Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидаларын және Азаматтарды бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 қарашадағы № 1263 Қаулысы

Жаңартылған

      «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 45-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидалары;
      2) Азаматтарды бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2011 жылғы 1 қарашадағы
№ 1263 қаулысымен
бекітілген

Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидалары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 45-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленген.
      2. Осы Қағидалар бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету тәртібін айқындайды.
      3. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек (бұдан әрі – БМСК) – адам, отбасы және қоғам деңгейінде көрсетілетін, қолжетімді медициналық қызметтер көрсету кешенін (неғұрлым кең таралған ауруларды, сондай-ақ жарақаттануларды, улануларды және басқа да кейінге қалдыруға болмайтын жай-күйлерді диагностикалау мен емдеуді; инфекциялық аурулар ошақтарында санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды; халықты гигиеналық оқытуды, отбасын, ананы, әкені және баланы қорғауды; халықты қауіпсіз сумен жабдықтау және оның кенеулі тамақтануы жөніндегі түсіндіру жұмыстарын қамтитын) тәулік бойы медициналық бақылауы болмайтын, дәрігерге дейінгі немесе білікті медициналық көмек.

2. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету тәртібі

      4. БМСК-ні учаскелік терапевтер, педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері, фельдшерлер, акушерлер мен мейірбикелер (бұдан әрі – БМСК мамандары) көрсетеді.
      5. БМСК денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) бекіткен стандарттарға (қызметтер тізбелері, операциялар мен манипуляциялар, дәрі-дәрмектер және медициналық мақсаттағы бұйымдар) сәйкес көрсетіледі.
      6. БМСК шеңберінде мынадай:
      профилактикалық, диагностикалық, емдік, уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамаcы бойынша қызметтер түрлері көрсетіледі.
      7. Профилактикалық қызметтер: профилактикалық тексерулерді, иммундауды, саламатты өмір салтын қалыптастыру мен насихаттауды, ұтымды және дұрыс тамақтану жөніндегі ұсынымдарды, отбасын жоспарлауды, диспансерлеуді және динамикалық байқауды, жүкті әйелдерді, балаларды, оның ішінде жаңа туған нәрестелерді патронаждауды, әлеуметтік-психологиялық консультация беруді қамтиды.
      8. Диагностикалық қызметтер: БМСК маманының тексеруін, зертханалық және аспаптық зерттеулерді қамтиды.
      9. Емдік қызметтер: жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетуді, денсаулық сақтау саласындағы стандарттарға сәйкес емдік манипуляцияларды, белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікті дәрілік заттармен және амбулаториялық деңгейде арнайы емдік өнімдермен қамтамасыз етуді қамтиды.
      10. БМСК көрсету кезінде уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Жеке тұлғаның еңбекке жарамсыздығын ресми тану және оны ауыру кезеңінде еңбек міндеттерін орындаудан уақытша босату мақсатында уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасын дәрігер жүргізеді.
      11. БМСК Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (бұдан әрі – ТМККК) шеңберінде көрсетіледі.
      12. БМСК азаматтарға:
      1) бекіту фактісіне қарамастан шұғыл және жедел медициналық көмек көрсеткен жағдайда;
      2) жоспарлы түрде – бекітілуі, алдын ала жазылуы немесе жүгінуі бойынша көрсетіледі.
      13. Азамат БМСК ұйымына алғаш жүгінген кезде БМСК ұйымының тіркеу орнында бастапқы медициналық есеп құжаттары болып табылатын амбулаториялық науқастың медициналық картасы немесе баланың даму тарихы ресімделеді.
      БМСК ұйымдарында пайданылатын бастапқы медициналық есеп құжаттамасы уәкілетті орган бекіткен тиісті нысандарда ғана толтырылады және медициналық ұйымның тіркеу орнында сақталады.
      Бастапқы медициналық есеп құжаттамасының сақталуын қамтамасыз етуді аға тіркеуші, ал фельдшерлік-акушериялық және медициналық пункттерде – БМСК маманы уәкілетті орган белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
      13-1. Дәрігердің қабылдауына жазылу жеке тұлғаның немесе оның өкілінің БМСК көрсететін медициналық ұйымға тікелей өтініш жасауы, телефон байланысы арқылы немесе электрондық цифрлық қолтаңбасыз «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық форматта жүзеге асырылады.
      Ескерту. Қағидалар 13-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 30.04.2013 № 432 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      14. Ауруының жағдайы мен сипатына байланысты БМСК ұйымына қабылдауға келе алмайтын азаматқа БМСК мамандары не шақыру тіркелген күні БМСК мамандарының өтінімі бойынша бейінді мамандар медициналық көмекті үйде көрсетеді.
      14-1. Дәрігерді үйге шақыру жеке тұлғаның немесе оның өкілінің БМСК көрсететін медициналық ұйымға тікелей өтініш жасауы, телефон байланысы арқылы не электрондық цифрлық қолтаңбасыз «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық форматта жүзеге асырылады.
      Ескерту. Қағидалар 14-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 30.04.2013 № 432 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      15. БМСК көрсету кезінде емдеуші дәрігер дәрілік заттарға рецепт жазады. Дәрілік заттар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіппен нақты дәріхана ұйымы көрсетілмей бекітілген үлгідегі рецепт бланкілеріне ғана жазылып беріледі.
      16. Аталған қызмет түріне медициналық білімі бар аттестатталған мамандарды (дәріхана объектілері жоқ елді мекендердегі дәрігерлік амбулаториялар, медициналық және фельдшерлік-акушериялық пункттер) қоспағанда БМСК ұйымдарының медицина қызметкерлерінің дәрілік заттарды және биологиялық активті қоспаларды беруіне жол берілмейді.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 1 қарашадағы
№ 1263 қаулысымен  
бекітілген     

Азаматтарды бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Азаматтарды бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидалары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 45-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленген.
      2. Осы Қағидалар азаматтарды бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту тәртібін айқындайды.
      3. Азаматтарды бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту – бастапқы медициналық-санитариялық көмек (бұдан әрі - БМСК) ұйымдарының БМСК көрсету және азаматтардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі - ТМККК) шеңберінде оны алу құқықтарын іске асыру жөніндегі міндеттемелерін тіркеу.
      3-1. БМСК көрсететін медициналық ұйымдарға нақты бекітілген халықтың саны туралы, аумақтық қызмет көрсету учаскелері, учаскелік қызметтің (жалпы практика қызметі) дәрігерлері мен орта медицина персоналы туралы ақпарат тіркелген халық тізілімінің дерекқорында қалыптастырылады.
      Тіркелген халық тізілімінен БМСК ұйымдарының бөлінісінде тіркелген халықтың болуы туралы ақпарат БМСК ұйымдарының арасында жан басына шаққандағы нормативке ақы төлеуді қаржыландыру көлемдерін бөлу үшін негіз болып табылады.
      Ескерту. Қағидалар 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 30.04.2013 № 432 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына азаматтарды бекіту тәртібі

      4. БМСК ұйымдарына азаматтарды бекіту тұрақты немесе уақытша тұрғылықты, жұмыс істейтін, оқитын жері бойынша бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде дәрігерді, медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы негізінде жүзеге асырылады.
      5. Азаматтар БМСК ұйымының біреуіне ғана бекітіледі.
      6. Қағаз түрінде және «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық форматта қалыптастырылатын медициналық ұйымға бекітілу анықтамасы (талоны) (бұдан әрі – бекіту анықтамасы (талоны) азаматтың БМСК ұйымына бекітілгені туралы куәландыратын құжат болып табылады. Қағаз форматтағы бекіту анықтамасын (талонын) медициналық ұйымның медициналық тіркеушісі береді. Электрондық форматтағы бекіту туралы анықтама (талон) медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымның электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылған электрондық форматта «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы беріледі.
      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.04.2013 № 432 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      7. БМСК ұйымына бекіту еркін нысандағы өтініш пен жеке басын куәландыратын құжат (жеке куәлік, паспорт, туу туралы куәлік,  Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілген өзге де құжат) негізінде БМСК ұйымының жұмыс кестесіне сәйкес кез келген күнтізбелік уақытта жүзеге асырылады. БМСК ұйымына бекіту үшін «электрондық үкімет» веб-порталына жүгінген кезінде сұрау салуды жіберу, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаты (жеке куәлік, паспорт, туу туралы куәлік, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілген өзге де құжат) және электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы қажет.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.04.2013 № 432 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      8. БМСК ұйымы азаматтарды өз еркімен жүгінген кезде бекітеді.
      9. Осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген құжаттар болған кезде денсаулық жағдайы бойынша БМСК ұйымына өздігінен келуге мүмкіндігі жоқ адамдарды бекіту БМСК ұйымдарында олардың жазбаша немесе «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық форматта жүгінуі бойынша жүзеге асырылады.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.04.2013 № 432 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      10. Азаматтарды БМСК ұйымдарына бекіту бекітілген халық санының нормативтеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      Бекітілген халық санының нормативтері туралы ақпарат азаматтарға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарланады және БМСК ұйымдарында таныстыру үшін қолжетімді жерлерге орналастырылады.
      11. БМСК ұйымдарына азаматтарды бекітуді өзгерту:
      1) тұрақты немесе уақытша тұрғылықты, жұмыс істейтін, оқитын жері өзгерген кезде, сондай-ақ БМСК ұйымы қайта ұйымдастырылғанда немесе таратылған кезде;
      2) азаматтардың дәрігерді және медициналық ұйымды еркін таңдауы кезінде жылына бір рет жүзеге асырылады.
      12. Бекіту өзгерген кезде бекіту анықтамасы (талоны) БМСК ұйымына қайтарылады, ал азаматқа қағаз түріндегі БМСК ұйымынан бекітуден шығу анықтамасы (талоны) беріледі. «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық форматта бекітілген кезде, басқа БМСК ұйымдарына бекітілген жағдайда оны есептен шығару автоматты түрде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.04.2013 № 432 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      13. Азамат БМСК ұйымына бекітуді еркін таңдаған кезде оған осы ұйым мамандарының үйде қызмет көрсету мүмкіндігі алдын ала келісіледі және бекіту анықтамасында (талонында) көрсетіледі.
      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.04.2013 № 432 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      14. БМСК ұйымы жылына бір рет денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органына бекітілген халық туралы ақпарат ұсынады.