РҚАО-ның ескертпесі!
ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 308 бұйрығы.
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 25) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында бортсеріктердің жұмысын ұйымдастыру қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 29 сәуірдегі
№ 471 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында бортсеріктердің жұмысын ұйымдастыру қағидасы 1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында бортсеріктердің жұмысын ұйымдастыру қағидасы (бұдан әрі - Қағида) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 25) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында бортсеріктердің жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидада мынадай терминдер мен анықталғандар қолданылады:
1) авиациялық оқу орталығы - авиация персоналын даярлауды, қайта даярлауды және олардың кәсіптік деңгейін ұстауды жүзеге асыратын заңды тұлға;
2) аса маңызды ұшу - Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының күзетілетін адамдарын әуемен тасымалдау кезінде әуе кемелерінің ұшуына, сондай-ақ олардың ұшатын маршруттарына (рейстеріне) беретін мәртебе;
3) қауіпті жүктер - денсаулық, қауіпсіздік, мүлік немесе қоршаған орта үшін қатер төндіруге қабілетті және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) кеңесі бекіткен Әуе арқылы қауіпті жүктерді қауіпсіз тасымалдау жөніндегі техникалық нұсқаулықтардағы қауіпті жүктер тізбесінде көрсетілген бұйымдар немесе заттар;
4) ұшуды жүргізу жөніндегі нұсқаулық - ұшу тәртібін, ұйымдастырылуын, қамтамасыз етілуін және орындалуын регламенттейтін, пайдаланушы бекітетін және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келісілген құжат;
5) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық және эксперименттік авиация қызметі саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
6) кабиналық экипаж мүшесі - қауіпсіздік мүддесіне орай және жолаушыларға қызмет көрсету және (немесе) жүктерді тасымалдау мақсатында әуе кемесінің бортында пайдаланушы немесе әуе кемесінің командирі өзіне тапсыратын міңдеттерді орындайтын, авиация персоналына жататын, бірақ ұшу экипажының мүшесі болып табылмайтын тұлға.
Азаматтық, мемлекеттік және эксперименттік авиацияның азаматтық персоналының тізбелері азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдардың бірлескен бұйрығымен белгіленеді.
7) ұшу экипажының мүшесі - авиация персоналына жататын, авиация персоналының қолданыстағы куәлігі бар, ұшу уақыты ішінде әуе кемесін басқаруға байланысты міндеттер жүктелген тұлға;
8) пайдаланушы - азаматтық әуе кемелерін пайдаланумен айналысатын және осы саладағы өз қызметін ұсынатын жеке немесе заңды тұлға.
2. Бортсеріктерінің жұмысын ұйымдастыру тәртібі
3. Бортсеріктер функциялары мен міндеттерін пайдаланушы орындалатын жұмыс көлемдері мен ерекшелігін ескере отырып айқындайтын және Ұшуды жүргізу жөніндегі нұсқаулықта көрініс табатын әуе кемесінің кабиналық экипажының мүшесі болып табылады.
4. Бортсеріктер өз міндеттерін орындауы үшін пайдаланушы мыналарды:
1) бортсеріктерді даярлау, қайта даярлауды және олардың кәсіптік деңгейін қолдауды;
2) бортсеріктерді дербес жұмысқа жіберуді;
3) бортсеріктерді алдын ала және ұшу алдында даярлауды;
4) әуе кемесінің бортында жолаушыларға қызмет көрсетуді;
5) ұшудағы практикалық жұмысты тексеруді;
6) ұшқаннан кейінгі талдауды;
7) бортсеріктердің жұмысын ұйымдастыруды бақылауды ұйымдастырады.
5. Пайдаланушы азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталықтарында бортсеріктерді даярлауды, қайта даярлауды және кәсіптік деңгейін қолдауды өзінің жеке қаражаты есебінен ұйымдастырады.
Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталықтарында бастапқы даярлаудан өткеннен кейін бортсеріктерге уәкілетті орган белгілейтін тәртіппен куәлік беріледі.
Бортсеріктерді әуе кемесінің басқа үлгісіне қайта даярлау әуе кемесінің жаңа үлгісінде оның ерекшеліктерін ескере отырып, функционалдық міндеттерін орындау үшін қажетті кәсіптік білімдер мен дағдыларды алу мақсатында жүргізіледі.
6. Пайдаланушы халықаралық әуе желілерінде жұмыс үшін бортсеріктердің уәкілетті орган бекіткен бағдарламалар бойынша, сондай-ақ азаматтық авиацияның сертификатталған авиациялық оқу орталықтарында шет тілдері бойынша тиісті даярлаудан өтуін қамтамасыз етеді.
7. Кәсіптік деңгейін қолдау мақсатында бортсеріктер үш жылда бір рет азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталықтарында біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.
8. Пайдаланушы уәкілетті орган бекіткен бортсеріктерді даярлау және қайта даярлау, оның ішінде авиациялық қауіпсіздік бойынша бағдарламаларды орындауды қамтамасыз етеді.
9. Пайдаланушы жыл сайын әуе кемесінің мәжбүрлі түрде қонуы кезіндегі авариялық жағдайларда әрбір бортсеріктің іс-әрекетін пысықтауды және пайдаланушы әзірлеген және бекіткен әрі уәкілетті органмен келісілген бағдарламалар бойынша оның жабдығын қауіпсіз пайдаланудың рәсімдерін қамтитын бортсеріктерді мерзімдік жаттықтыруды ұйымдастырады және өткізеді.
10. Бортсеріктерді әуе кемесінің бортындағы дербес жұмысқа жіберуді пайдаланушы әуе кемесінде тағылымдамадан өткеннен және тағылымдаманы өткізген лауазымды адамның дербес жұмысқа жіберу мүмкіндігі туралы шешімінен кейін ұйымдастырады және жүзеге асырады.
11. Бортсеріктер денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясындағы медициналық куәландыру қағидасына сәйкес берілетін медициналық қорытындының және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган беретін белгіленген үлгідегі бортсеріктің қолданыстағы куәлігі болған кезде ұшуға жіберіледі.
12. Бортсеріктерді қауіпті жүктерді тасымалдауға жіберу уәкілетті орган бекіткен Азаматтық әуе кемелерінде қауіпті жүктерді тасымалдау жөніндегі нұсқаулықтың талаптарына сәйкес азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталықтарында олар қажетті даярлықтан өткеннен кейін жүзеге асырылады.
13. Бортсерікке төрт үлгіден аспайтын әуе кемелерінде ұшуға рұқсат беріледі.
14. Ұшудағы үзілістің ұзақтығына байланысты ұшудағы үзілістен кейін әуе кемесінің бортындағы жұмысқа жіберуді пайдаланушы уәкілетті орган бекіткен бағдарламалар бойынша жүзеге асырады.
15. Ұшудың қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында пайдаланушы бортсеріктермен алдын ала және ұшу алдындағы даярлықты ұйымдастырады және өткізеді.
Алдын ала даярлау бортсеріктерді ұшуға даярлаудың негізгі түрі болып табылады және пайдаланушы:
бортсеріктер әуе кемесінің бортында тағылымдама бағдарламасынан өткен кезде;
бір айдан астам ұшудағы үзілістен кейін;
алты айда бір рет - тұрақты ұшуды орындаудың алдында;
ерекше маңызды ұшуды орындаудың алдында;
арнайы рейстерді орындаудың алдында;
жаңа маршрут бойынша бірінші рейстің алдында;
тапсырысты және чартерлік рейстерді орындаудың алдында жүргізеді.
16. Алдын ала даярлау бортсеріктердің алдағы ұшуда олар орындайтын барлық жұмыс рәсімдерін зерделеуі мен меңгеруін қамтиды. Алдын ала даярлаудың мазмұны мен көлемін пайдаланушы айқындайды. Бортсеріктерін алдын ала даярлау пайдаланушы айқындайтын тәртіппен бортсеріктердің ұшуды орындауға дайындығын бақылаумен аяқталады.
17. Әрбір ұшудың алдында ұшу алды даярлығы жүргізіледі.
Ұшу алдындағы даярлық бортсеріктерді ұшуға алдын ала даярлаудың қорытынды кезеңі болып табылады, оның процесінде алдын ала даярлық уақытында зерделенбеген, әуе кемесінің ұшуының алдында тікелей туындайтын мәселелерді шешу жүргізіледі.
Ұшу алдындағы даярлық технологиясын әуе кемесінің үлгісі мен бортсеріктердің санын ескере отырып, пайдаланушы әзірлейді және бекітеді, ұшуға даярлық бойынша бортсеріктер қызметінің технологиялық процестеріне қатысатын аралас қызметтермен келісіледі.
18. Жолаушыларға әуе кемесінің бортында қызмет көрсету мыналарды ескере отырып, пайдаланушы әзірлейтін және бекітетін технологияға сәйкес жүзеге асырылады:
1) әуе кемесінің үлгісі;
2) бортсеріктердің саны;
3) қызмет көрсету сыныптары;
4) ұсынылатын қызметтердің түрлері;
5) ұшу уақыты.
19. Пайдаланушы бортсеріктердің әуе кемесінің бортында жолаушыларға қызмет көрсетуі мақсатында мынаны ұйымдастырады:
1) жолаушылардың қажеттіліктеріне сәйкес әуе кемесінің бортында комфорттың тиісті дәрежесі;
2) жолаушыларға қызметтердің міндетті ассортиментін ұсыну;
3) жолаушылардың әуе кемесінің бортында жүріп тұру қағидасын сақтауына тұрақты бақылау;
4) жолаушылардың тамақтануына арналған азық-түліктердің жарамдылық мерзімдерін қатаң сақтау.
20. Пайдаланушы бортсеріктердің ұшудағы практикалық жұмысын тексеруді мынадай мақсатта уәкілетті орган бекіткен бағдарламалар бойынша ұйымдастырады және жүргізеді:
1) әуе кемесінің бортындағы дербес жұмысқа рұқсат алу;
2) алты айдан астам ұшу қызметіндегі үзілістен кейін әуе кемесінің бортындағы жұмысқа рұқсат алу;
3) мамандығы бойынша біліктілігін айқындау немесе растау.
21. Бортсеріктердің практикалық жұмысын тексеру мынадай мерзімдерде:
1) біліктілігіне қарамастан - әуе кемесінің осы үлгісіндегі жұмыстың бірінші жылы ішінде алты айда кемінде бір рет;
2) бір жылдан астам өтілі бар біліктілігіне қарамастан - жылына кемінде бір рет жүзеге асырылады.
22. Практикалық жұмысты тексеру нәтижелері ұшу кітапшасына енгізіледі және бортсеріктердің куәлігінің қолданылу мерзімін ұзарту үшін:
1) бортсеріктер үшін (біліктілік сыныбына қарамастан) бір жыл ішінде;
2) әуе кемесінің басқа үлгісіне қайта даярлаудан кейін дербес жұмыстың бірінші жылы ішінде бортсеріктер үшін үш ай ішінде жарамды болып табылады.
23. Пайдаланушы бортсеріктерді ұшудан кейінгі талдауларды ұйымдастырады және бортсеріктердің жұмысында кемшіліктерді анықтау және жол бермеу мақсатында:
1) кабиналық экипажда (қажеттілік кезінде ұшу экипажы мүшелерінің қатысуымен);
2) бортсеріктердің қатысуымен ұшу экипажында (бір бортсерігі көзделген әуе кемесінде) әрбір ұшудан кейін өткізіледі.
24. Пайдаланушы атқарылған жұмыс, оны ұйымдастыру және одан кейінгі айға арналған іс-шаралар жоспарын әзірлеу туралы ақпаратты жүйелендіру мақсатында бортсеріктер мен ай сайынғы талдауларды ұйымдастырады және өткізеді.
25. Пайдаланушы бортсеріктердің жұмысын ұйымдастыруға бақылауды ұшуды жүргізу жөніндегі нұсқаулықтың және осы Қағиданың талаптарын орындау мақсатында жүзеге асырады.
26. Бақылау пайдаланушының ұшу қауіпсіздігі, авиациялық қауіпсіздік саласындағы қажет етілетін нәтижелерге қол жеткізуге және әуе кемесінің бортында жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған бортсеріктердің жұмысын тұрақты тексеруді жүргізуді көздейді.
Бақылауға:
бортсеріктердің жұмысын (ұшуды) жоспарлау;
кәсіптік даярлық және жұмысқа жіберу жатады.