Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында бортсеріктердің жұмысын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 308 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 15 мамырда № 11063 тіркелді.

      "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 14-бабы 1-тармағының 41-37) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында бортсеріктердің жұмысын ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне (Б.К. Сейдахметов):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңнамада бекітілген тәртіпте мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күннің ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында жариялануын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Респубикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Инвестициялар және даму министрі

Ә. Исекешев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау және

      әлеуметтік даму министрі

      ___________ Т.К. Дүйсенова

      2015 жылғы 13 сәуір

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің
2015 жылғы 20 наурыздағы
№ 308 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында бортсеріктердің жұмысын ұйымдастыру қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында бортсеріктердің жұмысын ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 14-бабы 1-тармағының 41-37) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында бортсеріктердің жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:

      1) авиациялық оқу орталығы - авиация персоналын даярлауды, қайта даярлауды және олардың кәсіптік деңгейін ұстауды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласын орнықты дамытуды, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған қызметті жүзеге асыратын акционерлік қоғам;

      3) аса маңызды ұшу - Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының күзетілетін адамдарын әуемен тасымалдау кезінде әуе кемелерінің ұшуына, сондай-ақ олардың ұшатын маршруттарына (рейстеріне) беретін мәртебе;

      4) кабиналық экипаж мүшесі - қауіпсіздік мүддесіне орай және жолаушыларға қызмет көрсету және (немесе) жүктерді тасымалдау мақсатында әуе кемесінің бортында пайдаланушы немесе әуе кемесінің командирі өзіне тапсыратын міндеттерді орындайтын, авиация персоналына жататын, бірақ ұшу экипажының мүшесі болып табылмайтын тұлға.

      5) қауіпті жүктер - денсаулық, қауіпсіздік, мүлік немесе қоршаған орта үшін қатер төндіруге қабілетті және Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 18 ақпандағы № 79 бұйрығымен бекітілген Азаматтық әуе кемелерімен тасымалдауға арналған қауіпті жүктердің тізбесінде (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6805 болып тіркелген), Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Әуе арқылы қауіпті жүктерді қауіпсіз тасымалдау жөніндегі техникалық нұсқаулықтарда көрсетілген бұйымдар немесе заттар;

      6) пайдаланушы - азаматтық әуе кемелерін пайдаланумен айналысатын және осы саладағы өз қызметін ұсынатын жеке немесе заңды тұлға;

      7) ұшу экипажының мүшесі - авиация персоналына жататын, авиация персоналының қолданыстағы куәлігі бар, ұшу уақыты ішінде әуе кемесін басқаруға байланысты міндеттер жүктелген тұлға;

      8) ұшуды жүргізу жөніндегі нұсқау - өзінің міндеттерін орындау кезінде пайдалану персоналының пайдалануына арналған қағидаларды, нұсқаулықты және ұсынымдарды құрайтын құжат.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 17.09.2015 № 930 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - 27.06.2019 № 434 (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

2. Қазақстан Республикасы азаматтық авиациясының
бортсеріктерінің жұмысын ұйымдастыру тәртібі

      3. Бортсеріктер функциялары мен міндеттерін пайдаланушы орындалатын жұмыс көлемдері мен ерекшелігін ескере отырып айқындайтын және Ұшуды жүргізу жөніндегі нұсқаулықта көрініс табатын әуе кемесінің кабиналық экипажының мүшесі болып табылады.

      4. Бортсеріктер өз міндеттерін орындауы үшін пайдаланушы мыналарды:

      1) бортсеріктерді даярлау, қайта даярлауды және олардың кәсіптік деңгейін қолдауды;

      2) бортсеріктерді дербес жұмысқа жіберуді;

      3) бортсеріктерді алдын ала және ұшу алдында даярлауды;

      4) әуе кемесінің бортында жолаушыларға қызмет көрсетуді;

      5) ұшудағы практикалық жұмысты тексеруді;

      6) ұшқаннан кейінгі талдауды;

      7) бортсеріктердің жұмысын ұйымдастыруды бақылауды ұйымдастырады.

      5. Пайдаланушы азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталықтарында бортсеріктерді даярлауды, қайта даярлауды және кәсіптік деңгейін қолдауды өзінің жеке қаражаты есебінен ұйымдастырады.

      Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталықтарында бастапқы даярлаудан өткеннен кейін бортсеріктерге, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2013 жылғы 26 қыркүйектегі № 750 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8782 болып тіркелген) бекітілген Авиация персоналы куәлiктерiн беру және қолданылу мерзімін ұзарту қағидаларына сәйкес куәлік беріледі.

      Бортсеріктердің бастапқы дайындығы авиациялық оқу орталықтарында жүргізіледі.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 27.06.2017 № 399 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      6. Пайдаланушы халықаралық әуе желілерінде жұмыс үшін бортсеріктердің уәкілетті ұйыммен келісілген бағдарламалар бойынша тиісті даярлаудан өтуін қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 27.06.2019 № 442 (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Кәсіптік деңгейін қолдау мақсатында бортсерік – нұсқаушылар, бортсерік – емтиханшылар үш жылда бір рет азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталықтарында біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 27.06.2017 № 399 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      8. Пайдаланушы уәкілетті ұйыммен келісілген бортсеріктерді даярлау және қайта даярлау, оның ішінде авиациялық қауіпсіздік бойынша бағдарламаларды орындауды қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 27.06.2019 № 442 (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Пайдаланушы жыл сайын әуе кемесінің мәжбүрлі түрде қонуы кезіндегі авариялық жағдайларда әрбір бортсеріктің іс-әрекетін пысықтауды және пайдаланушы әзірлеген және бекіткен әрі уәкілетті ұйыммен келісілген бағдарламалар бойынша оның жабдығын қауіпсіз пайдаланудың рәсімдерін қамтитын бортсеріктерді мерзімдік жаттықтыруды ұйымдастырады және өткізеді.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 27.06.2019 № 442 (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Бортсеріктерді әуе кемесінің бортындағы дербес жұмысқа жіберуді пайдаланушы әуе кемесінде тағылымдамадан өткеннен және тағылымдаманы өткізген лауазымды адамның дербес жұмысқа жіберу мүмкіндігі туралы шешімінен кейін ұйымдастырады және жүзеге асырады.

      11. Бортсеріктерге Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 5 маусымдағы № 324 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15325 болып тіркелген) Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясындағы медициналық куәландыру және қарау қағидаларына сәйкес берілетін медициналық қорытынды және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 16 қарашадағы № ҚР ДСМ-196/2020 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21652 болып тіркелген) Жеке медициналық кітапшаларды беру, есепке алу және жүргізу қағидаларына сәйкес нысан бойынша жеке медициналық кітапша болған жағдайда ұшуға рұқсат беріледі.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 31.01.2023 № 63 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Бортсеріктерді қауіпті жүктерді тасымалдауға жіберу Заңның 76-бабының 5-тармағына сәйкес азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Азаматтық әуе кемелерінде әуе бойынша қауіпті жүктерді тасымалдау қағидаларының талаптарына сәйкес олар азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталықтарында қажетті даярлаудан өткенен кейін жүзеге асырылады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 27.06.2017 № 399 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      13. Бортсерікке үш үлгіден аспайтын әуе кемелерінде ұшуға рұқсат беріледі. Егер ӘК екі үлгісінде авариялық-құтқару жабдықтары, ӘК үлгісін есепке ала отырып стандарттық және авариялық рәсімдері ұқсас, сондай-ақ ӘК үлгісін есепке ала отырып стандарттық және авариялық рәсімдері бірдей жағдайда әуе кемесінің үлгісін ескермей отырып, төртінші әуе кеме үлгісінде ұшуды орындауға уәкілетті ұйым рұқсат береді.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 27.06.2019 № 442 (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Бортсеріктерді ұшу кезінде үзілістен кейін әуе кемесінің бортында жұмыс істеуге жіберуді пайдаланушы уәкілетті ұйым келіскен бағдарламалар бойынша жүзеге асырады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 31.01.2023 № 63 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Ұшудың қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында пайдаланушы бортсеріктермен алдын ала және ұшу алдындағы даярлықты ұйымдастырады және өткізеді.

      Алдын ала даярлау бортсеріктерді ұшуға даярлаудың негізгі түрі болып табылады және пайдаланушы:

      бортсеріктер әуе кемесінің бортында тағылымдама бағдарламасынан өткен кезде;

      бір айдан астам ұшудағы үзілістен кейін;

      алты айда бір рет - тұрақты ұшуды орындаудың алдында;

      ерекше маңызды ұшуды орындаудың алдында;

      арнайы рейстерді орындаудың алдында;

      жаңа маршрут бойынша бірінші рейстің алдында;

      тапсырысты және чартерлік рейстерді орындаудың алдында жүргізеді.

      16. Алдын ала даярлау бортсеріктердің алдағы ұшуда олар орындайтын барлық жұмыс рәсімдерін зерделеуі мен меңгеруін қамтиды. Алдын ала даярлаудың мазмұны мен көлемін пайдаланушы айқындайды. Бортсеріктерін алдын ала даярлау пайдаланушы айқындайтын тәртіппен бортсеріктердің ұшуды орындауға дайындығын бақылаумен аяқталады.

      17. Әрбір ұшудың алдында ұшу алды даярлығы жүргізіледі. Ұшу алдындағы даярлық бортсеріктерді ұшуға алдын ала даярлаудың қорытынды кезеңі болып табылады, оның процесінде алдын ала даярлық уақытында зерделенбеген, әуе кемесінің ұшуының алдында тікелей туындайтын мәселелерді шешу жүргізіледі.

      Ұшу алдындағы даярлық технологиясын әуе кемесінің үлгісі мен бортсеріктердің санын ескере отырып, пайдаланушы әзірлейді және бекітеді, ұшуға даярлық бойынша бортсеріктер қызметінің технологиялық процестеріне қатысатын аралас қызметтермен келісіледі.

      18. Жолаушыларға әуе кемесінің бортында қызмет көрсету мыналарды ескере отырып, пайдаланушы әзірлейтін және бекітетін сервис технологиясын сәйкес жүзеге асырылады:

      1) әуе кемесінің үлгісі;

      2) бортсеріктердің саны;

      3) қызмет көрсету сыныптары;

      4) ұсынылатын қызметтердің түрлері;

      5) ұшу уақыты.

      19. Пайдаланушы бортсеріктердің әуе кемесінің бортында жолаушыларға қызмет көрсетуі мақсатында мынаны ұйымдастырады:

      1) жолаушылардың қажеттіліктеріне сәйкес әуе кемесінің бортында комфорттың тиісті дәрежесі;

      2) жолаушыларға қызметтердің міндетті ассортиментін ұсыну;

      3) жолаушылардың әуе кемесінің бортында жүріп тұру қағидасын сақтауына тұрақты бақылау;

      4) жолаушылардың тамақтануына арналған азық-түліктердің жарамдылық мерзімдерін қатаң сақтау.

      20. Пайдаланушы бортсеріктердің ұшудағы практикалық жұмысын тексеруді мынадай мақсатта уәкілетті ұйыммен келісілген бағдарламалар бойынша ұйымдастырады және жүргізеді:

      1) әуе кемесінің бортындағы дербес жұмысқа рұқсат алу;

      2) алты айдан он екі айға дейін ұшу қызметіндегі үзілістен кейін әуе кемесінің бортындағы жұмысқа рұқсат алу;

      3) әуе кемесінің бортында бip жылдан астам және бес жылға дейін ұшу кызметіндегі үзілістен кейін жұмысқа рұқсат алу;

      4) әуе кемесінің бортында бес жылдан астам ұшу кызметіндегі үзілістен кейін жұмысқа рұқсат алу;

      5) мамандығы бойынша біліктілігін айқындау немесе растау.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 27.06.2019 № 442 (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      21. Бортсеріктердің практикалық жұмысын тексеру мынадай мерзімдерде:

      1) біліктілігіне қарамастан - әуе кемесінің осы үлгісіндегі жұмыстың бірінші жылы ішінде алты айда кемінде бір рет;

      2) бір жылдан астам өтілі бар біліктілігіне қарамастан - жылына кемінде бір рет жүзеге асырылады.

      22. Практикалық жұмысты тексеру нәтижелері ұшу кітапшасына енгізіледі және:

      1) бортсеріктер үшін (бортсерігі, аға бортсерігі, бортсерік – инструктор біліктілік сыныбына қарамастан) бір жыл ішінде;

      2) әуе кемесінің жаңа типіне қайта даярлаудан кейін дербес жұмыстың бірінші жылы ішінде бортсеріктер үшін үш ай ішінде жарамды болып табылады.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 27.06.2017 № 399 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      23. Пайдаланушы бортсеріктерді ұшудан кейінгі талдауларды ұйымдастырады және бортсеріктердің жұмысында кемшіліктерді анықтау және жол бермеу мақсатында:

      1) кабиналық экипаж құрамында (қажеттілік кезінде ұшу экипажы мүшелерінің қатысуымен);

      2) бортсеріктердің қатысуымен ұшу экипажының құрамында (ұшуларды орындау кезінде бір бортсерігі көзделген әуе кемесінде) әрбір ұшудан кейін өткізіледі.

      24. Пайдаланушы атқарылған жұмыс, оны ұйымдастыру және одан кейінгі айға арналған іс-шаралар жоспарын әзірлеу туралы ақпаратты жүйелендіру мақсатында бортсеріктер мен ай сайынғы талдауларды ұйымдастырады және өткізеді.

      25. Пайдаланушы бортсеріктердің жұмысын ұйымдастыруға бақылауды ұшуды жүргізу жөніндегі нұсқаулықтың және осы Қағиданың талаптарын орындау мақсатында жүзеге асырады.

      26. Бақылау пайдаланушының ұшу қауіпсіздігі, авиациялық қауіпсіздік саласындағы қажет етілетін нәтижелерге қол жеткізуге және әуе кемесінің бортында жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған бортсеріктердің жұмысын тұрақты тексеруді жүргізуді көздейді.

      Бақылауға:

      бортсеріктердің жұмысын (ұшуды) жоспарлау;

      кәсіптік даярлық және жұмысқа жіберу жатады.