Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 16.02.2022 № 65 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
"Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 28 ақпандағы Заңының 20-бабы 1-1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қаржылық есептілікті депозитарийге беру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 14 қазандағы № 1173 қаулысымен бекітілген |
Қаржылық есептілікті депозитарийге беру қағидалары
1. Осы Қаржылық есептілікті депозитарийге беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) жария мүдделі ұйымдардың қаржылық есептілікті қаржылық есептілік депозитарийіне (бұдан әрі - депозитарий) беру тәртібін айқындайды.
2. Депозитарий – жылдық қаржылық есептілік және ұйымдар жыл сайын беріп отыратын аудиторлық есептер, акционерлік қоғамдардың үлестес тұлғаларының тізімі, сондай-ақ акционерлік қоғамдардың корпоративтік оқиғалары туралы ақпарат қамтылатын, пайдаланушылар үшін ашық қолжетімді электрондық деректер базасы.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.04.2016 № 187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.3. Депозитарий екі: негізгі және қосымша кіші бөлімнен тұрады.
Депозитарийдің негізгі кіші бөлімі осы Қағидаларға қосымшада көрсетілген депозитарий ұйымының сәйкестендіру көрсеткіштерін қамтиды.
Қосымша кіші бөлім ұйымдардың қаржылық есептілігін және аудиторлық есебін қамтиды.
4. Ұйымдар жыл сайын есептіден кейінгі жылдың 31 тамызынан кешіктірмей уәкілетті орган депозитарий жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға айқындаған ұйымға (бұдан әрі - Уәкілетті ұйым) заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген, уәкілетті орган бекіткен тізбе мен нысандарға сәйкес жасалған, жылдық қаржылық есептілікті береді.
Қайтадан құрылған ұйымдар ол тіркелген сәттен бастап сол жылдың 31 желтоқсанын қоса алғандағы кезең үшін жылдық қаржылық есептілікті ұсынады.
5. Еншілес ұйымдары бар ұйымдар Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жасалған қосымша жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті береді.
6. Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес аудит міндетті болып табылатын ұйымдар осы Қағидалардың 8-тармағында белгіленген тәртіппен Уәкілетті ұйымға "PDF (Portable Document Format)" электрондық форматында аудиторлық есепті де (қол қойылған және аудиторлық ұйымның мөрімен куәландырылған қағаз нұсқаның сканерленген көшірмесін) береді. Еншілес ұйымдары бар ұйымдар аудиторлық есепті шоғырландырылған есептілік бойынша ұсынады.
Ұйымдар бастамашылық аудит нәтижелері бойынша есеп беруі мүмкін.
Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 07.04.2016 № 187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.7. Ұйымдар депозитарийге беретін қаржылық есептілік мыналарды қамтиды:
1) бухгалтерлік баланс;
2) табыстар мен шығындар туралы есеп;
3) ақша қаражатының қозғалысы туралы есеп (тура немесе жанама әдіс);
4) капиталдағы өзгерістер туралы есеп;
5) түсіндірме жазба (ашып жазу халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады).
Қаржылық есептілік Уәкілетті ұйым әзірлеген "Қаржылық есептілік депозитарийі" мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етудің (бұдан әрі - бағдарламалық қамтамасыз ету) клиенттік бөлігінің көмегімен депозитарийге тапсыруға жасақталады.
8. Ұйымдар қаржылық есептілікті депозитарийге мынадай тәртіппен ұсынады:
1) Уәкілетті ұйымның өңірлік бөлімшелерінде (электрондық ақпарат тасығыштарда) немесе депозитарийдің веб-сайтында алуға болатын бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы қаржылық есептілікті дайындайды. Бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы жұмыс істеу нәтижесінде қаржылық есептілігі, оны бекіту туралы шешімі және аудиторлық есебі, сондай-ақ оның сәйкестендіру көрсеткіштері бар бір мұрағат файлы (бұдан әрі – электрондық есеп) қалыптастырылады, оған осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес ұлттық куәландырушы орталық берген ұйымның электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылуы қажет;
2) депозитарий құрылымына есепті жіберу және енгізу үшін бағдарламалық қамтамасыз етуде бар сервисті пайдалана отырып, депозитарий серверіне (ұйымда Интернетке шығу болған кезде) немесе Уәкілетті ұйымның өңірлік бөлімшелеріне (электрондық ақпарат тасығыштарда) немесе депозитарийдің веб-сайтында көрсетілген Уәкілетті ұйымның электрондық мекенжайына электрондық есепті жібереді.
Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 07.04.2016 № 187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.9. Уәкілетті ұйым ұйымның электрондық есебі түскен күннен бастап бес жұмыс күнінің ішінде ұйымның электрондық мекенжайына қаржылық есептілікті депозитарийге енгізу немесе электрондық есепті қабылдаудан бас тарту себептері туралы хабарлама жібереді.
10. Уәкілетті ұйымның электронды цифрлы қолтаңбасымен қол қойылған электронды хабарламасы басып шығарылуы, бірінші басшы мен бас бухгалтердің қол қоюы және ұйымда сақталуы тиіс.
11. Ұйымның осы Қағидалардың 5, 6, 7 және 8-тармақтарында көрсетілген талаптарды сақтамауы Уәкілетті ұйымның қаржылық есептілікті қабылдауынан бас тартуына негіз болып табылады.
Уәкілетті ұйым ұсынылған аудиторлық есептің және қаржылық есептіліктің мазмұнын қарамайды.
Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 07.04.2016 № 187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулысымен. Қаржылық есептілікті депозитарийге беру қағидаларына қосымша |
Қаржылық есептілік депозитарийі ұйымының сәйкестендіру көрсеткіштері
Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.04.2016 № 187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Р/с № | Көрсеткіш | Түсіндірме |
1. | БСН | Ұйымның бизнес-сәйкестендіру нөмірі |
2. | Мемлекеттік тіркелген күні | Ұйымның мемлекеттік (есептік) тіркелген (қайта тіркелген) күні |
3. | Атау | Ұйымның толық атауы |
4. | Орналасқан жері | Ұйымның заңды мекенжайы (пошталық индексі, облыс, аудан, елді мекен, көшенің атауы, үйдің, пәтердің, телефонның, факстың нөмірі, веб-сайты, е-mail) |
5. | Басшы (жоғары лауазымды тұлға) | Ұйымның бірінші басшысының (ұйымның жоғары лауазымды тұлғасының) тегі, аты-жөні және жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) |
6. | Бухгалтер | Ұйымның бас бухгалтерінің тегі, аты-жөні және ЖСН, сондай-ақ кәсіби бухгалтердің сертификаты туралы мәліметтер (кім берді, берілген күні, сертификаттың нөмірі), ол мүшесі болып табылатын бухгалтердің кәсіби ұйымының атауы (мүшелік билеттің немесе бухгалтердің кәсіби ұйымында мүшелігін растайтын құжаттың нөмірі және берілген күні) |