«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы № 827 Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Салалық бағдарламаларды әзірлеу және мониторингілеу ережесі бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасында салалық (секторалдық) және өңірлік бағдарламаларды әзірлеу мен іске асыру ережесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 26 ақпандағы № 231 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 10, 122-құжат);
2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 12 қазандағы № 982 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 4-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 37, 414-құжат).
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 18 наурыздағы
№ 218 қаулысымен
бекітілген
Салалық бағдарламаларды әзірлеу және мониторингілеу ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Салалық бағдарламаларды әзірлеу және мониторингілеу ережесі «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы № 827 Жарлығына сәйкес әзірленді және салалық бағдарламаларды әзірлеу мен мониторингілеу тәртібін айқындайды.
2. Салалық бағдарлама — салалық мәні бар маңызды міндеттерді шешуге бағытталған өзара байланысты ұйымдық, норма шығару, экономикалық, әлеуметтік, қаржылық және басқа да шаралар кешенін айқындайтын құжат.
3. Салалық бағдарламаларды орталық атқарушы органдар (бұдан әрі - мемлекеттік органдар) белгілі бір саланы (секторды) дамыту, салалық мәні бар маңызды міндеттерді шешу, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес сектор ұйымдарының іс-қимылдарын ведомствоаралық үйлестіру мақсатында Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуы үшін орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңге әзірлейді.
4. Салалық бағдарламалар, егер оларда жазылған проблемаларды қолданыстағы стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының шеңберінде шешуді жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда ғана әзірленеді.
5. Салалық бағдарламаларды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
6. Іске асыру мерзімі бойынша салалық бағдарламалар:
орта мерзімді (бір жылдан 5 жылға дейін);
ұзақ мерзімді (5 жылдан астам) болып бөлінеді.
7. Салалық бағдарламаларды әзірлеу және мониторинг жүргізу жөніндегі әдіснамалық сүйемелдеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Салалық бағдарламаларға қойылатын негізгі талаптар
8. Салалық бағдарлама мынадай талаптарға сәйкес болуы қажет:
мемлекеттік органдардың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын, стратегиялық жоспарларын іске асыруға бағдарлану;
игілікті пайдаланушылардың нысаналы тобының қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағдарлану;
мемлекеттік органдардың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында, стратегиялық жоспарларында қойылған мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ететін мерзімдері, ресурстары мен орындаушылары бойынша келісілген мақсаттардың, міндеттердің, нысаналы индикаторлар мен шаралардың жүйесін қамту;
шаралардың атаулылығын, оларды іске асыру мерзімдері мен дәйектіліктері нақты айқындалғанын, орындаушылардың бағдарламалық мақсаттарға қол жеткізу қызметі қатаң бағдарланғанын қамтамасыз ету;
қаржы, еңбек және техникалық ресурстар мен оларды қамтамасыз ету көздері теңгерімділігін қамтамасыз ету.
9. Мыналарға:
мемлекеттік органдардың ішкі ведомстволық мәселелерін шешуге бағытталған;
мемлекеттік органдардың қолданыстағы стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының, стратегиялық жоспарларының және салалық бағдарламалардың, сондай-ақ осы бағдарламаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралардың мақсаттары мен міндеттерін қайталайтын салалық бағдарламаларды әзірлеуге жол берілмейді.
3. Салалық бағдарламаның құрылымы
10. Салалық бағдарламаның құрылымы мынадай бөлімдерден тұрады:
паспорты (негізгі параметрлері);
кіріспе;
ағымдағы жағдайды талдау;
бағдарламаны іске асырудың мақсаттары, міндеттері, нысаналы индикаторлары мен нәтижелер көрсеткіштері;
бағдарламаны іске асыру кезеңдері;
қажетті ресурстар;
бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары.
11. «Паспорты» бөлімінде мыналарды қамтитын салалық бағдарламаның негізгі параметрлері баяндалады:
атауы;
әзірлеу үшін негіздеме;
салалық бағдарламаны әзірлеуге және іске асыруға жауапты мемлекеттік органның нұсқауы;
мақсаттары;
міндеттері;
іске асыру мерзімдері (кезеңдері);
нысаналы индикаторлары;
қаржыландыру көздері мен көлемі.
12. «Кіріспе» бөлімінде ұсынылып отырған салалық бағдарламаның қажеттілігінің негіздемесі баяндалады.
13. «Ағымдағы жағдайды талдау» бөлімінде мыналар баяндалады:
сала (сектор) жағдайының ағымдағы ахуалын, сондай-ақ осы саланың (сектордың) елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына әсерін бағалау;
осы саладағы (сектордағы) күшті және әлсіз жақтарды, мүмкіндіктер мен қауіп-қатерлерді талдау;
тиісті саланы (секторды) дамытудың негізгі проблемалары, үдерістері мен алғышарттары;
қолданыстағы нормативтік-құқықтық базалар сипаттамасын, саланы (секторды) дамытуды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды іске асырудың қолданыстағы практикалары мен нәтижелерін қоса алғанда, саланы (секторды) дамытуды мемлекеттік реттеудің қолданыстағы саясатын талдау;
Қазақстан Республикасының жағдайларына бейімделуі мүмкін орын алып отырған проблемаларды шешу жөніндегі шетелдік оң тәжірибені шолу, сондай-ақ қажет болған жағдайда жүргізілген маркетингтік зерттеулердің нәтижелері.
14. «Бағдарламаны іске асырудың мақсаттары, міндеттері, нысаналы индикаторлары мен нәтижелер көрсеткіштері» бөлімінде мыналар көрсетіледі:
бағдарламаның Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжатының стратегиялық мақсатынан қалыптасатын мақсаты, ол жоспарлы кезеңнің соңындағы сала (сектор) жағдайының пайымдауын білдіреді және оны осы бағытта дамытудың сапалы бағдары болып табылады;
әрбір мақсат бойынша белгіленетін нысаналы индикаторлар сапалық жағы бағдарламаны іске асыру нәтижесінде болатын өзгерістердің мәнін, ал сандық жағы оның өлшенетін, абсолютті немесе салыстырмалы шамаларын көрсететін бағдарламаның мақсаттарына қол жеткізу дәрежесін айқындауға мүмкіндік беретін көрсеткіштерді білдіреді;
бағдарламаның міндеттері «Ағымдағы жағдайды талдау» бөлімінде көрсетілген проблемаларды шешу қажеттілігінен туындап айқындалатын мақсаттарға қол жеткізу жолдарын білдіреді;
әрбір міндет бойынша жоспарлы мәнге қол жеткізу көзделетін нақты кезеңді (орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді) көрсете отырып, бағдарлама міндеттерінің шешілу дәрежесін сипаттайтын сандық және сапалық өлшенетін мәндер ретінде белгіленетін нәтижелер көрсеткіштері;
мақсаттарға, нысаналы индикаторларға, міндеттерге, нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізуге жауапты мемлекеттік және өзге де органдар.
15. Салалық бағдарламаның мақсаттары мен міндеттері айқын, нақты, бақыланатын және тексерілетін болуы, саладағы (сектордағы) белгілі бір нақты өзгеріске қол жеткізгенін көрсетуі тиіс.
16. «Бағдарламаны іске асыру кезеңдері» бөлімінде бағдарламаны іске асырудың, міндеттерді шешудің, іс-шараларды орындаудың және күтілетін аралық нәтижелерге қол жеткізудің уақытша кезеңдері баяндалады.
17. «Қажетті ресурстар» бөлімінде бағдарламаны іске асыруға қатысатын қаржылық-экономикалық, материалдық-техникалық, еңбек және тағы басқа ресурстардың сипаттамасы баяндалады.
Салалық бағдарламалар іс-шаралар бойынша қаржыландырудың болжамды көлемдері, оларды іске асыру мерзімдері туралы ақпаратты қамтуы тиіс. Салалық бағдарламаларды бюджеттік қаржыландыру тиісті мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына сәйкес көзделеді.
18. Салалық бағдарламаның қойылған мақсаттарына қол жеткізу үшін оны іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспары әзірленеді. Іс-шаралар жоспары салалық бағдарламаның құрамдас бөлігі болып табылады және салалық бағдарламаның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған, салалық бағдарламаны іске асырудың бағыттарымен келісілген, қажетті ресурстары, жауапты орындаушылары, аяқталу нысандары және орындау мерзімдері (ай немесе тоқсан және жыл) көрсетілетін ұйымдастырушылық, экономикалық, ғылыми-техникалық және басқа да іс-шаралар кешенін білдіреді.
4. Салалық бағдарламаларды әзірлеу тәртібі
19. Салалық бағдарламаны оны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган әзірлейді және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісіледі.
20. Салалық бағдарламаны әзірлеу бірнеше мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын қажет еткен жағдайда салалық бағдарламаны мүдделі мемлекеттік органдар бірлесіп әзірлейді және кейіннен олармен келісіледі.
21. Салалық бағдарламаны әзірлеу қажеттілігіне қарай ғылыми-зерттеу ұйымдары, ғалымдар, білім саласындағы түрлі мамандар тартыла отырып жүзеге асырылады.
5. Салалық бағдарламаларды мониторингілеу тәртібі
22. Мониторинг салалық бағдарламалардың іске асырылу барысы туралы есептерді және басқа да ақпаратты жинау, жүйелеу, талдау мен тұжырымдау болып табылады.
23. Салалық бағдарламаларды мониторингілеудің мақсаты күтілетін нәтижелерге тиісінше және уақтылы қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін олардың іске асырылу барысын жақсарту болып табылады.
24. Салалық бағдарламалардың мониторингі:
салалық бағдарламалардың іске асырылуының ағымдағы жағдайы туралы ақпарат алу тұрақтылығын;
салалық бағдарламаларды іске асыруда мемлекеттік органдар іс-қимылының келісімдігін;
өзгеріп отыратын жағдайларды ескере отырып, салалық бағдарламаларды уақтылы өзекті етуді қамтамасыз етеді.
25. Салалық бағдарламаның мониторингін оны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган, осы бағдарламаны іске асыруға қатысатын бірлесіп орындаушы мемлекеттік орган, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.
26. Салалық бағдарламаларды мониторингілеу бір жылда екі рет: бірінші жарты жылдың қорытындылары және жылдың қорытындылары бойынша жүргізіледі.
27. Салалық бағдарламаларды мониторингілеу оны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган және осы бағдарламаны іске асыруға қатысатын бірлесіп орындаушы мемлекеттік орган құрастыратын жедел есептілік негізінде жүргізіледі.
28. Жедел есептілік мыналарды қамтуы тиіс:
құжаттың деректемелері:
құжаттың атауы, нөмірі, күні;
әзірлеуші мемлекеттік органның және бірлесіп орындаушылардың атауы;
жүзеге асыру мерзімдері, оның ішінде кезеңдік мерзімдері;
атқарылған және атқарылмаған жоспарланған іс-шаралар және олардың атқарылмау себептері туралы ақпарат;
қаржыландыру көздері бойынша бөлінген игерілген және пайдаланылмаған бөлінген қаржы құралдары (қаржының көлемі мен пайдаланбау себептерін көрсете отырып) туралы ақпарат;
жоспарланған және іс жүзінде қол жеткізілген нысаналы индикаторлар, міндеттер нәтижелерінің көрсеткіштері, сондай-ақ оларға қол жеткізілмеу себептері туралы ақпарат;
құжатты іске асыруға қатысатын әр түрлі тараптардың өзара іс-қимылын талдау;
құжаттың іске асырылу барысына ортаның сырттай әсер етуіне талдау;
қорытындылар мен ұсыныстар, оның ішінде салалық бағдарламаны түзету бойынша, көлемі және қаржыландыру көздері бойынша, қолданыстағы заңнаманы өзгерту бойынша.
29. Жедел есептілік мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындаған нысан және тәртіп бойынша құрылады.
30. Жарты жылдың қорытындылары бойынша салалық бағдарламаға мониторинг жүргізу үшін салалық бағдарламаның іске асырылу барысы туралы жедел есептілікті:
осы бағдарламаны іске асыруға қатысатын бірлесіп орындаушы мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде есепті жылдың 15 шілдесінен кешіктірмей салалық бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік органға;
салалық бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган есепті жылдың 1 тамызынан кешіктірмей мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.
31. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган салалық бағдарламаларға жарты жылға жүргізілген мониторингтің қорытындылары бойынша мониторинг жөніндегі жалпы есепті дайындайды және оны есепті жылдық 15 тамызынан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады.
32. Бір жылдың қорытындылары бойынша салалық бағдарламаға мониторинг жүргізу үшін салалық бағдарламаның іске асырылу барысы туралы жедел есептілікті:
осы бағдарламаны іске асыруға қатысатын бірлесіп орындаушы мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде есепті жылдан кейінгі жылдың 1 ақпанынан кешіктірмей салалық бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік органға;
салалық бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган есепті жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанынан кешіктірмей мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.
33. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган салалық бағдарламаларға бір жылға жүргізілген мониторингтің қорытындылары бойынша мониторинг жөніндегі жалпы есепті дайындайды және оны есепті жылдан кейінгі жылдың 1 наурызынан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады.
34. Мониторингілеу бойынша жалпы есеп мыналарды қамтуы тиіс:
жедел есептілікте ұсынылған ақпаратты талдау және жинақтау қорытындылары, (салалық бағдарламаның іске асырылуын жалғастыру, оған өзгерістер немесе толықтырулар енгізу, өзге нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу, жоспарланған іс-шараларды жауапты орындаушылардың уақтылы іске асыруын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау және басқалар бойынша ұсынымдар);
лауазымды тұлғалардың жоспарланған іс-шараларды іске асыру тиімділігін арттыруға және алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған қажетті шаралар қабылдауы бойынша ұсынымдар;
салалық бағдарламаны түзету бойынша, қаржыландыру көлемі және көздері бойынша, қолданыстағы заңнаманы өзгерту туралы және басқа да ұсыныстар.
35. Жүргізілген салалық бағдарламаларды мониторингілеу нәтижелерінің дұрыс еместігі және толық болмауы үшін жауапкершілік салалық бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік органға және осы бағдарламаны іске асыруға қатысатын мемлекеттік органдарға жүктеледі.