«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен мемлекеттік қорық аймақтарын тарату және олардың аумақтарын азайту ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 11 мамырдағы
№ 399 қаулысымен
бекітілген
Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен
мемлекеттік қорық аймақтарын тарату және олардың аумақтарын
азайту ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен мемлекеттік қорық аймақтарын тарату және олардың аумақтарын азайту ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен мемлекеттік қорық аймақтарын тарату және олардың аумақтарын азайту тәртібін айқындайды.
2. Осы Ереже республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдардың барлық түрлеріне және мемлекеттік қорық аймақтарына қолданылады.
2. Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен
мемлекеттік қорық аймақтарын тарату және олардың аумақтарын
азайту тәртібі
3. Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен мемлекеттік қорық аймақтарын тарату және олардың аумақтарын азайту Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүргізіледі.
4. Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен мемлекеттік қорық аймақтарын таратуға немесе олардың аумақтарын азайтуға байланысты заңды немесе жеке тұлғаның өтінішін ол өтініште көрсетілген қызмет мәселелері құзыретіне енетін мемлекеттік органға (бұдан әрі - уәкілетті орган) енгізеді, онда ол 15 жұмыс күні ішінде қаралады.
5. Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен мемлекеттік қорық аймақтарын тарату немесе олардың аумақтарын азайту туралы мәселені қарау орынды деп танылған жағдайда уәкілетті орган материалдарды (карталар, сызбалар, негіздемелер) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органға жібереді.
6. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган бір ай мерзім ішінде республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен мемлекеттік қорық аймақтарын тарату немесе олардың аумақтарын азайту жөніндегі ұсынысты қабылдамау туралы не бұл мәселені одан әрі қарау туралы шешім шығарады.
7. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган оң шешім қабылдағаннан кейін уәкілетті орган республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен мемлекеттік қорық аймақтарын таратудың немесе олардың аумақтарын азайтудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесінің жобасын (бұдан әрі - жаратылыстану-ғылыми негіздеме) әзірленуін және оны мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткізілуін ұйымдастырады.
8. Жаратылыстану-ғылыми негіздеме:
зерттеліп отырған аумақтың табиғи кешендері мен онда орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің бірегейлігін, маңыздылығын және ерекшелік сипатын бағалауды;
зерттеліп отырған аумақтағы мемлекеттік табиғи-қорық қорының экологиялық жүйелері мен объектілерінің жай-күйін, оларды сақтау және қорғау жөніндегі тәуекелдерді, қатерлерді және шараларды;
зерттеліп отырған аумақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайларды бағалауды және республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен мемлекеттік қорық аймақтарын таратудың және олардың аумақтарын азайтудың экологиялық және экономикалық орындылығы туралы тұжырымдарды;
республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен мемлекеттік қорық аймақтарының аумақтары азайтылған жағдайда - ерекше қорғалатын табиғи аумақтың құрамынан шығарылатын меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерінің ұсынылып отырған шекараларын, шекаралардың сипаттамасын, координаттарын, санаттары мен көлемін;
жер учаскелерін кейіннен пайдалану және қалпына келтіру туралы ұсыныстарды қамтиды.
9. Жаратылыстану-ғылыми негіздеменің жобасын мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
10. Жаратылыстану-ғылыми негіздеме бекітілгеннен кейін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының тиісті жобасын әзірлейді.
11. Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен мемлекеттік қорық аймақтарын тарату немесе олардың аумақтарын азайту Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізбесіне тиісті өзгерістер енгізіліп жүзеге асырылады.