Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы № 111 Қаулысы

Жаңартылған

      «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 4-бабының 25) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн еткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2012 жылғы 19 қаңтардағы
№ 111 қаулысымен  
бекітілген     

Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидалары (бұдан әрі – Үлгі қағидалар) «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 25) тармақшасына сәйкес әзірленген.
      2. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарына жалпы орта, техникалық және кәсіптік (бастауыш және орта кәсіптік, орта білімнен кейінгі) және жоғары (жоғары кәсіптік) білімі бар тұлғалар қабылданады.
      3. Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына түсуші тұлғаларды қабылдау мемлекеттік білім беру тапсырысын (білім беру грантын) орналастыру, сондай-ақ азаматтардың өз қаражаты мен басқа да көздер есебінен оқуға ақы төлеуі арқылы жүзеге асырылады.
      Әскери оқу орындарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғаларға және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғаларға егер олар осы деңгейде бірінші рет білім алатын болса, мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқық беріледі.
      Шетелдіктердің мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде тегін жоғары білім алу құқығы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен айқындалады.
      4. Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына түсуші тұлғаларды қабылдау ұлттық бірыңғай тестілеудің (бұдан әрі - ҰБТ) немесе кешенді тестілеудің нәтижелері бойынша берілген сертификаттағы балдарға сәйкес конкурстық негізде олардың өтініштері бойынша жүзеге асырылады.
      5. Кешенді тестілеу өткен жылдардағы жалпы орта (орта жалпы) білім беру ұйымдарының бітірушілері, техникалық және кәсіптік (бастауыш және орта кәсіптік, орта білімнен кейінгі) білім беру ұйымдарының бітірушілері, халықаралық оқушылар алмасу желісі бойынша шетелде оқыған жалпы білім беретін мектеп бітірушілері, ҰБТ-ға қатыспаған жалпы білім беретін мектептердің бітірушілері, қазақ және орыс тілдерінде оқытпайтын жалпы білім беретін мектептердің бітірушілері, республикалық музыка мектеп-интернаттарының бітірушілері, сондай-ақ оқу орнын шетелде бітірген тұлғалар үшін өткізіледі.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.06.30 № 896 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      6. Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына түсуші тұлғаларды ақылы негізде оқуға қабылдауды жоғары оқу орындары жүзеге асырады.
      Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар (колледж) тұлғаларды жоғары оқу орындарына ақылы негізде қысқартылған мерзім бойынша ұқсас мамандықтарға оқуға қабылдау кешенді тестілеу нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.
      Ұқсас мамандықтар тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
      Жоғары білімі бар тұлғаларды жоғары оқу орындарына ақылы негізде қысқартылған мерзімге оқуға қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.
      7. Шетел азаматтарын мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде бөлінген квота бойынша мемлекетаралық келісімдер негізінде құрылған халықаралық жоғары оқу орындарына қабылдауды жоғары оқу орындары дербес жүзеге асырады.
      Шетел азаматтарын ақылы негізде жоғары оқу орындарына қабылдау жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары өткізетін әңгімелесу түрінде жүзеге асырылады.
      8. Жоғары оқу орындарына оқуға қабылдау кезінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіммен бекітілген мөлшерде қабылдау квотасы белгіленеді.
      Ауылдық білім беру ұйымдарын бітірген тұлғалар үшін Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына қабылдау квотасы белгіленген бакалавриат және жоғары арнайы білім мамандықтарының тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
      9. Мемлекеттік құпиялармен жұмыс істеуді талап ететін жоғары білім берудің жекелеген мамандықтары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға қабылдауды ұлттық қауіпсіздік органдарының рұқсаты бар білім беру ұйымдары жүзеге асырады.
      10. Арнайы немесе шығармашылық даярлауды талап ететін мамандықтарға (бұдан әрі - шығармашылық мамандықтар) қабылдау арнайы немесе шығармашылық емтихандар (бұдан әрі - шығармашылық емтихандар) есебінен жүзеге асырылады. Шығармашылық мамандықтар тізбесі және арнайы немесе шығармашылық емтихандар өткізу тәртібі білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен бекітіледі.
      Шығармашылық мамандықтарға өтініштерді қабылдауды 20 маусым мен 1 шілде аралығында жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүргізеді.
      Шығармашылық мамандықтарға түсетіндер бір ғана шығармашылық мамандықты көрсетеді.
      11. Шығармашылық мамандықтарға түсетіндер өздері таңдаған жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары өткізетін шығармашылық емтихан тапсырады. Шығармашылық емтихандар саны - екеу.
      Шығармашылық емтихан 2-7 шілде аралығында өткізіледі.
      Шығармашылық емтихан бойынша ең жоғарғы балл саны - 25.
      Шығармашылық емтихан бойынша 10 балдан төмен алған немесе емтиханға келмеген тұлғалар осы мамандыққа түсу үшін кешенді тестілеуге жіберілмейді.
      Шығармашылық емтиханды қайта тапсыруға рұқсат етілмейді.
      Шығармашылық мамандықтарға түсетін тұлғалар үшін тестілеудің мынадай екі пәні бойынша балдар ескеріледі: мемлекеттік немесе орыс тілі, Қазақстан тарихы.
      Меншік нысанына қарамастан жоғары оқу орындары білім беру саласындағы уәкілетті органға он күндік мерзімде шығармашылық емтиханды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қорытынды есепті, сондай-ақ шығармашылық емтихан тапсыру туралы бұйрықтардың көшірмесін ұсынады.
      12. Шығармашылық мамандықтарға, сондай-ақ құқық қорғау және арнайы органдарға ведомстволық бағынысты жоғары оқу орындарына түсу кезінде өтініштерді қабылдау жоғары оқу орындары орналасқан жер бойынша жүзеге асырылады.

2. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау тәртібі

Кешенді тестілеу өткізу

      13. Кешенді тестілеу тізбесі білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен бекітілетін тестілеу өткізу пункттерінің базасында (базалық жоғары оқу орындары) өткізіледі.
      Шығармашылық мамандықтарға түсетін, сондай-ақ құқық қорғау және арнайы органдарға ведомстволық бағынысты жоғары оқу орындарына түсетін тұлғаларды кешенді тестілеу тұлғаның таңдаған жоғары оқу орны бекітілген базалық жоғары оқу орнында өткізіледі.
      14. Жергілікті жерде ұйымдастыру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және тәртіпті сақтау үшін білім беру саласындағы уәкілетті органның шешімі бойынша жоғары оқу орындарынына түсетін тұлғаларға кешенді тестілеуді ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссиялар (бұдан әрі - мемлекеттік комиссия) құрылады.
      15. Кешенді тестілеуді өткізу технологиясының сақталуын бақылауды жүзеге асыру үшін базалық жоғары оқу орындарына білім беру саласындағы уәкілетті органның өкілдері жіберіледі.
      16. Кешенді тестілеуге қатысу үшін түсуші жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш, аттестат немесе жалпы орта, техникалық және кәсіптік (бастауыш немесе орта кәсіптік, орта білімнен кейінгі) оқу орнын бітіргені туралы диплом (түпнұсқа), тестілеуді өткізу үшін ақы төлегені туралы түбіртек, 3х4 көлеміндегі екі фотосурет, 086-У нысанындағы медициналық анықтама, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін тапсырады.
      17. Кешенді тестілеуге қатысу үшін өтініштерді қабылдауды 20 маусым мен 9 шілде аралығында жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүргізеді.
      18. Кешенді тестілеу 17-23 шілде аралығында өткізіледі.
      19. Кешенді тестілеу түсушілердің қалауы бойынша қазақ немесе орыс тілдерінде орта білім берудің оқу бағдарламалары көлемінде төрт пән: мемлекеттік немесе орыс тілі (оқу тілі), Қазақстан тарихы, математика және таңдау пәні бойынша өткізіледі.
      Таңдау пәндері және ҰБТ мен кешенді тестілеудің бейінді пәндері көрсетілген мамандықтар тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
      20. Кешенді тестілеуге 2 сағат 30 минут бөлінеді. Тестілеуді қайта тапсыруға жол берілмейді.
      21. Кешенді тестілеу өткізу кезінде бір орыннан екінші орынға ауысып отыруға, емтихан материалдарын алмастыруға, көшіріп жазуға, оқулықтар мен басқа да әдістемелік әдебиеттерді, байланыс құралдарын (пейджер, ұялы телефон) аудиторияға кіргізуге жол берілмейді.
      22. Түсуші осы Үлгі қағидалардың 21-тармағын бұзған жағдайда білім беру саласындағы уәкілетті органның өкілі осы Үлгі қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тыйым салынған затты тәркілеу және үміткерді шығару актісін жасайды және тестілеу нәтижелерін жою туралы шешім қабылдайды.
      23. Кешенді тестілеуге берілген уақыт аяқталғаннан кейін түсуші емтихан материалдарын тапсырудан бас тартқан жағдайда білім беру саласындағы уәкілетті органның өкілі осы Үлгі қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша акт жасайды. Бұл ретте аталған тұлғаның емтихан материалдарының нәтижелері өңделмейді.
      24. Әрбір пән бойынша тест тапсырмаларының саны – 25. Әрбір тест тапсырмасының дұрыс жауабы бір балмен бағаланады.
      25. Кешенді тестілеу нәтижелерін өңдеу кешенді тестілеу жүзеге асырылған жоғары оқу орнында өткізіледі.
      26. Дұрыс жауаптар коды тестілеу нәтижелерін өңдеу аяқталғаннан кейін ілінеді.
      27. Кешенді тестілеу нәтижелерін мемлекеттік комиссия тестілеу өткізілген күні жариялайды.
      28. Кешенді тестілеу нәтижелері бойынша әрбір тестілеуге қатысушыға белгіленген үлгідегі сертификат толтырылады, оны мемлекеттік комиссия тестілеу өткеннен кейінгі күнтізбелік үш күн ішінде береді.
      29. Тест тапсырмаларын бағалау кезінде бірыңғай талаптарды сақтауды және даулы мәселелерді шешуді қамтамасыз ету, кешенді тестілеуге қатысушылардың құқығын қорғау мақсатында тестілеу өткізу кезеңінде Апелляцияны қарау жөніндегі республикалық комиссия (бұдан әрі – Республикалық апелляциялық комиссия) және әрбір базалық жоғары оқу орнында апелляциялық комиссия құрылады.
      Апелляциялық комиссия кешенді тестілеудің нәтижелерімен және/немесе тест тапсырмаларының мазмұнымен келіспеген тұлғалардың өтініштерін қарау үшін құрылады.
      Республикалық апелляциялық комиссияның төрағасы мен құрамы білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен бекітіледі.
      30. Апелляциялық комиссияның төрағасы оның мүшелерінің арасынан білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен бекітіледі, ал оның құрамын кешенді тестілеуді ұйымдастыру және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы бекітеді.
      31. Апелляциялық комиссия тестілеуге қатысушылардан тест тапсырмаларының мазмұны мен техникалық себептер бойынша түскен өтініштерді қабылдайды және қарайды, Республикалық апелляциялық комиссияға тұлғаға балдар қосу туралы ұсыныс енгізеді және оны апелляцияның қорытындылары туралы хабардар етеді.
      32. Апелляцияға берілетін өтінішті тестілеуге қатысушының өзі апелляциялық комиссия төрағасының атына береді. Тест тапсырмаларының мазмұны мен техникалық себептер бойынша өтініштер кешенді тестілеу нәтижесі хабарланғаннан кейін келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін қабылданады және апелляциялық комиссия бір күн ішінде қарастырады. Өтініш берушінің өзімен бірге оның жеке басын куәландыратын құжаты, тестілеуге жіберу рұқсаттамасы болуы керек.
      Апелляциялық комиссия әр тұлғамен жеке тәртіпте жұмыс істейді. Тұлға апелляциялық комиссияның отырысына келмеген жағдайда, оның апелляцияға берген өтініші қаралмайды.
      Апелляциялық комиссияның жұмысын апелляциялық комиссияның төрағасы басқарады.
      33. Тестілеудің нәтижесімен келіспеу туралы апелляция бойынша шешім комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші дауыс болып табылады. Апелляциялық комиссияның жұмысы төрағаның және комиссияның барлық мүшелерінің қолдары қойылған хаттамамен ресімделеді.
      34. Республикалық апелляциялық комиссия апелляциялық комиссияның тұлғаға балдар қосу туралы ұсынысының негіздемесін қарайды және шешім қабылдайды.
      Республикалық апелляциялық комиссияның шешімі комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауысы шешуші болып табылады.
      Республикалық апелляциялық комиссияның шешімі төраға және барлық комиссия мүшелері қол қойған хаттамамен ресімделеді.

Жоғары оқу орындарына қабылдау

      35. Студенттер қатарына қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары 10-25 тамыз аралығында өткізеді.
      Оқуға түсушілер жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына қабылдау туралы өтінішпен бірге жалпы орта, техникалық және кәсіптік (бастауыш және орта кәсіптік, орта білімнен кейінгі) немесе жоғары білімі туралы құжатын (түпнұсқа), 3х4 көлеміндегі 6 фотосуретін, 086-У нысанындағы медициналық анықтаманы, ҰБТ немесе кешенді тестілеу  сертификатын, сондай-ақ білім беру грантын тағайындау туралы куәлікті (бар болса) қоса береді.
      36. Білім беру грантын тағайындау туралы куәлік алған тұлғалар куәлікте көрсетілген жоғары оқу орнына қабылдау туралы өтініш береді және жоғары оқу орны ректорының бұйрығымен студенттер қатарына қабылданады.
      Шығармашылық мамандықтар бойынша білім беру грантын тағайындау туралы куәлік иегерлері өздері арнайы (шығармашылық) емтихан тапсырған жоғары оқу орындарына қабылданады.
      37. Ұлттық жоғары оқу орындарына ақылы оқуға тестілеу нәтижелері бойынша мынадай пәндерден: мемлекеттік немесе орыс тілінен (оқу тілі), Қазақстан тарихы, математика және таңдау бойынша пәннен кемінде 70 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл, ал «Жалпы медицина» мамандығы бойынша кемінде 55 балл, оның ішінде бейінді пәннен кемінде 7 балл (әрбір шығармашылық емтихан бойынша кемінде 10 балл), ал қалған пәндер бойынша кемінде 4 балл жинаған, ҰБТ-дан өткен жалпы орта білім беру ұйымдарын ағымдағы жылы бітірушілер, кешенді тестілеуге қатысушылар қабылданады.
      Ескерту. 37-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.04.19 № 487 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      38. ҰБТ немесе кешенді тестілеу шеңберінде тапсырылған пәндердің біреуінен 4 балдан кем жинаған тұлғалардың ақылы негізде оқуға қабылдануына немесе білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуына жол берілмейді.
      Оқуға қабылдау мамандықтар мен тілдік бөлімдер бойынша жеке жүргізіледі.
      Шығармашылық емтихандар белгіленген мамандықтарға қабылдау осы емтихандар бойынша алынған балдар есепке алына отырып жүргізіледі.
      39. Ұшқыштарды даярлауды жүзеге асыратын жоғары оқу орнына түсетін тұлғалар үшін дәрігерлік-ұшқыштық сараптау комиссиясының ұшқыштарды даярлау жөніндегі жоғары оқу орнында оқуына жарамдылығына медициналық қорытындыны бере отырып медициналық куәландыру міндетті.
      40. Оқуға түсуші екінші деңгейдегі банктер беретін білім беру кредитін ресімдесе, ол құжаттарының сол банкте қарастырылып жатқандығы туралы тиісті анықтаманы ұсынған жағдайда жоғары оқу орнының студенті қатарына қабылданады.
      Бұл ретте оған білім беру кредитін ресімдеу кезеңінде білім беру қызметін көрсету шартында белгіленген және азаматты оқуға қабылдауға дейінгі төлеуге жататын соманы төлеу мерзімін ұзарту ұсынылады. Бірақ ол банктен анықтама алған сәттен бастап төрт аптаға жарамды.
      41. Шет тілінде берілген құжаттардың қазақ немесе орыс тілдеріндегі нотариалды куәландырылған аудармасы болуы тиіс.
      Шетелдік білім беру ұйымдары берген білім туралы құжаттар тұлғалар оқуға қабылданғаннан кейін оқудың бірінші семестрі ішінде заңнамада белгіленген тәртіппен нострификациялау рәсімінен өтеді.
      42. Құқық қорғау және арнайы органдарға ведомстволық бағынысты жоғары оқу орындарының студенттері қатарына қабылдау медициналық, тәндік және психофизиологиялық көрсеткіштерін ескере отырып осы жоғары оқу орнының мандат комиссиясының сертификат балдарына сәйкес қабылдаған шешімі бойынша жүргізіледі.
      43. Меншік нысанына қарамастан жоғары оқу орындары білім беру саласындағы уәкілетті органға белгіленген нысан бойынша және белгіленген мерзімде ақпарат ұсынады, қабылдау өткізгеннен кейін он күндік мерзімде қабылдауды ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі қорытынды есепті, студенттерді қабылдау туралы бұйрықтардың көшірмесін, сондай-ақ одан бас тартқан білім беру гранты иегерлері куәліктерінің түпнұсқасын және жоғары оқу орнына келмеген тұлғалардың мәліметтерін (Т.А.Ә., мамандығы) ұсынады.
      44. Осы Үлгі қағидалармен регламенттелмеген мәселелерді жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары дербес түрде шешеді.

Жоғары білім берудің кәсіптік 
оқу бағдарламаларын іске асыратын
білім беру ұйымдарына оқуға  
қабылдаудың үлгі қағидаларына 
1-қосымша          
Нысан

Аудиторияда тәртіп сақтау ережесін бұзған
талапкерді аудиториядан шығару және тыйым салынған заттың
тәркіленуі туралы
акт

      ____________________________________________________________
(базалық ЖОО атауы)

      «___»________20_____ж.               _______сағ. ________мин.

      Министрлік өкілі____________________________________________
                                    (аты-жөні)
      Аудитория кезекшісі_________________________________________
                                   (аты-жөні)
      Талапкерден: Аты-жөні________________________________________
      ТЖК_____________, аудитория №______, орын №______, нұсқа №____ Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі ережесінің 21-тармағының бұзылғандығын дәлелдейтін төмендегі заттар табылды:
      _____________________________________________________________
       (ұялы телефонның маркасы, саны және мәліметтері бар шпаргалка және т.б.)

Осы фактіні есепке алып қаулы етілді:

      емтихан материалдарын алу;
      Талапкер: Аты-жөні___________________________________________,
      ТЖК_____№_____аудиториядан шығару және емтихан материалдарын жою.
      _____________________________________________________________
              (осы актіні құрған тұлғалардың аты-жөні және қолдары)
      Актімен таныстым:____________________________________________
                               (талапкердің аты-жөні, қолы)
      Актімен таныстым: ___________________________________________
                        (базалық ЖОО-ның жауапты хатшысының аты-жөні, қолы)

      М.О.
      (базалық ЖОО мөрі)                            Уақыты:___________

Жоғары білім берудің кәсіптік 
оқу бағдарламаларын іске асыратын
білім беру ұйымдарына оқуға  
қабылдаудың үлгі қағидаларына 
2-қосымша          

Нысан

Тестілеуге берілген уақыт аяқталғаннан кейін
талапкердің емтихан материалдарын тапсырудан бас тарту фактісін тіркеу туралы
акт

      _________________________________________________
 (базалық ЖОО)

      «___»________20_____ж.                 _______сағ. ________мин.

      Министрлік өкілі ______________________________________________
                                        (аты-жөні)
      Аудитория кезекшісі __________________________________________
                                       (аты-жөні)
      Талапкер: аты-жөні____________________________________________,
      ТЖК___________№_____аудитория, №_______ орын, №_________нұсқа
      Тестілеуге берілген уақыт аяқталуына байланысты, емтихан материалдарын тапсырудан бас тартты. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі ережесінің 23-тармағының бұзылғандығы болып есептеледі.

Осы фактіні есепке алып қаулы етілді:

      емтихан материалдарын алу;
      талапкерді: аты-жөні_________________________________________,
      ТЖК_____№_____аудиториядан шығару және емтихан материалдарын жою.
      ______________________________________________________________
               (осы актіні құрған тұлғалардың аты-жөні және қолдары)
      актімен таныстым:_____________________________________________
                                 (талапкердің аты-жөні, қолы)
      актімен таныстым:_____________________________________________
                         (базалық ЖОО-ның жауапты хатшысының аты-жөні, қолы)

      М.О.
      (базалық ЖОО мөрі)                           Уақыты:___________