Аңшылық және балық шаруашылықтары субъектiлерiнiң қорықшылық қызметi туралы үлгiлік ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 12 қарашадағы № 1332 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңының 8-бабының 24-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берiлiп отырған Аңшылық және балық шаруашылықтары субъектiлерiнiң қорықшылық қызметi туралы үлгiлік ереже бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2011 жылғы 12 қарашадағы
№ 1332 қаулысымен  
бекiтiлген     

Аңшылық және балық шаруашылықтары субъектiлерiнiң қорықшылық қызметi туралы үлгiлік ереже

1. Жалпы ережелер

     1. Осы Аңшылық және балық шаруашылықтары субъектiлерiнiң қорықшылық қызметi туралы үлгiлік ереже (бұдан әрi – Үлгiлік ереже) «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңының (бұдан әрi – Заң) 8-бабының 24-1) тармақшасына сәйкес әзiрлендi және аңшылық және балық шаруашылықтары субъектiлерiнiң қорықшылық қызметiнiң (бұдан әрi – қорықшылық қызмет) мәртебесi мен өкiлеттiгiн айқындайды.
      2. Қорықшылық қызмет бекiтiлiп берiлген аңшылық алқаптарында және балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерiнде жануарлар дүниесiн қорғау функциясын жүзеге асыратын аңшылық және балық шаруашылықтары субъектiлерiнiң құрылымдық бөлiмшесi болып табылады.
      3. Қорықшылық қызмет аңшылық және балық шаруашылықтары субъектiлерiнiң бұйрығымен құрылады және тiкелей осы субъектiлердiң басшысына немесе оның орынбасарына бағынады.
      4. Қорықшылық қызметке аңшылық және балық шаруашылығы субъектiлерiнiң, олардың бiрлестiктерiнің (аңшылар мен балықшылар бiрлестiктерiн қоса алғанда) қызметкерлерi: басшылары мен аға саятшылар, саятшылар, ихтиологтар, аға қорықшылар, қорықшылар жатады.
      5. Қорықшылық қызметтi аңшылық және балық шаруашылығы субъектiлерi өз қаражаты есебiнен аңшылық және балық шаруашылығын жүргiзу шартында көзделген және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 30 желтоқсандағы № 1441 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасында Аңшылық шаруашылығын жүргiзу ережесiне және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 31 желтоқсандағы № 1456 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасында Балық шаруашылығын жүргiзу ережесiне сәйкес белгiленген штат санында құрады.
      6. Қорықшылық қызмет қызметкерлерiнiң жұмысы Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасына, осы Үлгiлік ережеге және лауазымды  нұсқауларға негiзделедi.
      7. Қорықшылық қызмет қызметкерлерiнiң лауазымдық нұсқаулықтарын тиiстi ведомствоның аумақтық бөлiмшесiмен (бұдан әрi – аумақтық бөлiмше) келiсім бойынша аңшылық және балық шаруашылықтары субъектiсі әзiрлейдi және бекiтедi.
      8. Аңшылық және балық шаруашылығының қорықшылық қызметiне он сегiз жасқа толған, атыс қаруын сақтауға және алып жүруге құқығы бар адамдар қабылданады.
      9. Аңшылық және балық шаруашылықтары субъектiлерiнiң басшылары аға қорықшыларды, қорықшыларды, саятшыларды, ихтиологтарды жұмысқа қабылдағаннан кейiн жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның аумақтық  бөлiмшесiне (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) тиiстi ақпаратты (қызметтiк куәлiк нөмiрлерi бар қызметкерлердiң тiзiмi) бередi.
      10. Қорықшылық қызметінің қызметкерлері өз функцияларын жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлармен және жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғау жөніндегі лауазымды адамдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырады.

2. Аңшылық және балық шаруашылықтары субъектiлерiнiң қорықшылық қызметінiң негiзгi функциялары

      11. Аңшылық және балық шаруашылықтары субъектiлерiнiң қорықшылық қызметінің негiзгi функциялары:
      1) жануарлар дүниесiнiң объектiлерiн және олардың мекен ету ортасын қорғау;
      2) жануарлардың мекендейтiн ортасын, көбею жағдайларын, өрiс аудару жолдарын және шоғырланған жерлерiн қорғауды ұйымдастыру;
      3) жануарларды жасанды жағдайда өсiру;
      4) жануарлар дүниесiнің санын есептеу және жай-күйiнiң  өндiрiстiк мониторингiн жүргiзу;
      5) жануарлар дүниесінің өсімін молайту;
      6) қорықшының күнделiгiнде, аумақтық бөлiмшеге және санитарлық эпидемиологиялық, ветеринариялық қадағалау (аңшылық шаруашылығы субъектiлерi үшiн) органдарына баяндау жазбаларында, рапорттарында көрсете отырып, фенологиялық байқау жүргiзу;
      7) ақпараттық аншлагтардың, жем беру алаңдарының және өртке  қарсы қауiпсiздiк ережелерiнiң сақталуын қамтамасыз ету;
      8) ауру, дүлей апаттар және басқа да себептер салдарынан жойылу қаупi төнген жағдайда жануарларға көмек көрсету;
      9) жануарлар дүниесiнiң объектiлерiн қорғау және тұрақты пайдалану идеясын насихаттау;
      10) азаматтарды жануарлар дүниесіне деген адамгершілік пен  ұқыптылық рухында тәрбиелеу.

3. Қорықшылық қызмет қызметкерлерінің өкiлеттiгi

      12. Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес қорықшылық қызметі:
      1) кейiннен жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi мемлекеттiк  инспекторларға, уәкiлеттi органға не сотқа мiндеттi түрде беру үшiн әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаларды толтырады;
      2) қорықшы қызметiнiң айырым белгiлерi бар арнаулы киiмiн киіп, қызметтік қаруын алып жүреді.
      13. Қорықшылық қызметi жұмысында мынадай құжаттар пайдаланылады:
      1) басшы мен оның орынбасарлары:
      аңшылық және (немесе) балық шаруашылығы ұйымы, олардың бiрлестiктерi (аңшылар және балықшылар бiрлестiктерін қоса алғанда) берген қызметтiк куәлiк;
      облыстық атқарушы органның аңшылық алқапты және (немесе) балық шаруашылығының су айдындарын бекiтiп беру туралы шешiмi;
      аңшылық және (немесе) балық шаруашылықтарын жүргiзуге арналған шарт;
      шаруашылықiшiлiк аңшылық iсiн ұйымдастырудың жобасы (аңшылық шаруашылығының субъектiлерi үшiн);
      жануарлар дүниесiн пайдалануға арналған ағымдағы өтiнiм және  бөлiнген квотаны растайтын құжат (аңшылық шаруашылығының субъектiлерi үшiн);
      аңшылық шаруашылығы қызметiнiң бухгалтерлiк және статистикалық есеп құжаттары (аңшылық шаруашылығының субъектiлерi үшiн);
      2) аға саятшы, саятшы:
      аңшылық және (немесе) балық шаруашылықтары субъектiлерi, оларды  бiрлестiктерi (аңшылар мен балықшылар бiрлестiктерiн қоса алғанда) берген қызметтiк куәлiк;
      жыл сайын толтырылатын аңшылық шаруашылығының паспорты;
      жануарлар дүниесi объектiлерiнiң өрiс аудару жолдары және шоғырланған жерлерi, аншлагтар, сортаң топырақтар, астаулар, қорықшылық айналым шекаралары көрсетiлген аңшылық шаруашылығының карта-схемасы;
      аумақтық бөлiмшемен келiсiлген аңшылық шаруашылығын жүргiзу жоспары;
      жануарларды есепке алу материалдары;
      фото немесе видео материалдарды растайтын қосымшасы бар жемшөптi дайындау және есептен шығару актілері;
      жануарлар дүниесiн пайдалануға бөлiнген квотаны iске асыру туралы есеп;
      қызметтік қаруды алып жүруге және сақтауға рұқсат.
      3) аға қорықшы, қорықшы:
      аңшылық және (немесе) балық шаруашылықтары субъектiлерi, олардың бiрлестiктерi (аңшылар мен балықшылар бiрлестiктерiн қоса алғанда) берген қызметтiк куәлiк;
      қорықшыға қорық учаскесiн (айналымды) бекiтiп беру туралы аңшылық және (немесе) балық шаруашылықтары субъектiлерiнiң бұйрығы және оның карта-схемасы;
      қорықшының күнделiгi;
      фенологиялық бақылау журналы (аңшылық шаруашылығының субъектiлерi үшiн);
      бекiтiп берiлген учаскеде болу (аралау) журналы;
      жануарларды қоректендiру үшiн жиналған жемшөптi есепке алу ведомосi (аңшылық шаруашылығының субъектiлерi үшiн);
      қызметтік қаруды алып жүруге және сақтауға рұқсат.