Прокурордың, тергеу және анықтау органдарының іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне жасалған шағымдарды соттардың қарауы туралы (ҚІЖК-нің 109-бабы)

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 27 маусымдағы № 3 Нормативтік Қаулысы

Қолданыстағы

      Қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ прокурордың, тергеу және анықтау органдарының іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне жасалған шағымдарды қарау бойынша біркелкі сот практикасын қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы
      ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Прокурордың, тергеу және анықтау органдарының қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында жүзеге асырылатын іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ қабылдаған шешімдеріне келтірілген шағымдарды соттардың қарауы Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының екінші тармағында76-бабының бірінші тармағында және Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - ҚІЖК) 12-бабында бекітілген әркімнің сот арқылы қорғалу құқығын іске асыруды қамтамасыз ету тәсілдерінің бірі болып табылады, сондықтан соттар сот төрелігіне қол жеткізуді, сотқа шағыммен жүгіну негіздерін көздейтін және оларды қарау тәртібін реттейтін заң нормаларын дұрыс қолдануды қамтамасыз етуге тиіс.
      2. Прокурордың, тергеу және анықтау органдарының іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) және шешімдері жеке құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер еткен жеке тұлғалар (Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар), сондай-ақ ұйымдар, егер көрсетілген актілермен олардың заңды мүдделеріне әсер етсе, сотқа шағыммен жүгінуге құқылы. Тұлғалардың ҚІЖК-нің 109-бабында көзделген тәртіппен сотқа шағыммен жүгіну құқығын тексеру кезінде «Қылмыстық сот ісін жүргізуде адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтарын соттың қорғауы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2010 жылғы 25 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысының 4-тармағын соттардың басшылыққа алғаны жөн.
      3. Тұлға өз қалауымен тікелей сотқа шағыммен жүгінуге, не тиісті прокурорға шағыммен жүгінгеннен кейін оның шешімімен келіспеген немесе одан заңда белгіленген мерзімде шағымына жауап ала алмаған жағдайда жүгінуге құқылы.
      4. ҚІЖК-нің 109-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген іс-әрекеттер (әрекетсіздік) пен шешімдер сот тәртібімен шағымдануға жатады.
      Олардың заңдылығын тексеруді сот талқылауы кезеңіне дейін кейінге қалдыру адамның және азаматтың нұқсан келтірілген құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруді қиындатқан немесе оның мүмкіндігін жоққа шығарған жағдайларда, ҚІЖК-нің 109-бабының тәртібімен сотқа шағымдалуы мүмкін өзге іс-әрекеттерге (әрекетсіздікке) және шешімдерге «Қылмыстық сот ісін жүргізуде адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтарын соттың қорғауы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2010 жылғы 25 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысының 2-3-тармақтарында аталған іс-әрекеттер (әрекетсіздік) мен шешімдерді жатқызған жөн.
      Соттар сот талқылауы сатысында адамның нұқсан келтірілген құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтірудің қиындығы және оның мүмкін еместігі туралы мәселені шешуі кезінде қажетті тергеу және оларды іс жүргізу әрекеттерін жүргізуді кейінге қалдыруға болмайтынын, сондай-ақ істі сот талқылауы сатысында жүргізудің (қайталаудың, орнын толтырудың) іс жүргізушілік мүмкіндігі жоғалатынын назарға алғандары жөн.
      Атап айтқанда, арыз берушінің іс жүргізу құқықтарын шектеумен немесе өзге де кемсітумен (мысалы, қорғаушының, аудармашының, заңды өкілдің болмауы), оның қауіпсіздігімен, кейінге қалдыруға болмайтын іс-әрекеттерді (құжаттарды, заттарды алып қою, оларды тексеру, тану мен куәландыру, сараптама жүргізу үшін объектілерді сақтау) жасауға болмайтындығымен, табу, дәлелдемелерді бекіту және кейіннен істі сот талқылауына беру кезінде олардың жарамдылығын және нанымдылығын бағалау мүмкіндіктерін жоғалту қаупімен ұштасқан, не оларды дереу жоймау іс бойынша іс жүргізуді заңсыз деп тануға, ал жиналған материалдардың дәлелдеу күшінің болмауына әкеп соғатын іс-әрекеттерді істі сот талқылауы сатысына дейін іс-әрекеттер (әрекетсіздік) мен шешімдердің заңдылығын тексеруді кейінге қалдырған кезде адамның және азаматтың нұқсан келтірілген құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруді қиындататын немесе оның мүмкіндігін жоққа шығаратын бұзушылықтар деп таныған жөн.
      5. Заңда өзге тәртіппен шағымдану көзделген іс жүргізушілік әрекеттер (әрекетсіздік) мен шешімдердің күшін жою туралы шағымдар, атап айтқанда, дәлелдемелерді жарамсыз деп тану туралы, айыптаудың дұрыс тұжырымдалмауы туралы не оның дәлелденбегендігі туралы, әрекетті саралау кезінде заңның дұрыс қолданылмағаны туралы, сот санкциялаған бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініштер көрсетілген шағымдар, сондай-ақ прокурордың сотталғандарды Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 169-бабына сәйкес жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы немесе жазаны басқа жеңілірек жазаға ауыстыру туралы мәселе бойынша шығарған шешімдеріне, сот актілерінің заңсыздығы туралы шағымдар және басқалар ҚІЖК-нің 109-бабында көзделген тәртіппен қарауға жатпайды.
      6. Шағымдар сотқа ҚІЖК-нің 109-бабының бесінші бөлігінде көрсетілген мерзім сақтала отырып, қылмыстық іс бойынша барлық анықтау немесе алдын ала тергеу жүргізу барысында, соның ішінде айыпталушыны сотқа беру сатысында берілуі мүмкін, осы мерзім адамға тиісті іс-әрекеттер (әрекетсіздіктер), шешімдер туралы белгілі болған сәттен бастап есептеледі.
      Тиісті прокурорға шағыммен жүгінгеннен кейін тұлға прокурордың жауабымен танысқан күннен бастап он бес тәуліктің ішінде, егер осы уақытта прокурордан жауап алмаса, не сол мерзімде сотқа осындай шағыммен жүгінуге құқылы.
      Сотқа шағым беру үшін өтіп кеткен мерзім мүдделі тұлғаның өтініші бойынша ҚІЖК-нің 56-бабында көзделген жалпы ережелер бойынша қалпына келтірілуі мүмкін.
      Қылмыстық іс сотқа жіберілгеннен кейін келіп түскен прокурордың, анықтау, тергеу органдарының іс-әрекеттерінің (әрекетсіздігінің), шешімдерінің заңсыздығы туралы шағымдардың ҚІЖК-нің 284-бабының 3-бөлігіне сәйкес қаралуын сот қылмыстық істі мәні бойынша қарау кезінде жүзеге асырады.
      7. Сотқа жолданатын шағым жазбаша түрде жазылады, онда арыз беруші мен өз мүддесі үшін шағым беріліп отырған адамның тегі, аты, әкесінің аты, олардың мекенжайы мен байланыс телефондары, органның атауы мен орналасқан жері, шағым жасалып отырған іс-әрекетті (әрекетсіздікті) жасаған, шешім қабылдаған лауазымды адам көрсетіледі. Шағымда қашан, кім (қандай орган немесе оның лауазымды адамы) және қандай іс жүргізушілік іс-әрекеттер (әрекетсіздіктер) жасалғаны, қандай шешім қабылданғаны көрсетілуге тиіс. Бұл ретте шағымда заңның қандай нормалары бұзылғанын, осылардың арыз берушінің құқықтары мен заңды мүдделеріне қалай әсер еткендігін, сондай-ақ арыз берушінің өтінішінің мәнін көрсету қажет. Сонымен бірге сотқа жүгінгенге дейін шағымда көрсетілген іс-әрекеттердің (әрекетсіздіктің), шешімдердің прокурорға шағымдалған-шағымдалмағанын, жауаптың қашан алынғанын (не алынбағанын), прокурордың жауабының мәнін және олармен келіспейтіндігі туралы уәждерді көрсету қажет.
      Шағымға оны берген адам қол қояды. Шағымға оның көшірмелері (прокурорға және іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасалған адамдарға тапсыру үшін); шағымдалып отырған іс жүргізушілік актінің көшірмесі; арыз берушінің пікірі бойынша шағымдағы уәждерді растайтын материалдар; прокурордың шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жауабы; прокурорға жолданып, жауап алынбаған шағымның көшірмесі; шағым берген адамның өкілінің құқығын растайтын құжаттар қоса берілуге тиіс.
      Келіп түскен шағымда және оған қоса берілген материалдарда қажетті мәліметтер болмаған кезде, судья шағымды қабылдаудан бас тартпастан және оны қараусыз кері қайтармастан, арыз берушіден немесе өзге де тұлғалар мен органдардан оларды талап етеді және оларды ұсыну мерзімін белгілейді. Арыз иесі нұсқауларды орындамаған жағдайда судья өз қаулысымен шағымдарды өндіріске қабылдаудан бас тартады және оны иесіне қайтарады.
      8. Арыз беруші сот отырысы басталғанға дейін не судья кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін берілген шағымды жеке өзі немесе өзінің өкілі арқылы кері қайтарып алуға құқылы. Өкілдер сотқа берілген шағымды тек өздері мүддесін білдіріп отырған адамның келісімімен ғана кері қайтарып ала алады. Шағымды қайтарып алу іс жүргізушілік әрекеттер (әрекетсіздік) мен шешімдерге шағым беру үшін ҚІЖК-нің 109-бабының 5-бөлігінде белгіленген мерзімдердің ішінде іс бойынша анықтау немесе алдын ала тергеу аяқталғанға дейін сотқа оны қайтадан беруге кедергі болмайды.
      Заң анықтау, алдын ала тергеу органдарының, прокурордың іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне сотта қылмыстық істі қарау кезеңінде де шағым беруге тыйым салмайды. Мұндай жағдайларда сот шағымды сот ісін жүргізудің заңдылығы және іс-әрекеттерді (әрекетсіздікті), шешімдерді шағымдаудың нәтижесінде алынған дәлелдемелердің жарамдылығын тексеру тұрғысынан қарайды және қаралып жатқан іс бойынша дәлелдемелерді бағалау кезінде тиісті шешім қабылдайды.
      9. Арыз берушінің шағымды ҚІЖК-нің 109-бабының тәртібімен сотта қарау үшін беруі және оны соттың қарауы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға, соның ішінде және шағым жасалатын іс-әрекетті жалғастырмауға және шағым жасалатын шешімді орындамауға әкеп соқпайды.
      10. Азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын іс жүргізушілік әрекеттерді жасау кезінде заңның бұзылуы жөніндегі шағымдарды аудандық және оған теңестірілген соттар қарайды. Шағымдардың сотта қаралуы іс-әрекеттеріне шағым жасалып отырған тиісті анықтау немесе алдын ала тергеу органының орналасқан жері бойынша, ал прокурордың шағымды қанағаттандырудан бас тартуын немесе одан шағымға жауап алмауды шағымдау кезінде – тиісті прокуратураның орналасқан жері бойынша айқындалады. Егер өңірде жергілікті аудандық және мамандандырылған соттар жұмыс істесе, онда шағым, егер ол тиісті мамандандырылған соттың қарауына жатпаған жағдайда ғана аудандық сотта қарауға жатады.
      Егер судья шағымды алған кезде шағымның осы сотта қаралуға жатпайтынын анықтаса, ол шағымды соттылығы бойынша басқа сотқа жіберу туралы дереу қаулы шығаруға тиіс.
      11. Заңға сәйкес осы іс жүргізушілік іс-әрекетке (әрекетсіздікке), шешімге шағым беру құқығы жоқ адамдар шағым берген, не ҚІЖК-нің 109-бабында көзделген тәртіппен қаралмайтын іс-әрекеттер (әрекетсіздік) мен шешімдерге шағым берілген немесе шағым беру мерзімі өткен және оны қалпына келтіру туралы өтініш болмаған жағдайларда, сондай-ақ арыз берушіден сот отырысы басталғанға дейін шағымды кері қайтару туралы арыз түскен кезде судья шағымдарды қараусыз қалдыру туралы дәлелді қаулы шығарады.
      12. Шағымды өз өндірісіне қабылдау және оны іс жүргізіп мәні бойынша қарау үшін сот отырысын тағайындау судьяның қаулысымен ресімделеді, онда шағымды қарау уақыты мен орны туралы, бұл туралы арыз берушіге, прокурорға, сондай-ақ іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) және шешіміне шағым жасалған анықтаушыға, тергеушіге хабардар етілгені туралы көрсетілуге тиіс.
      Шағымдарды қарау кезінде сот отырысына куәлар, сарапшылар, мамандар және басқа да адамдар ретінде жауап алу үшін өзге адамдарды шақыруға заңмен тыйым салынбайды. Қажет кезде судья анықтау, тергеу органының, прокурордың шағымдалған іс-әрекеттерге (әрекетсіздікке), шешімдерге қатысты тиісті материалдарды ұсынуын қаулыда міндеттей алады. Судьяның аталған талабы үш тәуліктен аспайтын мерзімде мүлтіксіз және дер кезінде орындалуға жатады.
      13. Судья шағымды прокурордың, арыз берушінің, оның қорғаушысының, өкілдерінің, егер олар қылмыстық іске қатысса, шағымдалған іс-әрекетпен (әрекетсіздікпен), шешіммен мүдделері тікелей қозғалған өзге де адамдардың қатысуымен жабық отырыста жеке-дара қарайды. Аталған адамдардың сот отырысына келмеуі шағымды қарауға кедергі болмайды, алайда судья олардың сот отырысына қатысуын қажет деп тани алады және оларды келуге, сондай-ақ тиісті материалдарды ұсынуға міндеттей алады.
      Шағым жасалған іс-әрекеттер мен шешімдердің заңдылығы прокурордың, тергеу және анықтау органдарының іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдарды қарау кезінде дәлелдеу нысанасы болып табылады.
      Шағым иесі дәлелдеу субъектілері болып табылады, ол дауланып отырған іс-әрекетпен (әрекетсіздікпен) немесе шешіммен оның жеке құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғанын және іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) және шешіміне шағым беріліп отырған органның (лауазымды адамның) іс-әрекетінің заңсыздығын дәлелдеуге тиіс. Прокурор, тергеу, анықтау органы арыз беруші даулап отырған іс-әрекеттер (әрекетсіздік) мен шешімдер жасалған кезде заңның барлық талабы сақталғанын дәлелдеуге тиіс.
      «Сот отырысының хаттамасы жөнінде қылмыстық іс жүргізу заңдарының нормаларын қолдану туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 23 желтоқсандағы № 11 нормативтік қаулысының  5-тармағына сәйкес, ҚІЖК-нің 109-бабында көзделген тәртіппен шағымдарды қарау кезінде сот отырысының хаттамасын жүргізу міндетті.
      Прокурордың, тергеу және анықтау органдарының шешімдеріне және іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымды қараған судья ҚІЖК-нің 90-бабының бірінші бөлігінің екінші тармағына сәйкес, бірінші, апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларындағы соттарда қылмыстық істі қарауға қатыса алмайды.
      14. Сот отырысының дайындық бөлігінде төрағалық етуші тиісті шағымды қарау бойынша сот отырысының басталғаны туралы хабарлай келіп, отырысқа қатысушы арыз берушіге, оның қорғаушысына және өкіліне, прокурорға олардың қарсылық білдіру құқығы мен шағымдарды қарау бойынша іс жүргізілуіне байланысты олардың өзге де іс жүргізушілік құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге, сондай-ақ оларда өтініштің бар-жоғын анықтауға, егер өтініштер мәлімделсе, оларды қарауға, одан кейін арыз берушіден оның шағымды қолдайтынын анықтауға тиіс.
      Шағымдарды қарау шағым беріліп отырған іс-әрекетті (әрекетсіздікті), шешімді тексеру, шағым жасалған іс-әрекеттің (әрекетсіздіктің), шешімнің заңға сәйкестігін зерделеу мақсатында арыз берушіні, өзге де тұлғаларды тыңдаудан, шағымдағы, шағымға қоса тіркелген материалдардағы және тараптар қосымша ұсынған немесе сот талап еткен материалдардағы дәлелдерді зерттеуден тұрады.
      Шағымдарды қарау кезінде судья шағымдағы уәждердің шегінен шықпауға тиіс, сондықтан арыз беруші, прокурор ұсынған немесе соттың өзі талап еткен материалдарды шағым бойынша дұрыс шешім қабылдау үшін қажет болатындай көлемде зерттеуге құқылы.
      15. Қылмыстар туралы арыздарды немесе хабарламаларды қабылдаудан бас тартуға шағымдарды қарау кезінде сот арыз берушінің хабарламаны қашан және қай органға жібергенін, қандай себептермен хабарламаның қабылданбағанын тексеруге тиіс. Осындай шағымдар бойынша шешім қабылдау кезінде сот қылмыстарды жасау туралы хабарламаның ҚІЖК-нің 183-бабының бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес міндетті түрде қабылдауға, тіркелуге және қаралуға жататынын назарға алғаны жөн.
      Жеке айыптау тәртібімен қылмыстық ізге түсу туралы арызды қабылдаудан бас тарту туралы сот қаулысы ҚІЖК-нің 403-бабына сәйкес жоғары тұрған сотқа шағымдануға жатады.
      16. Егер шағымда қылмыстардың жасалуы туралы арыздарды немесе хабарламаларды қарау кезінде заңды бұзу туралы көрсетілсе, сот қылмыстық ізге түсу органдарының ҚІЖК-нің тиісінше 186187,  188-баптарында көзделген талаптарды сақтаған-сақтамағанын, сондай-ақ қылмыстық ізге түсу органдары қылмыстар туралы хабарламалар жөнінде шешім қабылдау үшін тексеру әрекеттерін жүргізуге құқылы болатын ҚІЖК-нің 184-бабында көрсетілген мерзімдердің сотқа шағым берілген сәтте аяқталған-аяқталмағанын тексеруі қажет. Қылмыс туралы арыз бойынша түпкілікті шешім қабылданбай тұрып, көрсетілген мерзімдер аяқталғанға дейін сотқа берілген шағым, қылмыс туралы арызды, хабарламаны тергеуге дейін тексеру сатысында жүзеге асырылған (тексеріп қарау, алу, заттар мен құжаттарды алу, тексеру, сараптама жүргізу) іс-әрекеттерге (әрекетсіздікке), шешімдерге шағымдарды қоспағанда, қараусыз қалдырылуға жатады.
      17. Соттар қылмыстық ізге түсу органының ҚІЖК-нің 185-бабы бірінші бөлігінің үшінші тармағына сәйкес шығарылған шешіміне шағымдарды қарау кезінде ҚІЖК-нің 188-бабында көзделген жағдайларда ғана қылмыстар туралы хабарламаны тергелуге немесе сотта қаралуға жататындығы бойынша беруге жол берілетіндігін ескеруі керек. Қылмыс туралы хабарламаны заңда көзделмеген басқа да негіздер бойынша тергелуіне немесе сотта қаралуына қарай жіберу туралы шешім заңсыз деп танылуға жатады.
      18. Тұлғалар қылмыстық істі қозғау туралы қаулыға шағым берген кезде сот қылмыстық істі қозғау үшін ҚІЖК-нің 177-бабында көзделген себептер мен негіздердің бар-жоғын, қылмыс белгілерін көрсететін деректердің болуы қылмыстық істі қозғау үшін жеткілікті болып табылатындығын, ҚІЖК-нің 37-бабында көрсетілген, іс бойынша іс жүргізуді болдырмайтын мән-жайлардың бар-жоғын тексеруі қажет. Сонымен қатар сот қылмыстық істі қозғау туралы шешім қабылдау кезінде заңда көзделген, соның ішінде ҚІЖК-нің 33-35-баптарымен және 53-тарауымен көзделген істі қозғаудың іс жүргізушілік тәртібінің сақталғанына көз жеткізуі керек. Атап айтқанда, сот қылмыстық істі тиісті лауазымды адамның қозғағанын, ҚІЖК-нің 89-бабына сәйкес, анықтаушыға, тергеушіге, прокурорға қарсылық білдіру негіздерінің бар-жоғын, сондай-ақ қылмыстық істі қозғау туралы қаулының нысаны мен мазмұны бойынша ҚІЖК-нің 186-бабының екінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкестігін тексеруге тиіс. Қылмыстық ізге түсуді жүзеге асырмауға мүмкіндік беретін, ҚІЖК-нің 38-бабында көрсетілген негіздер болған кезде, тұлға процеске қатысушылардың осы аталған мән-жайларға байланысты берген өтінімдері бойынша іс жүргізу шешімін шығармаған анықтау органының, тергеушінің, прокурордың әрекетсіздігіне сотқа шағым беруге құқылы.
      Аталған шағымдарды тексеру кезінде сот ҚІЖК-ге сәйкес қылмыстық істі мәні бойынша шешу кезінде сот қарауының нысанасы бола алатын мәселелерді алдын ала шешпеуге тиіс.
      19. Сот қылмыстық істі тоқтату немесе қысқарту туралы қаулыға шағымды қарау кезінде, істегі дәлелдемелерге баға бермей, арызданушы шағымда көрсеткен барлық мән-жайларды анықтаушының, тергеушінің, прокурордың тексергенін және ескергенін, сондай-ақ бұл мән-жайлардың іс жүргізуді тоқтату немесе қысқарту туралы шешімінің заңдылығына әсер ету мүмкіндігін анықтауға тиіс. Бұл ретте сот кінәнің дәлелденгені немесе дәлелденбегені туралы, жинақталған материалдардың жарамдылығы немесе жарамсыздығы туралы тұжырым жасамай, істі қысқарту не іс бойынша іс жүргізуді тоқтату үшін материалдық-құқықтық және іс жүргізушілік негіздердің бар-жоғын тексеруге тиіс.
      20. Сот отырысына қатысушылардың шағымның мәні бойынша түсіндірмелерін тыңдағаннан кейін және материалдарды зерттегеннен кейін судья кеңесу бөлмесінде ҚІЖК-нің 109-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген шешімдердің бірін қабылдайды, бұл туралы дәлелді қаулы шығарады.
      Бұл ретте, егер судьяның шағымды қарауға байланысты материалдарды ұсыну туралы талабын тиісті органдар орындамаса, судья шағымды олар жоқ кезде қарайды және егер қолда бар материалдар шағымның уәждерін жоққа шығармаса, шағымды қанағаттандыру туралы қаулы шығарады.
      21. Егер қылмыстық ізге түсу органы қылмыстық істі қозғау туралы, істі қысқарту туралы, іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы немесе өзге шешім қабылдаған кезде заң талаптары сақталса, шағымдалған қаулыны тек формальды негіздер бойынша (мысалы, қабылданған шешім туралы мүдделі тұлғаларға хабарланбаса, тиісті тұлғалар жәбірленуші немесе азаматтық талапкерлер болып танылмаса не аталған тұлғаларға олардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттері түсіндірілмесе) заңсыз деп тануға болмайды.
      Егер сот отырысында қабылданған шешімдердің іс жүргізушілік нысандарын елеулі бұзудың расталуы нәтижесінде (мысалы, істі ақтау негіздері бойынша қысқарту туралы қаулыға адамның кінәлілігіне күмән келтіретін тұжырымдамалар енгізілген кезде) немесе сот өзге де тәсілмен арызданушының құқықтарына, бостандықтарына, заңды мүддесіне нұқсан келтірілді деп таныса, бұл іс жүргізушілік актілерді заңсыз деп тануға әкеп соқтыруы мүмкін.
      22. Сот шағымды ҚІЖК-нің 109-бабының сегізінші бөлігіне сәйкес негізді деп тапқан кезде, шағымдалып отырған іс жүргізу әрекетінің (әрекетсіздіктің) немесе шешімнің заңсыздығы және оның күшін жою туралы қаулы шығарады не өзінің қаулысымен тиісті лауазымды адамдарды, прокурорды қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде жол берілген азаматтың немесе ұйымның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзуды жоюға міндеттей алады.
      Егер сот отырысында шағымдалып отырған іс жүргізу әрекетін (әрекетсіздікті) немесе шешімді заңсыз деп тану үшін негіздер анықталмаса сот шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
      23. Прокурордың арыз беруші сотқа шағыммен жүгінгеннен кейін шағымдалған шешімнің күшін жою туралы қабылданған шешімі арыз берушінің шағымын қанағаттандырудан бас тарту үшін негіз болып табылмайды. Сот мұндай жағдайларда шағымдалған шешімді ол қабылданған сәттен бастап прокурор күшін жойғанға дейінгі кезеңде заңсыз деп тану туралы қаулы шығарады.
      Прокурордың прокурорлық қадағалауды жүзеге асыру барысында істің барлық мән-жайының толық анықталмауына не заңның өзге талаптарының сақталмауына байланысты тергеушінің немесе анықтаушының қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы, істі қысқарту туралы қаулысының күшін жою туралы шығарған қаулысы алдын ала тергеу мен анықтаудың заңдылығын қамтамасыз етуге бағытталғандықтан заңсыз деп танылуға тиіс емес. Аталған қаулыларды шығару кезінде жол берілген арыз берушінің құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін бұзу жойылуға тиіс.
      24. Арыз беруші шағыммен прокурорға жүгінгеннен кейін прокурордан жауап алынбағаны және шағымды берген сәттен бастап 15 тәулік мерзімнің өтпегені не арыз беруші сотқа жүгіну үшін ҚІЖК-нің 109-бабының бесінші бөлігімен белгіленген мерзімді өткізіп алғаны сот отырысында анықталса, судья тиісті негіздемелерді көрсетіп, арызды қарамай кері қайтару туралы қаулы шығарады. Өзгеше тәртіппен шағымдалатын іс-әрекетке (әрекетсіздікке) немесе тиісті лауазымды адамдардың, прокурордың шешіміне шағым берілген жағдайларда не осы сәтте анықтау немесе алдын ала тергеу аяқталған және іс сотқа жіберілген жағдайларда да судья тап осындай қаулы шығарады.
      Соттың шағымды ҚІЖК-нің 109-бабының тәртібімен қарау кезінде, мысалы, шағымды басқа органның немесе лауазымды адамның қарауына беру туралы қаулыларды шығаруы заңмен қарастырылмаған.
      25. Соттың шағымды қараудың қорытындылары бойынша шығарған қаулысы заңды әрі негізді болуға тиіс. Қаулының кіріспе бөлігінде оны шығару уақыты мен орны; қаулыны шығарған соттың атауы; сот отырысына төрағалық етуші, хатшы, процеске қатысушылар, олардың өкілдері, аудармашы; шағым берушінің тегі, аты, әкесінің аты, қаралуға жататын актінің атауы, іс-әрекеті (әрекетсіздігі), шешімі шағымдалып отырған орган көрсетілуге тиіс. Қаулының сипаттама-дәлелдеме бөлігінде шағымдалып отырған іс жүргізу әрекеті (әрекетсіздік) кезінде бұзушылыққа жол берілгені-берілмегені, заң нормасы бойынша қандай шешім қабылданғаны, осы бұзушылықтардың арыз берушінің жеке құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтыны-қозғамайтыны, сондай-ақ соттың тиісті дәлелдерді келтіре отырып осы бұзушылықтарды жою мақсатында шағым бойынша қандай шешімдерді қабылдауға тиіс екені көрсетілуі қажет. Қаулының қарар бөлігінде шағымды қанағаттандыру, шағымдалып отырған іс жүргізу әрекетін (әрекетсіздікті), шешімді заңсыз деп тану туралы шағымдалып отырған актінің атауы, актіні кімнің, қашан, кімге қатысты немесе қандай себептер бойынша шағымдалып отырғаны (шағымдалмағаны) немесе шығарылғаны көрсетіліп, актінің күшін жою туралы шешім немесе тиісті лауазымды адамға азаматтың немесе ұйымның жол беріліп бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру туралы берілген нұсқау көрсетілуге тиіс.
      Қылмыстық іс қозғау туралы қаулының күшін жою кезінде сот іс бойынша одан әрі іс жүргізуге жол берілмейтіндей шешім қабылдауға құқылы емес. Мұндай жағдайларда сот қаралған материалдар бойынша заңды шешім қабылдау міндетін тиісті прокурорға жүктейді.
      Азаматтың немесе ұйымның бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін жою міндетін тиісті лауазымды адамға немесе прокурорға жүктеп, шағымды қанағаттандыру туралы қаулы шығару кезінде қаулыда қандай бұзушылықтар жойылу керектігі нақтылы көрсетілуге тиіс.
      26. Сот қаулысы жарияланғаннан кейін арыз берушіге және прокурорға сол күні тапсырылуға тиіс, ал егер олар сот отырысына қатыспаса, онда қол жететін байланыс құралының көмегімен оларға жіберілуге тиіс, арыз берушінің, прокурордың соттың қаулысына шағым беруі, наразылық келтіруі үшін ҚІЖК-нің 109-бабының тоғызыншы бөлігімен көзделген мерзімді сақтауы олардың қаулының көшірмесін алу уақытымен байланысты емес, көрсетілген мерзім қаулы жарияланған сәттен бастап есептеледі. Сот қаулысын шағымдау мерзімін өткізіп алған жағдайда осы мерзім ҚІЖК-нің 56-бабының қағидаларына сәйкес қалпына келтірілуі мүмкін.
      Шағым/наразылық түскен жағдайда бірінші сатының судьясы олардың көшірмелерін тараптарға жібереді, ал қаулы жария етілгеннен бастап үш тәулік өткеннен кейін істі жоғары тұрған сотқа жібереді, бұл туралы арыз берушіге және прокурорға хабарлайды. Тараптар жеке шағымға/наразылыққа қарсылықты жоғары тұрған сотқа жазбаша түрде бере алады не істі осы соттың судьясы қарауы кезінде ауызша білдіре алады.
      27. Жеке шағымды/наразылықты түскен сәттен бастап облыстық немесе оған теңестірілген соттың судьясы жабық сот отырысында он күн мерзім ішінде жеке-дара қарайды. Сот отырысына шағым беруші және прокурор қатыса алады, олар шағымның және бірінші сатыдағы сот қабылдаған қаулының мәні бойынша түсіндірме беруге, сондай-ақ қарама-қарсы тараптың шағымына/наразылығына қарсы қарсылық білдіруге құқылы, алайда олардың келмеуі жеке шағымды/наразылықты қарауға кедергі болмайды, сондай-ақ шағымды кері қайтарып алу, шағымды қараусыз қалдыру немесе шағымды қанағаттандырусыз қалдыру үшін негіз ретінде қарастырылмайды. Апелляциялық сатының судьясы ҚІЖК-нің 410-бабына сәйкес, берілген шағымды шешу үшін қажетті қосымша материалдарды тараптардың өтінімі немесе өз бастамасы бойынша сұратуға құқылы. Бірінші сатыдағы соттардың қаулыларына шағымдарды, наразылықтарды қарау кезінде, оларда келтірілген дәлелдерді тексерумен қатар, облыстық соттар прокурордың, тергеу, анықтау органдарының заңның азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын емін-еркін шектеуге тыйым салатын талаптарын сақтауына тиісті назар аударулары қажет, сондай-ақ бірінші сатыдағы соттардың шағымды қарау кезінде заң талаптарын сақтауына назар аударуға тиіс.
      Жеке шағымды/наразылықты қараудың қорытындылары бойынша облыстық немесе оған теңестірілген соттың судьясы кеңесу бөлмесінде қаулы шығарады, онда шағымның/наразылықтың қанағаттандырылғаны не оларды қанағаттандырудан бас тартылғаны туралы көрсетіледі. Шағым/наразылық қанағаттандырылған кезде, қаулыда төмен тұрған сот судьясының шағымдалып отырған қаулысының күшін жою туралы көрсетілуге және шағымның мәні бойынша жаңа шешім жазылуға тиіс. ҚІЖК-нің 109-бабында көрсетілмеген шешімдерді, атап айтқанда, төмен тұрған соттың қаулысының күшін жойып, істі қайтадан қарау үшін сол сотқа жіберу туралы, аудандық соттың қаулысын өзгерту туралы, шағымды өзге органның немесе лауазымды адамның қарауы үшін жіберу туралы шешімдерді қабылдауға жол берілмейді.
      Облыстық сот судьясының қаулысы жарияланғаннан кейін дереу заңды күшіне енеді, түпкілікті болып табылады, арыз берушінің осы шағымын ҚІЖК-нің 109-бабымен көзделген тәртіппен, сондай-ақ кассациялық тәртіппен немесе қадағалау тәртібімен қарау жөнінде одан әрі іс жүргізуге жол бермейді.
      28. Арыз берушінің шағымы қанағаттандырылған және шағымдалып отырған іс жүргізу әрекетінің (әрекетсіздіктің), шешімнің күшін жою туралы қаулы етілген не заңды тұлғаның немесе ұйымның бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру тиісті лауазымды адамға, прокурорға жүктелген қаулы заңды күшіне енгеннен кейін бірінші сатыдағы сот судьясының (сот төрағасының) өкімі бойынша дереу орындау үшін тиісті органға, лауазымды адамға, прокурорға жіберіледі, олар сотты қаулының орындалуы туралы хабардар етуге тиіс. Сот қаулысының орындалмауына кінәлі адамдар заңмен көзделген жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
      29. Сот қылмыстық істер бойынша іс жүргізу кезінде азаматтың немесе ұйымдардың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы шағымды қарау кезінде алдағы уақытта осындай заң бұзушылықтардың алдын алу және осы заң бұзушылықтарға жол берген тұлғаларды жауапкершілікке тарту мақсатында тиісті шаралар қабылдау үшін ҚІЖК-нің 59-бабына сәйкес жеке қаулы шығарады.
      30. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы                         Б.Бекназаров

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы                               Д.Нұралин