін болмаса, ал өсу арқылы жаңару шаруашылық жүргізу мақсаттарына сәйкес келсе, түбірден немесе тамыр тармақтарынан балақ шыбықтардың пайда болуы арқылы өсу жолымен жаңаруға қабілетті ағаш тұқымдылар екпелерін кесу кезінде көзделеді.
      22. Орманды өсу жолымен жаңарту кезінде (түбір өскіндерінен, тамыр тармақтарынан және сұлама бұтақтардан) еменнің өскінмен жаңаруы екі генерациядан, қайың, көктерек – үш генерациядан аспауы тиіс.

Орманның табиғи жаңаруына жәрдемдесу шараларын
жүргiзу тәртібі

      23. Орманның табиғи жаңаруына жәрдемдесу шараларын жүргізу ойдағыдай табиғи жаңаруды күтуге болатын ормандарда жүзеге асырылады.
      24. Орманның табиғи жаңаруына жәрдемдесу шараларына мыналар жатады:
      1) ағаш дайындау кезінде шаруашылық жағынан құнды тұқымдылардың өміршең өскіндерін сақтау;
      2) кеспеағаштарды кесу жұмыстары аяқталған соң өскіндер мен өздігінен өсіп-өнген өркендерге күтім жасау;
      3) топырақтың үстіңгі қабатын ішінара минералдандыру;
      4) ағашы кесілген жерлерді қоршау;
      5) шаруашылық жағынан құнды тұқымдылардың өскіндері мен өздігінен өсіп-өнген өркендердің мөлшері жеткіліксіз немесе олар біркелкі орналаспаған учаскелерде орманның табиғи жаңаруын толықтыру үшін бас тұқымдықтың көшеттерін немесе қалемшелерін отырғызу.
      25. Тұқымдықтарды (ағаштар мен шоқ ағаштарды) қалдыру – жаңаруды қамтамасыз етудің аса маңызды шарты ретінде ағаштарды бөлу және ағаш дайындау кезіндегі міндетті орман өсіру шарасы, орманның табиғи жаңаруына жәрдемдесу шараларына іс-шаралардың дербес түрі ретінде енгізілмейді. Қалдырылатын тұқым шашқыштарды орналастыру және олардың саны Ағаш кесу ережесінде айқындалады.
      26. Ағаш дайындау кезінде шаруашылық жағынан құнды тұқымдылардың өміршең өскіндерді сақтауды орман иеленушілер мен орман пайдаланушылар кеспеағаш жұмыстарының тиісті технологиясын қолдану арқылы қамтамасыз етеді.
      Ағаш дайындау маусымы мен ағаш кесу тәсіліне байланысты өскіндерді сақтаудың нормативтік көрсеткішін қамтамасыз ету қажет.
      27. Ағаш дайындау аяқталған соң өскіндерге күтім жасау сақталып қалған өскіндерді ағаштар мен бұталарды көлеңкелейтін ағаш кесу қалдықтары мен жер үйінділерінен босатуды және тым қалың ағаш топтарын сиретуді білдіреді.
      28. Толымдылығы 0,6-дан аспайтын кесуге түсетін екпелердің қолтығында, тұқымдардың өсіп-өнуіне және өскіндердің төзімді болуына жайлы жағдайлар жасау мақсатында ағашы кесілген жерлер мен алаңқайларда топырақтың үстіңгі қабатын минералдандырады.
      29. Топырақты минералдандыруды бүкіл учаске алқабының 30 пайызынан кем болмайтын алқапта және тұқым шашқыштардан 5 метр немесе сақталып қалған өскін топтарынан 2-3 метр жақын болмайтын жерлерде жүргізіледі.
      30. Жас ағаштарды үй және жабайы жануарлардың зақымдау қауіпі орын алған жағдайда орманы табиғи жаңарып жатқан учаскелер барлық жағынан немесе мал айдап өтетін жерлерде қоршалады.
      31. Ағаш кесу ережесінде айқындалған нормативтік көрсеткіштен төмен өздігінен өну, сақталған өскін мөлшері бар ағашы кесілген жерлерде бас тұқымдының көшеттері мен қалемшелері қосымша отырғызылады. Бұл ретте ағаш отырғызу орындарының саны осы жағдайларда жаппай отырғызылған орман дақылдары үшін қабылданған норманың 25 пайызынан аспайды.
      32. Орманның табиғи жаңару үшін белгіленген учаскелері орман өсіру қорын құрайды.
      33. Мемлекеттік орман иеленушінің әрбір орманшылығы бойынша орманның табиғи жаңаруына жәрдемдесу шаралары жүргізілген алаңдарды есепке алу осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес жүзеге асырылады.

Орман дақылдарын құру тәртібі

      34. Орман дақылдары орман дақылдары қорында және құндылығы төмен және жіңішке екпелерді қайта жаңарту қорында құрылады.
      35. Орман дақылдары қоры мынадай санаттарды қамтиды:
      1) 1-2 жыл бұрын ағашы кесілген жерлер;
      2) 3 және одан көп жыл бұрын ағашы кесілген, рұқсат етілетін барынша шекті мерзім ішінде орман шаруашылығы тұрғыдан құнды тұқымдылармен табиғи жаңармаған жерлер;
      3) өрттің салдарынан (өртеңдер) немесе басқа да себептер бойынша жойылған, рұқсат етілетін барынша шекті мерзім ішінде орманның шаруашылық тұрғыдан құнды тұқымдылармен табиғи жаңаруы күтілмейтін екпелер учаскелері;
      4) жойылған және есептен шығарылған орман дақылдары;
      5) алаңқайлар, сондай-ақ пайдалы қазбалары алынғаннан кейін орман өсіруге жарамды жағдайға келтірілген жерлер;
      6) ауыл шаруашылығына пайдаланудан шығарылған, орман өсіруге жарамды учаскелер;
      7) орман өсіруге жарамды құмдар, жыралар және басқа да ормансыз жерлер. Бұл ретте осы санаттағы жерлер агрохимиялық топырақ зерттеулері жүргізілгеннен кейін орман дақылдары қорына енгізіледі.
      36. Құндылығы төмен және жіңішке екпелерді қайта жаңарту қоры мынадай санаттардан тұрады:
      1) неғұрлым өнімді сүрекдіңдер өсіруге жарамды учаскелердегі бұталы жыңғылдарды;
      2) учаскенің орман өсіру жағдайларына сай келмейтін құндылығы төмен ағаш тұқымдыларының өскіндерін;
      3) селдіреген толымдылығы төмен (толымдылығы 0,5 және одан төмен) немесе зақымданған екпелер мен жасы екінші сыныптағы және одан үлкен қажетсіз тұқымдылар басым өнімділігі төмен сүрекдіңдерді қамтиды.
      37. Қағидалардың 35-тармағының 1), 2), 3), 5) тармақшаларында көрсетілген учаскелерде орман дақылдары орман иеленуші әзірлеп, оның бірінші басшысы бекіткен жобалар бойынша құрылады.
      38. Қағидалардың 35-тармағының 4), 6), 7) тармақшаларында және 36-тармағында көрсетілген учаскелерде орман дақылдары осы салада маманданған жобалау-іздестіру ұйымдары нақты әрбір учаске үшін әзірлеген, мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен жобалар бойынша құрылады.
      39. Бірінші кезекте орман дақылдары қорының мынадай жерлері игеріледі:
      1) су және жел эрозиясына ұшыраған учаскелер;
      2) елді мекендердің жасыл аймақтарында және өзендер, көлдер, су қоймалары, каналдар және басқа да су объектілерінің жағалауларындағы ормандардың тыйым салынған жолақтарында орналасқан учаскелер;
      3) қылқан жапырақты ағаш тұқымдылардың жаңадан кесілген жерлері және биік сабақты шөптесін өсімдіктер жылдам өсіп кететін өртеңдер алқаптары;
      4) жоғарғы сыныптар бонитетіндегі екпелерді өсіруге жарамды топырағының өнімділігі жоғары орман көмкермеген жерлер;
      5) құнды ағаш тұқымдыларды енгізу көзделген құндылығы төмен екпелер кесілген жерлер;
      6) пайдалы қазбалар өндіруден шығарылып, орман өсіруге жарамды күйге келтірілген жерлер.
      40. Жобада анықталған жағдайларда ықтырмалық орман дақылдары екі кезеңде құрылады. Бірінші кезеңде дақылдар белгілі бір аралықта алмасып отыратын ықтырмалар түрінде құрылады, екінші кезеңде ықтырма аралық кеңістіктерде құрылады.
      41. Құрамы бойынша орман дақылдары таза немесе аралас күйінде құрылуы мүмкін.
      Басты тұқымдық жергілікті орман құраушы тұқымдылардан таңдап алынады, ал оң тәжірибе жинақталған жағдайда – жерсіндірілген тұқымдылардан таңдалады. Ол шаруашылық жүргізу мақсаттарына сай болуға және учаскенің орман өсу жағдайларына сәйкес келуге тиіс.
      Ілеспе тұқымдылар мен бұталарды таңдағанда олардың бас тұқымдықпен бір біріне әсер етуін ескеру керек.
      42. Орман дақылдарының бастапқы жиілігі және отырғызатын (егетін) орындарды орналастыру орнықты, өнімділігі жоғары сүрекдіңнің қалыптасуын қамтамасыз етуге тиіс. Отырғызылатын өсімдіктердің саны жобалармен айқындалады.
      43. Жобаларды әзірлеу кезінде отырғызылатын өсімдіктердің саны орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi орган белгілейтін орман көмкерген жерлерге ауыстырылатын орман дақылдарының сапасын бағалаудың нормативтік көрсеткіштерінде қаралған мөлшерден кем болмауы тиіс.
      44. Орман дақылдарын құрудың негізгі әдісі отырғызу болып табылады.
      Отырғызуды су және жел эрозиясына ұшырайтын жерлерде, ылғалы мол жерлерде және отырғызу орындарын арамшөптер тез басып қалатын учаскелерде, сондай-ақ ылғалы аз аудандарда жүргізген жөн. Селекциялық көшеттік материалдар қолданылатын дақылдар, сондай-ақ қылқан жапырақты тұқымдылардың дақылдары отырғызу арқылы ғана өсіріледі.
      45. Отырғызу үшін орман дақылдарының сенімділігін қамтамасыз етуге, оларға агротехникалық күтім жасау қажеттілігін азайтуға және орман дақылдарын орман көмкерген жерлерге ауыстыруды тездетуге мүмкіндік беретін стандартты көшеттер мен шыбықтар, сондай-ақ қалемшелер пайдаланылады.
      46. Тау жағдайларында орман дақылдарын құру үшін жер дайындауды жобалау кезінде жер өңдеу тәсілі учаскенің географиялық аймақтылығы, тау беткейлерінің рельефі, экспозициясы және көлбеулігі, топырақ төсеуші жыныстың су өткізгіштігі, топырақтың тастақтығы дәрежесі, учаскенің мөлшері мен қолжетімділігі, эрозиялық үдерістердің пайда болу және даму қаупі ескеріле отырып таңдалады.
      47. Таулы учаскелерде беткейлердің көлбеулігіне, топырақ жағдайларына байланысты жер өңдеу осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес жобаланады.
      48. Топырақта зиянкестер болған жағдайда оны орман дақылдарын құру үшін жер дайындау кезінде күресу шаралары қолданылады.
      49. Ерекшелік ретінде, құндылығы төмен тұқымдылардың қайта өсу қауіпі болмаған жағдайда топырақты алдын ала өңдемей-ақ орман дақылдарын көшеттермен бір гектарға 500 данаға дейін түбір мөлшерінде жақсы тазартылған ағашы кесілген жерлерде, арамшөптерден таза жыртылатын жерлерде, құмдарда, орман өсіруге жарамды тегістелген үйінділерде, орман дақылдарымен бәсекелес өсімдіктер өспейтін және тым қатты қуаңшылыққа ұшырамаған жерлерде отырғызуға рұқсат етіледі.
      50. Құмайт жерлерде орман дақылдарын құру кезінде қажет болған жағдайда бұта ағаштарынан (бұталардан) ықтырмалар жасау жолымен жылжымалы құмдарды тоқтату шаралары жүргізіледі. Бұл жағдайда бас тұқымдыны енгізгенге дейін алдын ала бұталар отырғызу орман дақылдарының көлеміне есептелмейді.
      51. Шөл және шөлейт аймақтарда жеңіл механикалық құрамдағы топырақта құмды бекітетін тұқымдылардың орман дақылдарын - сексеуіл, черкез, жүзгін құру, сондай-ақ Қазақтың ұсақ шоқысының далалы аймағында құнды ағаш тұқымдылары басым тік беткейлерде (21 градустан астам) тұқым себу әдісімен рұқсат етіледі.
      52. Неғұрлым қатаң орман өсіру жағдайларында механикалық құрамы орташа және ауыр топырақты жерлерде орман дақылдары көшеттер отырғызу арқылы құрылады.
      53. Себу әдісімен жапырақты тұқымдылардың тұқымдары ірі орман дақылдары: емен, талшын, жаңғақ, бадам, пісте өсіруге рұқсат етіледі.
      54. Орман көмкерген жерлерде орман дақылдары құндылығы төмен екпелерді қайта жаңартқанда, орман қолтығындағы және бастапқы орман дақылдарын құрғанда отырғызылады.
      Өздерінің құрамы, пісіп-жетілу жасында күтілетін толымдылығы, өнімділігі және атқаратын пайдалы қызметтері бойынша учаскенің орман өсіру жағдайларына және ормандардың нысаналы мақсатына сәйкес келмейтін бес жастағы және одан да үлкен құндылығы төмен екпелер, сондай-ақ елді мекендердің өз функцияларын орындамайтын жасыл аймақтарының рекреациялық, су қорғау және топырақ қорғау екпелері қайта жаңартуға жатады.
      55. Құндылығы аз екпенің құрамы мен биіктігіне, онда өсіп тұрған бас тұқымды ағаштардың мөлшеріне және учаске аумағы бойынша олардың біркелкі бөлінуіне байланысты екпелерді қайта жаңартудың дәліздік, шоқтанған-топтық немесе тұтас қамту тәсілдері қолданылады.
      56. Орман қолтығындағы дақылдарды санитариялық-гигиеналық функцияларды арттыру мақсатында жасыл аймақтардың ормандары мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың рекреациялық аймақтарында, орман шаруашылығы қауырт жүргізілетін аудандардағы қорғаныштық екпелерде отырғызады. Дақылдар енгізілгенге дейінгі сүрекдіңнің толымдылығы 0,6-дан аспауы тиіс.
      Орман көмкерген жерлердегі орман дақылдарының бастапқы жиілігі осы орман өсіру жағдайларында тұтас дақылдар үшін сапаны бағалаудың нормативтік көрсеткішінің 50 пайызынан кем болмауы тиіс.
      57. Сүректі жедел алу мақсатында плантациялық орман дақылдары құрылады. Плантациялық орман дақылдары үшін орман өсіру жағдайлары жақсы орманның неғұрлым шығымды түрлеріндегі орман дақылдары қорының алқаптары бөлінеді.
      58. Аумақтың орманды жерлерін көбейту, эрозиялық үрдістерді болдырмау және бұдан бұрын орманы болмаған аумақтардағы экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында:
      1) жер бетіндегі су ағысын реттеу, топырақтың су эрозиясымен күресу және судың жер бетіндегі су ағысын топырақ ішіндегі су ағысына ауыстыру үшін тау беткейлері мен сай-салалы жерлерде екпелер;
      2) жергілікті жердің гидрологиялық және микроклиматтық жағдайларын жақсарту, жолдарды қарлы борасындардан қорғау үшін мемлекеттік қорғаныштық орман жолақтары;
      3) шағын өзендерді және басқа да су көздерін эрозия өнімдерімен батпақтанудан, ластанудан қорғау және олардың су режимін жақсарту үшін бұлақ басындағы, су сағасы мен жағасы бойындағы екпелер;
      4) құмдарда оларды бекіту, жел эрозиясынан қорғау және жасыл аймақтар құру мақсатында пайдалану үшін алқаптық, ықтырмалық немесе жолақтық екпелер;
      5) жайылымдық жерлерде алқаптардың жемшөптік өнімділігін арттыру, мал қораларын қатты желдерден және қар мен ұсақ топырақтың басып қалуынан қорғау, малды күн радиациясынан, желден және зиянды жәндіктерден қорғау үшін орман жолақтары, ықтырмалар және алқаптық екпелер;
      6) сүрек алу мақсатында тез өсетін ағаш тұқымдылардың плантациялары құрылады.
      59. Ағаш отырғызу және ағаш тұқымын себу жұмыстары аяқталғаннан кейін күнтізбелік он бес күн өткен соң орман иеленушінің бірінші басшысының шешімімен құрылған комиссия орман дақылдарына техникалық қабылдау жүргізіп, осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Актімен ресімделеді. Комиссияның құрамына орман мекемесі бірінші басшысының орынбасары мен мамандары енеді. Комиссия мүшелерінің жалпы саны кемінде үш адам болуға тиіс.
      60. Орман дақылдарын техникалық қабылдау қорытындылары бойынша деректер осы Қағидалардың 4-қосымшасына сәйкес нысан бойынша орман дақылдарын есепке алу кітабына енгізіледі.
      61. Елді мекендер жасыл аймақтарының орман дақылдарын есепке алу кезінде олардың алаңына жобаланып отырған жасыл аймақтың алаңына кіретін мемлекеттік орман қорының барлық жерлерлі қосылады.
      62. Ормандарды молықтырудың жай-күйі мен тиімділігін есепті кезеңде:
      1) есепті кезеңде ормандарды молықтыру алқабының осы кезеңде жаппай ағашы кесілген жерлер мен өртеңдердің жалпы алқабына арақатынасына тең ормандарды молықтыру коэффициенті;
      2) есепті кезеңде шаруашылық тұрғысынан құнды екпелер санатына енгізілген жас ағаштар алқабының есепті кезеңде ормандарды молықтыру жөнінде жұмыстар жүргізілген жалпы алқапқа арақатынасына тең ормандарды молықтыру тиімділігінің коэффициенті;
      3) есепті кезеңде енгізілген жас ағаштар алқабының есепті кезеңде жаппай ағашы кесілген жерлер мен өртеңдердің жалпы алқабына арақатынасына тең шаруашылық тұрғысынан құнды екпелер санатына жас талдарды енгізу коэффициенті сипаттайды.
      63. Ормандарды молықтырудың ойдағыдай жүргізілу барысын бірге тең (немесе оған жақын) көрсетілген коэффициенттердің мәні сипаттайды.

3. Ормандарды молықтыру мен орман өсіруге бақылау
жасау тәртібі

      64. Ормандарды молықтыру мен орман өсіру саласындағы мемлекеттік бақылауды орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) мен оның аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі – аумақтық бөлімшелер) жүзеге асырады.
      65. Бақылау ормандарды молықтыру мен орман өсіру жөнінде орындалған іс-шаралардың орман орналастыру жобаларына сәйкестігін тексеру жолымен жүзеге асырылады.
      66. Мемлекеттік орман иеленушілер тексеруді жүзеге асырушы уәкілетті органның немесе аумақтық бөлімшелердің лауазымды тұлғаларына тексеру кезінде қажетті материалдарды ұсынады.
      67. Тексеру мемлекеттік орман иеленуші өкілінің қатысуымен тексеру орнына барып жүзеге асырылады.
      68. Жүргізілген тексерудің қорытындылары бойынша мемлекеттік орман иеленушінің қатысуымен тексеру нәтижелері туралы акт жасалады.

Ормандарды молықтыру, орман
өсiру және олардың сапасына
бақылау жасау қағидаларына
1-қосымша       

Нысан

Орманның табиғи жаңаруына жәрдемдесу шаралары
жүргізілген алаңдарды есепке алу кітабы

_____________________________________________________________________
                Орман иеленушінің, орманшылықтың атауы

Р/с

Отырғызу жылы

Орналасқан жері

Учаскенің ауданы, га

Орман өсіретін жағдайдың сипаттамалары

Жер дайындау тәсілі (өткізген жағдайда)

Отырғызу тәсілі

Орналасу схемасы

Себілетін және отырғызатын материалдың сипаттамасы

орам

телім

орам

телім

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11












Ормандарды молықтыру, орман
өсiру және олардың сапасына
бақылау жасау қағидаларына
2-қосымша       

Таулы жағдайларда орман дақылдарын құру үшін жер өңдеу тәсілдері

Р/с

Тау бауырының қиялығы және топырақтың сипаттамасы

Жер өңдеу тәсілі

1

2

3

1.

Тау бауырының қиялығы 6 градусқа дейін қалың қабатты және тасы аз топырақтарда

Жаппай өңдеу

2.

Тау бауырының құламалығы 6 градустан 12 градусқа дейін:


1) тасы аз топырақта

Жолақтап жырту немесе жыртпа террастар тарту, сондай-ақ түбін қопсыта отырып, көлденең атыздар тілу

2) құрғақ және сабағы биік өсімдіктер өспейтін құнарлы тастақ топырақта

Тілімдерді қопсыту, атыздар тартып, түбін қопсыту немесе шағын терассалар дайындау

3) бұталар өскен немесе сабағы биік шөптесін өсімдіктер қаптап кеткен учаскелерде

Бульдозер немесе тамыр жұлып-жинағыш дайындаған 3-4 метр үзілімдері бар ұзындығы 15-20 метр үзік жолақтармен. Жиектерінің аралығындағы қашықтық 2,5-3,5 метр болатын террастар, атыздар, жолақтар ұзын жағымен бірінен кейін бірі көлденең орналастырылады

3.

Терең және орташа қабатты тасы аз топырақты тау бауырының құламалығы 12 градустан 20 градусқа дейін еңіс және тік жоталарда

Бульдозерлермен және тамыр жұлып-жинағыштармен тау баурайын бойлай 3-5 метрлік қысқа үзік жолақтар тарту

4.

Тік тау баурайларында (21 градустан астам) су өтетін аналық топырақ төселген жерлерде

Жерді террастар немесе алаңқайлар түрінде ғана дайындауға жол беріледі

5.

Шағын көлемді тым тастақ учаскелерде

Қолмен алаңқайлар жасап өңдеу, шұңқырлар қазу

Ормандарды молықтыру, орман
өсiру және олардың сапасына
бақылау жасау қағидаларына
3-қосымша       

Нысан

Орман дақылдарының орындалған жұмыстарын техникалық қабылдау актісі

      20 __ жылғы «____» ______________
_______________________________________________ құрамындағы комиссия
_____________________________________________________ орманшылығында орман дақылдарын құру бойынша орындалған жұмыстарға (айы, жылы) қабылдау жүргізді.
      Орман дақылдары жұмыстарын қабылдау кезінде мыналар анықталды:
      1. Жұмыстар ___ орамның ____ алаңында ______ га алқапта орындалған.
      2. Себу және отырғызу жұмыстарын жүргізу уақыты (басталуы және аяқталуы, кідіру себептері) ___________ бастап _________ ж. дейін.
      3. Орман дақылдарын құру тәсілі (отырғызу, себу – қатарлық, ұялы, тұқымдыларды орналастыру схемасы және т.б. ____________________
      4. Жер дайындаудың уақыты мен тәсілі (ені, ұзындығы көрсетіліп жаппай, сүдігер жырту, ерте пар, қара пар: ішінара жолақтармен, атыздармен, алаңқайлармен) __________________________________________
      5. Дайындалған жердің мөлшері (жер жырту тереңдігі, ластануы, кесек топырақтылығы) ________________________________________________
      6. Отырғызу (жасы, стандарттылығы) саны, себу материалының сапасы, тегі, жиналған уақыты. Сапалылығы, сертификат №, күні, себу алдындағы өңдеу _____________________________________________________
      7. Жұмыстарды жүргізу (отырғызу машинасымен, Колесов семсерімен және т.б.) __________________________________________________________
      8. Себу, отырғызу жұмыстарының сапасы (отырғызу тереңдігі, тамырлардың орналасуы, отырғызу тығыздығы, таңбалаудың түзулігі және т.б. _______________________________________________________________
      9. Топырақ құрылымын жақсарту және ылғал жинау жөніндегі іс-шаралар (гипс, тыңайтқыштар енгізу, қар тоқтату, себу алдында культиваторлау және т.б.) ___________________________________________
      10. Жұмыс жобасынан ауытқу және оның себептері ________________
      11. Себу және отырғызу жұмыстарының дақылдардың сапасына әсер етуі мүмкін негізгі ақаулары (көлемі, сипаты) _______________________
      12. Құны мен жұмыстар көрсетіліп жол берілген кемшіліктерді түзеу жөніндегі іс-шаралар __________________________________________
      13. Дақылдардың күтіліп отырған өсімталдығы ескеріле отырып, орындалған жұмыстардың сапасын жалпы бағалау (жақсы, қанағаттанарлық, қанағаттанарлықсыз)__________________________________________________
_____________________________________________________________________
      14. Жұмысты ___________________ орманшылығының ________________ орман дақылдары бригадасы орындады.
      15. Орман дақылдары жұмыстарын орындауға басшылық жасаған жауапты орындаушы ___________________________________________________
      Комиссия мүшелері: ____________________________________________
                                   (лауазымы, Т.А.Ә. қолы)

Ормандарды молықтыру, орман
өсiру және олардың сапасына
бақылау жасау қағидаларына
4-қосымша       

Нысан

_____________________________________________________________________
            (орман иеленушінің, орманшылықтың атауы)

Орман дақылдарын есепке алу кітабы

Р/с

Дақылдарды өндіру жылы және маусымы

Учаскенің орналасқан жері (орамның,  телімнің №)

Алаңы, га

Жер дайындау тәсілі

Орман дақылдарын құру тәсілі

Басты тұқымды

Ілеспе тұқымды

Араластыру сызбасы

1 гектарға орналастыру сызбасы және мөлшері

Тұқымдық және отырғызу материалының сипаттамасы

Күтім жасау туралы белгі

Отырғызу

Себу

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

13














кестенің жалғасы

Орман дақылдарының орташа өнімділігі, %

Орман дақылдарын толықтыру туралы белгі, га

Орман дақылдарын есептен шығару туралы белгі, га

Орман көмкерген жерге ауыстыру туралы белгілер алаңы, га

Ескертпе

Өсудің бірінші жылында

Өсудің үшінші жылында

Түгендеу материалдары бойынша талаптар

Нақты орындалғаны

Есептен шығарылды

Есептен шығару себептері

актының №, күні, алаңы, га

Учаскенің таксациялық сипаттамасы (1 га биіктігі, тұқымдық құрамы, басты тұқым, ағаштар саны)

14

15

16

17

18

19

20

21

22










Ормандарды молықтыру, орман
өсiру және олардың сапасына
бақылау жасау қағидаларына
5-қосымша       

Нысан

Тексеру нәтижелері туралы акт

№ _________________

____________________________________________________________________
                     (акт жасалған орын)
20 ____ жылғы «___» ______________ _______ сағат_____мин.

____________________________________________________________________
                         (уәкілетті органның атауы)
____________________________________________________________________
     (тексеру жүргізуге негіз болған тексеру тағайындау туралы                                  актінің күні мен нөмірі)
____________________________________________________________________
     (тексеру жүргізген тұлғаның (тұлғалардың) тегі, аты, әкесінің                             аты (ол болған жағдайда)
және лауазымы ______________________________________________________
____________________________________________________________________
      (тексерілетін мемлекеттік орман иеленушінің атауы, тексеру                              жүргізу кезінде қатысқан
____________________________________________________________________
                                лауазымды тұлға)
Тексеру жүргізілген күн, орыны және кезеңі _________________________
Тексеру нәтижелері туралы мәліметтер _______________________________
____________________________________________________________________
         (анықталған тәртіп бұзушылықтар және олардың сипаты)

Тексеру нәтижелері туралы актімен таныстым __________________________
                                   (тексеру жүргізу кезінде қатысқан
____________________________________________________________________
          мемлекеттік орман иеленушінің лауазымды тұлғасы)

      Қолы ___________________________________
      Қол қоюдан бас тартты ____________________
      Тексеруді жүргізген лауазымды тұлғаның қолы____________________