Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде ілеспе газды инвесторларға берудің қағидалары мен шарттарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 5 шілдедегі № 913 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы Заңының 5-бабының 9) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде ілеспе газды инвесторларға берудің қағидалары мен шарттары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2012 жылғы 5 шілдедегі
№ 913 қаулысымен  
бекітілген     

Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде ілеспе газды инвесторларға берудің қағидалары мен шарттары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде ілеспе газды инвесторларға берудің қағидалары мен шарттары (бұдан әрі – Қағидалар) «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді.
      2. Қағидалар газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде ілеспе газды (бұдан әрі – ілеспе газ) инвесторларға беру тәртібі мен шарттарын белгілейді.
      3. Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің мақсаты мемлекетке тиесілі ілеспе газды ұтымды пайдалануды және оны кейіннен терең өңдеуді және өзара қолайлы шарттарда қосылған құны жоғары өнімдер өндіруді қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық және әлеуметтік міндеттерді шешу үшін мемлекет пен инвестор арасындағы тиімді өзара іс-қимылға қол жеткізу болып табылады.
      4. Осы Қағидаларда пайдаланылатын терминдер мен ұғымдар Заңға сәйкес қолданылады.
      5. Мемлекетке тиесілі ілеспе газды ұтымды пайдалану мақсатында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде инвесторларға беру:
      1) ілеспе газды кейіннен тауарлық, сұйытылған мұнай және (немесе) сұйытылған табиғи газ етіп өңдеу;
      2) Қазақстан Республикасының ішкі қажеттіліктерін бірінші кезектегі тәртіппен, оның ішінде Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын ескере отырып қанағаттандыру үшін тараптар белгілеген көлемдерде өндірілген тауарлық, сұйытылған мұнай және (немесе) сұйытылған табиғи газды беру шарттарында жүзеге асырылады.
      6. Тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын Заңның 16-бабының 3-тармағына сәйкес газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде одан әрі пайдалану үшін тартылатын инвесторға беру туралы уәкілетті органның шешімі инвесторға мұнай-, газ-химия өнімін, сондай-ақ жоғары қосылған құнмен өндіру бойынша міндеттемелер бекітілген жағдайда ғана қабылданады және осы Қағидаларда белгіленген жалпы шарттарда жүзеге асырылады.

2. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде ілеспе газды инвесторларға беру тәртібі

      7. Мемлекеттің меншігінде:
      1) жер қойнауын пайдаланушы мұнай операцияларын жүргізу кезінде өндірген және жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамаға және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың  ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасына тиесілі;
      2) жер қойнауын пайдаланушылар осы Қағидаларда айқындалған шарттарда, жер қойнауын пайдаланушының өндірілген ілеспе газға меншігі көзделген бұрын жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша шарттық тәртіппен мемлекеттің меншігіне берген ілеспе газ болуы мүмкін.
      8. Осы Қағидалардың 7-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген ілеспе газды жер қойнауын пайдаланушының өзі көрсетілген инвесторға уәкілетті органның шешімімен 2011 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жағылатын ілеспе газдың көлемдерінен аспайтын тараптар айқындаған көлемде газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында өңдеуші өндірісті салуды немесе тұрғызуды көздейтін шарттың негізінде тартылатын инвестордың меншігіне өтеусіз береді.
      9. Жер қойнауын пайдаланушы өңдеу мүмкіндігі болмаған кезде ілеспе газ көлемдерінің ұлғаюына әкеп соғатын мұнай өндіруді ұлғайту ниеті болған кезде ілеспе газдың осы көлемдері мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы шартта көзделген шарттарда инвесторға беру үшін өтеусіз негізде мемлекетке немесе Заңның 15-бабының ережелеріне сәйкес ұлттық операторға түседі.

3. Уәкілетті органның, инвестордың және жер қойнауын пайдаланушының өзара қарым-қатынас шарттары

      10. Ілеспе және (немесе) табиғи газды терең өңдеуді ұйымдастыру мақсатында жер қойнауын пайдаланушы бірлескен қызмет туралы шарттың негізінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестікте инвестордың жағында әрекет ете алады.
      11. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде инвестор өткізу тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган белгілейтін конкурстың негізінде айқындалады.
      12. Жекелеген елді мекендерді газдандыру және (немесе) газ өңдеу саласындағы жаңа технологиялар мен жабдықтарды тарту мақсатында конкурсты өткізбей, уәкілетті органның шешімі негізінде нақты инвестормен газ және газбен жабдықтау саласындағы пилоттық жобаларды іске асыру жүргізіледі. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы шартты уәкілетті орган инвестормен немесе инвестормен және жер қойнауын пайдаланушымен жасасады және онда осы Қағидалардың 4-бөлімінде белгіленген шарттар қамтылуға тиіс.
      13. Осы Қағидалардың 7-тармағының 2) тармақшасында белгіленген жағдайларда уәкілетті орган мен жер қойнауын пайдаланушы ілеспе газдың көлемдерін мемлекетке өтеусіз негізде не жер қойнауын пайдаланушы өтеусіз негізде ілеспе газды өндіруге арналған шығындарды жүзеге асырған кезде беру жөніндегі алдын ала шартты жасасады. Осы алдын ала шарт инвестормен газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде пилоттық жоба бойынша келіссөздер жүргізу үшін негіз болып табылады.
      Ілеспе газ мемлекетке өтеусіз берілген жағдайда осындай газдың бағасы уәкілетті орган стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын әзірлеу және қалыптастыру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік органмен бірлесіп жүргізетін сараптамамен расталуға және конкурс немесе пилоттық жоба шарттарында көрсетілуге тиіс.
      14. Шарт мұнай және (немесе) табиғи газ өндірудің жобалық көрсеткіштерін ескере отырып, өндіруге арналған келісімшарттың қолданылу мерзімі ішінде ілеспе және (немесе) табиғи газ беру көлемдерін көздеуге тиіс.
      15. Инвестор айқындалған күннен бастап екі айдан кешіктірмей алдын ала шарт газды іріктеу орнын және өзге де шарттарды көрсетумен уәкілетті органның, ілеспе және (немесе) табиғи газ көлемдерін беретін жер қойнауын пайдаланушының, осындай газды іріктеуді жүзеге асыратын инвестордың арасындағы үшжақты шартқа ауыстыруға жатады.
      16. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жөніндегі үшжақты шарттың шарттарына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы өңдеуші өндірісті салу немесе тұрғызу мерзімінің ішінде, бірақ үш жылдан көп емес, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберіндегі инвестор, осы Қағидалардың 17-тармағында көрсетілген ілеспе және (немесе) табиғи газ көлемдеріне қатысты мемлекеттің агенті болып әрекет етеді.
      17. Уәкілетті орган белгіленген тәртіппен мемлекет агентіне мемлекетке тиесілі ілеспе газ көлемдерін жағуға рұқсат береді.
      Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы үшжақты шарт жасалған кезде мемлекетке тиесілі жағылатын газ көлемдеріне бюджетке төленетін төлемдер режимі Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
      18. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберіндегі инвестор өңдеуші өндірісті салу немесе тұрғызу мерзімі ішінде жоспарға сәйкес мемлекетке кепілдік болатын және құны мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті ұйымдастыру үшін мемлекетке берілген ілеспе және (немесе) табиғи газды жағуды жүргізген жер қойнауын пайдаланушылардан түскен төлемдерден бюджеттің шығындарынан төмен болмайтын жабдықты объектіге беруді қамтамасыз етуге міндетті.
      Инвестор жылдар бойынша бөлінген жабдықтарды беру жоспарларын уәкілетті органмен келіседі және олар мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы шарттың ажырамас бөлігі болып табылады.
      19. Инвестор өткізу, уақытша сақтау, жеткізу және т.б. жөніндегі осыған ілеспе барлық міндеттемелерді өзіне қабылдаған кезде тауарлық қана емес, сұйытылған газды да, сондай-ақ өзге де мұнай-, газ-химия, сондай-ақ қосылған құны жоғары өнімдер өндірісі мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы шарттың шарттары бола алады.
      20. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы шарт инвестормен 10 жылдан аспайтын мерзімге жасалады. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы шарттың мерзімі біткеннен кейін шарт инвестор үшін жобаның өтемділігіне қол жеткізуді ескере отырып, Қазақстан Республикасы үшін экономикалық пайданы ұлғайту бойынша шаралар қабылдаумен қайта қаралуға тиіс.
      21. Уәкілетті органның шешімі бойынша мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы шарт жер қойнауын пайдаланушымен жасалған өндіруге арналған келісімшарт мерзіміне жасалуы мүмкін.
      22. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы шарттың қолданылу мерзімін белгілеу кезінде техникалық-экономикалық негіздеменің шарттары, оның ішінде инвестициялық жобаның өтемділік мерзімі ескеріледі.

4. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы шарттың шарттары

      24. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде уәкілетті органмен жасалатын шарт (бұдан әрі – Шарт) мынадай шарттарды:
      1) анықтамаларды;
      2) шарттың нысанасын;
      3) шарттың қолданылу мерзімін;
      4) тараптардың жалпы құқықтары мен міндеттерін;
      5) жобаны қаржыландыруды;
      6) қызметті сақтандыруды;
      7) қауіпсіздік пен өндірілетін өнімнің белгіленген сапа стандарттарына сәйкестігін;
      8) инвестордың шарттың шарттарын бұзғаны үшін мүліктік жауапкершілігін, оның ішінде инвестор беретін жабдықтың мемлекеттің меншігіне ауысу шарттары мен мерзімдерін;
      9) өндірілген өнімді ішкі нарыққа жеткізу көлемдері мен бағасы бойынша міндеттемелерді;
      10) шарт бойынша құқықтар мен міндеттерді беруді;
      11) дауларды шешу тәртібін;
      12) шартты ұзарту және қолданылуын тоқтату шарттарын;
      13) шарттың тілін қамтуға тиіс.
      24. Шарт ілеспе газды тауарлық және (немесе) сұйытылған газ етіп өңдеу бойынша міндеттемелерді, сондай-ақ бірінші кезекті тәртіппен:
      шарт қолданылатын бүкіл мерзімге коммуналдық мұқтаждарға арналған реттелетін бағалар бойынша Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын ескере отырып, Қазақстан Республикасының ішкі қажеттіліктерін;
      Қазақстан Республикасының жоғары технологиялар саласындағы ішкі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін өндірілген тауарлық (оның бір бөлігін) және (немесе) сұйытылған газды беруді қамтуға тиіс.
      25. Шарт осы Қағидалардың 19-тармағына сәйкес тауарлық және (немесе) сұйытылған газды, сондай-ақ өзге де өнімді пайдаланудың басқа да шарттары мен бағыттарын қамтуы мүмкін.
      26. Шарт қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Тараптардың келісімі бойынша Шарттың мәтіні өзге тілге де аударылуы мүмкін.
      27. Инвесторлардың шарттардың шарттарын орындауын бақылауды және мониторингін уәкілетті орган жүзеге асырады.