Іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қолдану және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманы қолданудың кейбір басқа да мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 9 сәуірдегі № 1 Нормативтік қаулысы

Қолданыстағы

      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың кейбір нормаларын сот практикасында қолдану кезінде туындайтын мәселелерге байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

қаулы етеді:

      1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 618-бабының 1-2-бөліктерімен көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары (бұдан әрі – қамтамасыз ету шаралары) әкімшілік-құқықтық мәжбүрлеудің айрықша құралдары болып табылады. Оларды уәкілетті лауазымды адам өзінің өкілеттіктері шегінде әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесу, оны жасағаны үшін сезікті болған адамның жеке басын анықтау, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жерде жасау мүмкін болмағанда және осындай шараларды қабылдамау істің мән-жайларын уақтылы, жан-жақты, толық және объективті анықтауға, оны заңға сәйкес шешуге, шығарылған қаулыны орындауды қамтамасыз етуге кедергі келтіретін жағдайда қолданады.
      Қамтамасыз ету шаралары заңда көзделген жағдайларды есептемегенде (жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу), әкімшілік құқық бұзушылықты жасауға байланысты іс қозғалғанға дейін (мысалы, сезіктінің жеке басын анықтау үшін), әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу кезінде (мысалы, өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған адам органға (лауазымды адамға) немесе сотқа келмеген жағдайда), сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыны орындау сатысында (мысалы, ӘҚБтК-нің 620-бабының 13) тармақшасы негізінде атқару құжаттарын мәжбүрлеп орындау барысында) қолданылуы мүмкін.
      Қамтамасыз ету шараларын қолдану заңды болуға, парасаттылық, қажеттілік және жеткіліктілік өлшемдеріне сай келуге тиіс. ӘҚБтК-нің 618-бабында көрсетілген қамтамасыз ету шараларының әрқайсысы жеке немесе егер қажеттілікке байланысты болса басқа шаралармен бір мезгілде қолданылуы мүмкін.
      Өзіне қатысты қолданылған қамтамасыз ету шараларына адам шаралар қолданылған күннен бастап он күн ішінде жоғары тұрған органға (жоғары тұрған лауазымды адамға), мамандандырылған әкімшілік немесе аудандық сотқа ӘҚБтК-нің 633-бабымен көзделген тәртіппен шағымдана алады.
      2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалатын жерге жеткiзу құқық бұзушылықтың жолын кесу, құқық бұзушының жеке басын анықтау, адам ӘҚБтК-нің 619-бабы 1-бөлігінің 1-6) тармақшаларымен және 2-бөлігімен көзделген құқық бұзушылықты жасаған жағдайларда егер хаттаманың жасалуы не қорғау нұсқамасының шығарылуы мiндеттi бола тұра оларды сол болған жерiнде жасау мүмкiн болмаса, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау не қорғау нұсқамасын шығару мақсатында жеке адамды, заңды тұлғаның заңды өкiлiн мәжбүрлеп алып келуді білдіреді.
      Аталған қамтамасыз ету шарасын қолдану үшін әкімшілік құқық бұзушылықтың жасалу фактісі туралы объективті деректердің және өзіне қатысты осы шара қолданылып отырған адамның құқық бұзушылықты жасағаны туралы негізді болжамның болуы негіз болып табылады. Құқық бұзушының мемлекеттік орган өкілдерінің әкімшілік құқық бұзушылықты жасауды тоқтатуы туралы заңды талаптарына немесе өкімдеріне бағынудан бас тартуы қосымша негіздердің бірі болып табылады.
      Аталған қамтамасыз ету шарасын өзге жағдайларда қолдануға жол берілмейді.
      Прокурордың тапсырмалары немесе ӘҚБтК-нің 619-бабы 1-бөлігінің 6) тармақшамен көзделген жағдайда жеке адамды жеткізу туралы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттаманы толтыруға уәкілетті лауазымды адамдардың өтініштері жазбаша түрде ресімделуге тиіс.
      3. Жеке адамды жеке бас бостандығынан, атап айтқанда, белгiлi бiр уақыт iшiнде арнаулы орында мәжбүрлеп ұстай отырып, iс-әрекет және жүрiп-тұру бостандығынан уақытша айыруды әкiмшiлiк ұстау деп түсінген жөн.
      Осы қамтамасыз ету шарасы ӘҚБтК-нің 620-бабында көрсетілген жағдайларда әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін сезікті адамның құқыққа қарсы іс-әрекеттерінің жолын кесу мақсатында ғана қолданылады.
      Аталған қамтамасыз ету шарасын әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасау, құжаттарды тексеру, адамның жеке басын анықтау және т.б. мақсатында қолдануға болмайды.
      Әкімшілік ұстау мерзімдері және оларды есептеу тәртібі ӘҚБтК-нің 622 және 623-баптарымен белгіленген.
      ӘҚБтК-нің 623-бабымен белгіленген мерзімдерді есептеу тәртібі туралы ережелер тек әкімшілік ұстауға ғана қатысты емес, сондай-ақ ӘҚБтК-мен көзделген барлық басқа мерзімдерге де қолданылады.
      4. Алып келу – өзіне қатысты әкімшілік іс бойынша іс жүргізіліп жатқан жеке адамды немесе заңды тұлғаның заңды өкілін, әкімшілік жауапқа тартылып отырған кәмелетке толмағанның заңды өкілін, осы адамдар судьяның немесе органның (лауазымды адамның) шақыртуы бойынша келуден жалтарған жағдайда оларды әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап жатқан сотқа немесе органға мәжбүрлеп алып келуді білдіреді. Алып келуді әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) ұйғарымы негізінде ішкі істер, қаржы полициясы органдары немесе сот приставтары (ӘҚБтК-нің 584-бабының 4-бөлігі) жүзеге асырады. Ұйғарымның көшірмесі алып келуге жататын адамға тапсырылады.
      5. Жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу белгілі бір тұрғылықты орны және (немесе) жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамға қатысты, оның іс-әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылық және қылмыс белгілері болмаған әрі оның жеке басын өзге тәсілдермен (мысалы, жақын туыстарының, тұрғылықты жеріндегі көршілерінің айғақтарымен, жұмыс берушінің деректерімен, өзге де құжаттармен және т.б.) анықтау мүмкін болмаған кезде жеке профилактика шарасы болып табылады. Аталған шара тек сот санкциясымен қолданылуы мүмкін және адамды ішкі істер органдарының арнаулы мекемесінде 30 тәулікке дейінгі мерзімде уақытша оқшаулауды қамтиды.
      Аталған шараны белгілі бір тұрғылықты жері немесе жеке басын куәландыратын құжаттары бар адамға қатысты қолдануға болмайды.
      6. Жеке адамды тексеріп қарау, жеке адамның заттарын тексеріп қарау және көлік құралын, шағын көлемдi кеменi тексерiп қарау әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған жағдайда ғана әкiмшiлiк құқық бұзушылық құралдарын не нысаналарын табу мақсатында жүргiзiледi. Аталған қамтамасыз ету шарасын басқа жағдайларда қолдануға болмайды.
      Осы қамтамасыз ету шарасын ӘҚБтК-нің 620-бабымен көрсетілген лауазымды адамдар ӘҚБтК-нің 626 және 627-баптарының талаптарын сақтай отырып қолданады.
      7. Тексеру түріндегі қамтамасыз ету шарасы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың iздерiн, өзге де материалдық объектiлердi, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы толтыру үшiн маңызы бар мән-жайларды анықтау мақсатында қолданылады. Істің мән-жайына қарай сол жер, заттар, құжаттар, тiрi адамдар тексерілуі мүмкін.
      Тексерудің жалпы ережелері ӘҚБтК-нің 627-2-бабымен белгіленген.
      8. Егер құқық бұзушылық құралы не нысанасы болып табылатын құжаттар не заттар құқық бұзушылық жасалған жерде не әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қолдану кезінде табылса оларды алуға болады.
      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қолдану кезінде құжаттар мен заттарды алуды тиісті лауазымды адамдар ӘҚБтК-нің 628632-баптарымен көзделген тәртіпте жүзеге асырады.
      9. Көлік құралын, шағын көлемді кемені жүргiзушi адам алкогольмен, есiрткiмен, уытқұмарлықпен масаю жағдайында болған деп есептеуге жеткiлiктi негiздер болған кезде, көлiк құралын, шағын көлемдi кеменi жүргiзуден шеттету түрінде іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шарасы ӘҚБтК-нің 629-бабымен көзделген тәртіппен қолданылуға тиіс.
      Уәкілетті лауазымды адамның көлік құралын, шағын көлемді кемені жүргiзушi адамның алкогольмен, есiрткiмен, уытқұмарлықпен масаю белгілерін тікелей анықтауы, сондай-ақ олардың алкогольді немесе психикаға белсенді әсер ететін заттарды қабылдауы туралы мәлімдемелер, хабарламалар, олардың осы заттарды қабылдағанын мойындауы аталған қамтамасыз ету шарасын қолдануға негіз болатын жеткілікті деректер болып табылады.
      Көлiк құралын, шағын көлемдi кеменi жүргiзуден шеттетiлген адам масаю жағдайын куәландыруға жатады.
      Көлік құралын, шағын көлемді кемені жүргiзушi адам куәландырудан жалтарған кезде әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жерде толтырылатын әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада, куәландыру актісінде ол туралы белгі жасалады (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 4 маусымдағы № 528 қаулысымен бекітілген Мас күйiн куәландыруға жiберу, мас күйiн куәландыру және оның нәтижелерiн ресiмдеу ережесiнің 14-тармағы).
      Өзге жағдайларда аталған шара қолданылуға жатпайды.
      Көлік құралын жүргізуден шеттетілген адам аталған қамтамасыз ету шарасын қолдану мәселесі бойынша өзінің түсініктемелерін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада беруге құқылы.
      10. ӘҚБтК-нің 630-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылықтар жасалған кезде осы баптың 2-бөлігінде көрсетілген уәкілетті лауазымды адамдар көлiк құралдарын, шағын көлемдi кемелердi арнаулы алаңдарға немесе тұрақтарға уақытша сақтау үшін жеткізу арқылы оларды ұстауға, жеткiзуге және пайдалануға тыйым салуға құқылы.
      Көлiк құралын уақытша сақтау үшiн арнаулы алаңдарға немесе тұрақтарға жеткiзу (эвакуациялау) көлiк құралдарын жүргiзушiлер тоқтау немесе тоқтап тұру ережелерiн бұзған және өздерi сол жерде болмаған жағдайларда, сондай-ақ жүргiзушiлердiң қайда екенiн анықтау мүмкiн болмаса, олар жолда қараусыз қалдырған көлiк құралдарына қатысты да қолданылуы мүмкiн.
      Көлiк құралын, шағын көлемдi кеменi ұстау, жеткiзу және пайдалануға тыйым салу туралы акт жасалады, ол әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға қоса тiркеледi және аталған қамтамасыз ету шаралары өзіне қатысты қолданылған адамға арызы бойынша тапсырылады.
      Көлік құралын, шағын көлемді кемені ұстау және (немесе) олардың пайдаланылуына тыйым салу түріндегі шаралар ұстаудың және (немесе) тыйым салудың себептері жойылғанға дейін күшінде болады.
      11. Егер жеке адамның алкогольмен, есiрткiмен немесе уытқұмарлықпен масаю фактісін анықтаудың істі дұрыс шешу үшін мәні болса ғана, іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шарасы түрінде жеке адамның сондай күйін медициналық куәландыру қолданылады.
      12. Заңды тұлғаға қатысты іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары ӘҚБтК-нің 618-бабының екінші бөлігімен белгіленген. Осындай шараларды қолдану тәртібі ӘҚБтК-нің 631-632-1-баптарында анықталған.
      13. ӘҚБтК-нің 79-179-5111-1112332355-1-баптарымен көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген, заңды күшіне енген сот қаулысын осы қаулыны шығарған сот бақылауды жүзеге асыру үшін ішкі істер органдарына жібереді («Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 28-бабы). Әкімшілік жауапқа тартылған адамның сот белгілеген әкімшілік-құқықтық ықпал етудің тыйым салу шараларын орындамауы, егер осы әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, оны ӘҚБтК-нің 534-бабы бойынша жауапқа тарту үшін негіз болуы мүмкін.
      14. Уәкілетті орган (лауазымды адам) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша шығарған заңды күшіне енбеген қаулыны қайта қарау кезінде істі АІЖК-нің 26-тарауымен белгіленген тәртіппен қарап отырған судья АІЖК-нің 277-бабымен көзделген шешімдерді қабылдайды.
      15. Алкоголь өнімі балалар мекемелерiнде, білім беру ұйымдарында және оларға іргелес жатқан аумақтарда сатылса, сондай-ақ егер алкоголь өнімі балалар мекемесіне, ұйымға пайдалануға берілген жер учаскесінің шекарасынан жүз метр және одан кем арақашықтықта сатылса ӘҚБтК-нің 163-бабының 8-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылық туындайды.
      16. Уәкілетті лауазымды адам іс бойынша қабылданған қаулыны орындауды қамтамасыз ету мақсатында және көлік құралын жүргізу құқығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауға әкеп соқтыратын әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін ғана өзінің өкілеттігінің шегінде жүргізуші куәлігін алуға құқылы.
      17. Құқық бұзушылық жасалған кезден бастап есептелетін, ӘҚБтК-нің 69-бабының 1 және 2-бөліктерінде көрсетілген тиісті мерзімдер өткеннен кейін адам әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылмауға тиіс.
      Егер қылмыстық іс қозғау туралы мәселені шешу үшін тексеру жүзеге асырылса және (немесе) ӘҚБтК-нің 69-бабының 1 және 2-бөліктерінде белгіленген мерзімдер шегінде қылмыстық іс қозғалса, болмаса қылмыстық істі қозғаудан бас тартылса не мерзім өтіп кеткеннен кейін қылмыстық іс қысқартылса, адам қылмыстық істі қозғаудан бас тартылған не оны қысқарту туралы шешім қабылданған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей әкімшілік жауаптылыққа тартылуы мүмкін (ӘҚБтК-нің 69-бабының 5-бөлігі). Қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулының күші жойылған немесе оны жүргізу қысқартылған жағдайда үш ай мерзімнің өтуі қылмыстық іс қозғаудан бас тарту немесе оны жүргізуді қысқарту туралы соңғы қаулы шығарылған кезден бастап есептеледі.
      Егер қылмыстық істі қозғау туралы мәселені шешу үшін тексеру жүзеге асырылса және (немесе) қылмыстық істі қозғау ӘҚБтК-нің 69-бабының 1 және 2-бөліктерімен белгіленген мерзімдер өтіп кеткеннен кейін қылмыстық іс қозғалса, оның әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болғанымен қылмыстық істі қозғаудан бас тарту не оны қысқарту туралы шешім қабылданғаннан кейін адам ӘҚБтК-нің 580-бабы 1-бөлігінің 5) тармақшасына сәйкес әкімшілік жауапқа тартылуға тиіс емес.
      18. Шетелдікті тіркеу мерзімдерін бұзғаны үшін адамды ӘҚБтК-нің 394-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапқа тарту туралы мәселені шешу кезінде егер тіркеу мерзімінің аяқталуы жұмыс күніне сәйкес келмесе (демалыс, мереке), онда одан кейінгі бірінші жұмыс күні осындай тіркеу мерзімінің соңғы күні болып есептелетінін ескерген жөн.
      19. Егер:
      1) шетелдiк немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз келсе;
      2) аталған адамдар Қазақстан Республикасының аумағына белгіленген тәртіппен келсе, алайда белгіленген мерзімде кетуден қасақана жалтарса;
      3) келу мақсаты визада не тіркеу кезінде көші-қон карточкасында көрсетілген мақсаттарға сәйкес келмесе;
      4) нақты тұратын жері тіркеу кезінде көрсетiлген мекенжайға сәйкес келмесе;
      5) Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жол жүру қағидалары сақталмаса, ӘҚБтК-нің 394-бабының 3-бөлігі бойынша жауаптылық туындайды.
      Көрсетілген мән-жайлар тиісті дәлелдемелермен расталуға тиіс.
      20. ӘҚБтК-нің кейбір нормаларының санкциясы әкімшілік қамауға алу түрінде баламасыз жазаны көздейді. ӘҚБтК-нің 55-бабының 3-бөлігіне сәйкес, аталған жаза түрі жүктi әйелдерге және он төрт жасқа дейiнгi балалары бар әйелдерге, он сегiз жасқа толмаған адамдарға, I және II топтардағы мүгедектерге, сондай-ақ елу сегiз жастан асқан әйелдер мен алпыс үш жастан асқан еркектерге қолданылмайды.
      Осындай адамдарға қатысты әкімшілік істер ӘҚБтК-нің 55-бабының 3-бөлігінің және 581-бабының негізінде қысқартылуға жатады.
      21. Адвокаттың заңды қызметiне кедергi жасағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы (ӘҚБтК-нің 523-бабы636-баптың 2-бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес, мемлекеттік сот орындаушылары, сот приставтары және сот төрағасы немесе сот отырысында төрағалық етушi өкілеттiк берген соттардың басқа да қызметкерлерi толтыруға құқылы.
      Егер адвокаттың заңды қызметі сотта істі қарауға байланысты болса әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы мемлекеттік сот приставтары және сот төрағасы немесе сот отырысында төрағалық етушi өкілеттiк берген соттардың басқа да қызметкерлерi толтыруға тиіс.
      Егер мұндай қызмет сот актісінің орындалуына байланысты болса әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы сот орындаушысы толтыруға тиіс.
      22. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы                   Б. Бекназаров

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы                       Д. Нұралин