Ескерту. Нормативтік қаулының тақырыбы және деректемелері жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
"қылмыспен", "қылмысымен", "қылмыстық заңмен тыйым салынған" деген сөздер тиісінше "қылмыстық құқық бұзушылықпен", "қылмыстық құқық бұзушылығымен", "қоғамға қауіпті" деген сөздермен ауыстырылды;
"ҚІЖК-нің", "ҚІЖК-мен", "АІЖК-нің" деген сөздер тиісінше "ҚПК-нің", "ҚПК-мен", "АПК-нің", деген сөздермен ауыстырылды;
"процессуалдық" деген сөз "процестік" деген сөзбен ауыстырылды;
"жеке айыптау", "жеке айыптаушыларға", "жеке айыптаушы" деген сөздер тиісінше "жекеше айыптау", "жекеше айыптаушыларға", "жекеше айыптаушы" деген сөздермен ауыстырылды;
"есі кіресілі-шығасылы" деген сөздер "есі дұрыс емес" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
Қылмыстық процесте азаматтық талап қоюларды қарауды реттейтін қылмыстық-процестік заңнаманы дұрыс және біркелкі қолдану мақсатында Қазақтан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.1. Азаматтық талап қоюды Қазақтан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде (бұдан әрі – ҚПК) көзделген тәртіппен қылмыстық іспен бірге қарау қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамдардың қоғамға қауіпті іс-әрекетiмен моральдық, тәндік немесе мүліктік зиян келтірілген адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін уақтылы қорғаудың кепілі болып табылады. Осыған байланысты соттар қылмыстық істерді қарау кезінде берілген азаматтық талап қоюларды материалдық және процестік заңдардың талаптарын сақтай отырып, дұрыс шешуді қамтамасыз етуге тиіс.
ҚПК-нің 2-бабының екінші бөлігіне және 166-бабының екінші бөлігіне сәйкес қылмыстық процесте азаматтық талап қоюға қатысты мәселелер қылмыстық-процестік заңның негізінде шешіледі. Процестік қатынастар ҚПК-де реттелмеген жағдайларда ҚПК-ге қайшы келмейтiн бөлiгiнде азаматтық процестік заңнаманың нормалары қолданылады.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.2. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде анықтаушы, тергеуші, прокурор немесе сот азаматқа немесе заңды тұлғаға, егер іс бойынша қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның қоғамға қауіпті іс-әрекетімен мүліктік немесе моральдық зиян келтірілгені байқалса, олардың азаматтық талап қою құқығын түсіндіреді.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.3. Адамдар азаматтық талап қойғаннан кейін азаматтық талапкер деп танылады.
Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде азаматтық талап қоюға құқылы адамдардың тобы ҚПК-нің 58, 73 және 167-баптарында айқындалған. Оларға: қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның қоғамға қауіпті іс-әрекетімен зиян келтірілген жеке және заңды тұлғалар, олардың заңды өкілдері мен өкілдер, прокурор жатады.
Мүліктік зиян келтірілген кезде жойылған не бүлінген мүліктің меншік иесі де, заңды негіздермен өзінде тұрған мүліктің иесі де (жалға алушы, сақтаушы және басқалары) азаматтық талап қоюға құқылы.
ҚПК-нің 71-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, жәбiрленушiнiң өзiне келтiрiлген моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюы қылмыстық процесте қаралады. Егер мұндай талап қылмыстық iсте қойылмаса не қараусыз қалдырылса, онда жәбiрленушi оны азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртібімен қоюға құқылы.
Азаматтық талап қою қылмыстық құқық бұзушылық аяқталса да, аяқталмаса да кез келген уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған сәттен бастап, бірақ сот тергеуі аяқталғанға дейін не есі дұрыс емес адам қоғамға қауіпті іс-әрекетті жасаған, сондай-ақ күдікті анықталмаған кезде де қойылуы мүмкін.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.4. Азаматтық талап қоюлар азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатын талап қоюларға қойылатын талаптарға сәйкес жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында берілуі мүмкін.
Талап қою онда азаматтық жауапкерлер ретінде көрсетілген адамдардың саны бойынша көшірмелерімен қоса берілуге тиіс.
Азаматтық талап қоюды қарау туралы өтініш ҚПК-нің 408-бабының тәртібімен жекеше айыптауды қозғау туралы шағымда да жазылуы мүмкін.
Егер берілген азаматтық талап қоюдың негіздерін немесе талап қоюдағы талаптардың мөлшерін нақтылау қажет болса, онда азаматтық талап қою қосымша толықтырылуы мүмкін.
Талапкер қылмыстық іс бойынша іс жүргізуде азаматтық талап қоюды берген кезде мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
Қылмыстық істе қойылған азаматтық талап қоюдың соттылығы қылмыстық істің соттылығымен айқындалады.
Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.5. Адамды азаматтық талапкер деп тану туралы, азаматтық талапкер деп танудан бас тарту туралы немесе адамның қылмыстық процеске азаматтық талапкер ретінде қатысуын тоқтату туралы шешімді қылмыстық процесті жүргізетін орган уәжді қаулы шығару арқылы қабылдайды. Қаулы тиісінше талап қою түскеннен кейін дереу не адамның аталған процестік жағдайда болуға негіздердің жоқ екенін көрсететін мән-жайлар анықталғаннан кейін шығарылуға тиіс.
Қабылданған шешім туралы азаматтық талапты қойған адам, сондай-ақ азаматтық талап қоюда мүдделері қозғалып отырған процеске қатысушылар хабардар етіледі.
Азаматтық талапкер деп танылған адамдарға бір мезгілде олардың ҚПК-нің 73-бабында көзделген процестік құқықтары мен міндеттері түсіндірілуге тиіс.
Прокурордың азаматтық талап қоюды бергені туралы мүддесі үшін талап қойылған адамдар да хабардар етіледі.
Басқа адамдардың мүддесін қорғап азаматтық талап қойған прокурор азаматтық талапкер деп танылуға жатпайды, өйткені оның дербес процестік жағдайы ҚПК-нің 58-бабында айқындалған. Бұл жағдайда мүддесі үшін талап қою берілген адам талапкер болып танылады.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.6. Анықтаушы, тергеуші, прокурор немесе сот қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде ҚПК-нің 58,73 және 167-баптарында көрсетілген адамдардың ҚПК-нің 166-бабына сәйкес берген талап қоюларын қабылдаудан бас тартуға құқылы емес.
Азаматтық талапкер берген талап қоюды қайтару туралы арыздың негізінде қылмыстық процесті жүргізетін орган қылмыстық процестің кез келген сатысында талап қоюды қайтару туралы қаулы шығарады. Мұндай арыз сот жарыссөздерін өткізу кезінде келіп түскен жағдайда, судья оны қарау және процестік шешім қабылдау үшін сот тергеуін қайта бастайды.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.7. Қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу туралы талап қойған адам, егер оған дейін осындай шешім қабылданбаса, оны азаматтық талапкер деп тануды талап етуге құқылы. Қылмыстық процесті жүргізетін орган азаматтық талапкер деп тану туралы арыздарды (өтінішхаттарды) алған кезден бастап үш тәулік ішінде қарап, қабылданған шешім туралы арыз иесіне дереу хабардар етуге және оның арызы (өтінішхаты) бойынша шығарылған уәжді қаулының көшірмелерін жіберуге тиіс.
Прокурор заңда көзделген жағдайларда өз бастамасы бойынша жеке немесе заңды тұлғаны азаматтық талапкер деп тануға құқылы.
Жәбірленушілердің өздеріне қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен әрекеттері өздігінен олардың азаматтық талап қоюларды беруіне кедергі емес немесе осындай адамдарды азаматтық талапкерлер деп танудан бас тартуға негіз болмайды.
Адамды азаматтық талапкер деп танудан бас тартуға ҚПК-нің 105 және 106-баптарында және ҚПК-нің 109-бабының екінші бөлігінде көзделген мерзімдерде және тәртіппен прокурорға немесе сотқа шағым берілуі мүмкін.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.8. Азаматтық талап қою ҚПК-нің 74, 167, 198, 344-баптарына сәйкес қылмыстық процесті жүргізетін органның қаулысымен азаматтық жауапкерлер деп танылуға тиіс күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға немесе келтірілген зиян үшін немесе есі дұрыс адамның қоғамға қауіпті іс-әрекеттерімен келтірілген зиян үшін материалдық жауаптылықта болатын адамдарға қойылады.
Іске азаматтық жауапкер ретінде қатыстыруға тарту туралы қаулы өзіне қатысты қаулы шығарылған адамға немесе оның өкіліне ҚПК-нің 74-бабында көзделген олардың процестік құқықтарын бір мезгілде түсіндіре отырып және талап қою көшірмесін тапсыра отырып дереу хабарланады.
Қызметкер еңбек (қызметтік, лауазымдық) міндеттерін атқару кезінде зиян келтірген жағдайларда, азаматтық жауапкер деп Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 921-бабына сәйкес заңды тұлға немесе қарамағында кінәлі адам еңбек не азаматтық-құқықтық шарт негізінде жұмыс істеген азамат танылуы мүмкін.
Бұл ретте АК-нің 917-бабының ережелерін ескере отырып, егер зиян қызметкердің өзінің заңсыз іс-әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) келтірілген болса және оның іс-әрекеті еңбек міндеттерін атқарумен байланысты болмаса, талап қою жалпы тәртіппен, яғни зиянды келтірген адамнан өндіріп алынуға жататындығын негізге алу қажет.
Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.9. Егер басты сот талқылауын тағайындау туралы мәселені шешу кезінде қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу барысында адамдардың азаматтық талапкерлер немесе азаматтық жауапкерлер деп негізсіз танылғаны анықталса, судья өз бастамасымен немесе тараптардың өтінішхаты бойынша істі алдын ала тыңдауды тағайындап, оның барысында осындай адамдардың азаматтық талапкердің немесе азаматтық жауапкердің процестік жағдайында болуын тоқтату туралы мәселені қарап, оның қорытындысы бойынша тиісті уәжді қаулы шығарады. Сот жәбірленуші деп танылған және азаматтық талапкер деп танылуы мүмкін адамға оның азаматтық талап қою құқығы туралы түсіндірмені бір мезгілде жіберуге тиіс.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.10. Судья ҚПК-нің 320-бабының 6) тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның қоғамға қауіпті іс-әрекетімен келтірiлген залалды өтеудi қамтамасыз ету шаралары қабылданған-қабылданбағанын анықтауға тиіс.
Азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қабылдамауы басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтірмейді, іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға алып келмейді және істі прокурорға жіберу үшін негіз болмайды.
Судья азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажет екенін анықтай келіп, ҚПК-нің 325-бабына сәйкес қаулы шығарып, онда қылмыстық қудалау органдарын қажетті қамтамасыз ету шараларын қабылдауға, сондай-ақ азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету мақсатында тыйым салынған мүлікті сақтау жөнінде шара қолдануды (мүлікті алу, оны жауапты сақтауға беру және т.б.) міндеттейді.
Басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулыда сот ҚПК-нің 322-бабында көрсетілген басқа мәселелермен қатар азаматтық талапкерлер мен азаматтық жауапкерлерді сот отырысына шақырту туралы мәселені де қамтуға тиіс.
Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.11. ҚПК-нің 166-бабына сәйкес басты сот талқылауы барысында қылмыстық іспен қоса тiкелей қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның қоғамға қауіпті іс-әрекетiмен келтiрiлген зиянды өтеу туралы азаматтық талап қоюлардың қарауға жататынын назарда ұстаған жөн.
Қылмыстық іс бойынша анықталған мән-жайлардан туындайтын басқа да азаматтық талап қоюлар, егер олар жәбірленушіні жерлеуге, емдеуге, оның өзінің және оның өкілінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуге және сотқа қатысуына жұмсалған шығыстарды өтеу мақсатында қойылса, қылмыстық іспен бір іс жүргізуде қаралуға тиіс.
Регрестік талап қоюлар жәбірленушіге қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның қоғамға қауіпті іс-әрекетімен зиян келтірілуіне байланысты сақтандыру өтемі ретiнде төленген сомаларды, жәрдемақыны немесе зейнетақыны өтеу мақсатында қойылғанда ғана олар қылмыстық іспен қоса бір мезгілде қаралуы мүмкін.
Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.12. Азаматтық талапкер, сондай-ақ қандай да бір адамның мүддесі талап қойған прокурор қылмыстық іс бойынша іс жүргізудің кез келген сәтінде, бірақ сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін талап қоюдан бас тартуды мәлімдеуге құқылы.
Азаматтық талап қоюдан бас тарту, әдетте, азаматтық талапкердің жазбаша арызында не электрондық құжат нысанында баяндалуға тиіс, сот отырысында оның азаматтық талап қоюдан бас тартатыны туралы ауызша арызы сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
Қылмыстық процесті жүргізетін орган талапкерге азаматтық талап қоюдан бас тарту салдарын түсіндіруге міндетті және азаматтық талап қоюдан бас тартуды қабылдау туралы мәселені шешу кезінде ҚПК-нің 169-бабын және Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 170-бабын басшылыққа алуға тиіс, егер бұл заңға қайшы келсе немесе қандай да бір адамның құқықтарын немесе заңды мүдделерін бұзса, бас тартуды қабылдамауға тиіс.
Сот талап қоюдан бас тартуды қабылдау немесе қабылдамау туралы мәселе бойынша ҚПК-нің 169-бабына сәйкес уәжді қаулы шығарады. Жоғарыда аталған қаулыны шығару үшін сот ҚПК-нің 344-бабының екінші бөлігіне сәйкес кеңесу бөлмесіне кетуге тиіс.
Талап қоюдан бас тартуды қабылдау қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді осы бөлігінде және адамның азаматтық талапкер ретінде қатысуын тоқтатуға алып келеді, сондай-ақ сотқа сол тараптар арасында, сол нысана мен сол негіздер бойынша, оның ішінде азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен дау бойынша қайтадан жүгінуді болғызбайды.
Прокурордың азаматтық талап қоюдан бас тартуы оның мүддесі үшін талап қою берілген азаматтық талапкерді немесе оның өкілдерін сотта талап қоюды дербес қолдау құқығынан айырмайды.
Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.13. ҚПК-нің 113-бабына сәйкес азаматтық талап қою бойынша дәлелдеу әрбір қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде дәлелденуге тиісті мән-жайлардың қатарына жатады. Дәлелдеу кезінде: азаматтық талап қоюдың негіздері; қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянның түрі, сипаты, мөлшері мен дәрежесі; зиянның кімге келтірілгені және кімнің азаматтық талапкер ретінде болатыны; келтірілген зиян үшін кімнің жауапты болатыны және кімнің іс бойынша азаматтық жауапкер болатыны; қылмыстық құқық бұзушылық жасалған сәтте өзіне зиян келтірілген адамның мінез-құлқы; күдіктінің, айыпталушының (азаматтық жауапкердің) мүліктік жағдайы анықталуға тиіс.
ҚПК-нің 121-бабына сәйкес зиянның сипаты мен мөлшерін сот отырысында дәлелдеу міндеті айыптаушыға жүктелген.
ҚПК-нің 410-бабына сәйкес, жекеше айыптау істері бойынша азаматтық талап қоюды дәлелдеу ауыртпалығы азаматтық талапкерлерге (жекеше айыптаушыларға) жүктеледі, олар өздеріне мүліктік залал немесе моральдық зиян келтірілуіне байланысты құқықтарын қорғауға қажетті тиісті дәлелдемелерді сотқа ұсынуға, ал мүмкін болмаған жағдайда - судьяға оларды қайдан алуға болатынын хабарлауы және оларды алдырту туралы өтінішхат беруі тиіс. Жекеше айыптаушыға азаматтық талап бойынша дәлелдемелер жинауға көмектесу, егер ол бұл туралы өтінішхат білдірсе, соттың функциясы болып табылады.
Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.14. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер, олардың өкілдері қылмыстық процесті жүргізетін органға тиісті дәлелдемелерді ұсынуға немесе оларды алдырту туралы өтінішхат беруге, ҚПК-нің тиісінше 73 және 74-баптарында көзделген өздерінің басқа барлық құқықтарын пайдалануға құқылы.
Бұл ретте ҚПК-нің 74-бабының үшінші бөлігінде міндеттерінің шеңбері белгіленген азаматтық жауапкерге қойылған талаптың нысанасын, негізін немесе мөлшерін жоққа шығаратын дәлелдемелерді ұсыну міндеті жүктелуі мүмкін емес.
Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.15. Мүлікті жымқыру, бүлдіру немесе жою салдарынан келтірілген залал жәбірленушіге оны өтеу туралы шешім қабылданған күні қалыптасқан бағалар ескеріле отырып өтеледі.
Сот қажет болған жағдайда мүлікті жымқыру, бүлдіру немесе жою салдарынан келтірілген залалдың мөлшерін сараптама қорытындысының негізінде айқындайды не залалды мамандар немесе сот осы мақсатта тағайындаған комиссия айқындауы мүмкін.
Сот іс бойынша іс жүргізу кезінде қалыптасқан бағаларды ескеріп, егер өтелуге жататын залалдың мөлшерін ұлғайту туралы шешім сотталушыны неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық үшін кінәлі деп тануға алып келмесе немесе оның жағдайын өзгеше түрде нашарлатпаса және қорғану құқығын бұзбаса, өтелуге жататын залалдың мөлшерін ұлғайтуға құқылы.
Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.16. Тәндік зиянның сипатын айқындау кезінде денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлығын анықтау өлшемшарттарын негізге алып және әрбір іс бойынша денсаулыққа келтірілген зиян жеңіл екенін, денсаулықтан қысқа уақытқа айырғанын немесе айырмағанын не денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіргенін не денсаулыққа ауыр зиян келтіргенін немесе адамды қазаға ұшыратқанын бағалаған жөн. Денсаулыққа келтірілген зиянның көлемі мен дәрежесін анықтау үшін тиісті сот сараптамасын жүргізу міндетті.
ҚПК-нің 166-бабының бірінші бөлігінде көрсетілмеген залалды не өзге де зиянды өтеу туралы талап қоюлар (мысалы, шығындарды немесе алынбаған пайданы өндіріп алу туралы талап қоюлар, жәбірленушілер болып табылмайтын үшінші тұлғалардың талап қоюлары және басқалары) қылмыстық процесте қарауға жатпайды. Қылмыстық іс бойынша осындай талап қоюлар келіп түскен кезде сот арыз берушіге азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен сотқа жүгіну құқығын түсіндіруге міндетті.
Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.17. Моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюларды қарау кезінде "Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы" 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысын басшылыққа алған жөн.
Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.18. Жәбірленушінің өзіне қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасалғанға дейін немесе жасалған сәттегі мінез-құлқы зиян келтірушінің қылмыстық жауаптылығына да, азаматтық-құқықтық жауаптылығына да ықпал ететінін және белгілі бір жағдайларда осы әрекет заңсыз деп (қасақана әрекет немесе өрескел абайсыздық) танылуы мүмкін екенін назарда ұстаған жөн.
Жәбірленушінің өрескел абайсыздығы (мас болу, жол қозғалысының ережелерін бұзу және т.с.) кезінде өтелетін зиянның мөлшері азайтылуы немесе оны өтеуден бас тартылуы мүмкін.
Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.19. Азаматтық жауапкердің мүліктік жағдайын айқындау үшін оның еңбекақысының мөлшерін, отбасы мүшелерінің санын, отбасының кірісін және асырауындағы адамдардың бар-жоғын, оның жеке және ортақ меншігінде жылжитын және жылжымайтын мүліктің болуын анықтаған жөн.
Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.20. Қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы кезінде төрағалық етуші азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердің және олардың өкілдерінің өздерінің процестік құқықтарын іске асыру мүмкіндігін, оның ішінде қылмыстық іс бойынша азаматтық талап қоюға қатысты барлық мән-жайларды зерттеуге және сот жарыссөздеріне қатысу құқығын қамтамасыз етуге міндетті.
Азаматтық талапкер сот отырысында талап қою арызын жария етуге тиіс. Сот азаматтық талапкердің, оның өкілдерінің азаматтық талап қоюды қолдайтын-қолдамайтынын, қандай мөлшерде қолдайтынын анықтауға, егер талап қоюды прокурор қойса, азаматтық талап қоюды мемлекеттік айыптаушының қолдайтын-қолдамайтынын анықтауға міндетті. Сонымен қатар азаматтық жауапкер мен оның өкілдерінен олардың қойылған азаматтық талап қоюды мойындайтын-мойындамайтынын, қандай мөлшерде мойындайтынын анықтау керек.
Азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге және олардың өкілдеріне азаматтық сот отырысында қойылған азаматтық талап қою бойынша түсініктеме беруге, азаматтық талап қоюға қатысты материалдарды қылмыстық іске тігу үшін ұсынуға мүмкіндік берілуге тиіс.
Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкілдері өздерінің қолдарында бар заттарды, құжаттарды, өзге де дәлелдемелерді соттың талабы бойынша, егер сот оларды талап қоюды дұрыс шешу үшін зерттеу қажет деп тапса ұсынуға міндетті.
Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.21. Азаматтық талапкер талап қою талаптарының мөлшерін азайту жағына (мысалы, айыпталушы немесе азаматтық жауапкер зиянды өз еркімен ішінара өтесе) немесе ұлғайту жағына өзгертуге құқылы. Бұл ретте, егер сот отырысында азаматтық талапкер көрсеткен талап қою сомасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында анықталған сомадан жоғары екені анықталса және бұл қылмыстық құқық бұзушылықты саралауға ықпалын тигізсе, онда осы мән-жай ҚПК-нің 340-бабының бесінші бөлігінің тәртібімен істі қарауды кейінге қалдыру және прокурорға жаңа айыптау актісін жасау үшін қажет уақытты беру үшін негіз болуы мүмкін.
Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.22. Сотталушының (азаматтық жауапкердің, оның өкілдерінің) азаматтық талап қоюды мойындауының өзі азаматтық талап қоюды қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болатынын соттар назарда ұстағаны жөн. Азаматтық талап қою бойынша шешім қабылданғанға дейін сотталушының жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін кінәлі екені немесе есі дұрыс емес адамның қоғамға қауіпті іс-әрекетті жасағаны, сондай-ақ олардың іс-әрекеттері мен келтірілген зиянның арасындағы себепті байланыс анықталуы қажет. Осы мақсатта залалдың сотталушының немесе есі дұрыс емес адамның қандай әрекетімен немесе әрекетсіздігімен келтірілгені, мұның қандай дәлелдемелермен расталатыны, залал сомасының қаншалықты екені, оның неден құралатыны, кімнің заңға сәйкес материалдық жауаптылықта болатыны және залалдың кімнің пайдасына өндірілетіні тиянақты анықталғаны жөн.
Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.23. Сотталушы (азаматтық жауапкер, оның өкілдері) талап қою талаптарын мойындауға құқылы, бұл сотты істі мұқият және әділ талқылап, азаматтық талап қою бойынша заңды шешім қабылдаудан босатпайды.
Істі қысқартылған тәртіппен сотта талқылауды жүргізу кезінде азаматтық талап қою бойынша зерттеу жүзеге асырылмайды. Сотталушының (азаматтық жауапкер мен оның өкілдерінің) азаматтық талап қоюды мойындамауы қылмыстық іс бойынша сот тергеуін, оның ішінде азаматтық талап қоюға қатысты мән-жайларды зерттеп толық көлемде жүргізуге алып келеді.
Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.24. Егер қылмыстық істі қараған кезде жәбірленуші (әрі азаматтық талапкер) сотталушымен татуласуына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы өтінішхат берсе және қылмыстық құқық бұзушылықпен өзіне келтірілген зиянның толық өтелгенін мәлімдесе, сот оған осы негіз бойынша, оның ішінде азаматтық талап қою бөлігінде істі тоқтату салдарын түсіндіруі, сондай-ақ жәбірленушінің аталған арызды өз еркімен бергенін, зиянды өтеудің мән-жайларын және оның мөлшерін анықтауы қажет.
Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.25. Азаматтық талап қоюды қарау нәтижелері бойынша сот: азаматтық талап қоюды толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы; азаматтық талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы; азаматтық талапкердің азаматтық талап қоюын қанағаттандыру құқығын тану және оның мөлшері туралы мәселені азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен соттың қарауына беру туралы; азаматтық талап қоюдан бас тартуды қабылдау және ол бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы; татуласу келісімін не дауды азаматтық талап қою бойынша медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту және ол бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы; азаматтық талап қоюды қараусыз қалдыру туралы шешімдердің бірін шығара алады.
Үкімнің (қаулының) сипаттама-уәждеу бөлігінде сот тараптардың азаматтық талап қоюға көзқарасын көрсетіп, сот азаматтық талап қою туралы мәселені шешу кезінде қолданған материалдық және процестік заңдардың нормаларына сілтеме жасап, азаматтық талап қою бойынша шешімнің тиісті уәждері мен негіздерін көрсетуге тиіс. Соттың азаматтық талап қою бойынша шешімі үкімнің (қаулының) қарар бөлігінде баяндалады.
Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.26. Егер сот қылмыстық іс бойынша айыптау үкімін шығарса немесе есі дұрыс емес адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы шығарса, азаматтық талап қою толық немесе ішінара қанағаттандырылуға жатады. Талап қоюды толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы шешімді сот келтірілген зиянның сипаты мен мөлшерінің дәлелденгенін, оның қандай мән-жайларға байланысты келтірілгенін негізге ала отырып қабылдайды.
Азаматтық талап қою ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4) тармақтарында көрсетілген негіздермен іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарылған кезде де толық қанағаттандырылуға жатады. Күдікті, айыпталушы, сотталушы немесе олардың заңды өкілдері келтірілген залалдың сомасын даулаған жағдайда, азаматтық талап қою даудың мәні бойынша шешіле отырып, іс бойынша іс жүргізу ҚПК-нің 35-бабының төртінші бөлігінде көзделген қағидалар бойынша жалғасады.
Азаматтық талап қоюды қылмыстық іспен бірге қарау кезінде қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген залалды өтеудің негіздері, шарттары, көлемі мен тәсілі азаматтық, еңбек және басқа да заң нормаларына сәйкес айқындалады. Зиян келтiргенi үшiн жауаптылықтың жалпы негiздерi АК-нің Ерекше бөлігінің 47-тарауында белгіленген.
Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.27. Сот үкімнің қарар бөлігінде өндіріп алынуға жататын соманы көрсете отырып, азаматтық талап қоюды толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы не азаматтық талапкердің талап қоюын қанағаттандыру құқығын тану және оның мөлшері туралы мәселені соттың азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауына беру туралы не азаматтық талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы не азаматтық талап қоюды қараусыз қалдыру туралы, жауапкерден (жауапкерлерден) мемлекет кірісіне өндіріп алынуға жататын мемлекеттік баждың мөлшері туралы шешімді баяндайды.
Бірнеше сотталушыға қойылған азаматтық талапты қанағаттандыру кезінде сот үкімнің қарар бөлігінде нақты қандай соманың және кімнен, ортақ немесе үлестік тәртіппен өтелетінін көрсетеді. Егер мүліктік зиян аса ауыр қылмыс жасау салдарынан келтірілсе және сотталған адамда оны өтеу үшін жеткілікті мүлік болмаса, үкім шығарған сот жәбірленушінің немесе оның құқықтық мирасқорының арызы бойынша ҚПК-нің 71-бабының жетінші бөлігіне сәйкес республикалық бюджет қаражаты есебінен толық көлемде, бірақ 150 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын, ақшалай өтемақыны төлеу туралы қаулы шығаруға тиіс. Соттың аталған қаулысы атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамада белгіленген тәртіппен мәжбүрлеп орындалуға жатады.
Егер залал бірнеше адамның бірлесіп жасаған қылмыстық әрекеттерінің салдарынан келтірілсе, онда сотталып отырғандардың ересектері де, кәмелетке толмағандары да өздерінде мүлік немесе өзге кіріс көздері болған жағдайда АК-нің 932-бабына сәйкес ортақ материалдық жауаптылықта болады. Сот жәбірленушінің арызы бойынша және оның мүддесі үшін зиянды бірлесіп келтірген адамдарға үлестік жауаптылық жүктеуі мүмкін.
Сот талап қоюды қанағаттандыра отырып, үкімнің (қаулының) қарар бөлігінде азаматтық жауапкердің шешімді азаматтық талап қою бойынша өз еркімен орындау мерзімін белгілеуге және үкімде (қаулыда) көрсетілген мерзім өткеннен кейін сот актісі азаматтық талап қою бөлігінде мәжбүрлеп орындауға жататыны туралы көрсетуге тиіс.
Үкімді азаматтық талап қою бөлігінде мәжбүрлеп орындау атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамада белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
Сот басқа адамдардың иелігіндегі мүліктің сотталушыға тиесілі екенін, сондай-ақ оның басқа адамдармен бірге ортақ меншігіндегі мүліктің қылмыстық жолмен табылған қаражатқа алынғанын анықтап, тиісті дәлелдемелер келтіре отырып, залалды өтеуге өндіріп алу осы мүлікке де қолданылуы мүмкін екенін үкімде көрсетуге тиіс.
Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.28. Азаматтық талап қойылған кезде қылмыстық істе талапкер ғана мемлекеттік баж төлеуден босатылады, сондықтан талап қою толық немесе ішінара қанағаттандырылған жағдайларда сот үкімде жауапкерден (жауапкерлерден) мемлекеттік бажды мемлекеттің кірісіне толық немесе талап қою қанағаттандырылған бөлігіне пропорционалды өндіріп алу туралы мәселелерді шешеді.
Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.29. Сот азаматтық жауапкердің азаматтық талап қоюды қанағаттандыру құқығын тану туралы және оның мөлшері туралы мәселені азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға беру туралы шешімді үкімде (қаулыда) көрсетеді және қылмыстық істің басты сот талқылауы кезінде талап қоюды қанағаттандыру үшін заңда көзделген барлық негіздер анықталған жағдайларда ғана және олар талап қоюдың негізді екенін куәландырса, алайда оның мөлшерін қылмыстық істі талқылауды кейінге қалдырмай дәл анықтау мүмкін болмаса (мысалы, мүліктік залалдың мөлшерін растайтын қажетті құжаттардың болмауына орай және басқалары), осындай шешім қабылдануы мүмкін.
Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.30. Соттың азаматтық талапкердің азаматтық талап қоюды қанағаттандыру құқығын танып, азаматтық талап қоюдың мөлшері туралы мәселені азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға беруі үкім заңды күшіне енген кезде соттың үкімнің және азаматтық талап қоюға қатысты материалдардың тиісінше куәландырылған көшірмелерін қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиян үшін өндірілуге жататын өтемақының мөлшерін азаматтық талапкердің пайдасына толық есептеу үшін соттылығы бойынша тиісті сотқа жіберуін білдіреді. Бұл ретте қылмыстық істі қарайтын сот азаматтық талапкердің азаматтық талап қоюды қанағаттандыруға құқығын тани отырып, азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жататын мәселелерді алдын ала анықтап, олар бойынша түйіндерді үкімде көрсетуге құқылы емес.
Сот қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиян үшін өндіріп алынуға жататын өтемақының мөлшерін есептеу туралы мәселені азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қараған кезде талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуға немесе талапты кері қайтаруға құқылы емес, өйткені ҚПК-нің 127-бабының үшінші бөлігіне сәйкес соттың заңды күшiне енген, талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын үкiмi сот үшiн оның азаматтық iсті қарауы кезiнде осы бөлiгінде мiндеттi.
Азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатын жәбірленушілердің стационарда емделуіне жұмсалған қаражатын өтеу туралы істердің соттылығы жөніндегі мәселені шешу кезінде олар АПК-нің 30-бабының бесінші бөлігіне орай, талапкердің тұрғылықты жері бойынша немесе жәбірленушінің денсаулығына зиян келтірілген жер бойынша соттарда қаралуы мүмкін екенін назарда ұстаған жөн.
Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.31. Азаматтық талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының анықталмауы не сотталған адамның қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысуы не есі дұрыс емес адамның қоғамға қауіпті іс-әрекетті жасағаны дәлелденбеуі бойынша ақтау үкімі шығарылған кезде қабылданады.
Егер сот отырысында қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның іс-әрекетімен зиян келтірілмегені не сотталушының немесе есі дұрыс емес адамның іс-әрекетінің және келтірілген зиянның арасында себепті байланыстың жоқ екені анықталған жағдайда да талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылуға тиіс.
Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.32. Қылмыстық істі мәні бойынша шешкен кезде азаматтық талап қоюды қарамай негізсіз қалдыруға жол берілмейтінін соттардың назарда ұстағаны жөн.
ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 5), 7), 8) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылған кезде азаматтық талап қою қараусыз қалдырылуы мүмкін.
Сот сотталушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақтау үкімін немесе істі тоқтату туралы және есі дұрыс емес адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға негіздердің жоқ екендігі туралы қаулы шығарған кезде де азаматтық талап қою қараусыз қалдырылуға жатады.
Азаматтық талап қою азаматтық талапкердің немесе оның өкілінің сот отырысына келмеуіне байланысты да қараусыз қалдырылуы мүмкін. Алайда, сот азаматтық талапкердің немесе оның өкілінің келген-келмегеніне қарамастан, егер ол өз бастамасымен мұны қажет деп тапса не басты сот талқылауына қатысып отырған прокурор азаматтық талап қоюды қолдаса немесе азаматтық талапкердің және оның өкілінің азаматтық талап қоюды өздерінің қатысуынсыз қарау туралы өтінішхаты болса, азаматтық талап қоюды қарауға құқылы.
Қылмыстық сот ісін жүргізу шеңберінде азаматтық талап қоюды қараусыз қалдыру азаматтық талапкерді азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен талап қою құқығынан айырмайды.
Ескерту. 32-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.33. Азаматтық талап қойылып және оны қамтамасыз ету шаралары қолданылған қылмыстық іс тоқтатылған жағдайда сот азаматтық талапкерге көрсетілген шаралардың күші жойылатынын түсіндіруге міндетті. Талапкер мұндай жағдайларда талап қоюды азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы талап қоюмен және өтінішхатпен жүгінуге құқылы.
Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.34. Сот жәбірленушіге, азаматтық талапкерге, олардың өкілдеріне басты сот талқылауының хаттамасымен, басты сот талқылауының аудио-, бейнежазбасымен танысу және оларға өздерінің ескертулерін жасау құқығын түсіндіруге міндетті, бұл сот отырысының хаттамасында көрсетілуге тиіс. Сот отырысының хаттамасына ескертулер жазбаша нысанда немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында беріледі. Белгіленген мерзімдер бұзылып ресімделген хаттамаға қол қойылған күн туралы аталған адамдар хабардар етілуге тиіс.
Ескерту. 34-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.35. Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкілдері сот үкімінің азаматтық талап қою бөлігіндегі шешіміне апелляциялық шағым бере алады. Азаматтық талапкерлердің әрқайсысы үкімге тек өздерінің талап қою талаптарына қатысты бөлігіне ғана шағым беруге құқылы. Апелляциялық өтінішхатты тиісті прокурор ҚПК-нің 414-бабының екінші бөлігіне сәйкес бере алады.
Шағымдарды немесе өтінішхатты берген адамдар оларды апелляциялық сатыда сот отырысы басталғанға дейін кері қайтарып ала алады. Сондай-ақ өтінішхатты жоғары тұрған прокурор кері қайтарып алуы мүмкін.
Процеске қатысушылар түскен шағымдар, өтінішхаттар туралы хабардар етілуге тиіс, оларға өз қарсылықтарын беру құқығы түсіндірілуге тиіс, олар сондай-ақ апелляциялық шағымдар, өтінішхат бойынша істің қаралатын уақыты мен орны туралы хабардар етілуге тиіс.
Ескерту. 35-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.36. Азаматтық талапкерлер мен азаматтық жауапкерлер, олардың өкілдері апелляциялық сатының отырысына қатысуға, азаматтық талап қоюға қатысты мән-жайлар бойынша түсініктемелер беруге құқылы. Апелляциялық саты отырысының болатын уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар етілген жағдайда олардың сот отырысына келмеуі істі қарауға кедергі келтірмейді.
Күзетпен ұстаудағы азаматтық жауапкерді (сотталған адамды) сот отырысына шақыртудың қажеттілігін апелляциялық сатының соты шешеді. Егер шағымда, өтінішхатта өндіріп алынатын соманың мөлшерін ұлғайту немесе азаматтық талап қою бойынша сотталған адамның жағдайын өзгедей нашарлату туралы мәселе қойылса, оның апелляциялық сатыға қатысу туралы өтінішхаты міндетті түрде қанағаттандырылуға тиіс.
Ескерту. 36-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.37. Апелляциялық сатыдағы сот үкімнің азаматтық талап қою бөлігіндегі заңдылығын тексере келіп, ҚПК-нің 432-бабының талаптарын ескере отырып, үкімді азаматтық талап қою бөлігінде өзгертуге құқылы. Азаматтық талап қою бойынша шешім үкімнің қарар бөлігінде көрсетілмеген жағдайларда, сот талап қоюды зерттемеген, мәлімделген азаматтық талап қою бойынша талапкер мен жауапкерден жауап алмаған, үкімде азаматтық талап қою жөнінде ешқандай тұжырым жасамаған және қарар бөлігінде азаматтық талап қою бойынша шешімін мүлде көрсетпеген жағдайларда, апелляциялық сатыдағы сот азаматтық талапкердің және азаматтық жауапкердің сот талқылауына және азаматтық талап қоюды мәні бойынша қарауға қатысуы туралы заң талаптарын орындай отырып, сот тергеуін жүргізеді. Сот қарауының қорытындылары бойынша апелляциялық сатыдағы сот ҚПК-нің 432-бабының талаптарына сәйкес талап қою бойынша уәжді шешім қабылдап, үкімді азаматтық талап қою бөлігінде өзгертеді.
ҚПК-нің 433-бабында көрсетілген негіздер бойынша үкімнің күшін жою үкімге шағым жасалған-жасалмағанына, сонымен қатар прокурор осы бөлікте оған өтінішхат келтіргеніне қарамастан, азаматтық талап қою бөлігінде де оның күшін жоюға алып келеді.
Сотталушының іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына не қоғам үшін қауіп төндірмейтін және мәжбүрлеп емдеуді қажет етпейтін есі дұрыс емес адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін негіздердің болмауына байланысты немесе ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 5), 7) және 8) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша үкімнің күші жойылған және іс тоқтатылған кезде апелляциялық саты азаматтық талап қоюды қараусыз қалдырады.
Егер апелляциялық саты ақтау үкімін шығарса, сол сияқты қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасы немесе есі дұрыс емес адамның Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде (бұдан әрі - ҚК) тыйым салынған іс-әрекеті анықталмауына, не сотталушының қатысуы немесе есі дұрыс емес адамның қоғамға қауіпті іс-әрекетті жасағаны дәлелденбеуіне, не сотталушының немесе өзіне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы мәселе шешіліп жатқан адамның қылмыстық құқық бұзушылықты немесе ҚК-де тыйым салынған әрекетті жасаудағы кінәсі анықталмауына орай іс тоқтатылса, онда осы саты азаматтық талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
ҚПК-нің 170-бабының үшінші бөлігінде және алтыншы бөлігінің 3) тармағында көзделген жағдайларда азаматтық талап қарау қылмыстық істен бөлектеп және АПК-де көзделген соттылық қағидалары негізінде асырылады.
Үкімнің күші толық көлемде жойылғаннан кейін қылмыстық істі жаңадан қарау кезінде азаматтық талап қою ҚПК-де көзделген жалпы негіздер бойынша қайтадан қаралады.
Ескерту. 37-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.38. Азаматтық талапкердің, оның өкілінің шағымында немесе прокурордың өтінішхатында көрсетілген тиісті дәлелдер болғанда ғана апелляциялық саты үкімді азаматтық талап қою бөлігінде өндіріп алынатын соманы ұлғайту жағына қарай өзгертуі (есептік қатені түзеуден басқа), талап қоюдан бас тарту туралы шешімнің күшін жоюы және оны қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауы не азаматтық жауапкердің (сотталған адамның) жағдайын нашарлататын азаматтық талап қою бойынша өзге шешім қабылдауы мүмкін.
Ескерту. 38-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.39. ҚПК-нің 494-бабының он төртінші бөлігінің талаптарына сәйкес істі кассациялық тәртіппен қарау кезінде сот өтінішхаттың немесе наразылықтың шегінен шығып, егер осы орайда сотталған адамның жағдайы нашарламаса, шағым жасалған, наразылық келтірілген үкімнің заңдылығын азаматтық талап қою бөлігінде толық көлемде тексеруге құқылы.
ҚПК-нің 665-бабына сәйкес алқабилердің қатысуымен шығарылған үкім азаматтық талап қою бөлігінде ҚПК-нің 485-бабы бірінші бөлігінің 1) тармағында және екінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде ғана кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.
Ескерту. 39-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.40. Соттар азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердің құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген мүліктік зиянды өтеуге бағытталған заң талаптарының бұзылуының әрбір жағдайына жекеше қаулы шығару арқылы ден қоюы тиіс.
Ескерту. 40-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.41. Осы нормативтік қаулының қабылдануына байланысты "Қылмыспен келтірілген материалдық залалды өтеу жөніндегі заңдарды соттардың қолдану тәжірибесі туралы" СССР Жоғарғы Соты Пленумының 1979 жылғы 23 наурыздағы № 1 қаулысын Пленумның 1984 жылғы 26 сәуірдегі № 7 қаулысымен енгізілген толықтыруларымен қоса Республика соттарының орындау барысы туралы" 1990 жылғы 19 наурыздағы № 1 Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының қаулысының күші жойылды деп танылсын.
Ескерту. 41-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.42. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Ескерту. 42-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
|
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы |
|
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыс хатшысы |