«Мемлекеттік кәсіпорын туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 19 маусымдағы Заңының 16-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының «Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны одан «Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының әкімшілік ғимараттары дирекциясы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын (бұдан әрі - қазыналық кәсіпорын) бөліп шығару жолымен қайта ұйымдастырылсын.
2. Қазыналық кәсіпорын қызметінің негізгі мәні мемлекеттік органдардың қызметтік ғимараттарын пайдалануды, оларға көліктік қызмет көрсетуді және оларды жабдықтау функцияларын орындауды жүзеге асыру болып белгіленсін.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы (келісім бойынша) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) қазыналық кәсіпорынның әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;
2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтырулар енгізілсін:
1) «Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 25 маусымдағы № 790 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 29, 256-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде:
«Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы» деген бөлім
мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 466-13-жолмен толықтырылсын:
«
466-13 |
«Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының әкімшілік ғимараттары дирекциясы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны» |
Алматы қаласы |
»;
2) «Қазақстан Республикасының Президенті Іс басқармасының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 29 қарашадағы № 1212 қаулысында:
көрсетілген қаулыға қосымшада:
мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 7-жолмен толықтырылсын:
«7. «Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының әкімшілік ғимараттары дирекциясы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.»;
3) «Республикалық мемлекеттік меншіктің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 11 маусымдағы № 483 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 19, 214-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген жалпымемлекеттік міндеттерді орындау үшін қажетті республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде:
«Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 114-3-жолмен толықтырылсын:
«114-3. «Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының әкімшілік ғимараттары дирекциясы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны».
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов