Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнай операцияларын жүргізу кезінде фондық экологиялық зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 18 сәуірдегі № 480 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 3 сәуірдегі № 196 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 03.04.2015 № 196 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 16-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнай операцияларын жүргізу кезінде фондық экологиялық зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2012 жылғы 18 сәуірдегі
№ 480 қаулысымен    
бекітілген       

Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнай операцияларын
жүргізу кезінде фондық экологиялық зерттеулерді ұйымдастыру
және жүргізу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнай операцияларын жүргізу кезінде фондық экологиялық зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексiне сәйкес әзірленген, Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнай операцияларын жүргізу кезінде фондық экологиялық зерттеулерді (бұдан әрі – ФЭЗ) ұйымдастыру және жүргізу тәртібін белгілейді.
      Қағидалар әрекетінің аумақтық шекаралары Каспий теңізінің қазақстандық секторының (су бетiнiң айнасы) барлық акваториясына қолданылады. Қағидалардың қолданылу аймағына Каспий теңізінің қазақстандық секторына құятын өзендердің сағалық учаскелері, мүйістер, шығанақтар мен теңіз портының акваториясы қамтылады.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) бентос – тіршілігінің барлық немесе көп бөлігін мұхит және континеттік су айдындарының түбінде, оның топырағында және топырақта қозғалып және отырып та өмір сүретін ағзалардың жиынтығы;
      2) зоопланктон – планктонның жануар түріндегі нысаны;
      3) су түбінің шөгінділері – тұрақты, қозғалатын су объектісінің түбінде жүзінділерден бөліну нәтижесінде тұндырылған қатты материал;
      4) теңіз ортасының компоненттері – атмосфералық ауа, теңіз суы, су түбі шөгінділері, теңіз флорасы мен фаунасы;
      5) теңіз ортасы – қоршаған ортаның физикалық, геологиялық, химиялық және биологиялық факторларының теңіз акваториясының үстінде су қабатымен және әуе кеңістігімен шектелген байланысы;
      6) фитопланктон – теңіз және тұщы су айдындарының су қабатында орналасатын және ағынмен пассивті орын ауыстыратын өсімдік ағзаларының жиынтығы;
      7) сапробтық деңгей – су айдындарының органикалық заттармен ластану дәрежесінің сипаттамасы, онда тіршілік ететін сапробионтты ағзалардың түрлік құрамымен анықталады;
      8) сапробионтты ағзалар – су құрамында аздаған еріген оттегі бар органикалық заттармен қатты ластанған су айдындарында тіршілік ететін су ағзалары;
      9) ФЭЗ станциясы – қоршаған ортаның метеорологиялық, гидрологиялық, химиялық, физикалық және биологиялық сипаттамаларын анықтау үшiн сынамаларды қадағалау/өлшеу/іріктеу жүргізілетін географиялық координаттарымен белгіленген стационарлық пункт;
      10) теңiз ортасын фондық экологиялық зерттеу – табиғат пайдаланушы қызметінiң басталуына дейiн келісімшарттық аумақтың (жобаның аумағы) аумағындағы теңiз ортасының бастапқы жай-күйiне арнайы зерттеулер жүргізу.
      3. ФЭЗ табиғат пайдаланушының жобалау алдында және жобалық қызметi кезеңiнде мұнай-газ кен орнына ие болу құқығын ресімдеу сәтінен бастап, (лицензия немесе табиғат пайдалануға келісімшарттар) мұнай операциялары басталғанға дейін жүргiзiледi.
      4. Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторындағы келісімшарттық (лицензиялық) аумақтағы ФЭЗ бір уақытта барлық лицензиялық блок/келісімшарттық нақты мұнай-газ кен орны (құрылымы) бойынша теңiз ортасының бастапқы жай-күйіне және аумақ мұнай операцияларының кезеңін есепке ала отырып, жекелеген өндірістік объектілерінде (учаскелерінде) зерттеулер жүргізуді қамтиды.
      5. ФЭЗ бағдарламасын табиғат пайдаланушылар әзірлейді және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган келіседі.
      6. ФЭЗ бағдарламасында:
      1) теңiз ортасының зерттелетін компоненттерi (атмосфералық ауа, теңіз суы, су түбі шөгінділері, бентос, фитопланктон, су өсімдіктері, ихтиофауна, орнитофауна, итбалықтар);
      2) теңiз ортасының әрбір компонент бойынша бақыланатын параметрлердiң тiзбесi;
      3) бақылаудың кезеңділігі және ұзақтығы;
      4) бақылау станцияларын кеңістікте олардың координаттары мен орналасқан жерін карта-схемада көрсете отырып орналасуы;
      5) барлық бақылау түрлерiн жүргiзу әдiстемесі, ФЭЗ нормативтiк-техникалық, әдiстемелiк және метрологиялық қамтамасыз ету;
      6) есептерді дайындау мерзімдері мен есеп түрлері белгіленеді.
      7. Каспий теңізінің қазақстандық секторында қоршаған ортаға ФЭЗ-ді табиғат пайдаланушы жеке, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша басқа табиғат пайдаланушылармен бірлесіп жүзеге асырады.

2. Каспий теңізінің қазақстандық секторында фондық
экологиялық зерттеулерді ұйымдастыру тәртібі

      8. ФЭЗ-ді Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелген өндірістік немесе тәуелсіз зертханалар жүзеге асырады.
      ФЭЗ бойынша есептік материалдар табиғат пайдаланушыларға шарттық мiндеттемелерге сәйкес ұсынылады.
      9. Каспий теңізінің қазақстандық секторында ФЭЗ фондық экологиялық станцияларда (бұдан әрі – ФЭЗ станциялары) жүзеге асырылады. ФЭЗ станцияларын орналастыру схемалары:
      1) нүктелік және алаңдық объектілерге арналған бiрiншi деңгейдегі ФЭЗ станциялары: айналма, крест тәрізді, ромб тәрiздi болуы мүмкін. ФЭЗ станциялары нүктелік (алаңдық) объектіден мынадай қашықтықтарда орналасады: 250 м, 500 м, 1000 м, 1500 м және одан әрі осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес схема бойынша әсер ету шекараларына дейiн;
      2) екiншi деңгейдегі ФЭЗ станциялары арасындағы арақашықтық 2-5 км аспауы тиіс. Кен орны алаңының көлемі 20 шаршы км дейiн (құрылым) болған кезде ФЭЗ станцияларының арасындағы арақашықтық 2 км аспауы тиіс (2 шаршы км кемінде 3 станция). Кен орнының алаңы 20-дан 500 шаршы км болған кезде ФЭЗ станциялары жүйелі тор бойынша бір-бірінен 5 км қашықтықта орналасуы (10 шаршы км 1 станция) керек. Кен орнының алаңы 500 шаршы км асса, ФЭЗ станциялары жүйелі тор бойынша 10 км қашықтыққа дейін (20 шаршы км кемінде 1 станция) орналасады.
      3) екiншi деңгейдегі ФЭЗ станцияларының орналасуы үшiншi деңгейдегі станциялардың орналасуын есепке ала отырып, жүзеге асырылады. Бұл ретте үшiншi деңгейдегі ФЭЗ станциялары кемінде бiр нүктесі осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес схема бойынша екiншi деңгейдегі ФЭЗ станциялары нүктелерiнiң торына кiруi керек;
      4) үшінші деңгейдегі ФЭЗ станциялары арасындағы арақашықтық осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес схема бойынша 20 км кем болмауы тиіс (50 шаршы км кемінде 1 станция);
      10. Жобаланатын желілік объектілерде (көмiрсутегілер мен мұнай өнiмдерiн тасымалдау құбырлары, теңiз трассалары) ФЭЗ (трассадан оңға және солға 500 м орналасқан кемiнде 3 ФЭЗ станциялары) перпендикуляр профилiнде жүргiзiледi; профилдер жобаланатын құбырлар трассаларында 10 км сайын, теңiз трассаларында 50 км сайын осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес схема бойынша орналастырылады.
      11. Атмосфералық ауаның ФЭЗ жүргізу кезінде сол жерде сынамаларды іріктеу немесе өлшеу алып жүретін аспаптармен шеткі және үшінші деңгейдегі ФЭЗ-дің орталық станцияларының бірінде (кемінде 5 станцияда) жүргізіледі.

3. Каспий теңізінің қазақстандық секторында фондық экологиялық
зерттеулерді жүргізу тәртібі

      12. Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторында ФЭЗ қоршаған ортаның компоненттерiнiң бастапқы жай-күйiн бағалауды қамтиды: атмосфералық ауаны, теңiз суын, су түбі шөгінділерін, бентосты, фитопланктонды, зоопланктонды, су өсімдіктерін, ихтиофауналарды, орнитафауналарды, итбалықтарды метеорологиялық бақылау.
      1) метеорологиялық параметрлер
      Бақылау желдің бағыты мен жылдамдығына, ауа температурасына, ауа райының жай-күйіне (атмосфералық қысым, бұлттылық, атмосфералық жауын-шашын) жүргізіледі.
      Бақылау кезеңділігі: күн сайын 3 рет.
      2) атмосфералық ауа
      Бақылау күкірт қос тотығына, азоттың тотығына және қос тотығына, көміртегі тотығына, көмірсутегілерге, күкіртті сутегіне жүргізіледі.
      Бақылау кезеңділігі: Каспий теңiзiнiң солтүстік бөлiгiндегі мемлекеттiк қорық аймағында - климаттық маусымдар бойынша жылына 4 рет; қалған акваториялар үшiн жылына 2 рет (көктем, күз).
      3) теңіз сулары
      Гидрологиялық және гидрофизикалық параметрлер: су температурасы, тұздылығы, электр өткізгіштігі, мөлдірлігі, тереңдігі, лайлығы, толқынның биіктігі мен бағыты, басқа да бақылаулар (теңіз жұмыстары кезінде және т.б. су бетінiң шаңдануы; жоғары лайлылық, көбіктің болуы, өлі организмдер (өсімдік/балық) және т.б.), теңіз ағыстарының жылдамдығын өлшеу.
      Бақылау кезеңділігі: Каспий теңiзiнiң солтүстік бөлiгiндегі мемлекеттiк қорық аймағында - климаттық маусымдар бойынша жылына 4 рет; қалған акваториялар үшiн - жылына 2 рет (көктем, күз).
      Гидрохимиялық параметрлер: сутегі көрсеткіші (рН), еріген оттегі, БПК5, ОХТ (оттегіні химиялық тұтыну), аммоний азоты, жалпы азот, азот нитраты, азот нитриті, жалпы фосфор.
      Бақылау кезеңділігі: Каспий теңiзiнiң солтүстік бөлiгiндегі мемлекеттiк қорық аймағында - климаттық маусымдар бойынша жылына 4 рет; қалған акваториялар үшiн - жылына 2 рет (көктем, күз).
      Теңіз суының сапасы: көмірсутегінің жалпы шоғырлануы, полиаромат көмірсутегілер, синтетикалық беткі активті заттар (анионды беткі активті заттар), фенолдар, ауыр металдар (Al, As, Ba, Cd, Cr, Cu, Fe, Hg, Ni, Pb, V, Zn);
      Бақылау кезеңділігі: Каспий теңiзiнiң солтүстік бөлiгiндегі мемлекеттiк қорық аймағында - климаттық маусымдар бойынша жылына 4 рет; қалған акваториялар үшiн - жылына 2 рет (көктем, күз).
      4) су түбі шөгінділері
      Гранулометрлік құрамы, тотықтырғыш - қалпына келтiргiш әлеует (Еh), 1 және 4 см тереңдіктегі су түбі шөгінділерінің температурасы, органикалық көміртегінің құрамы, ауыр металдар (Al, As, Ba, Cd, Cr, Cu, Fe, Hg, Ni, Pb, V, Zn), фенолдар, көмірсутегінің жалпы шоғырлануы, полиаромат көмірсутегілер енгізіледі.
      Бақылау кезеңділігі: Каспий теңiзiнiң солтүстік бөлiгiндегі мемлекеттiк қорық аймағында - климаттық маусымдар бойынша жылына 4 рет; қалған акваториялар үшiн - жылына 2 рет (көктем, күз).
      Микробиологиялық бақылаулар: микрооганизмдердің жалпы саны, сопрофиттердің, актиномицеттер мен саңырауқұлақтардың саны, микроорганизмдер биомассасы, мұнайды тотықтыратын микроорганизмдер.
      Бақылау кезеңділігі: Каспий теңiзiнiң солтүстік бөлiгiндегі мемлекеттiк қорық аймағында - климаттық маусымдар бойынша жылына 4 рет; қалған акваториялар үшiн - жылына 2 рет (көктем, күз).
      5) бентос
      Организмдердің жалпы саны, түр құрамы, түрлердің саны және тізімі, жалпы биомассасы, түрлердiң саны және биомассасы (зообентостың сандық басым түрлерiнiң құрамы) бойынша үстем негізгі топтар мен түрлердің саны.
      Бақылау кезеңділігі: Каспий теңiзiнiң солтүстік бөлiгiндегі мемлекеттiк қорық аймағында - климаттық маусымдар бойынша жылына 4 рет; қалған акваториялар үшiн - жылына 2 рет (көктем, күз).
      6) фитопланктон
      Фитопланктон жасаушаларының жалпы саны, жалпы биомассасы, түр құрамы, түрлердiң саны және тiзiмi, сапробтық деңгейі.
      Бақылау кезеңділігі: Каспий теңiзiнiң солтүстік бөлiгiндегі мемлекеттiк қорық аймағында - климаттық маусымдар бойынша жылына 4 рет; қалған акваториялар үшiн - жылына 2 рет (көктем, күз).
      7) зоопланктон
      Организмдердің жалпы саны, түр құрамы, түрлердің саны және тізімі, жалпы биомассасы, сапробтық деңгейі, негізгі топтардың саны және түрлері, негізгі топтар және түрлер биомассасы.
      Бақылау кезеңділігі: Каспий теңiзiнiң солтүстік бөлiгiндегі мемлекеттiк қорық аймағында - климаттық маусымдар бойынша жылына 4 рет; қалған акваториялар үшiн - жылына 2 рет (көктем, күз).
      8) су өсiмдiктерi
      Қоғамдастықтың флористикалық құрамы, қоғамдастықтардағы түрлердiң таралу пайызы, су түбі шөгінділерін өсiмдiктермен жобаланған пайыздық жамылғысы, өсiмдiктердiң құрылымы (тігінен, көлденеңінен), өсімдіктердің өзгеру дәрежесі.
      Бақылау кезеңділігі: Каспий теңiзiнiң солтүстік бөлiгiндегі мемлекеттiк қорық аймағында - климаттық маусымдар бойынша жылына 4 рет; қалған акваториялар үшiн - жылына 2 рет (көктем, күз).
      9) ихтиофауна
      Ихтиологиялық зерттеулер бойынша балық аулары қондырғылары қойылған ФЭЗ станцияларының саны ФЭЗ станцияларының жалпы санының 30% кем емес, ал тралдықтың қондырғылары кемінде 50% болуы қажет.
      Барлық балықтардың түрлеріне: ауланатын балық түрлерi, аулау жабдықтарымен және ауланатын балықтардың түрлi құрамы, балықтардың сирек түрлерiнің болуы, өлшемдiк құрылымы енгізіледі. Балықтардың нысаналы түрлерiне (жергiлiктi ихтиологиялық қоғамдастықтардың көптеген, тұрақты өкiлдерi) балықтардың жеке биологиялық сипаттамасы (Q-дененiң жалпы массасы, q-iшек-қарынсыз дене массасы, L-балықтың жалпы ұзындығы, J-құйрық жүзу қанатынсыз балықтың ұзындығы, жынысы, жас шамасы, жетiлу сатысы); жетiлудiң IV сатысында аналығын ұстау кезінде абсолюттi жеке өсімталдығымен анықталады, сызықты өсу екпiні, түрдiң типтiк морфологиялық әлпетiнен ауытқуларының (кемтарлықтар) болуы енгізіледі, сыртқы паразиттердің болуы, оларды оқшаулау және саны (тек қана жай көзбен көрінетiн паразиттер екенін есепке алу керек); қуыс паразиттерінің болуы, олардың саны мен салмағы.
      Бақылау кезеңділігі: Каспий теңiзiнiң солтүстік бөлiгiндегі мемлекеттiк қорық аймағында - климаттық маусымдар бойынша жылына 4 рет; қалған акваториялар үшiн - жылына 2 рет (көктем, күз).
      10) орнитофауна
      Түр құрамы, саны, тұратын орнының сипаттамасы мен зерттелетiн аумақта орналастыру ерекшелiгi; осы көрсеткiштердiң маусымдық және көпжылдық көрсеткіштер динамикасы.
      Бақылау кезеңділігі: жыл сайын үш рет - көктемгi және күзгi көшу кезеңінде және ұя салу кезеңінде (ұшу кезеңінің басында, ортасында және соңында), түрлердiң ұя салуының ең белсендi уақытында көбею кезеңінде (мамырдың екiншi жартысы).
      11) итбалықтар
      Жыныстық-жас шамасының құрамы, саны, тұратын орнының сипаттамасы мен бақыланаты аумақта орналастыру ерекшелiгi; табиғи және жасанды факторлардың әсерiмен (техногендiк) бұл көрсеткiштердiң маусымдық және көпжылдық динамикасы. ФЭЗ орындайтын кемелердің бағыттарындағы жылдың барлық маусымдарында итбалықтардың (кездесулер) қонысы, олардың саны, тұруы мен жүру сипаты, фото-бейне түсірулер жүргізу GPS көмегі арқылы белгіленеді.
      Бақылау кезеңділігі: Каспий теңiзiнiң солтүстік бөлiгiндегі мемлекеттiк қорық аймағына - қысқы және көктемгі кезеңде; қалған акваториялар үшiн - күзгі кезеңде.
      13. ФЭЗ бойынша есептік материалдар:
      ФЭЗ бойынша мыналар дайындалады:
      1) компания (мердігер) теңізде жұмыс істеу кезінде күн сайын жүзеге асырылатын әрекеттер тiркелетін күн сайынғы есептер;
      2) атқарылған жұмыстың ортақ сипаттамалары бар далалық есептер, ФЭЗ бағдарламасының ауытқу тізбесі және бұл ауытқулардың себептерi, қауіпсіздік техникасының талаптарын орындау және табиғат пайдаланушыға дала (экспедициялық) жұмыстары аяқталғаннан кейiн 10-15 күн ішінде беріледі;
      3) теңiзде өткiзiлген бақылау нәтижелерiнiң және іріктелген сынамаларға зертханалық талдау негiзiнде жылдық есептер, олар табиғат пайдаланушыға есепті жыл аяқталғаннан кейiн 3 ай iшiнде ұсынылады.
      Бірыңғай мемлекеттік мониторинг жүйесіне ақпараттар ұсыну қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

Каспий теңізінің қазақстандық секторында
мұнай операцияларын жүргізу кезінде   
фондық экологиялық зерттеулерді     
ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына  
1-қосымша                 

Бiрiншi деңгейдегі ФЭЗ станцияларын нүктелiк және алаңдық
объектілерге орналастыру схемасы
(ФЭЗ станциялары арасындағы қашықтық а) және с) нұсқалары үшiн
әрбiр азимут (сәуле) бойынша 250 м, 500 м, 1000 м, 1500 м
құрауы керек; в) нұсқасы үшiн - өнеркәсiптiк (антропогенді)
объектiден мониторингтің бiрiншi станциясына дейінгі қашықтық
(ФЭЗ станцияларының келесi қатары 250 немесе 500 м қашықтықта
орналасады) 250 м аспауы тиіс

Каспий теңізінің қазақстандық секторында
мұнай операцияларын жүргізу кезінде   
фондық экологиялық зерттеулерді     
ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына  
2-қосымша                 

Блоктар және кен орындарындағы (құрылымдардағы) ФЭЗ
станцияларын орналастыру схемасы

      Шартты белгілер:

- Келісімшарт аумағындағы үшiншi деңгейдегі ФЭЗ станциялары. Жүйелі тордағы ФЭЗ станцияларының арасындағы қашықтық 20 км аспайды.

- Теңiздегi кен орны (мұнай, газ немесе басқалар) шекарасының контуры және - екiншi деңгейдегі ФЭЗ станциялары (кен орнында).

- Айналасында бірінші деңгейіндегі ФЭЗ станцияларында (осы Қағидаларға 1-қосымша) өндірістік экологиялық мониторинг іске асыратын алаңдық немесе нүктелiк объектi (бұрғылау қондырғысы, жасанды арал және т.б.).

Каспий теңізінің қазақстандық секторында
мұнай операцияларын жүргізу кезінде   
фондық экологиялық зерттеулерді     
ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына  
3-қосымша                 

Бiрiншi деңгейдiң ФЭЗ станцияларын желілік объектілерде
орналастыру схемасы (құбырлар – профилдер 10 км сайын, мұнай
өнiмдерi көлігінің кеме жүретiн трассалары - профилдері 20 км
сайын)