Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 маусымдағы № 897 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 323 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 323 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз.

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 16-бабының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыру қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2012 жылғы 30 маусымдағы
№ 897 қаулысымен    
бекітілген       

Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу
саласындағы жобалық тетіктерді іске асыру қағидалары

1. Жалпы қағидалар

      1. Осы Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасында парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыру тәртібін анықтайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) базалық сценарий – жағдайларды ең үздік етіп бейнелейтін, парниктік газдар бойынша жоба болмаған кезде даму ықтималдағы барынша жоғары қызметтің іске асырылуының ықтимал нұсқасы;
      2) жобалық тетік – Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасында және/немесе Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген тәртіппен және критерийлерге сәйкес парниктік газдар шығарындыларын азайтуға немесе сіңірілуін ұлғайтуға бағытталған жобаларды әзірлеу мен іске асырудың дәйекті үдерісі;
      3) жобалық көміртегі бірліктері – шығарындыларды ішкі азайту бірліктері, шығарындыларды азайту бірліктері, шығарындыларды сертификациялық азайту бірліктері;
      4) жобалық тетіктерге қатысушылар – парниктік газдар шығарындыларын олардың көздерінен азайту жөніндегі немесе олардың сіңірулерін ұлғайту жөніндегі жобаның операторы мен инвесторы;
      5) жоба бойынша көміртегі бірліктерін шығару кезеңі – парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы тетіктердің бірі бойынша жобаның нәтижелерін кезеңдік бағалау және бекіту негізінде жобалық көміртегі бірліктерін шығару жүргізілетін немесе жүргізілуі мүмкін мерзім;
      6) парниктік газдар сіңірулерінің базалық деңгейі – парниктік газдар сіңірулерінің артуына бағытталған жобаларды іске асырмастан пайдаланудың қолданыстағы жағдайларында белгілі бір кезеңде көміртегінің қостотығы баламасы тоннасында көрсетілген парниктік газдар сіңірулерінің шамасы;
      7) парниктік газдар шығарындыларының базалық деңгейі – орын алатын белгілі бір кезеңде осы объектіде қолданыстағы технологияларды, жабдықтарды пайдалану шартымен және парниктік газдар шығарындыларын азайтуға бағытталған жобаны іске асырмастан басқа да аса ықтимал жағдайларда осы газдар шығарындыларын объекті өндірген көміртегінің қостотығы баламасы тоннасында көрсетілген парниктік газдар шығарындыларының шамасы;
      8) парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе олардың сіңірілуін ұлғайту жөніндегі жобаны іске асыру туралы шарт – жобаны іске асыратын тарап (жоба операторы) нысаналы қаржыландыруды алатын, ал жобаны қаржыландыратын тарап (жоба инвесторы) жобалық тетікті іске асыру нәтижесінде жобалық көміртегі бірліктерін алуға арналған құқыққа ие болатын шарт;
      9) парниктік газдар сіңірілуін ұлғайту – базалық сценарийге қатысты парниктік газдарды сіңірудің есептік ұлғаюы;
      10) парниктік газдар шығарындыларын азайту – базалық сценарийге қатысты парниктік газдар шығарындыларыны есептік төмендеуі;
      11) I трэк – Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасында белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда елдің өзінде осы жобаларды верификациялауға және шығарындыларды азайтудың тиісті бірліктер санын айналымға енгізуге мүмкіндік беретін бірлесіп жүзеге асыру тетігі бойынша жобаларды жүзеге асыру тәсілі;
      12) II трэк – бірлесіп жүзеге асыру тетіктері бойынша жобаларды жүзеге асыру тәсілі, оның шеңберінде аталған жобалар уәкілетті халықаралық органның қадағалауымен верификациялау рәсімінен өтеді.
      3. Қазақстан Республикасында парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктер негізінде қызметті іске асыруды оларға қатысушылар ерікті негізде жүзеге асырады және оны мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру үшін негіздеме болып табылмайды.

2. Жобалық тетіктерді іске асыру рәсімдері мен шарттары

      4. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірілуін реттеу саласында жобалық тетіктер Қазақстан Республикасында мынадай түрлерге бөлінеді:
      1) шығарындыларды ішкі азайту тетігі;
      2) бірлесіп жүзеге асыру тетігі;
      3) таза даму тетігі.
      5. Парниктік газдар шығарындыларын ішкі азайтудың жобалық тетігін оның қатысушылары Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 94-10-бабының ережелері негізінде іске асырады.
      6. Бірлесіп жүзеге асыру тетіктері бойынша жобалар Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасының шеңберінде көзделген белгіленген мөлшерді анықтау жөніндегі рәсімнен Қазақстан Республикасы өтіп, операцияларды халықаралық тіркеу журналына тиісті деректерді ұсынғаннан кейін ғана республика аумағында іске асырылады.
      7. Бірлесіп жүзеге асырудың және таза дамудың жобалық тетіктері Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасының 612-баптары ережесінің негізінде іске асырылады.
      8. Таза даму тетіктері бойынша жобалар Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасын ратификациялаған және I қосымшаға енбейтін басқа мемлекеттер аумағында Қазақстан Республикасының қатысушылары жүзеге асыруы мүмкін.
      9. I трэк бойынша бірлесіп жүзеге асыру тетіктері бойынша жобалар Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген рәсімдерге сәйкес жүзеге асырылады. II трэк бойынша бірлесіп жүзеге асыру тетіктері және таза даму тетіктері бойынша жобалар үшін тиісті рәсімдер Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы шеңберінде айқындалған.
      10. Қазақстан Республикасының аумағында I трэк бойынша бірлесіп жүзеге асыру тетігі бойынша жобаларды іске асыру үшін мынадай шарттарды міндетті түрде орындау қажет:
      1) көздерден шығатын антропогендік шығарындыларды бағалау және парниктік газдарды сіңіргіштермен абсорбациялауға арналған ұлттық жүйені құру;
      2) түгендеу жүргізу және парниктік газдар шығарындылары көздерінің және сіңіруінің мемлекеттік кадастрын дайындау, бұл ел бойынша парниктік газдар шығарындыларымен және сіңірілуімен болатын істердің жай-күйін тұрақты негізде бағалауға мүмкіндік береді;
      3) Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының хатшылығына жыл сайын парниктік газдар шығарындылары көздерінің және сіңірілуінің мемлекеттік кадастры туралы баяндаманы, сондай-ақ оған нақты саналған қосымшалар және одан шегерімдерді Қазақстан Республикасы үшін белгіленген мөлшері туралы ақпарат ұсыну.
      11. Осы қағидалардың 4-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген жобалық тетіктердің шарты негізінде жобаларды іске асыру туралы шешімдер қабылдаған кезде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган оларды Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасы шеңберінде белгіленген белігілі бір халықаралық өлшемдерге сәйкестігіне алдын ала іріктеу жүргізіледі.

3. Жобалық тетіктердің қолданылу саласы

      12. Жобалық тетіктер парниктік газдар шығарындыларын квоталау жөніндегі талаптарға жатқызылатын және парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарына енгізілген қондырғылар мен өндірістік объектілерде жүзеге асырылмайды.
      13. Парниктік газдар шығарындыларын азайтуды екі рет есепке алуды болдырмау мақсатында әрбір жеке қондырғыда парниктік газдар шығарындыларын азайтуға немесе парниктік газдарды сіңірілуін ұлғайтуға бағытталған біреуден көп жобалық тетіктер бір уақытта жүзеге асырылмайды.
      14. Парниктік газдар шығарындылары және сіңірілуін реттеу саласындағы жобалық тетіктер бірінің шарттарында жобаны іске асыру мүмкіндігін тану туралы шешімді жоба белгіленген халықаралық талаптар мен критерийлерге сәйкестігі шартымен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органы қабылдайды.

4. Жобалық тетіктер бойынша құжаттамалық жоба

      15. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірілуін реттеу саласында жобалық тетіктерді іске асыру жобалық құжаттама және мониторинг жоспары негізінде жүзеге асырылады, оны дайындауды жобаға өтініш беруші жүзеге асырады.
      16. Егер бұл жобалық тетікті іске асыру тәртібінде көзделсе, жобалардың жобалық тетіктердің жекелеген түрлері бойынша талаптарға сәйкестігін алдын ала іріктеу мақсатында жобаның қысқаша сипаттамасын (жоба идеясы) алдына ала ұсыну талап етіледі.
      17. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жобалық тетіктер бойынша есепті және есептерді қарауды ұйымдастыруға жауапты ведомстволық бағынысты ұйымды тағайындайды.
      18. I трэк бойынша бірлесіп жүзеге асыру тетігі бойынша жобаларға арналған жобалық құжаттаманың нысанын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді. Таза даму және II трэк бойынша жөніндегі бірлесіп жүзеге асыру тетіктері бойынша жобаларға арналған жобалық құжаттаманың нысаны Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасы шеңберінде белгіленген талаптарға сәйкес анықталады.
      19. Осы Қағидаларда көзделген жағдайларда жобалық тетіктердің тиісті түрі бойынша жобалық құжаттаманың және мониторинг жоспарының валидациясын тәуелсіз аккредиттелген ұйым өткізеді.
      20. I трэк бойынша бірлесіп жүзеге асыру тетігінің жобалары бойынша жобалық құжаттама мен мониторинг жоспарын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

5. Жобалық тетіктер бойынша мониторинг, есептілік және
верификация

      21. Парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе сіңірілуін ұлғайту мониторингі базалық деңгейдің белгіленген жобалық ұсыныстарына қатысты мониторинг жоспары негізінде жүзеге асырылады.
      22. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жобаны іске асыру нәтижесі бойынша есептілік беру кезінде жобаға өтініш беруші тиісті жобалық тетік бойынша осы Қағидалардың талаптарына сәйкес бекітілген мониторинг жоспарынан кез келген елеулі ауытқулықтар туралы ақпарат беруге міндетті.
      23. Таза даму мен бірлесіп жүзеге асырудың жобалық тетіктері бойынша мониторинг жүргізу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы шеңберінде қолданылу үшін анықталған әдістемелер пайдаланылады.
      24. Жобалық тетіктер бойынша жобаларды іске асыру нәтижесінде базалық деңгейлер мен парниктік газдардың нақты шығарындылары мен сіңірілуін есептеу үшін мынадай:
      1) бірлесіп жүзеге асыру және таза даму тетіктері бойынша ұқсас жобаларға қолданылатын;
      2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен парниктік газдар шығарындыларының коэффициенттері мен өзге де коэффициенттер пайдаланылады.
      25. ІІ трэк бойынша таза даму және бірлесіп жүзеге асыру тетіктері бойынша жобаларды іске асыру нәтижелері бойынша есептілік жөніндегі талап Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасы шеңберінде анықталады.
      26. І трэк бойынша бірлесіп жүзеге асыру тетігі бойынша жобаларды іске асыру нәтижелері бойынша есептердің жобасы, ресімдеу және ұсыну кезеңділігі жөнінде көміртегі бірліктерін шығару кезеңі жөніндегі талаптар тиісті жобалық тетік бойынша осы Қағидаларда белгіленеді.
      27. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірілуін реттеу саласындағы жобалық тетіктер жөніндегі есептердің жобасы мен ұсыну кезеңділігі жөнінде көміртегі бірліктерін шығару кезеңі жобалық тетіктердің түрі мен жобаның типіне байланысты қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
      28. Парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе олардың сіңірілуін ұлғайту бойынша кезеңдік есептерде берілген нәтижелер Қазақстан Республикасының аумағында іске асырылатын жобаларда кездескен жағдайда тәуелсіз верификациялауға (детерминациялауға) жатады.
      29. І трэк бойынша бірлесіп жүзеге асыру тетіктері бойынша жобалар жөніндегі верификацияны (детерминацияны) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган акредиттеген тәуелсіз ұйымдар жүзеге асырады.
      30. І трэк бойынша бірлесіп жүзеге асыру тетіктері бойынша жобаларды Қазақстан Республикасының аумағында іске асыру туралы есептер қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға бекітуге ұсынылады.

6. Жобалық көміртегі бірліктерін шығару және беру

      31. Жобалық көміртегі бірліктерін шығару жоба бойынша ол үшін белгіленген көміртегі бірліктерін шығару кезеңі шегінде жүзеге асырылатын жобаны іске асыру нәтижелерін кезеңдік бағалау негізінде жүргізіледі.
      32. Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінің операторы бірлесіп жүзеге асыру тетігі бойынша жобалық көміртегі бірліктерін айналымға енгізеді.
      33. Бірлесіп жүзеге асыру тетігі бойынша жобаларды іске асыру нәтижелері жөнінде шығарындыларды азайту бірліктері енгізіледі.
      34. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның жобаны іске асыру туралы есепті бекіту туралы шешімі немесе операцияларды халықаралық тіркеу журналынан тиісті сұраныс алу Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімі операторының жобалық көміртегі бірліктерін айналымға енгізу үшін негіз болып табылады.
      35. Операцияларды халықаралық тіркеу журналынан алынған тиісті сұраныс бойынша шығарындыларды азайту бірліктерін айналымға енгізу ІІ трэк бойынша бірлесіп жүзеге асыру жобасын іске асырған жағдайда жүргізіледі.
      36. Жобалық көміртегі бірліктерін айналымға енгізу қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен жобаны іске асыру туралы есепке сәйкес парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе сіңірулерін ұлғайту көлемінде оларды Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде инвестордың немесе жоба операторының шотына орналастыру арқылы жүргізіледі.
      37. Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын жоба инвесторына жобалық көміртегі бірліктерін беру Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде шот ашпай жүргізілуі мүмкін.