Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.07 N 1413 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын тарату және олардың аумақтарын азайту ережесі бекітілсін.
Ескерту. 1-тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.07 N 1413 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 11 мамырдағы
№ 399 қаулысымен
бекітілген
Республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи
қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық
аймақтарын тарату және олардың аумақтарын қысқарту қағидалары
Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.07 N 1413 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын тарату және олардың аумақтарын қысқарту қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын тарату және олардың аумақтарын қысқарту тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидалар республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарының барлық түрлеріне қолданылады.
2. Республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи
қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық
аймақтарын тарату және олардың аумақтарын қысқарту тәртібі
3. Республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын тарату және олардың аумақтарын қысқарту уәкілетті органның ұсынысы бойынша жаратылыстану-ғылыми негіздемеге мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы негізінде жүзеге асырылады.
4. Заңды немесе жеке тұлға республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын таратуға немесе олардың аумақтарын қысқартуға байланысты өзінің өтінішін құзыретіне өтініште көрсетілген қызмет мәселелері енетін мемлекеттік органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) енгізеді, онда ол 15 жұмыс күні ішінде қаралады.
Заңды немесе жеке тұлға жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдарды таратуға немесе оларды қысқартуға байланысты өзінің өтінішін аумақтық орналасуы бойынша облыстардың немесе республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына енгізеді, онда ол 15 жұмыс күні ішінде қаралады.
5. Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын тарату немесе олардың аумақтарын қысқарту туралы мәселені қарау орынды деп танылған жағдайда уәкілетті орган материалдарды (карталар, сызбалар, негіздемелер) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органға жібереді.
Жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдарды тарату немесе олардың аумақтарын қысқарту туралы мәселені қарау орынды деп танылған жағдайда облыстардың немесе республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы материалдарды (карталар, сызбалар, негіздемелер) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органға жібереді.
6. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган бір ай мерзім ішінде республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын тарату немесе олардың аумақтарын қысқарту жөніндегі ұсынысты қабылдамау туралы не бұл мәселені одан әрі қарау туралы шешім шығарады.
7. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган оң шешім қабылдағаннан кейін уәкілетті орган не облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын таратудың немесе олардың аумақтарын қысқартудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесінің жобасын (бұдан әрі – жаратылыстану-ғылыми негіздеме) әзірлеуді және оның мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтуін ұйымдастырады.
8. Жаратылыстану-ғылыми негіздеме:
1) зерттеліп отырған аумақтың табиғи кешендері мен онда орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің бірегейлігін, маңыздылығын және ерекшелік сипатын бағалауды;
2) зерттеліп отырған аумақтағы мемлекеттік табиғи-қорық қорының экологиялық жүйелері мен объектілерінің жай-күйін, оларды сақтау және қорғау жөніндегі тәуекелдерді, қатерлерді және шараларды;
3) зерттеліп отырған аумақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайларды бағалау мен республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын таратудың және олардың аумақтарын қысқартудың экологиялық және экономикалық орындылығы туралы тұжырымдарды;
4) республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарының аумақтары қысқартылған жағдайда – ерекше қорғалатын табиғи аумақтың құрамынан шығарылатын меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерінің ұсынылып отырған шекараларын, шекаралардың сипаттамасын, координаталарын, санаттары мен көлемін;
5) жер учаскелерін кейіннен пайдалану және қалпына келтіру туралы ұсыныстарды қамтиды.
9. Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын таратудың және олардың аумақтарын қысқартудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесінің жобасын мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган 3 жұмыс күні ішінде бекітеді.
Жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдарды таратудың және олардың аумақтарын қысқартудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесінің жобасын мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы 10 жұмыс күні ішінде бекітеді.
10. Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын таратудың және олардың аумақтарын қысқартудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесі бекітілгеннен кейін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган 10 жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметі шешімінің тиісті жобасын әзірлейді.
Жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдарды таратудың және олардың аумақтарын қысқартудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесі бекітілгеннен кейін облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы 30 күнтізбелік күн ішінде тиісті шешім қабылдайды.
11. Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын тарату немесе олардың аумақтарын қысқарту Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізбесіне тиісті өзгерістер енгізіліп жүзеге асырылады.