Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызу, олардың шекараларын белгілеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 20 шілдедегі № 949 Қаулысы

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі.

      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 19 наурыздағы № 18-05/246 бұйрығын қараңыз.


      «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңының 8-бабының 24-13) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызу, олардың шекараларын белгілеу қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                             К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2012 жылғы 20 шілдедегі
№ 949 қаулысымен   
бекітілген    

Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызу, олардың шекараларын белгілеу  қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленген және балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызу, олардың шекараларын белгілеу тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) – жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы басшылықты және мемлекеттiк саясатты iске асыруды, сондай-ақ өз өкiлеттiктерi шегiнде салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      2) аумақтық бөлімшелер – уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері.
      Су объектілері немесе олардың бөліктері, іргелес жатқан жағалау аумақтарымен бірге акваториялар балық шаруашылығы үшін ерекше құнды су айдындары және (немесе) учаскелері болып табылады.
      3. Ерекше құнды балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері мынадай мақсаттарды іске асыру үшін белгіленеді:
      1) балықтардың кәсіпшілік түрлерінің және басқа да су жануарларының табиғи молаюын қолдау;
      2) балықтардың және басқа да су жануарларының биологиялық әралуандығын сақтау;
      3) сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген балық түрлерін және басқа да су жануарларын сақтау;
      4) серуендеу, уылдырық шашу орындарын, өріс аудару жолдарын, қыстау шұңқырларын сақтау.
      4. Ерекше құнды балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде шаруашылықтың және басқа қызметтің реттелетін режимі белгіленеді.
      Ерекше құнды балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде балық аулау жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңнамамен реттеледі.

2. Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызу, олардың шекараларын белгілеу тәртібі

      5. Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызу және олардың шекараларын белгілеу, сондай-ақ учаскелердің белгіленген шекараларын түзету, өзгерту тиісті ғылыми ұйымдар берген биологиялық негіздеменің негізінде жүзеге асырылады.
      6. Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызу және олардың шекараларын белгілеу, сондай-ақ учаскелердің бекітілген шекараларын түзету, өзгерту жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін аумақтық бөлімше комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрады.
      Көрсетілген Комиссияның құрамын және оның қызмет тәртібін аумақтық бөлімше айқындайды.
      Комиссия құрамына аумақтық бөлімшелердің, жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми және табиғат қорғау ұйымдарының өкілдері қосылады.
      Бекітілген балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызған жағдайда Комиссия құрамына балық ресурстарын пайданушылардың өкілдері қосылады.
      7. Комиссия отырысының нәтижелері хаттамамен ресімделеді, оған қатысып отырған мүшелердің барлығы қол қояды.
      8. Комиссия ұсынымдарына және биологиялық негіздемеге сүйене отырып, уәкілетті орган мынадай шешімдерді қабылдайды:
      1) балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызу, олардың шекараларын белгілеу;
      2) белгіленген шекараларда шаруашылық және өзге де қызметтің реттелетін режимін белгілеу.
      9. Қабылданатын шешімдер қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен, сондай-ақ аумағында осы су айдыны орналасқан жергілікті атқарушы органдармен келісіледі.
      10. Ерекше құнды балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің белгіленген шекаралары белгілі бір орындардың атаулары, географиялық координаталары көрсетілген карта-схемада белгіленеді.
      11. Ерекше құнды балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің шекаралары белгілі бір серуендеу, уылдырық шашу, өсіру орындарын, қыстау шұңқырлары шегінде балық шаруашылығын жүргізуге бөлінген бір немесе бірнеше балық шаруашылығы учаскелерін қамтуы мүмкін.