Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді ұйымдастыру және қаржыландыру қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 шілдедегі № 815 Қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді ұйымдастыру және қаржыландыру қағидасы бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 18 шілдедегі
№ 815 қаулысымен  
бекітілген    

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын
адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді
және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді ұйымдастыру
және қаржыландыру қағидасы

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

1. Жалпы ережелер 

      1. Осы Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді ұйымдастыру және қаржыландыру қағидасы (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 316 қаулысымен бекітілген Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының (бұдан әрі – Бағдарлама) бірінші бағыты шеңберінде өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар мен табысы аз адамдар қатарындағы Қазақстан Республикасы азаматтарын және оралмандарды оқыту, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін айқындайды.
      2. Оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу:
      1) оқу және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша консультацияларды және психологиялық бейімдеуді;
      2) біліктігін арттырудың, кәсіптік даярлаудың және қайта даярлаудың (бұдан әрі – кәсіптік оқыту) тегін курстарына жолдауды;
      3) оқуға материалдық көмек көрсетуді;
      4) лайықты бос жұмыс орындарын іздеуді және жұмысқа оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар практикасына орналасуға жәрдемдесуді;
      5) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын жеке тұлғалардың жалақысын ішінара субсидиялауды;
      6) жастар практикасына жіберілген жеке тұлғалардың еңбегіне ақы төлеуді қамтиды.
      3. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) аудандық/қалалық комиссия (бұдан әрі – комиссия) – жергілікті атқарушы органның жанындағы Бағдарламаны іске асыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия;
      2) әлеуметтік келісімшарт – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының жұмыссыз, өз бетінше жұмыспен айналысушы және табысы аз азаматтары қатарындағы жеке тұлға мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасындағы, тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісім;
      3) Бағдарламаға қатысушылар – Бағдарламаға қатысуға халықты жұмыспен қамту орталығының оң шешімін алған, өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары және оралмандар;
      4) Бағдарлама операторы – халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды үйлестіруші орталық атқарушы орган;
      5) білім беру саласындағы жергілікті атқарушы орган – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім саласында білім беру қызметтерін көрсетуді басқару функцияларын іске асыратын жергілікті атқарушы органдардың облыстық білім басқармалары;
      6) білім беру саласындағы уәкілетті орган – білім беру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
      7) жалпыұлттық дерекқор (бұдан әрі – дерекқор) – жекелеген кәсіптер (мамандықтар) бойынша ағымдағы бос жұмыс орындары мен болжамды жұмыс орындарының дерекқоры;
      8) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары – мемлекет Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асыратын, өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтарын және оралмандарды мемлекеттік қолдау шаралары;
      9) жұмыс тобы – Бағдарламаның әлеуетті қатысушыларын кәсіптік оқуға жіберу мәселелерін жедел қарау мақсатында халықты жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерінің, білім беру органдары мен ұйымдарының, жұмыс берушілердің, қызметкерлердің бірлестіктері мен басқа да мүдделі ұйымдардың өкілдерінен тұратын топ;
      10) оралман – тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде одан тысқары тұрақты тұрып жатқан этникалық қазақ және оның Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін одан тысқары жерде туған және тұрақты тұрып жатқан ұлты қазақ балалары;
      11) уәкiлеттi орган – өңірлік деңгейде халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесуді және жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз ететiн жергiлiктi атқарушы органдардың құрылымдық бөлiмшесi;
      12) халықты жұмыспен қамту орталығы – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру мақсатында ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы құратын мемлекеттік мекеме;
      13) оқуға материалдық көмек – кәсіптік оқудан өтіп жатқан Бағдарлама қатысушысына тамақтану, жол жүру және тұруға арналған шығынды ішінара өтеуге төленетін ақшалай қаражат;
      14) жұмыспен ішінара қамтылған жалдамалы қызметкерлер – толық емес жұмыс уақыты немесе жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы жағдайында, немесе қызметкерлер әлеуметтік демалыста немесе өндірістің тоқтатылуына байланысты еріксіз бос жүрген жағдайларда еңбек қызметін жүзеге асыратын қызметкерлер;
      15) әлеуметтік демалыс – ана болу, бала күтімі үшін, өндірістен қол үзбей білім алу және өзге де әлеуметтік мақсаттар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында қызметкерді белгілі бір кезеңге жұмыстан босату.

2. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын
адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді
және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді ұйымдастыру
және қаржыландыру тәртібі

Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздар мен табысы аз
адамдарды оқытуды ұйымдастыру және жүргізу тәртібі

      4. Халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаға қатысуға үміткерлерге кәсіп (мамандық) таңдаумен, кәсіптік оқумен және оны аяқтағаннан кейін жұмыс берушілер мәлімдеген және дерекқорға енгізілген басым кәсіптердің (мамандықтардың) тізбесін ескере отырып, ықтимал жұмысқа орналасумен байланысты мәселелер бойынша консультация береді.
      5. Өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар мен табысы аз адамдар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары және оралмандар (бұдан әрі – адамдар) Бағдарламаға қатысу үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарына осы Қағидаға қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш береді.
      6. Өтініш беру кезінде мынадай құжаттар ұсынылады және мыналар қоса беріледі:
      1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      2) тұрғылықты тұратын жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжаттың көшірмесін (азаматтарды тіркеу кітапшасы, мекенжай анықтамасын не селолық және/немесе ауылдық әкiмдердiң анықтамасын);
      3) еңбек кітапшасының көшірмесі (болған жағдайда) немесе еңбек қызметін растайтын өзге құжат (табысы аз азаматтар қатарындағы жұмыс істейтін адамдар және жұмыспен ішінара қамтылған қызметкерлер үшін);
      4) білімі туралы құжаттың (аттестат, куәлік, диплом), сондай-ақ оқу оқығанын растайтын басқа да құжаттардың (куәлік, сертификат) көшірмелері;
      5) денсаулық жағдайы туралы анықтама (денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысанға сәйкес).
      Жұмыспен ішінара қамтылған жалдамалы қызметкерлер бұған қоса жұмыс берушінің толық емес жұмыс уақыты немесе қысқартылған ұзақтықтағы жұмыс уақыты режиміне өтуі, немесе қызметкерлерге әлеуметтік демалыс беру туралы немесе еріксіз бос жүруі туралы актісін ұсынады.
      7. Халықты жұмыспен қамту орталығы Бағдарламаға қатысушылар құрамына енгізу туралы өтініш тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде:
      1) үміткерлерді Бағдарламаға қатысушылар құрамына енгізу туралы ұсыныс әзірлеуді;
      2) Бағдарламаға қатысушылар құрамына енгізуге үміткерлердің тізімін қалыптастыруды;
      3) қалыптастырылған тізімдер мен тізімге енгізілген үміткерлердің құжаттарын Комиссияның немесе жұмыс тобының қарауына беруді жүзеге асырады.
      8. Комиссия немесе жұмыс тобы ұсынылған құжаттарды екі жұмыс күні ішінде қарайды және Бағдарламаға қатысушылар құрамына енгізу (не бас тарту) туралы ұсыным береді.
      9. Халықты жұмыспен қамту орталығы үш жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың қойылған талаптарға сәйкестігін тексеру нәтижесі және Комиссияның немесе жұмыс тобының ұсынымы негізінде Бағдарламаға қатысушылар құрамына енгізу (не бас тарту) туралы шешім қабылдайды.
      10. Халықты жұмыспен қамту орталығы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өтініш берушіні қабылданған шешім туралы жазбаша хабардар етеді.
      11. Бағдарламаға қатысушылар құрамына енгізуге үміткерлердің тізімін қалыптастыру кезінде білім деңгейі, кәсібінің (мамандығының) және біліктілігінің болуы ескеріледі.
      12. Бағдарламаға қатысуға үміткерлердің саны тиісті қаржы жылына арналған қаржыландыру жоспарында оқытуға және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге көзделген қаражат көлемінің негізінде айқындалады.
      13. Халықты жұмыспен қамту орталығының шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті органға және (немесе) сотқа шағым жасалуы мүмкін.
      14. Халықты жұмыспен қамту орталығы Бағдарламаға қатысушылардың құрамына енгізілген адамдармен Бағдарлама операторы әзірлеген нысан бойынша әлеуметтік келісімшарт жасайды.
      15. Халықты жұмыспен қамту орталықтары жоспарланған іс-шаралардың тиімділігін бағалайды және Бағдарламаға қатысушылардың әлеуметтік келісімшарт шеңберінде қабылдаған міндеттемелерін орындауын бақылайды.
      Бағдарламаға қатысушылар мен Бағдарламаны іске асыруға қатысуға тілек білдірген жұмыс берушілер туралы мәлімет Әлеуметтік-еңбек саласы бірыңғай ақпараттық жүйесінің «Жұмыспен қамту» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде орналастырылады.
      16. Кәсіптік білімі бар Бағдарламаға қатысушыларға лайықты жұмыс болмаған жағдайда, сондай-ақ кәсібі (мамандығы) жоқ Бағдарламаға қатысушыларға осы Қағидада көзделген шарттармен басым кәсіптер (мамандықтар) бойынша кәсіптік оқудан өту ұсынылады.
      17. Ауылдық жерде тұратын жастар мен әйелдер қатарындағы Бағдарламаға қатысушылар кәсіптік оқудан өтудің басым құқығына иеленеді.
      Кәсіптік оқытуға ағымдағы күнтізбелік жылғы 9 сыныптардың түлектері қатарынан адамдарды жіберуге жол берілмейді.
      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.08.18 № 1062 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      18. Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқыту:
      1) мыналарды: кәсібі (мамандығы) жоқ, кәсіп (мамандық) игеруді және сол кәсібі (мамандығы) бойынша жұмыс істеуді қалайтын адамдарды; еңбек нарығында сұранысқа ие емес кәсібі (мамандығы) бар, жаңа кәсіп (мамандық) игеруді және сол кәсібі (мамандығы) бойынша жұмыс істеуді қалайтын адамдарды кәсіптік даярлауды;
      2) егер Бағдарламаға қатысушыларға кәсібі (мамандығы) бойынша лайықты жұмыс ұсыныла алмайтын болған немесе олардың белгілі бір кәсіптер (мамандықтар) бойынша жұмысты орындауға қабілеттілігі жойылған жағдайда, жаңа кәсіптер (мамандықтар) меңгеру мақсатында қайта даярлауды;
      3) кәсіби шеберлігін жетілдіру, анағұрлым жоғары разряд (сынып, санат) алу, өндірістік қажеттілікті ескере отырып, прогрессивті техника мен технологияны зерттеу және игеру мақсатында біліктілігін арттыруды қамтиды.
      Кәсіптік оқудың әр түрлі түрлері мен нысандарын ұйымдастырудың мақсаты, міндеттері мен ерекшеліктері Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы, «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі заңдарына және басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес айқындалады.
      19. Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқыту халықты жұмыспен қамту орталығының жолдауы бойынша білім беру ұйымдарында не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім беру қызметіне құқығы бар кәсіпорындарда (бұдан әрі – ұйымдар) жүргізіледі.
      20. Базасында Бағдарламаға қатысушыларды басым кәсіптер (мамандықтар) бойынша кәсіптік оқыту жүзеге асырылатын ұйымдардың тізбесін білім беру саласындағы жергілікті атқарушы орган айқындайды, ол осы ұйымдармен тиісті екіжақты шарттар жасайды.
      21. Кәсіптік оқытуды жүзеге асыру үшін ұйымдарды айқындау кезінде:
      1) ұйымдардың білім беру қызметінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттардың талаптарына сәйкестігі;
      2) Бағдарламаға қатысушылардың өндірістік практикасын ұйымдастыруға міндетті түрде қатысуы ескеріледі.
      Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқыту шарттарын жасасқан кезде ұйым Бағдарламаға қатысушылар үшін өндірістік практиканы жүзеге асыру жоспарланатын ұйымдардың тізбесін ұсынады.
      22. Білім беру саласындағы жергілікті уәкілетті орган кәсіптер (мамандықтар) мен оқу ұзақтығын көрсете отырып, Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқыту шарттарын жасасқан ұйымдардың тізбесін уәкілетті органға ұсынады, ол оны тиісті өңірдің халықты жұмыспен қамту орталығының назарына жеткізеді.
      23. Ауданда (қалада), базасында басым мамандықтар (кәсіптер) бойынша кәсіптік оқытуды ұйымдастыруға болатын ұйым болмаған жағдайда, Бағдарламаға қатысушыларды ауданнан (қаладан) тыс жерде оқытуға жол беріледі.
      24. Базасында жұмыспен ішінара қамтылған жалдамалы қызметкерлердің қатарындағы Бағдарламаға қатысушыларды басым кәсіптер (мамандықтар) бойынша қайта даярлау және біліктілігін арттыру жүзеге асыралатын ұйымдарды іріктеуді мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес халықты жұмыспен қамту орталығы жүзеге асырады (2012 жылдан бастап енгізіледі).
      Жұмыспен ішінара қамтылған жалдамалы қызметкерлердің қатарындағы Бағдарлама қатысушыларын қайта даярлау және біліктілігін арттыру үшін ұйымдарды іріктеу кезінде ұйымдардың білім беру қызметінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары талаптарына сәйкестігі ескеріледі.
      25. Базасында Бағдарлама қатысушыларын басым кәсіптер (мамандықтар) қайта даярлау және біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын ұйымдарды іріктеуді мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес халықты жұмыспен қамту орталығы жүзеге асырады (2013 жылдан бастап енгізіледі).
      Бағдарлама қатысушыларын қайта даярлау және біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын ұйымдарды іріктеу кезінде ұйымдардың білім беру қызметінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары талаптарына сәйкестігі ескеріледі.
      26. Кәсіптік оқуға жіберілетін Бағдарламаға қатысушылардың тізімін халықты жұмыспен қамту орталықтары ұйымдар мен кәсіптер (мамандықтар) бөлінісінде қалыптастырады және білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органға жібереді.
      27. Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқытудың ұзақтығы оқу бағдарламасының мазмұнына байланысты белгіленеді және:
      1) кәсіптік даярлауды жүргізген кезде – отыз алты айдан (техникалық және кәсіптік білім беру мамандықтары бойынша – мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарында көрсетілген оқу мерзімінен);
      2) қайта даярлау кезінде – алты айдан;
      3) біліктілігін арттыру кезінде – үш айдан аспауға тиіс.
      28. Кәсіптік оқудан өту кезінде меңгерген білімі мен дағдысын аралық бағалаудан табысты өткен Бағдарламаға қатысушыға ай сайын оқуға арналған материалдық көмек төленеді. Тамақтану шығындарын ішінара өтеуге берілетін оқуға арналған материалдық көмек құрамындағы ақшалай қаражаттың сомасы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын студенттер үшін заңнамада белгіленген стипендияның мөлшеріне тең.
      29. Ұйым Бағдарламаға қатысушылардың тұрақты тұратын жерінен тыс жердегі елді мекендерде орналасқан жағдайда, оларға оқуға арналған материалдық көмектің құрамында мынадай:
      1) кәсіптік даярлаудан өтушілерге оқу орнына дейін және кері жол жүруге – бір оқу жылының ішінде төрт айлық есептік көрсеткіштен (бұдан әрі – АЕК) аспайтын мөлшерде, қайта даярлаудан өтушілер мен біліктілігін арттырушыларға – оқу кезеңінде екі АЕК-тен аспайтын мөлшерде;
      2) тұруына – ай сайын он айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде қаражат төленеді.
      30. Бағдарламаға қатысушылардың оқу барысында меңгерген білімі мен дағдысын аралық және қорытынды бағалауды білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органның, халықты жұмыспен қамту орталығының, жұмыс берушілер өкілдерінің қатысуымен білім беру ұйымы жүзеге асырады.
      31. Ұйым халықты жұмыспен қамту орталығымен келісім бойынша Бағдарламаға қатысушыларды:
      1) дәлелді себептерсіз қатарынан бес оқу күнінен артық сабақтарды жіберіп алған;
      2) үлгерімі нашар болған немесе білімін аралық бақылау қанағаттанғысыз болған;
      3) ұйымның ішкі тәртібін бұзған жағдайларда оқудан шығарады.
      32. Бағдарламаға қатысушыны оқудан шығарған кезде:
      1) білім беру саласындағы жергілікті атқарушы орган Білім беру ұйымдарына төлем бойынша қайта есептеу жүргізеді, бұл ретте төлем нақты ұсынылған қызметтердің көлеміне барабар жүзеге асырылады;
      2) Халықты жұмыспен қамту орталығы Ұйымның төлемі бойынша қайта есептеу жүргізеді, бұл ретте төлеу жұмыспен ішінара қамтылған жалдамалы қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру жөнінде нақты берілген қызметтердің көлеміне барабар жүзеге асырылады (2012 жылдан бастап енгізіледі);
      3) Халықты жұмыспен қамту орталығы Ұйымның төлемі бойынша қайта есептеу жүргізеді, бұл ретте төлеу қайта даярлау және біліктілігін арттыру жөнінде нақты берілген қызметтердің көлеміне пропорционалды түрде жүзеге асырылады (2013 жылдан бастап енгізіледі);
      4) Бағдарламаға қатысушы әлеуметтік келісімшарттың талаптарына сәйкес қызметтердің осы көлемінің құнын, оқуға арналған материалдық көмектің төленген сомасын бюджетке өтейді.
      33. Бағдарламаға қатысушы тұрақты жұмысқа орналасу, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің мерзімді әскери қызметіне шақырылу, қайтыс болу себептері бойынша, сондай-ақ балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жиырма үш жасқа дейінгі балалар қатарындағы Бағдарламаға қатысушылар кез келген себептер бойынша кәсіптік оқуын мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда Бағдарламаға қатысушымен жасалған әлеуметтік келісімшарт көрсетілген білім беру қызметінің құнын, сондай-ақ оқуға төленген материалдық көмек сомасын бюджетке қайтару талаптарынсыз бұзылады.
      34. Кәсіптік оқуды табысты аяқтағаннан кейін халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаға қатысушыларға жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі.
      35. Бағдарламаға қатысушыларды кейіннен жұмысқа орналастыра отырып, кәсіптік оқыту жұмыс берушілердің тікелей қатысуымен де болуы мүмкін.
      36. Бағдарламаға қатысушыларды кейіннен жұмысқа орналастыра отырып, кәсіптік оқытуға қатысқысы келетін жұмыс берушілер кәсіптік оқыту жүргізілетін ұйымды өз бетінше айқындайды, онымен Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқыту туралы шарт жасайды, халықты жұмыспен қамту орталығына кәсіптік оқуға жіберілетін Бағдарламаға қатысушылардың санын, ұйымды, кәсіптердің (мамандықтардың) тізбесі мен оқуын аяқтаған Бағдарламаға қатысушыларға ұсынылатын жұмыс орындарының санын көрсете отырып, өтінім береді. Өтінімге: ұйыммен жасасқан кәсіптік оқу туралы шарт, жұмыс берушінің құрылтай құжаттары, оның СТН-і (БСН) және банк деректемелері қоса беріледі.
      37. Халықты жұмыспен қамту орталығы өтінім берген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жұмыс берушілермен тиісті шарт жасайды және Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқудан өту үшін жұмыс беруші көрсеткен Ұйымға жібереді.
      Жұмыс беруші ұйымға кәсіптік оқудың ақысын толық төлейді.
      38. Халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарлама шеңберінде белгіленген құны бойынша жұмыс берушілердің Бағдарламаға қатысушыларды оқытуға байланысты шығыстарының жетпіс пайызына дейін өтейді.
      39. Жұмыс берушінің кәсіптік оқуға жұмсаған шығыстарын өтеу Бағдарламаға қатысушылар оқудың толық курсын аяқтағаннан кейін, ұйымның қызметтеріне ақы төлеу туралы ұсынылған төлем құжаттарының, ұйымның Бағдарламаға қатысушыларға біліктілік беру (мамандық алу) туралы актісінің және жұмыс берушінің Бағдарламаға қатысушыларды тұрақты жұмысқа қабылдау туралы актілерінің негізінде жүргізіледі.
      40. Қызметкерлерді жұмыспен ішінара қамтуды қолданатын жұмыс берушілер Бағдарлама шеңберінде қайта даярлауды немесе жұмыспен ішінара қамтылған өз қызметкерлерінің біліктілігін өндірістен қол үзбестен де, қол үзіп те арттыруды ұйымдастырады.
      41. Жұмыс берушілер халықты жұмыспен қамту орталығына қайта даярлауға және/немесе біліктілігін арттыруға жіберілетін қызметкерлердің санын, кәсіптердің (мамандықтардың) тізбесін және оқу (күндізгі немесе кешкі) нысанын көрсете отырып, өтінім береді. Өтінімге жұмыс берушінің құрылтай құжаттары, оның СТН-і (БСН) және банк деректемелері қоса беріледі.
      42. Халықты жұмыспен қамту орталығы өтінім берілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны Комиссияның немесе жұмыс тобының қарауына жібереді. Аталған жұмыс берушінің қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыруды ұйымдастыру туралы мәселесі оң шешілген жағдайда халықты жұмыспен қамту орталығы онымен тиісті шарт жасайды.
      43. Жұмыс берушінің жұмыспен ішінара қамтылған жалдамалы қызметкерлері Бағдарламаға қатысу үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарына осы Қағидаға қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш береді және осы Қағидада көзделген негіздемелерде оның қатысушыларының құрамына енгізу рәсімінен өтеді.
      Комиссия немесе жұмыс тобы мақұлдаған жұмыс берушілердің өтінімдерін ескере отырып, халықты жұмыспен қамту орталығы мемлекеттік сатып алу туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыспен ішінара қамтылған жалдамалы қызметкерлерді қайта даярлау және/немесе біліктілігін арттыруды тікелей жүзеге асыратын ұйымды айқындайды, және олармен тиісті екіжақты шарттар жасайды.
      44. Жұмыспен ішінара қамтылған жалдамалы қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру бағдарламалары мен нысандарын, сондай-ақ оларды өткізу кестесін ұйымдар жұмыс берушілермен және халықты жұмыспен қамту орталықтарымен келіседі.
      45. Бағдарлама қатысушыларының құрамына енгізілген жұмыспен ішінара қамтылған жалдамалы қызметкерлерді халықты жұмыспен қамту орталығы ұйымға қайта даярлау және/немесе біліктілігін арттырудан өтуге жібереді.
      46. Қайта даярлау және/немесе біліктілігін арттырудан өту уақытына Бағдарламаға қатысушыға әлеуметтік демалыс беріледі.
      47. Ұйым жұмыспен ішінара қамтылған жалдамалы қызметкерлердің қатарындағы Бағдарламаға қатысушылардың өндірістен қол үзіп оқу кезінде тұрақты тұратын жерінен басқа елді мекендерде болған жағдайда, оларға оқуға арналған материалдық көмек құрамында мынадай:
      1) жол жүруге – оқу кезеңінде екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      2) тұруға – он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ай сайын қаражат төленеді.

Өз бетінше жұмыспен айналысушылардың, жұмыссыздар мен табысы аз адамдардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу тәртібі

      48. Халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаға енгізу сәтінде кәсіптік білімі болған не кәсіптік оқуды аяқтаған Бағдарламаға қатысушыларды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс берушілермен жасасқан шарттар негізінде:
      1) дерекқорда бар бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі;
      2) жұмыс берушілер құрған әлеуметтік жұмыс орындарына мемлекеттің жалақыны он екі ай бойы:
      алғашқы алты айда – жалақының елу пайызынан асырмай;
      кейінгі үш айда – жалақының отыз пайызынан асырмай;
      соңғы үш айда – жалақының он бес пайызынан асырмай ішінара субсидиялау шартымен жібереді;
      3) жұмыс берушілер құрған жұмыс орындарына мемлекеттің жалақыны алты ай бойы толық субсидиялауы шартымен жастар практикасынан өту үшін жібереді.
      49. Әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылған Бағдарламаға қатысушылардың жалақысын ай сайын субсидиялаудың мөлшері салықтар мен әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны ескергенде, алғашқы алты айда 26 мың теңгеден, кейінгі үш айда 15,6 мың теңгеден, соңғы үш айда 7,8 мың теңгеден аспауға тиіс болады.
      Бұл ретте жұмыс берушімен жасалған шарт қолданылған тұтас кезең бойы жалақының айлық мөлшерін азайтуға жол берілмейді.
      50. Жұмыс орындарына орналастырылған Бағдарламаға қатысушылардың жалақысын ай сайын субсидиялаудың мөлшері салықтардың, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны және банк қызметтерін ескергенде, бүкіл жұмыс кезеңінің ішінде айына 17,2 айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс болады.
      51. Тұрақты тұратын жерінде жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған жағдайда кәсіптік оқу оқыған Бағдарламаға қатысушыларға Бағдарламаның екінші («Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу») немесе үшінші («Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру») бағыттарына қатысу ұсынылады.

Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздармен табысы
аз адамдарды оқытуды және олардың жұмысқа орналасуына
жәрдемдесуді қаржыландыру тәртібі

      52. Оқудың ақысын төлеу, жол жүрудің және тұрудың шығыстарын өтеу, жалақыны субсидиялау мақсатында Бағдарламаға қатысушыларға ұсынылатын мемлекеттік қолдауды қаржылай қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне нысаналы трансферттер бөлінеді.
      53. Қаржылық тәртіпті қамтамасыз ету және бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізу үшін нысаналы трансферттерді пайдаланудың нәтижесі туралы:
      1) білім беру саласындағы орталық уәкілетті орган мен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері арасында кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру, оның ішінде бұрын 2009 және 2010 жылдары Өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясы (Жол картасы) бойынша;
      2) Бағдарлама операторы мен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері арасында жұмыспен ішінара қамтылған жалдамалы қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру бөлігінде жалақыны субсидиялау бойынша келісімдер жасалады.
      54. Қаржылық тәртіпті және бюджет қаражатын нысаналы пайдалану мониторингін қамтамасыз ету үшін нысаналы трансферттерді пайдалану нәтижелері туралы:
      1) білім беру саласындағы орталық уәкілетті орган мен облыстардың, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің арасында кәсіптік даярлау бөлігінде (оның ішінде бұрын 2010 жылы Өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясы (Жол картасы) және Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасы шеңберінде кәсіптік оқуға қабылданған адамдардың оқуын аяқтауға бөлінген);
      2) Бағдарлама операторы және облыстардың, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің арасында кәсіптік даярлауға және қайта даярлауға, жалақыны субсидиялау бөлігінде келісімдер жасалады (2013 жылдан бастап енгізіледі).
      55. Білім беру саласындағы орталық уәкілетті орган, Бағдарлама операторы бюджет заңнамасына сәйкес тиісті республикалық бюджеттік бағдарламалар бойынша ағымдағы нысаналы трансферттерді облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне аударуды жүргізеді.
      56. Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және кадрлардың біліктілігін арттыруға, оның ішінде бұрын 2009 және 2010 жылдары Өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясы (Жол картасы) шеңберінде кәсіптік оқуға қабылданған адамдардың оқуын аяқтауға, сондай-ақ жұмыспен ішінара қамтылған жалдамалы қызметкерлердің біліктілігін арттыруға бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану Ұйымдармен жасасқан шарттар негізінде, жалақыны субсидиялау – жұмыс берушілермен жасасқан шарттар негізінде жүзеге асырылады.
      57. Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік даярлауды, оның ішінде бұрын 2009 және 2010 жылдары Өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясы (Жол картасы) шеңберінде кәсіптік оқуға қабылданған адамдардың оқуын аяқтауын қаржыландыру техникалық және кәсіптік білім мамандықтары бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарға сәйкес оқуды толық аяқтау мерзіміне дейін жыл сайын жүзеге асырылады.
      58. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың 10 күніне қарай білім беру саласындағы орталық уәкілетті органға және Бағдарлама операторына келісімдерде көзделген нысан бойынша және мынадай:
      1) кәсіптер (мамандықтар) бөлінісінде кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан және біліктілігін арттырудан өткен өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдардың саны туралы;
      2) кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан және біліктілігін арттырудан өткен, жұмысқа орналастырылған, оның ішінде бар бос жұмыс орындарына; әлеуметтік жұмыс орындарына; жастар практикасынан өту үшін құрылған жұмыс орындарына орналастырылған Бағдарламаға қатысушылар саны туралы;
      3) қайта даярлау және біліктілігін арттырудан өткен жұмыспен ішінара қамтылған жалдамалы қызметкерлердің саны туралы мәліметтерді қамтитын есептерді ұсынады.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің    
белсенді шараларына қатысатын    
адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа 
орналасуына жәрдемдесуді және оларға
мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді
ұйымдастыру және қаржыландыру қағидасына
қосымша              

_______________________ауданының 
(қаласының) Халықты жұмыспен   
қамту орталығының директорына    
________________________________ 
________________________________ 
________________________________ 
________мекенжайы бойынша тұратын
_______________________________  

Өтініш

     Мені «Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу» бағыты бойынша Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасына қатысушылар қатарына енгізуді сұраймын.
      Қосымша ___ парақта:
      жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжаттың (азаматтарды тіркеу кітабы, мекенжай бюросының анықтамасы, селолық және/немесе ауылдық әкімдердің анықтамасы) көшірмесі;
      еңбек кітапшасының (болған жағдайда) көшірмесі немесе еңбек қызметін растайтын өзге құжат (табысы аз және жұмыспен ішінара қамтылған қызметкерлердің қатарындағы жұмыс істейтін адамдар үшін);
      білімі туралы құжаттың (аттестат, куәлік, диплом), сондай-ақ оқу оқығанын растайтын басқа да құжаттардың (куәлік, сертификат) көшірмелері;
      денсаулық жағдайы туралы анықтама (денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысанға сәйкес);
      жұмыс берушінің жұмыс уақыты толық емес, немесе жұмыс уақытының ұзақтығы қысқартылған режимге өтуі туралы, немесе әлеуметтік демалыс беру туралы, немесе мәжбүрлі бос тұрып қалуы (жұмыспен ішінара қамтылған жалдамалы қызметкерлер үшін) туралы актісі.

      Күні                                                       қолы

___________________________________________________________ азаматтың өтініші 20__ ж. «___»____________ қабылданды, № ________ болып тіркелді
      Құжаттарды қабылдаған адамның Т.А.Ә., лауазымы және қолы:________________________________________________________________
_____________________________________________________________________

*ұсынылған құжаттардың дұрыстығына өтініш беруші жауапты болады.