Жол қозғалысы және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуға байланысты қылмыстар жөніндегі істерді қарау кезінде сот тәжірибесінде туындаған мәселелерге байланысты және осы санаттағы істер бойынша заңнаманы дұрыс әрі біркелкі қолдану мақсатында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы
қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 296-бабында көзделген қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік, егер жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге немесе бір не одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған жағдайларда ғана туындайтынына соттардың назары аударылсын.
Бұл ретте орын алған зардаптар жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзумен тікелей себептік байланыста болуы тиіс.
Аталған зардаптар орын алмаған жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін өзге де бұзу тәртіптік, азаматтық-құқықтық немесе әкімшілік жауапкершілікке әкеп соқтыруы мүмкін.
2. Қылмыс жасалған уақытта 16 жасқа толған, механикалық көлік құралын жүргізген және жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуға жол берген адам ҚК-нің 296-бабында көзделген қылмыс субъектісі болып танылатыны түсіндірілсін. Бұл адамда көлік құралын жүргізуші куәлігінің, сол сияқты білімінің және оны пайдалану дағдысының болуы немесе болмауы қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды.
Жол қозғалысы ережелерінің 1.2-тармағын негізге ала отырып, қатар жүргізілетін оқу көлік құралын жүргізуге үйрететін адам, оның әрекеттерінде кінәсі мен себептік байланысы болған қоғамдық қауіпті зардаптар туындаған кезде, қылмыс субъектісі ретінде танылуы мүмкін.
3. Көлік құралын механикалық құралдарға жатқызу кезінде соттар ҚК-нің 296-бабының диспозициясына және осы баптың ескертуіне сәйкес автомобильдер, троллейбустар, трамвайлар, сондай-ақ тракторлар, мотоциклдер, квадроциклдер және өзге де өздігінен жүретін машиналар механикалық көлік құралдары болып табылатынын негізге алуы керек.
Жол қозғалысы ережелерінің 1.2-тармағына сәйкес жұмыс көлемі 50 см кубтан аспайтын қозғалтқышпен қозғалысқа келтірілетін және ең жоғары конструктивті жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспайтын мопедтер мен басқа да көлік құралдары, сондай-ақ велосипедтер, мокикалар және осыған сипаттамалары ұқсас басқа да көлік құралдары механикалық көлік құралдарына жатпайды.
Егер механикалық көлік құралдарына жатпайтын көліктерді жүргізетін адамдардың жол қозғалысы ережелерін бұзуы абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге немесе бір не одан да көп адамның өлiмiне әкеп соқтырған жағдайда, олар ҚК-нің 300-бабының тиісті бөлігінде көзделген қылмыс үшін жауапкершілікке тартылады.
4. Жол қозғалысымен байланысы жоқ жұмыстарды орындау кезінде (мысалы, тиеу-түсіру жұмыстары, көлік құралдарын жөндеу және май құю, құрылыс, жол, ауыл шаруашылығы және басқа да көліктік емес жұмыстар өндірісі) көлік құралдарын жүргізетін адамдардың ҚК-нің 296-бабында көрсетілген зардаптардың орын алуына әкелген әрекеттері істің нақты мән-жайларына қарай Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің белгілі бір жұмыстарды жүргізу ережелерін, қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін не жеке адамға қарсы қылмыстар үшін жауапкершілік көздейтін тиісті баптары бойынша саралауға жатады.
5. Әскери қызметші деген мәртебесі бар адамның абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтірген не оның өліміне әкеліп соқтырған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери, арнайы немесе көлік құралын жүргізу немесе пайдалану ережелерін бұзуы ҚК-нің 391-бабының тиісті бөлігі бойынша саралауға жатады.
Әскери қызметші өзге де көлік құралдарын жүргізу немесе оларды пайдалану кезінде Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін ҚК-нің 296-бабының тиісті бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылады.
6. ҚК-нің 296, 300-баптарының диспозицияларының бланкеттік сипатын ескере отырып, айыпталушы ретінде жауапкершілікке тарту туралы қаулыда, айыптау қорытындысында (айыптау хаттамасында, сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу хаттамасында), сот үкімінде (қаулысында) кінәлі адамның жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерінің бұзылған тармағына сілтеме жасай отырып, ережені бұзған әрекеттерінің мазмұны ашылып көрсетілуі тиіс.
Орын алған қоғамдық қауіпті зардаптармен себептік байланысы жоқ жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу (мысалы, жүргізушіде жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізуші куәлігінің болмауы) аталған қылмыстардың объективтік жағын құрай алмайды және айыптаудан алынып тасталуға тиіс.
7. Қоғамдық қауіпті зардап көлік құралдарын жүргізген бірнеше адамдар қатысқан жол-көлік оқиғасының салдарынан болса, онда олардың әрқайсысының жол қозғалысының нақты қандай ережелерін бұзғандығын, әрқайсысының әрекеттері мен қоғамдық қауіпті зардаптардың арасындағы себептік байланысты анықтау қажет.
Осы мақсатта қайсысының әрекеті басқа жүргізушілерге қозғалыс үшін кедергі жасағанын немесе қауіп төндіргенін, соңғылары басқа көлік құралымен немесе оның жолындағы өзге де кедергімен соқтығысуды немесе оны басып кетуді болдырмаудың техникалық мүмкіндіктерінің болғандығын анықтау, сондай-ақ жүргізушінің көлік құралының қозғалысын тұрақты бақылау мүмкiндiгін қамтамасыз ететін жылдамдықты таңдауын міндеттейтін Жол қозғалысы ережелерінің 10.1-тармағын сақтағандығына да назар аудару керек.
Егер жол-көлік оқиғасы кезінде туындаған зиянды зардап бірнеше адамдардың бірлескен әрекетінің салдарынан болып табылса, бірақ олардың ішінде ҚК-нің 296-бабында көрсетілген көлік құралдарын жүргізушілер ғана емес, басқалары да (мысалы, жаяу адамдар, велосипедшілер және т.б.) болса, онда көлік құралын жүргізген адамдарға ҚК-нің 296-бабы қолданылады, ал басқа адамдардың заңсыз әрекеттері ҚК-нің 300-бабы бойынша саралауға жатады.
8. Автотехникалық сараптаманы тағайындағанда сарапшылардың шешуіне құқықтық сипаттағы сұрақтар қойылмайтындығын назарға алу керек.
Автотехникалық сараптама тек арнайы техникалық мәселелерді шешеді. Оның сараптамалық зерттеу объектісі ретінде көлік құралын жүргізушінің және жол қозғалысына басқа да қатысушылардың нақты көрінген әрекеттерімен байланысты мән-жайлар да болуы мүмкін.
Сот үкім шығара отырып, сарапшыға ұсынылған, есеп айырысу жүргізілген бастапқы деректердің қайсысы нанымды деп танылғанын көрсетуге және сараптамалық қорытындыға баға беруге міндетті. Бұл ретте сарапшының қорытындысы ҚІЖК-нің 25-бабы 2-бөлігінің талаптарына байланысты басқа дәлелдердің алдында басымдыққа ие емес, іс бойынша зерттелген басқа да дәлелдермен талдауға, салыстыруға және жинақталып бағалауға жатады.
9. Бір адамның әр уақытта жасаған ҚК-нің 296-бабының әртүрлі бөліктерінде көзделген бірнеше әрекеті көрсетілген баптың тиісті бөлігі бойынша дербес саралануға жатады.
Егер көлік құралын жүргізген адам жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу кезінде бір мезгілде абайсызда бір немесе бірнеше адамның денсаулығына зиян келтірсе, сондай-ақ бір немесе бірнеше адамның өліміне әкелсе, онда әрекет тұтастай тиісінше аса ауыр зардаптың туындауын көздейтін ҚК-нің 296-бабының тиісті бөлігі бойынша саралануға жатады. Бұл ретте, осы әрекетпен келтірілген онша ауыр емес зардаптар айып тағылғанда және үкімде көрсетілуі тиіс.
10. Егер адам кісі өлтіру, денсаулыққа зиян келтіру не бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру мақсатында көлік құралын қасақана пайдаланса, аталған әрекеттерді ҚК-нің 296-бабы бойынша қосымша сараламай, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Ерекше бөлімінің жеке адамға қарсы не меншікке қарсы қылмыстар туралы баптары бойынша саралау керек.
11. ҚК-нің 296-бабында көзделген зардаптар туындаған кезде Жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзған және жол-көлік оқиғасы болған жерді тастап кеткен кінәлі жүргізушінің әрекеті ҚК-нің 296 және 297-баптарында көзделген қылмыстардың жиынтығы бойынша саралауға жатады.
ҚК-нің 297-бабының ескертуіне сәйкес жәбірленушіге көмек көрсетуге байланысты жол-көлік оқиғасы болған жерден кеткен адам осы бап бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
Адам жол-көлік оқиғасы болған жерде өз күшімен жәбірленушіге көмек көрсете алмайтын кезде полиция органдарына болған оқиға туралы хабарлау мақсатында жол-көлік оқиғасы болған жерден кеткенде де ҚК-нің 297-бабы бойынша жауапкершілік көтере алмайды.
12. Егер автокөлік құралын ұрлаған не айдап әкеткен адам оны жүргізу кезінде ҚК-нің 296-бабында көрсетілген зардаптарға әкеп соқтырған жол қозғалысы қауіпсіздігі немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуға жол берсе, онда оның әрекеті тиісінше ҚК-нің 175 немесе 185-баптарында көрсетілген жағдайларда жасалған қылмыстардың жиынтығы бойынша, сондай-ақ істің нақты мән-жайларына байланысты – ҚК-нің 296, 297-баптары бойынша саралануға жатады.
13. ҚК-нің 298-бабының бірінші бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілік, егер көлік құралдарын сапасыз жөндеу, сол сияқты көлік құралдарын көрінеу техникалық ақауларымен пайдалануға шығару осы бапта көзделген, кінәлі адам алдын ала зардабы орын алуы мүмкін екендігін білген, бірақ оны жоюға болады деп ұшқары ойлаған, не алдын алуға тиіс болса да, алдын ала білмеген зардаптармен себептік байланыста болған жағдайда ғана туындайды.
Зақымдалған көлік құралдарының және жабдықтардың пайдалануға жарамдылығын қалпына келтіру жұмыстарын белгіленген технологиялық ережелер мен сапа нормативтерінен ауытқу арқылы орындау сапасыз жөндеуді білдіреді.
Көлік құралдарын техникалық ақауларымен пайдалануға шығару деп уәкілетті тұлғаның техникалық ақауы бар, жол қозғалысына немесе көлік құралын пайдалануға қауіп төндіретін (мысалы, тежегіш жүйесінің, рульмен басқарудың, дөңгелектерді бекіткіштің, бақылау аспаптарының, автоматиканың және тағы басқалардың ақаулары) көлік құралын нысанасы бойынша пайдалануға рұқсат беруін түсіну керек.
Көлік құралын жөндеуге және оларды техникалық жарамды күйінде пайдалануға шығаруға байланысты мәселелер арнайы білімді талап ететіндігін ескере отырып, істі дұрыс шешу үшін сараптамалар, соның ішінде автотехникалық сараптамаларды жүргізу қажет.
14. ҚК-нің 298-бабының бірінші бөлігінде көзделген қылмыс субъектілері ретінде ұйымдық-құқықтық және меншік нысандарына қарамастан, автомобиль және қалалық электр көлігімен жолаушыларды және жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік ұйымдарының қызметкерлерімен қатар, қолданыстағы нұсқаулықтармен, ережелермен немесе тиісті өкімдермен, не олардың айналысатын қызметтік жағдайына байланысты көлік құралдарының жөнделуі, техникалық жай-күйі мен пайдаланылуы үшін жауапкершілік жүктелген, абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге, не өлімге әкеп соқтырған сапасыз жөндеу жүргізген басқа да ұйымдардың қызметкерлері танылуы мүмкін.
15. Қолданыстағы ережелерді бұзып, көлік құралын алкогольді, есірткі немесе өзге де мас күйдегі адамға жүргізуге берген көлік құралының жүргізушісі не иесі, егер бұл абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге, немесе бір не бірнеше адамдардың өліміне әкеп соқтырса, ҚК-нің 298-бабының тиісінше екінші бөлігі, үшінші бөлігі, төртінші бөлігі бойынша, ал бұл жағдайда көлік құралын жүргізген адам – ҚК-нің 296-бабының тиісті бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылады.
16. Сот ҚК-нің 296-бабының 3-бөлігі бойынша көлік құралын жүргізу құқығынан айыру, ал ҚК-нің 298-бабы бойынша белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаны ҚК-нің 41-бабының 3-бөлігіне сәйкес тағайындауға құқылы.
17. ҚК-нің 48-бабы бесінші бөлігінің а) тармағына сәйкес ҚК-нің 296, 298, 300-баптарында көзделген қылмыстар үшін сотталғандарға мерзіміне қарамастан, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу қоныс-колонияларға тағайындалады.
Сот қасақана және абайсызда жасалған қылмыстардың жиынтығы бойынша сотталғандарға, егер қасақана қылмыс үшін бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындалған жағдайда ғана бас бостандығынан айыруды өтеуді қоныс-колонияда тағайындауға құқылы.
18. Жол қозғалысы және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуға байланысты қылмыстар туралы істерді қараған кезде, соттар материалдық және іс жүргізу заңдарының талаптарын, сондай-ақ "Азаматтық талапты қылмыстық процесте қарау туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 20 маусымдағы № 1 нормативтік қаулысында берілген түсіндірулерді сақтай отырып, азаматтық талап арыздардың дұрыс шешілуін қамтамасыз етуі тиіс.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 931-бабының 1-бөлігіне сәйкес жоғары қауіптілік көздерінен келген зиянды өтеу міндеті жүктелетін көлік құралдарының иелері осы санаттағы істер бойынша азаматтық жауапкерлер ретінде тартылуы тиіс.
Бұл ретте соттар жол-көлік оқиғасының нәтижесінде өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтірілгенде жәбірленушінің көлік құралдары иелерінің азаматтық жауапкершілігінің міндетті сақтандыруға байланысты сақтандыру өтеміне құқығы бар екенін ескеруі тиіс. Сондықтан АК-нің 924-бабына сәйкес жәбірленушінің сақтандыру өтемі мен зиянның нақты мөлшері арасындағы айырмашылықты өндіру туралы сотталушыға қойған талаптары шешілуі мүмкін.
Егер жол-көлік оқиғасы салдарынан келтірілген зиян сақтандыру жағдайы болып табылмаса не иесінің азаматтық жауапкершілігі міндетті сақтандыруға жатпайтын механикалық емес көлік құралын жүргізушінің кінәсінен (мысалы, мал көлігі құралы немесе велосипедпен басып кету салдарынан) келтірілсе, оны кінәлі адам азаматтық заңнамада көзделген жалпы ережелер бойынша өтейді.
19. Моральдық зиянды өтеу туралы талап арыздарды қарау кезінде, соттар АК-нің 951, 952-баптарының ережелерін және "Соттардың моральдық зиянды өтеу туралы заңнаманы қолдануы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 21 маусымдағы № 3 нормативтік қаулысында берілген түсіндірулерді басшылыққа алуы керек. Соттар моральдық зиянды өтеу мөлшерін айқындау кезінде белгіленген өтемақы мөлшері талапкердің мәлімдеген талаптарын орынды қанағаттандыратындығы туралы қорытындыға келуге мүмкіндік беруі үшін әділдік пен жеткіліктілік қағидаттарын негізге алған жөн.
Жәбірленуші жол қозғалысына қатысушы ретінде айрықша абайсыздық танытқан кезде (мас күйде болуы, жол қозғалысы ережелерін бұзуы және т.б.), зиянды өтеу мөлшері азайтылуға немесе оны өндіруден бас тартылуға әкеп соқтыруы мүмкін.
Сақтандыру оқиғаларының туындауына байланысты моральдық зиянды үшінші тұлғаларға өтеп беру сақтандыру ұйымдарына жүктелмейді. Сақтандыру оқиғасы туындаған кезде моральдық зиянды өтеу автокөлік құралының иесіне немесе тасымалдаушыға жүктелуге тиіс.
20. Жәбірленушімен татуласуға байланысты істерді қысқарту туралы өтініш болғанда, соттар ҚК-нің 67-бабының талаптарын қатаң сақтауы және "Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 67-бабын қолдану жөніндегі сот практикасы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 21 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысында берілген түсіндірулерді басшылыққа алуы тиіс.
Егер адамдардың әрекеттері ҚК-нің 296-бабында және ҚК-нің 297-бабында көзделген қылмыстардың жиынтығын құрайтын болса, онда ҚК-нің 67-бабын қолдану туралы мәселе әрбір әрекетке қатысты жеке шешіледі.
21. ҚК-нің 296-бабында көзделген қылмыстарды жасауға айыпталған адамға қатысты қылмыстық іс қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңдарында көзделген негіздермен тоқтатылғаннан кейін, адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 69-бабы 5-бөлігіне сәйкес, оның әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болған жағдайларда ғана қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Материалдық залалды өндіру мәселесі азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шешілуі мүмкін.
22. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы | |
Жоғарғы Сотының Төрағасы | Б. Бекназаров |
Қазақстан Республикасы | |
Жоғарғы Сотының судьясы, | |
жалпы отырыс хатшысы | Ж. Бәйішев |