Қаржылық есептілікті депозитарийге беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 14 қазандағы № 1173 Қаулысы

Қолданыстағы

БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

      "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 28 ақпандағы Заңының 20-бабы 1-1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қаржылық есептілікті депозитарийге беру қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2011 жылғы 14 қазандағы 
№ 1173 қаулысымен  
бекітілген      

Қаржылық есептілікті депозитарийге беру қағидалары

      1. Осы Қаржылық есептілікті депозитарийге беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) жария мүдделі ұйымдардың қаржылық есептілікті қаржылық есептілік депозитарийіне (бұдан әрі - депозитарий) беру тәртібін айқындайды.
      2. Депозитарий — пайдаланушылар үшін ашық ұйымдар жыл сайын ұсынатын қаржылық есептіліктің электрондық дерекқоры.
      Депозитарийге қол жеткізу "www.dfo.kz" мекенжайы бойынша Интернет желісінде орналасқан депозитарийдің веб-сайты арқылы жүзеге асырылады.
      3. Депозитарий екі: негізгі және қосымша кіші бөлімнен тұрады.
      Депозитарийдің негізгі кіші бөлімі осы Қағидаларға қосымшада көрсетілген депозитарий ұйымының сәйкестендіру көрсеткіштерін қамтиды.
      Қосымша кіші бөлім ұйымдардың қаржылық есептілігін және аудиторлық есебін қамтиды.
      4. Ұйымдар жыл сайын есептіден кейінгі жылдың 31 тамызынан кешіктірмей уәкілетті орган депозитарий жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға айқындаған ұйымға (бұдан әрі - Уәкілетті ұйым) заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген, уәкілетті орган бекіткен тізбе мен нысандарға сәйкес жасалған, жылдық қаржылық есептілікті береді.
      Қайтадан құрылған ұйымдар ол тіркелген сәттен бастап сол жылдың 31 желтоқсанын қоса алғандағы кезең үшін жылдық қаржылық есептілікті ұсынады.
      5. Еншілес ұйымдары бар ұйымдар Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жасалған қосымша жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті береді.
      6. Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес аудит міндетті болып табылатын ұйымдар осы Қағидалардың 8-тармағында белгіленген тәртіппен Уәкілетті ұйымға "Acrobat Reader" электрондық форматында (қол қойылған және аудиторлық ұйымның мөрімен расталған қағаз нұсқаның сканирленген көшірмесін) аудиторлық есепті де береді.
      Ұйымдар бастамашылық аудит нәтижелері бойынша есеп беруі мүмкін.
      7. Ұйымдар депозитарийге беретін қаржылық есептілік мыналарды қамтиды:
      1) бухгалтерлік баланс;
      2) табыстар мен шығындар туралы есеп;
      3) ақша қаражатының қозғалысы туралы есеп (тура немесе жанама әдіс);
      4) капиталдағы өзгерістер туралы есеп;
      5) түсіндірме жазба (ашып жазу халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады).
      Қаржылық есептілік Уәкілетті ұйым әзірлеген "Қаржылық есептілік депозитарийі" мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етудің (бұдан әрі - бағдарламалық қамтамасыз ету) клиенттік бөлігінің көмегімен депозитарийге тапсыруға жасақталады.
      8. Ұйымдар қаржылық есептілікті депозитарийге мынадай тәртіппен ұсынады:
      1) Уәкілетті ұйымның өңірлік бөлімшелерінде (электрондық ақпарат тасығыштарда) немесе депозитарийдің веб-сайтында алуға болатын бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы қаржылық есептілікті дайындайды. Бағдарламалық қамтамасыз етумен жұмыс істеу нәтижесінде оған ұлттық куәландырушы орталық берген ұйымның электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылуы қажет осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес ұйымның қаржылық есептілігі мен аудиторлық есебі, сондай-ақ оның сәйкестендіру көрсеткіштері бар бір мұрағат файлы (бұдан әрі - электрондық есеп) жасақталады;
      2) депозитарий құрылымына есепті жіберу және енгізу үшін бағдарламалық қамтамасыз етуде бар сервисті пайдалана отырып, депозитарий серверіне (ұйымда Интернетке шығу болған кезде) немесе Уәкілетті ұйымның өңірлік бөлімшелеріне (электрондық ақпарат тасығыштарда) немесе депозитарийдің веб-сайтында көрсетілген Уәкілетті ұйымның электрондық мекенжайына электрондық есепті жібереді.
      9. Уәкілетті ұйым ұйымның электрондық есебі түскен күннен бастап бес жұмыс күнінің ішінде ұйымның электрондық мекенжайына қаржылық есептілікті депозитарийге енгізу немесе электрондық есепті қабылдаудан бас тарту себептері туралы хабарлама жібереді.
      10. Уәкілетті ұйымның электронды цифрлы қолтаңбасымен қол қойылған электронды хабарламасы басып шығарылуы, бірінші басшы мен бас бухгалтердің қол қоюы және ұйымда сақталуы тиіс.
      11. Ұйымның осы Қағидалардың 567 және 8-тармақтарында көрсетілген талаптарды сақтамауы Уәкілетті ұйымның қаржылық есептілікті қабылдауынан бас тартуына негіз болып табылады.

Қаржылық есептілікті  
депозитарийге беру  
қағидаларына      
қосымша        

Ұйымның сәйкестендіру көрсеткіштері
Қаржылық есептілік депозитарийі

Р/с

Көрсеткіш

Түсіндірме

1

БСН

Ұйымның бизнес-сәйкестендіру нөмірі

2

СТН

Салық төлеуші ұйымның тіркеу нөмірі

3

Тіркеу нөмірі

Ұйымдардың мемлекеттік тіркелуі (қайта тіркелуі) кезінде берілген бірегейлендірілген коды

4

Мемлекеттік тіркелген күні

Ұйымның мемлекеттік (есепті) тіркелген (қайта тіркелген) күні

5

Атауы

Ұйымның толық атауы

6

Орналасқан жері

Ұйымның заңды мекенжайы (пошталық индексі, облыс, аудан, елді мекен, көшенің атауы, үйдің, пәтердің, телефонның, факстың нөмірі, веб-сайт, e-mail)

7

Басшы (жоғары лауазымды тұлға)

Ұйымның бірінші басшысының (жоғары лауазымды тұлғаның) тегі, аты-жөні және жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН)

8

Бухгалтер

Ұйымның бас бухгалтерінің тегі, аты-жөні және ЖСН, сондай-ақ кәсіби бухгалтердің сертификаты туралы мәліметтер (кім берді, берілу күні, сертификаттың нөмірі).