Астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 25 қазандағы № 1206 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2015 жылғы 31 қазандағы № 870 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкiметiнiң 31.10.2015 № 870 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзіледі) қаулысымен.

      РҚАО-ның ескертпесі.

      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 24 маусымдағы № 4-1/564 бұйрығын қараңыз.


      «Астық туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 19 қаңтардағы Заңының 5-бабының 13) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды жүргізу қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 25 қазандағы
№ 1206 қаулысымен  
бекітілген    

Астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды жүргізу қағидалары

1. Жалпы ережелер

     1. Осы Астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Астық туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 19 қаңтардағы Заңының 5-бабының 13) тармақшасына сәйкес әзірленді және астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды жүргізу тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) астық қабылдау кәсіпорны - меншік құқығында астық сақтау жүзеге асырылатын астық қоймасы (элеватор, астық қабылдау пункті) бар заңды тұлға;
      2) астық қабылдау кәсіпорынын уақытша басқару (бұдан әрі - уақытша басқару) - астық қабылдау кәсіпорындарының астық қолхаттары бойынша міндеттемелерін қамтамасыз ету мақсатында оларға қатысты әкімшілік, заңдық, қаржылық, ұйымдық-техникалық және басқа да іс-шаралар мен рәсімдер кешенін мәжбүрлеп жүргізу;
      3) астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қоры - астық қабылдау кәсіпорындарының өздері берген астық қолхаттары бойынша міндеттемелерін орындамауынан астық қолхаттарын ұстаушылардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында құрылатын заңды тұлға;
      4) астық қолхаты - астық иесінен астықты сақтауға қабылдағанын растап, астық қабылдау кәсіпорны беретін қоймалық қосарлы куәлік;
      5) астық қолхатын ұстаушы - астық иесі, астық қолхаты бойынша индоссамент жасалған жағдайларда - индоссат;
      6) уақытша басқару жөніндегі комиссия - уәкілетті органның, облыстың жергілікті атқарушы органының, астық қабылдау кәсіпорнының, сол астық қабылдау кәсіпорны берген астық қолхаттарын ұстаушылардың, астық қабылдау кәсіпорны қатысуға шарт жасаған астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорының (қорларының) өкілдерін қамтитын алқалы орган;
      7) уәкілетті орган - өз құзыреті шегінде астық нарығын реттеу саласындағы бақылау және (немесе) іске асыру функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомствосы.
      3. Уақытша басқару жөніндегі комиссия және уақытша әкімшілік уақытша басқаруды жүргізу кезінде астық қабылдау кәсіпорнында технологиялық операциялардың толық циклын өткізуді және астық қолхаттарын ұстаушылардың мүдделерін сақтауды қамтамасыз етеді.
      4. Уақытша басқаруды жүргізу кезінде уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшесі (бұдан әрі - аумақтық бөлімше) осы Қағидаларда анықталған мерзімнен аспайтын мүмкіндігінше қысқа мерзімде қажетті шараларды қолдануды қамтамасыз етеді.

2. Уақытша басқаруды енгізу үшін негіздер

      5. Уәкілетті органның дербес қабылдаған шешімі бойынша не астық қолхаттарын ұстаушылардың өтініші бойынша астық қабылдау кәсіпорны мынадай негіздемелердің бірі:
      1) астық сақтау жөніндегі шарттық міндеттемелердің үнемі тиісінше орындалмауы;
      2) астық қолхаттарымен қамтамасыз етілген астық мөлшерінің астық қабылдау кәсіпорнында сақтаулы астықтың нақты мөлшерінен асып кетуі бойынша ғана уақытша басқаруға берілуі мүмкін.

3. Уақытша басқаруды жүргізу тәртібі

      6. Аумақтық бөлімше уақытша басқаруды енгізу үшін негіз болатын фактілер анықталған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде:
      1) уәкілетті органға астық қабылдау кәсіпорынын тексеру актісін және (немесе) астық қолхаттарын ұстаушылардың өтінімдерін (олар болған кезде) қосып, уақытша басқаруды енгізу үшін негіздердің бар екені туралы қорытындысы бар уақытша басқаруды енгізу туралы ұсынымды факсимильді байланыс арқылы (кейін түпнұсқасын жіберуімен) жолдайды;
      2) астық қабылдау кәсіпорнына, астық қабылдау кәсіпорны қатысу шартын жасасқан астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорына (қорларына) және сол астық қабылдау кәсіпорны берген астық қолхаттарын ұстаушылардың бәріне ұсыныс жіберілген мерзімнен бастап күнтізбелік үш күн ішінде мұндай ұсынысты алу фактісін және жіберу фактісін растайтын тәсілмен уақытша басқару жөніндегі комиссияның құрамына кандидатуралар беру туралы ұсыныс жібереді.
      7. Осы Қағидалардың 5-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген негіздердің бар екені туралы аумақтық бөлімшенің қорытындысын алған кезде уәкілетті орган аумақтық бөлімше ұсынған құжаттардың көшірмесін бір уақытта құқық қорғау органдарына қылмыстық жазаланатын әрекет белгілерін анықтауға береді.
      8. Осы Қағидалардың 6-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жеке және заңды тұлғалар кандидатура ұсынбаған не олар ұсынудан бас тартқан жағдайда аумақтық бөлімше уақытша басқару жөніндегі комиссияны дербес қалыптастырады.
      Уақытша басқару жөніндегі комиссияның дербес құрамы бойынша ұсынысты аумақтық бөлімше уақытша басқаруды енгізу туралы ұсыным жіберілген күннен бастап төрт жұмыс күні ішінде уәкілетті органға береді.
      9. Уәкілетті орган уақытша басқаруды енгізу туралы ұсынымды алған кезден бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде уақытша басқаруды енгізу туралы шешім қабылдайды, онда мыналар:
      1) астық қабылдау кәсіпорнының атауы, орналасқан жері мен мекенжайы;
      2) уақытша басқаруды енгізу үшін негіздеме;
      3) уақытша басқарудың қолданыла бастауы және мерзімі;
      4) астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындау мақсатында астық қабылдау кәсіпорнының қызметіне қойылатын шектеулердің тізбесі;
      5) бес адам тұратын уақытша басқару жөніндегі комиссияның дербес құрамы, олар: астық қолхаттарын ұстаушылар - 1, астық қабылдау кәсіпорнының өкілдері - 1, астық қабылдау кәсіпорны қатысу шартын жасасқан астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорынан (қорларынан) - 1, уәкілетті органнан немесе аумақтық бөлімшеден - 1, облыстың жергілікті атқарушы органынан - 1;
      6) астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқару режиміндегі астық қабылдау кәсіпорнының басшы қызметкерлеріне өз жұмысы жөнінде есеп дайындап, бұл құжаттарды уақытша әкімшілікке табыс ету туралы және сол астық қабылдау кәсіпорны берген астық қолхаттарын ұстаушыларға уақытша басқарудың енгізілуі жөнінде міндетті түрде хабарлау туралы нұсқама болуы тиіс.
      10. Уақытша басқаруды енгізу туралы уәкілетті органның шешіміне мүдделі тұлғалар сот тәртібімен шағым жасайды. Аталған шешімге шағым жасау уақытша басқаруды енгізу туралы шешімнің қолданылуын тоқтата тұрмайды.
      11. Уақытша басқару жөніндегі комиссия уәкілетті орган уақытша басқаруды енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап екі жұмыс күнінен кеш емес мерзімде:
      1) уақытша басқару жөніндегі комиссияның төрағасының кандидатурасын анықтайды және оны бекітуге уәкілетті органға жолдайды;
      2) астық қабылдау кәсіпорнына қызмет етуші банктің мекенжайына астық қабылдау кәсіпорнының шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтату туралы жазбаша хабарлама жібереді.
      12. Аумақтық бөлімше уәкілетті орган уақытша басқаруды енгізу туралы шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде астық қабылдау кәсіпорнының қаражаты есебінен республикалық, облыстық маңызы бар кемінде екі газетте мемлекеттік және орыс тілінде:
      1) уақытша басқаруды енгізу туралы шешімді;
      2) астық қолхаттарын ұстаушылардың жиналысында астық қолхаттарын ұстаушылардың қатысу құқығы туралы хабарламаны жариялайды.
      13. Уақытша басқару жөніндегі комиссия уақытша басқаруды енгізу туралы шешім жарияланған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде уақытша әкімшіліктің құрамына өкілдерді сайлау үшін астық қолхаттарын ұстаушылардың жиналысын өткізуді ұйымдастырады және уақытша әкімшіліктің құрамын бекітеді.
      14. Астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқару қолданылған кезеңде:
      1) астық қабылдау кәсіпорнын басқару жөніндегі барлық өкілеттік уақытша әкімшілікке көшеді;
      2) құрылтайшылардың (акционерлердің) астық қабылдау кәсіпорынын басқару жөніндегі құқықтары тоқтатыла тұрады;
      3) астық қабылдау кәсіпорнын басқару органдары мен оның басшы қызметкерлерінің өкілеттігі тоқтатыла тұрады;
      4) уақытша әкімшілікке айтпай және оның жазбаша келісімінсіз астық қабылдау кәсіпорнының атынан және соның есебінен жасалған барлық мәмілелер жарамсыз деп танылады.
      15. Уақытша әкімшілік:
      1) өз құзыреті шегінде астық қабылдау кәсіпорны қызметінің барлық мәселелері бойынша дербес шешімдер қабылдайды;
      2) қажет болған жағдайда уақытша басқару кезеңіне астық қолхаттарынан туындайтын барлық талаптардың оларда көрсетілген астық көлемінің жиырма пайызына дейінгі мөлшерінде қанағаттандырылуын тоқтата тұрады;
      3) астық қабылдау кәсіпорны берген астық қолхаттары бойынша оның міндеттемелерін қалпына келтіруге бағытталған шарттар жасасып, құжаттарға қол қояды;
      4) астық қабылдау кәсіпорнының атынан және оның мүдделері үшін өкілдікті, оның ішінде сотта да, жүзеге асырады;
      5) астық қабылдау кәсіпорны астық қолхаттарын орындауға кепілдік беру қорына қатысқан жағдайда, аталған қорға сол астық қабылдау кәсіпорны берген астық қолхаттарынан туындайтын міндеттемелер бойынша берешекті бірінші кезектегі тәртіппен өтеу туралы талап қояды;
      6) егер астық қабылдау кәсіпорны астық қолхаттарын және олардың бөліктерін ұстаушылардың алдында азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру келісімін жасаған болса, сақтандыру компаниясына астық қолхаттарын ұстаушылардың сақтандыру төлемдерін төлеуді жүзеге асыру туралы талап қояды;
      7) астықтың сақталуына байланысты өндірістік мәселелерді бағалау үшін тәуелсіз сарапшыларды тартады;
      8) астық қабылдау кәсіпорынын уақытша басқару кезеңіне өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады.
      16. Мөрлер, мөртабандар, бланктер, құнды заттар, үй-жайлар мен сейфтердің кілттері, астық қабылдау кәсіпорнының құжаттамасы, құрылтайшылық, құқық белгілеуші және тіркеу құжаттарының түпнұсқалары  еркін нысандағы қабылдап алу-беру актісі бойынша уәкілетті орган уақытша басқаруды енгізген күнінен бастап үш күнтізбелік күн өткен соң уақытша әкімшілікке беріледі.
      17. Балансқа енгізілген немесе енгізілмеген уақытша басқару режиміндегі астық қабылдау кәсіпорнының барлық мүлкі уәкілетті орган уақытша басқаруды енгізген күнінен бастап үш күнтізбелік күн өткен соң түгенделеді. Балансқа енгізілмеген мүлік түгендеу ведомосінде көрсетіліп, кейін балансқа енгізілуі тиіс.
      18. Уақытша басқару жөніндегі комиссия:
      1) уақытша әкімшілікке астық қабылдау кәсіпорынын уақытша басқару кезеңіндегі қызметтің негізгі бағыттары туралы ұсыныстар береді;
      2) уақытша әкімшіліктен оның қызметі және астық қабылдау кәсіпорнының қызметі туралы ақпарат беруді талап етеді;
      3) уақытша әкімшіліктің жұмыс жоспарын бекітіп, атқарылған жұмыс туралы есебін тыңдайды;
      4) уақытша басқарудың мерзімін оны енгізген себептер жойылмаған жағдайда бір жылдан аспайтын мерзімге ұзартады;
      5) уақытша әкімшіліктің қорытынды есебін бекітеді, және уәкілетті органға уақытша басқаруды аяқтау туралы ұсыныс енгізеді.

4. Уақытша басқару жөніндегі комиссияның және уақытша әкімшіліктің жұмыс тәртібі

      19. Уақытша басқару жөніндегі комиссия ондағы жалпы дауыстар санының кемінде үштен екісін иеленетін өкілдер қатысқан жағдайда шешім қабылдауға құқығы бар.
      20. Уақытша басқару жөніндегі комиссияның отырысы қажет болғанда ғана жүргізіледі.
      21. Уақытша әкімшіліктің негізгі қызметінің бағыттары туралы уақытша басқару жөніндегі комиссияның шешімдері көпшілік дауыспен қабылданады, хаттамамен ресімделеді, оған комиссияның төрағасы, мүшелері қол қояды.
      22. Егер астық қабылдау кәсіпорны астық қолхаттарын орындау жөніндегі кепілдік беру қорының (қорлардың) қатысушы болмаған жағдайда шешім қабылдаған кезде уақытша басқару жөніндегі комиссиядағы өкілдердің дауыстары пайыздық қатынаста былайша бөлінеді:
      1) астық қолхаттарын ұстаушылар - елу пайыз;
      2) астық қабылдау кәсіпорны - жиырма бес пайыз;
      3) уәкілетті орган - жиырма бес пайыз.
      Астық қабылдау кәсіпорны астық қолхаттарын орындау жөніндегі кепілдік беру қорында (қорларында) қатысқан жағдайда шешім қабылдаған кезде уақытша басқару жөніндегі комиссиядағы өкілдердің дауыстары пайыздық қатынаста былайша бөлінеді:
      1) астық қолхаттарын ұстаушылар - жиырма бес пайыз;
      2) астық қабылдау кәсіпорны - жиырма бес пайыз;
      3) уәкілетті орган - жиырма бес пайыз;
      4) астық қолхаттарын орындау жөніндегі кепілдік беру қоры (қорлары) - жиырма бес пайыз.

5. Уақытша басқаруды тоқтату тәртібі

      23. Астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқару мынадай негіздемелер:
      1) уәкілетті органның шешімімен белгіленген уақытша басқару мерзімінің аяқталуы;
      2) уақытша басқарудың мерзімінен бұрын аяқталуы туралы уәкілетті органның шешім қабылдауы;
      3) соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша тоқтатылады.
      24. Астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды оның енгізілуіне әкеп соққан себептердің жойылуына байланысты тоқтату (оның ішінде мерзімінен бұрын тоқтату) осы астық қабылдау кәсіпорнына қатысты уәкілетті орган немесе уақытша әкімшілік белгілеген барлық шектеулердің күшін жоюға әкеп соғады.
      25. Егер астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқару астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындау қабілетін қалпына келтіруге жеткізбесе, уәкілетті орган:
      1) астық қолхаттарын беру арқылы қоймалық қызметін жүзеге асыру құқығына астық қабылдау кәсіпорнын лицензиядан айыру туралы облыстың тиісті жергілікті атқарушы органына ұсыныс енгізеді;
      2) астық қабылдау кәсіпорнын мәжбүрлеп тарату туралы сотқа талап-арыз беруге бастама жасайды.