Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы № 109 Қаулысы

Жаңартылған

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 4-бабы 25) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 19 қаңтардағы
№ 109 қаулысымен
бекітілген

Жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және азаматтарды жоғары оқу орындарының (бұдан әрі - ЖОО) магистратурасына, докторантурасына, ЖОО мен ғылыми ұйымдардың резидентурасына, жоғары әскери оқу орындарының адьюнктурасына қабылдаудың тәртібін айқындайды.
      2. ЖОО магистранттарының, ЖОО-лар мен ғылыми ұйымдардың резидентурасы тыңдаушыларының контингентін қалыптастыру ғылыми және педагогикалық кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру, сондай-ақ азаматтардың өз қаражаты және басқа да көздер есебінен оқу ақысын төлеуі арқылы жүзеге асырылады. Адъюнкттардың, докторанттардың контингентін қалыптастыру мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жүзеге асырылады.
      Әскери оқу орындарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында тұрғылықты тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар егер осы деңгейдегі білімді бірінші рет алатын болса, олар жоғары оқу орнынан кейінгі білімді мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде тегін ала алады.
      Шетелдіктердің мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде тегін жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға құқығы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен айқындалады.
      3. ЖОО магистратурасына, докторантурасына, ЖОО-лар мен ғылыми ұйымдардың резидентурасына, адьюнктурасына азаматтарды қабылдау түсу емтихандардың қорытындысы бойынша конкурстық негізде жүзеге асырылады.
       4. Мынадай емтихандар бойынша:
      ағылшын тілі: Test of English as a Foreign Language Institutional Testing Programm (TOEFL ITP – кемінде 460 балл), Test of English as a Foreign Language Institutional Testing Programm Internet-based Test (TOEFL IBT, шекті балл – кемінде 87), (TOEFL, шекті балл - кемінде 560 балл), International English Language Tests System (IELTS, шекті балл – кемінде 6.0);
      неміс тілі: Deutsche Sprachprьfung fur den Hochschulzugang (DSH, Niveau C1/С1 деңгейі), TestDaF-Prufung (Niveau C1/С1 деңгейі);
      француз тілі: Test de Francais International™ (TFI – оқу және тындалым секциялары бойынша B1 деңгейден төмен емес), Diplome d'Etudes en Langue francaisе (DELF, В2 деңгейі), Diplome Approfondi de Langue francaisе (DALF, С1 деңгейі), Тest de connaissance du francais (TCF – кемінде 400 балл) бойынша Шет тілін меңгерудің жалпыеуропалық құзыреттеріне (стандарттарына) сәйкес Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттары бар Қазақстан Республикасының азаматтары магистратураға, резидентураға, адъюнктураға және докторантураға шет тілі бойынша түсу емтиханынан босатылады.
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.07.2013 № 701 қаулысымен.
      5. Магистратураға, резидентураға, адъюнктураға және докторантураға қабылдау даярлау мамандықтарын көрсете отырып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы құжаттарды қабылдау күніне дейін он бес күнтізбелік күннен кешіктірілмей жарияланады.
      6. Мақсатты түрде даярлау шеңберінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға үміткер азаматтардың өтініштерін қабылдау магистранттар мен докторанттарды даярлауды жүзеге асыратын базалық ЖОО (бұдан әрі - базалық ЖОО) жүзеге асырылады.
      7. ЖОО магистратурасына, докторантурасына, әскери оқу орындарының адъюнктурасына, ЖОО-лар мен ғылыми ұйымдардың резидентурасына түсушілердің өтінішін қабылдау 10 шілдеден 30 шілдеге дейін жүргізіледі.
      Магистратураға, резидентураға, адъюнктураға және докторантураға түсу емтихандары 1 тамыздан 20 тамызға дейін, қабылдау 25 тамызға дейін жүргізіледі.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.07.2013 № 701 қаулысымен.

2. Жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібі Магистратураға, резидентураға, адъюнктураға және докторантураға түсу үшін құжаттарды қабылдау тәртібі

      8. Магистратураға, резидентураға және адъюнктураға жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын игерген азаматтар қабылданады.
      9. ЖОО-да құжаттарды қабылдау және түсу емтихандарын өткізуді ұйымдастыру үшін қабылдау комиссиясы құрылады. Қабылдау комиссиясының төрағасы ЖОО немесе денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымның басшысы болып табылады.
      Қабылдау комиссиясының құрамы ЖОО басшысының бұйрығымен бекітіледі.
      10. Магистратураға, адъюнктураға ЖОО, резидентураға - ЖОО мен ғылыми ұйымдарға түсуші тұлғалар мынадай құжаттарды тапсырады:
      1) ұйым басшысының атына өтініш;
      2) жоғары білім туралы құжаттың көшірмесі;
      3) интернатураны бітіргені туралы куәлік (резидентураға түсу үшін);
      4) осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген бағдарламалар бойынша тест тапсырғаны туралы сертификаттың көшірмесі (бар болса);
      5) кадрлар есебі бойынша жеке іс парағы және еңбек қызметін растайтын құжат (еңбек өтілі бар тұлғалар үшін);
      6) 3x4 сантиметр мөлшеріндегі алты фотосурет;
      7) 086-У нысанындағы медициналық анықтама;
      8) жеке куәлігінің көшірмесі;
      9) ғылыми және ғылыми-әдістемелік жұмыстардың тізімі (бар болса).
      Сонымен қатар осы тармақта көрсетілген құжаттардың көшірмелері және салыстыру үшін түпнұсқалары қоса ұсынылады. Салыстыруды жүргізгеннен кейін түпнұсқалар қайтарылады.
      11. Докторантураға "магистр" академиялық дәрежесі бар немесе медицина мамандығы бойынша резидентураны бітірген тұлғалар қабылданады.
      12. Докторантураға түсуші тұлғалар жоғары оқу орындарына мынадай құжаттарды тапсырады:
      1) ұйым басшысының атына өтініш;
      2) болжанған отандық немесе шетелдік ғылыми консультанттармен келісілген жоспарланған диссертациялық зерттеулер негіздемесі;
      3) жеке куәлігінің көшірмесі;
      4) білімі туралы құжаттың көшірмесі;
      5) осы Қағидаларының 4-тармағында көрсетілген бағдарламалар бойынша тест тапсырғаны туралы сертификаттың көшірмесі (бар болса);
      6) ғылыми және ғылыми-әдістемелік жұмыстардың тізімі (бар болса);
      7) 3x4 сантиметр мөлшердегі алты фотосурет;
      8) 086-У нысанындағы медициналық анықтама;
      9) кадрлар есебі бойынша жеке іс парағы және еңбек қызметін растайтын құжат (еңбек өтілі бар тұлғалар үшін).
      Осы тармақта көрсетілген құжаттардың көшірмелерімен бірге салыстыру үшін түпнұсқалары ұсынылады. Салыстыруды жүргізгеннен кейін түпнұсқалар қайтарылады.

Түсу емтихандарын өткізу тәртібі

      13. Шетелдіктерді қоспағанда, магистратураға, резидентураға, адъюнктураға және докторантураға түсуші Қазақстан Республикасының азаматтары және азаматтығы жоқ тұлғалар түсу емтихандарын:
      1) таңдауы бойынша бір шет тілінен (ағылшын, француз, неміс; араб тілін білу талап етілетін мамандықтарға түсуші тұлғалар үшін араб тілі бойынша);
      2) мамандық бойынша тапсырады.
      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.07.2013 № 701 қаулысымен.
      14. Магистратураға, резидентураға, адъюнктураға және докторантураға түсуші шетел азаматтары түсу емтихандарын:
      1) мемлекеттік немесе орыс тілдері бойынша (оқыту тілі);
      2) мамандық бойынша тапсырады.
      15. Магистратураға, адъюнктураға және докторантураға түсу емтихандарын өткізу кезінде ЖОО-да, резидентураға түсу емтихандарын өткізу кезінде ЖОО-да және ғылыми ұйымда мамандықтар бойынша емтихан комиссиялары құрылады.
      16. Мамандық бойынша емтихан комиссиясы тиісті мамандықтар бойынша ғылыми дәрежесі бар ЖОО мен ғылыми ұйымдар қызметкерлерінен қалыптастырылады.
      Мамандық бойынша емтихан комиссиясының құрамы төраға және үш мүшеден тұрады, оның екеуі ғылым докторы болуы керек.
      Мамандық бойынша емтихан комиссиясының құрамы ЖОО немесе денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйым басшысының бұйрығымен бекітіледі.
      17. Мамандық бойынша емтихан өткізу кезеңде базалық ЖОО-ға бақылаушы ретінде білім беру саласындағы уәкілетті органның өкілдері жіберіледі.
      18. ЖОО мен ғылыми ұйымдар емтихандарды өткізуге күнтізбелік жиырма күн қалғанға дейін білім беру саласындағы уәкілетті органға мамандықтар бойынша түсу емтихандарын өткізудің кестесін жібереді.
      19. Мемлекеттік, орыс және шет тілдері бойынша түсу емтихандары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы әзірлеген технология бойынша өткізіледі.
      Араб тілі емтиханды ауызша немесе жазбаша нысандарда ЖОО басшысы белгілеген және білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісілген тәртіпке сәйкес ЖОО-ның емтихан қабылдау комиссиясы өткізеді.
      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.07.2013 № 701 қаулысымен.
      20. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 09.07.2013 № 701 қаулысымен.
      21. Мемлекеттік, орыс және шет тілдері бойынша түсу емтихандары білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілейтін базалық ЖОО-ларда өткізіледі.
      22. Түсу емтихандарын қайта тапсыруға рұқсат етілмейді.
      23. Бірыңғай талаптарды сақтауды және даулы мәселелерді шешуді қамтамасыз ету мақсатында Апелляцияны қарау жөніндегі республикалық комиссия және әрбір ЖОО-да апелляциялық комиссия құрылады.
      Республикалық апелляциялық комиссияның төрағасы мен құрамы білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен бекітіледі.
      ЖОО-дағы апелляциялық комиссияның құрамы қабылдау комиссиясы төрағасының бұйрығымен бекітіледі.
      Апелляциялық комиссия түсу емтихандарының нәтижелерімен келіспеген тұлғалардың өтініштерін қарау үшін құрылады.
      24. Апелляциялық комиссия магистратураға, резидентураға, адъюнктураға және докторантураға түсуші тұлғалардан емтихан материалдарының мазмұны мен техникалық себептер бойынша түскен өтініштерді қабылдайды және қарайды.
      Апелляциялық комиссия мамандық бойынша түсу емтихандарының нәтижелерін апелляцияға берген тұлғаға балдар қосу туралы шешім қабылдайды.
      Апелляциялық комиссия мемлекеттік, орыс және шет тілдері бойынша апелляцияларды қарау нәтижелерін республикалық апелляциялық комиссияға жібереді.
      Республикалық апелляциялық комиссия апелляциялық комиссия ұсынысының негізділігін қарайды және апелляциялық комиссияның ұсынысы түскеннен кейін бір күн ішінде мемлекеттік, орыс және шет тілдері бойынша түсу емтихандарының нәтижелерін апелляцияға берген тұлғаға балдар қосу туралы шешім қабылдайды.
      25. Апелляцияға берілетін өтінішті магистратураға, резидентураға, адъюнктураға және докторантураға түсуші тұлға апелляциялық комиссия төрағасының атына береді. Емтихан материалдарының мазмұны мен техникалық себептер бойынша өтініштер түсу емтиханының нәтижелері жарияланғаннан кейін келесі күні сағат 13.00-ге дейін қабылданады және апелляциялық комиссия өтініш берген күннен бастап бір күн ішінде қарастырады.
      Апелляциялық комиссия әр тұлғамен жеке тәртіпте жұмыс істейді. Тұлға апелляциялық комиссияның отырысына келмеген жағдайда, оның апелляцияға берген өтініші қаралмайды.
      26. Апелляциялық комиссия өтінішті қарау кезінде апелляцияға берген тұлға жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады.
      27. Апелляциялық комиссияның шешімі комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Апелляциялық комиссияның жұмысы төраға және барлық комиссия мүшелері қол қойған хаттамамен ресімделеді.

3. Магистратураға, резидентураға, адъюнктураға және докторантураға қабылдау

      28. Магистранттар, резидентура тыңдаушылары, адъюнкттер және докторанттар қатарына қабылдауды ЖОО-ның қабылдау комиссиясы жүзеге асырады.
      29. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға түсу емтихандарының қосындысында осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес бағалаудың 100 балдық шәкілі бойынша 150 балдан кем емес ең жоғары балл жинаған тұлғалар қабылданады.
      Осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген шет тілі (ағылшын, француз, неміс) бойынша тест тапсырғаны туралы сертификаты бар Қазақстан Республикасының азаматтарына бағалаудың 100 балдық шәкілі бойынша ең жоғары балл қосылады.
      30. Конкурстық балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда қабылдау кезінде басым құқық мамандық бойынша ең жоғары баға алған тұлғаға беріледі, мамандық бойынша түсу емтихандарының көрсеткіштері бірдей болған жағдайда басым құқық мемлекеттік, орыс және шет тілдері бойынша ең жоғары баға алған тұлғаға беріледі. Содан соң таңдаған мамандығының бейініне сәйкес ғылыми жетістіктері: ғылыми жарияланымдар, оның ішінде рейтингілік ғылыми журналдардағы жарияланымдар; ғылыми әзірлемелер туралы куәліктер; ғылыми стипендияларды, гранттарды тағайындау туралы сертификаттар, ғылыми конференцияларға және конкурстарға қатысқаны үшін берілген грамоталар/дипломдар ескеріледі.
      Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.07.2013 № 701 қаулысымен.
      31. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша магистрлер мен философия докторларын (РhD) мақсатты даярлауға тұлғаларды қабылдау аталған даярлауға үміткер тұлғалар арасында конкурстық негізде жүзеге асырылады.
      32. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша игерілмеген орындар, оның ішінде мақсатты орындар ЖОО арасында одан әрі қайта бөлу үшін білім беру саласындағы уәкілетті органға қайтарылады.
      33. ЖОО мен ғылыми ұйымдар білім беру саласындағы уәкілетті органға күнтізбелік он күн ішінде қабылдауды ұйымдастыру және өткізу бойынша қорытынды есепті, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша магистратураға, резидентураға, адъюнктураға және докторантураға қабылдау туралы бұйрықтардың көшірмелерін ұсынады.

Жоғары оқу орнынан кейінгі
кәсіптік оқу бағдарламаларын
іске асыратын білім беру  
ұйымдарына оқуға қабылдаудың
үлгі қағидаларына қосымша

Бағалаудың 100 балдық шәкілі бойынша бағаларды ауыстыру жүйесі

Бағалаудың 100 балдық шәкілі бойынша балдар

Бағалаудың 4 балдық шәкілі бойынша балдар

95-100

Өте жақсы (5)

90-94

85-89

Жақсы (4)

80-84

75-79

70-74

Қанағаттанарлық (3)

65-69

60-64

55-59

50-54

0-49

Қанағаттанарлықсыз (2)