Техникалық реттеу және метрология мәселелері жөніндегі комиссия құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 12 маусымдағы № 558 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес құрамда Техникалық реттеу және метрология мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылсын.
      2. Қоса беріліп отырған Комиссия туралы ереже бекітілсін.
      3. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Миниcтрі                                К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2010 жылғы 12 маусымдағы
№ 558 қаулысымен 
бекітілген    

Техникалық реттеу және метрология мәселелері
жөніндегі комиссия туралы
ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Техникалық реттеу және метрология мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
      2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын және Қазақстан Республикасының, өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2. Комиссияның негізгі міндеттері мен функциялары

      3. Комиссияның негізгі міндеттері:
      1) техникалық реттеу және метрология жүйелерін жетілдіру;
      2) техникалық реттеу және метрология саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын анықтау;
      3) техникалық реттеу және метрология саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін қарау жөнінде ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
      4. Комиссияның функциялары:
      1) мемлекеттік органдардың, шаруашылық жүргізуші субъектілер мен қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстарын талдауды жүзеге асыру,  техникалық реттеу және метрология жүйелерін жетілдіру мәселелері жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
      2) әзірлеуге ұсынылатын техникалық регламенттердің тұжырымдамаларын алдын ала қарау қорытындылары бойынша техникалық регламенттерді әзірлеу жөнінде ұсыныстар дайындау;
      3) салалардағы техникалық реттеу және метрология жүйелерін дамыту жөнінде ұсыныстар дайындау болып табылады.

3. Комиссияның құқықтары

      5. Комиссия өз құзыретінің шегінде:
      1) мемлекеттік органдардан Комиссияның міндеттерін іске асыру үшін қажетті материалдарды сұратуға және алуға;
      2) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсініктемелер алу үшін мемлекеттік органдардың және мемлекеттік ғылыми-зерттеу ұйымдарының мамандарын қажеттілігіне қарай тартуға;
      3) Комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың өкілдерін Комиссияның отырыстарында тыңдауға;
      4) техникалық реттеу және метрология саласындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру жөнінде мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізуге құқылы.

4. Комиссияның жұмысын ұйымдастыру

      6. Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық етеді, отырыстарда төрағалық етеді, жұмысты жоспарлайды және шешімдердің іске асырылуын жалпы бақылауды жүзеге асырады және қолданыстағы заңнамаға сәйкес Комиссия жүзеге асыратын қызметке және Комиссия әзірлеген шешімдерге дербес жауап береді. Төраға болмаған кезде оның функцияларын Комиссия төрағасының орынбасары орындайды.
      7. Комиссияның жұмыс органының функциялары Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технология министрлігіне жүктеледі.
      8. Комиссияның жұмыс органы комиссия жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық, қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
      9. Комиссия отырыстарының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындауды және отырыс өткізілгеннен кейін хаттаманы ресімдеуді Комиссияның хатшысы жүзеге асырады.
      10. Хатшы Комиссияның мүшесі болып табылмайды.
      11. Комиссияның жұмыс отырыстарының материалдары төрағамен келісілгеннен кейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей Комиссияның әрбір мүшесіне жеткізіледі.
      12. Комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына бір рет қана өткізіледі және егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса заңды болып саналады.
      13. Комиссияның шешімдері Комиссия мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады. Комиссия мүшелерінің дауыстары тең болған кезде төраға берген дауыс шешуші болып табылады. Комиссия мүшелерінің ерекше пікірлерін білдіруге құқығы бар, ол білдірілген жағдайда жазбаша түрде баяндалуы және хаттамаға қоса берілуі тиіс.
      14. Комиссияның шешімі ұсынымдық сипатта болады.
      15. Комиссияның отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша оның барлық мүшелері міндетті түрде қол қоятын хаттама жасалады.

5. Комиссияның қызметін тоқтату

      16. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі Комиссияның қызметін тоқтату үшін негіз болып табылады.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2010 жылғы 12 маусымдағы
№ 558 қаулысына 
1-қосымша    

Техникалық реттеу және метрология мәселелері жөніндегі
комиссияның құрамы

Шөкеев                - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің
Өмірзақ Естайұлы        бірінші орынбасары, төраға

Мұхамбетов            - Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа
Ғабит Мұхамбетұлы       технологиялар министрлігі Техникалық
                        реттеу және метрология комитетінің
                        төрағасы, төрағаның орынбасары

Момышев               - Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа
Талғат Амангелдіұлы     технологиялар министрлігі Техникалық реттеу
                        және метрология комитеті төрағасының
                        орынбасары, хатшы

Садықов               - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау
Болат Нұрмырзаұлы       министрлігінің жауапты хатшысы

Дүйсембаев            - Қазақстан Республикасының Көлік және
Еркін Сейдеғалиұлы      коммуникация вице-министрі

Жақыпов               - Қазақстан Республикасының Білім және
Айдар Бексұлтанұлы      ғылым вице-министрі

Евниев                - Қазақстан Республикасының Ауыл
Арман Қайратұлы         шаруашылығы вице-министрі

Қиынов                - Қазақстан Республикасының Мұнай
Ләззат Кетебайұлы       және газ вице-министрі

Күреңбеков            - Қазақстан Республикасының Ішкі
Амантай Жанкеұлы        істер вице-министрі

Нұрымбетов            - Қазақстан Республикасының Еңбек және
Біржан Бидайбекұлы      халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі

Петров                - Қазақстан Республикасының Төтенше
Валерий Викторович      жағдайлар вице-министрі

Сәрсенов              - Қазақстан Республикасының Байланыс
Сәкен Сейітжаппарұлы    және ақпарат вице-министрі

Тұрмағамбетов         - Қазақстан Республикасының Қоршаған
Мәжит Әбдіқалықұлы      ортаны қорғау вице-министрі

Өскенбаев             - Қазақстан Республикасының Туризм
Қайырбек Айтбайұлы      және спорт вице-министрі

Бишімбаев             - Қазақстан Республикасының, Экономикалық
Қуандық Уәлиханұлы      даму және сауда вице-министрі

Әкімжанов             - Қазақстан Республикасының Құрылыс және
Жандос Әбілханұлы       тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері
                        агенттігі төрағасының орынбасары

Жарқынбаев            - Қазақстан Республикасы Статистика
Жәсер Әзімханұлы        агенттігі төрағасының орынбасары

Молдабеков            - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш
Мейірбек Молдабекұлы    агенттігі төрағасының орынбасары
                        (келісім бойынша)

Никитинская           - «Атамекен» Одағы» Қазақстан ұлттық
Екатерина Сергеевна     экономикалық палатасы» заңды тұлғалар
                        бірлестігі төрағасының бірінші
                        орынбасары (келісім бойынша)

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2010 жылғы 12 маусымдағы
№ 558 қаулысына  
2-қосымша    

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған
кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. «Техникалық реттеу жүйесіне көшуді жүзеге асыру үшін ведомствоаралық комиссия құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 2 наурыздағы № 197 қаулысы.
      2. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 2 наурыздағы № 197 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 21 тамыздағы № 790 қаулысы.
      3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 2 наурыздағы № 197 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 17 ақпандағы № 174 қаулысы.
      4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 2 наурыздағы № 197 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 29 желтоқсандағы № 2244 қаулысы.