Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 27 мамырдағы № 590 Қаулысы.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 27 мамырдағы
№ 590 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 31.08.2016 № 497 қаулысымен.

      2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 44, 443-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентінде:

      89-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Парламент қарауына Үкімет енгізетін заң жобалары бойынша "Норма шығармашылығы қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 30 мамырдағы № 598 қаулысымен бекітілген Ғылыми сараптама жүргізу ережесіне сәйкес заң жобасымен реттелетін құқықтық қатынастарға қарай тиісті ғылыми (құқықтық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, лингвистикалық, экономикалық, экологиялық, қаржы және басқа да) сараптама жүргізу міндетті. Бұл ретте оларды қабылдау экологиялық, оның ішінде радиациялық қауіпсіздікке, қоршаған ортаны қорғауға қатер төндіруі мүмкін салдарды болжайтын заңнамалық актілердің жобаларына міндетті экологиялық сараптама жүргізілуі тиіс";

      90-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Заң жобасын әзірлеуші жобаға тиісті ғылыми сараптама (оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы міндетті ғылыми, ғылыми лингвистикалық және қажет болған жағдайда - криминологиялық ғылыми сараптама) жүргізуді қамтамасыз етеді, оның нәтижелері бойынша қорытынды ұсынымдық сипатта болады (барлық заңды және жеке тұлғалардың орындауы үшін міндетті мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын қоспағанда).";

      95-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) заң жобасының (заң жобаларының) ғылыми (оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы және ғылыми лингвистикалық) сараптамасының нәтижелері бойынша қорытындыны (қорытындыларды). Заң жобасын әзірлеуші ғылыми (оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы және ғылыми лингвистикалық) сараптаманың қорытындысымен (қорытындыларымен) келіспеген жағдайда тиісті корытындымен келіспеу себептеріне жазбаша дәлелді негіз келтіруі тиіс;";

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентіне 1-қосымшаның "Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасына түсіндірме жазба" деген кестесінде:

      сегізінші жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша басқа ұйымдарда қосымша (құқықтық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, лингвистикалық, экономикалық, экологиялық, қаржы және басқа да) сараптама жүргізілген жағдайда оның нәтижелері.".

      3. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 29.12.2016 № 907 қаулысымен.

      4. "Қазақстан Республикасындағы норма шығармашылығы қызметін жетілдірудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 22 қаңтардағы № 19 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 6, 83-құжат):

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Мекеме қызметінің негізгі мақсаты мен түрлері заңдардың жобаларын әзірлеуге қатысу, Қазақстан Республикасының заңнамасын дамытудың ғылыми тұжырымдамаларын әзірлеу, заңдардың Қазақстан Республикасы қатысушы болуға ниеттенетін халықаралық шарттардың жобаларына, сондай-ақ халықаралық шарттардың жобаларына ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізу, мемлекеттің қызметін құқықтық қамтамасыз ету саласындағы іргелі және ғылыми-қолданбалы зерттеулерді жүргізу болып белгіленсін.".

      5. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 08.06.2021 № 386 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.