Салалық бағдарламаларды әзірлеу, іске асыру, мониторингілеу, бағалау және бақылау ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 18 наурыздағы № 218 Қаулысы

Жаңартылған

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.23 № 1478 Қаулысымен.

      «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы № 827 Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Салалық бағдарламаларды әзірлеу, іске асыру, мониторингілеу, бағалау және бақылау ережесі бекітілсін.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.23 № 1478 Қаулысымен.
      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) «Қазақстан Республикасында салалық (секторалдық) және өңірлік бағдарламаларды әзірлеу мен іске асыру ережесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 26 ақпандағы № 231 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 10, 122-құжат);
      2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 12 қазандағы № 982 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 4-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 37, 414-құжат).
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2010 жылғы 18 наурыздағы
№ 218 қаулысымен   
бекітілген     

Салалық бағдарламаларды әзірлеу, іске асыру, мониторингілеу, бағалау және бақылау ережесі

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.23 № 1478 Қаулысымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Салалық бағдарламаларды әзірлеу, іске асыру, мониторингілеу, бағалау және бақылау ережесі «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы № 827 Жарлығына сәйкес әзірленді және салалық бағдарламаларды әзірлеу, іске асыру, мониторингілеу, бағалау және бақылау тәртібін айқындайды.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.23 № 1478 Қаулысымен.
      2. Салалық бағдарлама — салалық мәні бар маңызды міндеттерді шешуге бағытталған өзара байланысты ұйымдық, норма шығару, экономикалық, әлеуметтік, қаржылық және басқа да шаралар кешенін айқындайтын құжат.
      3. Салалық бағдарламаларды орталық атқарушы органдар (бұдан әрі  - мемлекеттік органдар) белгілі бір саланы (секторды) дамыту, салалық мәні бар маңызды міндеттерді шешу, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес сектор ұйымдарының іс-қимылдарын ведомствоаралық үйлестіру мақсатында Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуы үшін орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңге әзірлейді.
      4. Салалық бағдарламалар, егер оларда жазылған проблемаларды қолданыстағы стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының шеңберінде шешуді жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда ғана әзірленеді.
      5. Салалық бағдарламаларды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      6. Іске асыру мерзімі бойынша салалық бағдарламалар:
      орта мерзімді (бір жылдан 5 жылға дейін);
      ұзақ мерзімді (5 жылдан астам) болып бөлінеді.
      7. Салалық бағдарламаларды әзірлеу және мониторинг жүргізу жөніндегі әдіснамалық сүйемелдеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

2. Салалық бағдарламаларға қойылатын негізгі талаптар

      8. Салалық бағдарлама мынадай талаптарға сәйкес болуы қажет:
      мемлекеттік органдардың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын, стратегиялық жоспарларын іске асыруға бағдарлану;
      игілікті пайдаланушылардың нысаналы тобының қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағдарлану;
      мемлекеттік органдардың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында, стратегиялық жоспарларында қойылған мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ететін мерзімдері, ресурстары мен орындаушылары бойынша келісілген мақсаттардың, міндеттердің, нысаналы индикаторлар мен шаралардың жүйесін қамту;
      шаралардың атаулылығын, оларды іске асыру мерзімдері мен дәйектіліктері нақты айқындалғанын, орындаушылардың бағдарламалық мақсаттарға қол жеткізу қызметі қатаң бағдарланғанын қамтамасыз ету;
      қаржы, еңбек және техникалық ресурстар мен оларды қамтамасыз ету көздері теңгерімділігін қамтамасыз ету.
      9. Мыналарға:
      мемлекеттік органдардың ішкі ведомстволық мәселелерін шешуге бағытталған;
      мемлекеттік органдардың қолданыстағы стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының, стратегиялық жоспарларының және салалық бағдарламалардың, сондай-ақ осы бағдарламаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралардың мақсаттары мен міндеттерін қайталайтын салалық бағдарламаларды әзірлеуге жол берілмейді.

3. Салалық бағдарламаның құрылымы

      10. Салалық бағдарламаның құрылымы мынадай бөлімдерді қамтиды:
      паспорты (негізгі параметрлері);
      кіріспе;
      ағымдағы жағдайды талдау;
      бағдарламаны іске асырудың мақсаттары, міндеттері, нысаналы индикаторлары мен нәтижелер көрсеткіштері;
      бағдарламаның негізгі бағыттары, мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу жолдары, тиісті шаралар;
      бағдарламаны іске асыру кезеңдері;
     қажетті ресурстар;
      бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 05.06.2014 № 612 қаулысымен.
      11. «Паспорты» бөлімінде мыналарды қамтитын салалық бағдарламаның негізгі параметрлері баяндалады:
      атауы;
      әзірлеу үшін негіздеме;
      салалық бағдарламаны әзірлеуге және іске асыруға жауапты мемлекеттік органның нұсқауы;
      мақсаттары;
      міндеттері;
      іске асыру мерзімдері (кезеңдері);
      нысаналы индикаторлары;
      қаржыландыру көздері мен көлемі.
      12. «Кіріспе» бөлімінде ұсынылып отырған салалық бағдарламаның қажеттілігінің негіздемесі баяндалады.
      13. «Ағымдағы жағдайды талдау» бөлімінде мыналар баяндалады:
      сала (сектор) жағдайының ағымдағы ахуалын, сондай-ақ осы саланың (сектордың) елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына әсерін бағалау;
      осы саладағы (сектордағы) күшті және әлсіз жақтарды, мүмкіндіктер мен қауіп-қатерлерді талдау;
      тиісті саланы (секторды) дамытудың негізгі проблемалары, үдерістері мен алғышарттары;
      нысаналы технологиялық бағдарламалар (болған кезде) арқылы іске асырылатын дағдарысты технологиялардың тізбесін қоса алғанда, саланы (секторды) инновациялық-технологиялық дамытуды талдау. Сондай-ақ басқарушылық технологияларды жақсартуға және халыққа мемлекеттік қызметтер көрсетуді жетілдіруге бағытталған қызметтің инновациялық құрауышы талданады;
      қолданыстағы нормативтік-құқықтық базалар сипаттамасын, саланы (секторды) дамытуды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды іске асырудың қолданыстағы практикалары мен нәтижелерін қоса алғанда, саланы (секторды) дамытуды мемлекеттік реттеудің қолданыстағы саясатын талдау;
      Қазақстан Республикасының жағдайларына бейімделуі мүмкін орын алып отырған проблемаларды шешу жөніндегі шетелдік оң тәжірибені шолу, сондай-ақ қажет болған жағдайда жүргізілген маркетингтік зерттеулердің нәтижелері.
      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 08.05.2013 № 475 қаулысымен.
      14. «Бағдарламаны іске асырудың мақсаттары, міндеттері, нысаналы индикаторлары мен нәтижелер көрсеткіштері» бөлімінде мыналар көрсетіледі:
      бағдарламаның Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжатының стратегиялық мақсатынан қалыптасатын мақсаты, ол жоспарлы кезеңнің соңындағы сала (сектор) жағдайының пайымдауын білдіреді және оны осы бағытта дамытудың сапалы бағдары болып табылады;
      әрбір мақсат бойынша белгіленетін нысаналы индикаторлар сапалық жағы бағдарламаны іске асыру нәтижесінде болатын өзгерістердің мәнін, ал сандық жағы оның өлшенетін, абсолютті немесе салыстырмалы шамаларын көрсететін бағдарламаның мақсаттарына қол жеткізу дәрежесін айқындауға мүмкіндік беретін көрсеткіштерді білдіреді;
      бағдарламаның міндеттері «Ағымдағы жағдайды талдау» бөлімінде
көрсетілген проблемаларды шешу және тиісті саланы (секторды)
инновациялық-технологиялық дамыту, сондай-ақ басқарушылық технологияларды жақсартуға және халыққа мемлекеттік қызметтер көрсетуді жетілдіруге бағытталған қызметтің инновациялық құрауышының қажеттілігі ескеріле отырып айқындалатын мақсаттарға қол жеткізу жолдарын білдіреді;
      әрбір міндет бойынша жоспарлы мәнге қол жеткізу көзделетін нақты кезеңді (орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді) көрсете отырып, бағдарлама міндеттерінің шешілу дәрежесін сипаттайтын сандық және сапалық өлшенетін мәндер ретінде белгіленетін нәтижелер көрсеткіштері;
      мақсаттарға, нысаналы индикаторларға, міндеттерге, нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізуге жауапты мемлекеттік және өзге де органдар.
      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 08.05.2013 № 475 қаулысымен.
      15. Салалық бағдарламаның мақсаттары мен міндеттері айқын, нақты, бақыланатын және тексерілетін болуы, саладағы (сектордағы) белгілі бір нақты өзгеріске қол жеткізгенін көрсетуі тиіс.
      15-1. «Бағдарламаның негізгі бағыттары, мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу жолдары, тиісті шаралар» деген бөлімде салалық бағдарламаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қойылған мақсаттар және міндеттерге қол жеткізу жолдары, сондай-ақ көрсетілген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді толық көлемде және қажет мерзімде қамтамасыз ететін шаралар кешені келтіріледі.
      Ескерту. Ереже 15-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 05.06.2014 № 612 қаулысымен.
      16. «Бағдарламаны іске асыру кезеңдері» бөлімінде бағдарламаны іске асырудың, міндеттерді шешудің, іс-шараларды орындаудың және күтілетін аралық нәтижелерге қол жеткізудің уақытша кезеңдері баяндалады.
      17. «Қажетті ресурстар» бөлімінде бағдарламаны іске асыруға қатысатын қаржылық-экономикалық, материалдық-техникалық, еңбек және тағы басқа ресурстардың сипаттамасы баяндалады.
      Салалық бағдарламалар іс-шаралар бойынша қаржыландырудың болжамды көлемдері, оларды іске асыру мерзімдері туралы ақпаратты қамтуы тиіс. Салалық бағдарламаларды бюджеттік қаржыландыру тиісті мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына сәйкес көзделеді.
      18. Салалық бағдарламаның қойылған мақсаттарына қол жеткізу үшін оны іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспары әзірленеді. Іс-шаралар жоспары салалық бағдарламаның құрамдас бөлігі болып табылады және салалық бағдарламаның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған, салалық бағдарламаны іске асырудың бағыттарымен келісілген, қажетті ресурстары, жауапты орындаушылары, аяқталу нысандары және орындау мерзімдері (ай немесе тоқсан және жыл) көрсетілетін ұйымдастырушылық, экономикалық, ғылыми-техникалық және басқа да іс-шаралар кешенін білдіреді.

4. Салалық бағдарламаларды әзірлеу тәртібі

      19. Салалық бағдарламаны оны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган әзірлейді және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен және саланы инновациялық-технологиялық дамыту бөлігінде индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органмен келіседі.
      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 08.05.2013 № 475 қаулысымен.
      20. Салалық бағдарламаны әзірлеу бірнеше мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын қажет еткен жағдайда салалық бағдарламаны мүдделі мемлекеттік органдар бірлесіп әзірлейді және кейіннен олармен келісіледі.
      21. Салалық бағдарламаны әзірлеу қажеттілігіне қарай ғылыми-зерттеу ұйымдары, ғалымдар, білім саласындағы түрлі мамандар тартыла отырып жүзеге асырылады.

4-1. Салалық бағдарламаларды іске асыру

      Ескерту. Ереже 4-1-тараумен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2012.11.23 № 1478 Қаулысымен.

      21-1. Салалық бағдарламаның берілген мақсаттарына, нысаналы индикаторларына, міндеттеріне, нәтижелер (аралық және түпкі) көрсеткіштеріне қол жеткізу үдерісі іске асыру болып табылады.
      21-2. Салалық бағдарламаны іске асыру кезінде:
      1) ведомствоаралық өзара іс-қимылдағы келісімділік;
      2) берілген нәтижелерге ресурстардың барынша аз шығындарымен қол жеткізу бағдарын ұстану;
      3) қаржы, еңбек және басқа да ресурстардың теңгерімділігі қамтамасыз етілуі тиіс.
      21-3. Тиісті кезеңге арналған салалық бағдарламаны іске асырудың нәтижелілігі мен тиімділігі үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының Үкіметіне, әзірлеуші мемлекеттік органға және бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдарға жүктеледі.

5. Салалық бағдарламаларды мониторингілеу

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.23 № 1478 Қаулысымен.

      22. Мониторинг салалық бағдарламалардың іске асырылу барысы туралы есептерді және басқа да ақпаратты жинау, жүйелеу, талдау мен тұжырымдау болып табылады.
      23. Салалық бағдарламаларды мониторингілеудің мақсаты күтілетін нәтижелерге тиісінше және уақтылы қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін олардың іске асырылу барысын жақсарту болып табылады.
      24. Салалық бағдарламалардың мониторингі:
      салалық бағдарламалардың іске асырылуының ағымдағы жағдайы туралы ақпарат алу тұрақтылығын;
      салалық бағдарламаларды іске асыруда мемлекеттік органдар іс-қимылының келісімдігін;
      өзгеріп отыратын жағдайларды ескере отырып, салалық бағдарламаларды уақтылы өзекті етуді қамтамасыз етеді.
      25. Салалық бағдарламаның мониторингін оны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган, осы бағдарламаны іске асыруға қатысатын бірлесіп орындаушы мемлекеттік орган, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.
      26. Салалық бағдарламаларды мониторингілеу жылына бір рет жылдың қорытындылары бойынша жүргізіледі.
      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.23 № 1478 Қаулысымен.
      27. Салалық бағдарламаларды мониторингілеу оны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган және осы бағдарламаны іске асыруға қатысатын бірлесіп орындаушы мемлекеттік орган жасайтын іске асыру туралы есеп негізінде жүргізіледі.
      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.23 № 1478 Қаулысымен.
      28. Іске асыру туралы есеп:
      1) құжаттың деректемелерін:
      құжаттың атауын, нөмірін, күнін;
      әзірлеуші мемлекеттік орган мен бірлесіп орындаушыларды;
      іске асыру мерзімін, оның ішінде кезең-кезеңімен;
      2) жоспарланған және нақты қол жеткізілген нысаналы индикаторларды және міндеттер нәтижелерінің көрсеткіштерін, сондай-ақ оларға қол жеткізілмеу себептерін;
      3) орындалған және орындалмаған жоспарланған іс-шаралар және олардың орындалмау себептері, орындалмаған іс-шаралардың өңірдегі, елдегі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси жағдайға ықпалы туралы ақпаратты;
      4) қаржыландыру көздері бойынша бөле отырып, бөлінген қаржы құралдарының игерілуі туралы ақпаратты (көлемі мен пайдаланылмау себептерін көрсетіп);
      5) құжатты іске асыруға қатысатын әр түрлі тараптардың өзара іс-қимылын талдауды;
      6) құжаттың іске асырылу барысына ортаның сыртқы әсерін талдауды;
      7) шешілуге осы құжат бағытталған проблемалар мен міндеттердің шешілу деңгейі туралы ақпаратты, құжатты іске асырудың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсерін (осы ақпарат құжатқа бағалау өткізілген жылғы есепке енгізілуге тиіс);
      8) игілік алушылардың қанағаттанушылығының деңгейі, оның ішінде жоспарланғанға қарағанда нақты көрсетілген мемлекеттік қызмет көрсетулердің деңгейі туралы ақпаратты (осы ақпарат құжатқа бағалау өткізілген жылғы есепке енгізілуге тиіс);
      9) мемлекеттік қаржылық бақылау нәтижелері жөніндегі іс-шараларды қоса алғанда, жүргізілген бақылау іс-шаралары туралы мәліметтерді;
      10) тұжырымдар мен ұсыныстарды, оның ішінде құжатты түзету, қаржыландыру көлемі мен көздері жөніндегі, қолданыстағы заңнаманың өзгеруі туралы және басқа ұсыныстарды қамтуы тиіс.
      Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.23 № 1478 Қаулысымен.
      28-1. Бағалау жүргізілетін жылы салалық бағдарламаны іске асыру туралы есеп барлық бағалау кезеңінде осы Ереженің 28-тармағында көрсетілген ақпаратты қамтиды.
      Ескерту. 5-тарау 28-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2012.11.23 № 1478 Қаулысымен.
      29. Іске асыру туралы есеп мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындаған нысан және тәртіп бойынша құрылады.
      Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.23 № 1478 Қаулысымен.
      30. Іске асыру туралы есептің негізінде мониторингілеу жөніндегі қорытынды дайындалады.
      Салалық бағдарламаларға бағалау жүргізілетін жылы мониторингілеу жөніндегі қорытынды қалыптастырылмайды.
      Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.23 № 1478 Қаулысымен.
      31. Мониторингілеу жөніндегі қорытынды:
      1) деректемелерді (салалық бағдарлама бекітілген актінің атауын, нөмірін, күнін, әзірлеуге жауапты мемлекеттік органды, бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдарды, іске асыру мерзімдерін, оның ішінде кезең бойынша);
      2) есепті кезеңде қол жеткізілген нақты нәтижелерді, оның ішінде есепті кезеңдегі аралық мәнімен қоса, нақты қол жеткізілген нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштерін (аралық немесе түпкілікті мәнге қол жеткізілмеген жағдайда қол жеткізілмеу себептерін көрсету);
      3) есепті кезеңге жоспарланған іс-шаралар санын, орындалған және орындалмаған (себептерін көрсете отырып) іс-шаралар тізбесін;
      4) салалық бағдарламаның іске асырылу барысына ықпал ететін факторларды талдауды;
      5) қаржыландыру көздері бойынша бөле отырып, іс-шараларды орындауға есепті кезеңге бөлінген және игерілмеген, бюджеттік және өзге де қаржы құралдары туралы ақпаратты;
      6) жүргізілген бақылау іс-шаралары туралы мәліметтерді;
      7) орындаушы жауапты мемлекеттік орган салалық бағдарламаға енгізген өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпаратты;
      8) алдыңғы бағалаудың нәтижелері бойынша салалық бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ақпаратты;
      9) қорытындылар мен ұсыныстарды қамтуы тиіс.
      Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.23 № 1478 Қаулысымен.
      32. Салалық бағдарламаға мониторинг жүргізу үшін:
      1) осы бағдарламаны іске асыруға қатысатын бірлесіп орындаушы мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде есепті жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанына дейін салалық бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік органға іске асыру туралы ақпаратты ұсынады;
      2) салалық бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар ұсынатын іске асыру туралы ақпарат негізінде салалық бағдарламаны іске асыру туралы есеп қалыптастырады және оны есепті жылдан кейінгі жылдың 10 наурызына дейін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ұсынады, сондай-ақ бірінші басшының қолы қойылған есепті веб-порталда (құпия сипаттағы және қызмет бабында пайдалануға арналған ақпаратты қоспағанда) орналастырады.
      Ескерту. 32-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.23 № 1478 Қаулысымен.
      33. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган салалық бағдарламаларды іске асыру туралы есептер негізінде жүргізілген мониторинг қорытындылары бойынша олардың әрқайсысы бойынша қорытынды жасайды және оларды іске асыру туралы есептермен бірге есепті жылдан кейінгі жылдың 25 наурызына дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады.
      Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.23 № 1478 Қаулысымен.
      34. Салалық бағдарламаны мониторингілеу нәтижелері бойынша оларды түзетуді жүзеге асыруға болады.
      Ескерту. 34-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.23 № 1478 Қаулысымен.
      35. Жүргізілген салалық бағдарламаларды мониторингілеу нәтижелерінің дұрыс еместігі және толық болмауы үшін жауапкершілік салалық бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік органға және осы бағдарламаны іске асыруға қатысатын мемлекеттік органдарға жүктеледі.

6. Салалық бағдарламаларды бағалау

      Ескерту. Ереже 6-тараумен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2012.11.23 № 1478 Қаулысымен.

      36. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті өзінің жұмыс жоспарына сәйкес жүргізетін бақылау іс-шаралары шеңберінде жүргізілетін бағалауды қоспағанда, салалық бағдарламаларды бағалау оларды іске асырудың әрбір үш жылы өткеннен кейін (аралық) және жоспарлы кезеңнің қорытындылары (түпкі) бойынша жүзеге асырылады.
      Салалық бағдарламаның іске асырылуын бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.
      37. Салалық бағдарламаның іске асырылуын бағалау: осы Ереженің 28, 28-1 және 29-тармақтарына сәйкес жасалатын барлық бағалау кезеңіндегі іске асыру туралы есептер, статистикалық ақпарат; бақылау тексерістері негізінде жүргізіледі; сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың, ғылыми институттардың, халықаралық сарапшылардың және тағы басқалардың бағалауы пайдаланылуы мүмкін.
      38. Осы Ереженің 37-тармағында көрсетілген құжаттардың негізінде қорытынды дайындалады.
      39. Қорытынды:
      1) деректемелерді (салалық бағдарламаны бекіткен актінің атауын, нөмірін, күнін, салалық бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік органды, бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдарды, іске асыру мерзімдерін, оның ішінде кезең бойынша);
      2) есепті кезеңде қол жеткізілген нақты нәтижелерді, оның ішінде есепті кезеңдегі аралық мәнімен қоса нақты қол жеткізілген нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштерін (аралық немесе түпкілікті мәнге қол жеткізілмеген жағдайда қол жеткізілмеу себептерін көрсету);
      3) есепті кезеңге жоспарланған іс-шаралар санын, орындалған және орындалмаған (себептерін көрсете отырып) іс-шаралар тізбесін;
      4) салалық бағдарламаның іске асырылу барысына ықпал еткен факторларды талдауды;
      5) қаржыландыру көздері бойынша бөле отырып, іс-шараларды орындауға есепті кезеңге бөлінген және игерілмеген бюджеттік және өзге де қаржы құралдары туралы ақпаратты;
      6) жүргізілген бақылау іс-шаралары туралы мәліметтерді;
      7) жауапты орындаушы мемлекеттік орган салалық бағдарламаға енгізген өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпаратты;
      8) алдыңғы бағалаудың нәтижелері бойынша салалық бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ақпаратты;
      9) құжатты іске асыру барысының нәтижелілігі мен тиімділігі туралы тұжырымдар;
      10) құжатты іске асыруды ұйымдастыру деңгейі туралы тұжырымдар;
      11) құжатты іске асырудың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалының дәрежесі туралы тұжырымдар;
      12) бағалау нәтижелеріне байланысты: құжатты түзету туралы; мемлекеттік органның қызметін жақсарту бойынша; қаржыландыру көлемдері мен көздері бойынша; қолданыстағы заңнаманы өзгерту және басқалар туралы ұсынымдарды қамтуы тиіс.
      40. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әрбір салалық бағдарламаны бағалау жөніндегі қорытындыларды қалыптастырады және барлық есепті кезең үшін іске асыру туралы есептерді есепті кезеңнен кейінгі жылдың 25 наурызынан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады.
      41. Салалық бағдарламаға жүргізілген бағалау нәтижелерінің дұрыстығы мен толықтығын салалық бағдарламаны орындаушы, әзірлеуші, бірлесіп мемлекеттік органдар мен тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар қамтамасыз етеді.

7. Салалық бағдарламаларды бақылау

      Ескерту. Ереже 7-тараумен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2012.11.23 № 1478 Қаулысымен.

      42. Салалық бағдарламалардың іске асырылуын бақылауды оны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган және осы бағдарламаны іске асыруға қатысқан бірлесіп орындаушы мемлекеттік орган салалық бағдарламаларды іске асыру мониторингі, бағалау және жүргізілген бақылау іс-шараларының негізінде жүзеге асырады.