Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 наурыздағы № 361 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі Заңының 55-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидалары бекітілсін.
      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) «Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге шығу ережесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 26 шілдедегі № 1010 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 28, 354-құжат);
      2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 26 шілдедегі № 1010 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 мамырдағы № 479 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 20, 196-құжат);
      3) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 26 шілдедегі № 1010 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 13 қарашадағы № 1080 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 43, 505-құжат).
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2012 жылғы 28 наурыздағы
№ 361 қаулысымен 
бекітілген    

Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты
жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидалары

      1. Осы Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Халықтың көшi-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі Заңына, өзге де нормативтiк құқықтық актілерге сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасынан тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету тәртiбiн айқындайды.
      2. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге кете алады және Қазақстан Республикасына кедергiсiз қайта оралады. Кету және қайта оралу Қазақстан Республикасы азаматының паспорты бойынша жүзеге асырылады.
      3. Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасынан кетуіне рұқсат беруден уақытша бас тартылуы мүмкін.
      Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелге кетуі мемлекеттік құпияларға рұқсатты ресімдеу кезінде еңбек шартында (келісімшартта) көзделген мерзімге уақытша шектелуі мүмкін.
      4. Мемлекеттік құпияларға рұқсаты болуына байланысты өзiнiң Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге кетуін шектеу мүмкiндiгi бойынша өзiне мiндеттемелер алған және шетелге кетуге ниет бiлдiрген Қазақстан Республикасының азаматтары (бұдан әрi – құпия тасығыштар), көрсетiлген мiндеттемелерге өздерi қол қойған мемлекеттiк органдардың немесе басқа ұйымдардың (бұдан әрi – ұйымдар) басшыларынан шығуға алдын ала рұқсат алуға міндетті.
      Ұйымдар қайта ұйымдастырылған жағдайда, құпия тасығыштардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге кету мүмкiндiгi туралы шешiмдi олардың құқықтық мұрагерлерi болып табылатын ұйымдардың басшылары қабылдайды.
      Құпия тасығыштардың кетуіне рұқсат беру туралы шешiмдi құпия тасығыштар алған мiндеттемелердi және олардың мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтермен нақты хабарланғанын ескере отырып, ұйымдардың басшылары дербес қабылдайды. Бұл ретте ол адамның мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәліметтермен нақты хабарланғаны туралы қорытынды ұлттық қауiпсiздiк органдарына жiберiледi.
      Ұйымдар жойылған (тартылған) кезде кету мүмкiндiгi туралы шешiмдi құпия тасығыштардың тұрғылықты жері бойынша аумақтық ұлттық қауiпсiздiк органдарының басшылары қабылдайды.
      Қазақстан Республикасынан тыс жерге кетуге рұқсат немесе дәлелді бас тарту азаматтардың өтініштерін қарау үшін заңнамада белгіленген мерзімде беріледі.
      Қазақстан Республикасынан тыс жерге рұқсатсыз кеткен жағдайда құпия тасығыш Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiптiк немесе өзге де жауапкершілікке тартылады.
      5. Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуді халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі – уәкілетті орган) кетуге арналған құжаттарды ресімдегеннен кейін жүзеге асырады.
      6. Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтiнiштi он сегіз жасқа толған адамдар, ал некеде тұрған адамдар он алты жастан бере алады. Балалардың және сот әрекетке қабiлетсіз деп таныған азаматтардың құжаттарын олардың заңды өкiлдерi (ата-аналары, қамқоршылары, қорғаншылары) бередi.
      7. Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету үшiн Қазақстан Республикасы азаматтарының өздерi немесе олардың заңды өкiлдерi тұрғылықты жері бойынша уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) өтiнiш-сауалнама;
      2) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлiгi мен паспорты, он алты жасқа толмаған балалардың туу туралы куәлігі;
      3) кететін адамдардан алименттер алуға заң бойынша құқығы бар Қазақстан Республикасында тұратын адамдардың (ата-аналары, ортақ некеден кәмелет жасқа толмаған балалары бар болса, бұрынғы жұбайлар және басқалар) кетуге қарсы еместiгi туралы нотариалды куәландырылған өтiнiшi. Өтiнiш беруші қандай да болсын себеппен мұндай өтiнiштердi ала алмаған жағдайда, мәселе сот тәртiбiмен шешiледi;
      4) әскери есептен шығарылғаны және әскери билеттi тапсырғаны туралы анықтама;
      5) ата-анасымен не өзге де заңды өкiлдерімен кету туралы шешiм қабылданған кезде он жасқа толған баланың пiкiрiн есепке алуы туралы қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қорытындысы;
      6) он сегіз жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары ата-анасының бiрiмен (қамқоршысымен, қорғаншысымен) бiрге тұрақты тұруға кету кезінде Қазақстан Республикасының аумағында тұратын екiншi ата-анасының нотариалды түрде расталған келiсiмi. Ата-анасының бiрiнiң келiсiмi болмаған кезде, кәмелетке толмағанның кетуі сот тәртiбiмен шешiледi.
      Азаматтардан басқа құжаттарды сұратуға жол берiлмейдi.
      8. Өтініш берушінің тұрақты тұрғылықты жері бойынша уәкілетті орган Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтiнiш бiлдiрген азаматтарда Қазақстан Республикасынан тыс кетуіне бас тарту негiздерiнiң жоқ екендігіне тексеру жүргiзедi.
      Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтiнiш бiлдiрген азаматтарға қатысты уәкілетті органының сұрау салуын мүдделi мемлекеттiк органдар мемлекеттік органдарға сұрау салу түскен сәттен бастап күнтізбелік он күн ішінде қарайды.
      9. Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу туралы шешiм осы Қағидалардың 8-тармағында санамаланған барлық құжаттар берiлген күнінен бастап күнтізбелік отыз күннен кешiктiрiлмей қабылданады.
      Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кететін Қазақстан Республикасының азаматтарына олардың жасына қарамастан, Қазақстан Республикасы азаматының паспорты ресімделеді. Олардың жеке куәлігі Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеген уәкілетті органға тапсырылады.
      10. Қазақстан Республикасынан тыс жерге уақытша жұмыстармен кеткен және сол жерде тұрақты тұрғылықты тұруға ниет бiлдiрген Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелеріне өтініш білдіреді. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
      1. өтініш-сауалнама;
      2. келген елдің құзыретті органдары берген тұрақты тұрғылықты тұруға рұқсат;
      3. мөлшері 4мм х 5мм 2 фотосурет;
      4. Қазақстан Республикасының азаматы паспортының көшірмесі;
      5. жеке куәлігі;
      6. он сегіз жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары ата-анасының бiрімен (қамқоршысымен, қорғаншысымен) бiрге тұрақты тұруға қалған кезде Қазақстан Республикасының аумағында тұратын екiншi ата-анасының нотариалды түрде расталған келiсiмi. Ата-анасының бiрiнiң келiсiмi болмаған кезде, кәмелет жасқа толмағанның кетуі сот тәртiбiмен шешiледi.
      Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі болмаған, жоғалған немесе қолданылу мерзімі өткен жағдайда өтініш беруші түсініктеме береді.
      Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері құжаттар қоса берілген өтінішті Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу үшін өтініш берушінің Қазақстан Республикасындағы соңғы тіркелген жері бойынша уәкілетті органға жібереді. Уәкілетті орган келіп түскен құжаттарды қарайды және өтініш берген сәтте Қазақстан Республикасының аумағында өтініш берушінің тұрақты тіркеуінің болуына қарамастан, Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге рұқсатты ресімдеу туралы шешім қабылдайды.