Босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 9 наурыздағы № 183 Қаулысы.

Жаңартылған

      "Босқындар туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 9 наурыздағы
№ 183 қаулысымен
бекітілген

Босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату ережесі
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Босқындар туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы Заңына (бұдан әрі - "Босқындар туралы" Заң) сәйкес әзірленді және босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату тәртібін айқындайды.

      2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      пана іздеген адам - уәкілетті орган босқын мәртебесін беру туралы өздерінің өтінішхаты бойынша түпкілікті шешім қабылдағанға дейін Қазақстан Республикасында пана сұрауға тілек білдірген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;

      пана іздеген адамның куәлігі - босқын мәртебесін беру туралы өтінішхаттың тіркелуін растайтын уәкілетті орган беретін құжат;

      босқын куәлігі - босқынның жеке басын куәландыратын және мәртебесін растайтын, уәкілетті орган беретін құжат;

      жол жүру құжаты - босқын мәртебесі берілген адамға Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде жүріп-тұруы үшін берілетін құжат;

      уәкілетті орган - босқындар мәселелері бойынша қатынастарды реттеу саласында басқаруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы.

2. Босқын мәртебесін беру және ұзарту тәртібі

      РҚАО-ның ескертпесі!
      3-тармаққа өзгеріс көзделген – ҚР Үкіметінің 12.01.2018 № 8 (01.01.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      3. Босқын мәртебесін беру туралы шешімді уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату рәсімдерін жүзеге асыру жөніндегі комиссияның ұсынуы бойынша босқын мәртебесі берілгені туралы өтінішхат тіркелген күннен бастап үш айдың ішінде қабылдайды.

      Шешім қабылдау үшін қосымша тексеру қажет болған жағдайларда, түпкілікті шешім шығару бір жылдан аспайтын мерзімге кейінге қалдырылады, бұл туралы пана іздеп жүрген адам, тиісті шешім қабылданған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.

      4. Босқын деп тану туралы шешім бес жұмыс күні ішінде тапсырылады немесе шешім қабылданған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде адамға уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі жолдайды.

      5. Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде жүрген адамды босқын деп тану туралы шешімді, уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі екі жұмыс күнінің ішінде уәкілетті органға жібереді және көрсетілген шешім одан әрі осы адамдардың Қазақстан Республикасының аумағына келу құжаттарын ресімдеу мақсатында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арқылы өтінішхат берілген жердегі Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдық мекемесіне жіберіледі.

      6. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі босқын мәртебесі берілген адамға шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде босқын куәлігін береді.

      Босқын деп танылған адам отбасының он сегіз жасқа толмаған мүшелері туралы мәліметтер ата-анасының біреуінің, ата-анасы болмаған кезде заңды өкілінің не отбасының он сегіз жасқа толған және отбасының он сегіз жасқа толмаған мүшелерінің мінез-құлқына, тәрбиесіне және оларды асырауға өз еркімен жауапкершілік алған бір мүшесінің босқын куәлігіне жазылады. Кейіннен уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі көрсетілген адамдардың он сегіз жасқа толуына қарай, еркін нысанда жазылған өздерінің жазбаша өтініші негізінде оларға босқын куәлігін береді.

      Он сегіз жасқа толмаған және Қазақстан Республикасының аумағына ата-анасынсыз немесе заңды өкілдерінсіз келген адамға да босқын куәлігі тапсырылады.

      Босқын куәлігі Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жарамды болады.

      7. Егер адам өзін босқын деп тану туралы шешімнің көшірмесі жіберілгеннен кейін үш айдың ішінде уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне босқын куәлігін алуға келмесе және бұл адамның көрсетілген мекен-жайда тұрмайтыны туралы хабарлама келіп түссе немесе осы адамның Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерге кеткені туралы ішкі істер органдарынан ақпарат не адамның Қазақстан Республикасынан тысқары екендігін растайтын басқа бір шынайы ақпарат алынса, уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі өзінің босқын мәртебесін беру туралы шешімінің күшін жояды.

      8. Босқын деп танылған адам босқын куәлігін алған кезде уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі босқынның бұрынғы берілген пана іздеуші адамның куәлігін алып, оны босқынның жеке ісіне қосады.

      Босқын куәлігін алған кезде босқын деп танылған адамның ұлттық (азаматтық) паспорты және (немесе) оның жеке басын куәландыратын басқа да құжаттары осы адамның босқын деп танылу мерзіміне уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінде сақтауға қалдырылады.

      9. Босқын куәлігі ішкі істер органдарының көші-қон полициясы бөлімшесінде уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі беретін жолдаманың негізінде осы адамның босқын деп танылу мерзіміне тіркеледі.

      Босқынның Қазақстан Республикасының аумағындағы тұрғылықты жері өзгерген кезде оның жеке ісінің материалдарды босқынның жаңа тіркелу орны бойынша уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне жіберіледі.

      10. Егер Қазақстан Республикасынан тыс жүрген, пана іздеген адамға босқын мәртебесін беруден бас тартылған жағдайда уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бұл шешімді уәкілетті органға жібереді және көрсетілген шешім одан әрі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы өтінішхаттың берілген жері бойынша Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдық мекемесіне екі жұмыс күні ішінде жолданады. Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі бас тарту туралы шешімді алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бас тарту себебі мен қабылданған шешімге шағымдану тәртібін көрсете отырып, осы адамға шешімнің көшірмесін тапсырады немесе жібереді.

      Қазақстан Республикасының аумағында жүрген пана іздеген адамға босқын мәртебесін беруден бас тартылған жағдайда уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бас тартудың себебі мен қабылданған шешімге шағымдану тәртібін көрсете отырып, осы адамға шешімнің көшірмесін оның тұрғылықты жері бойынша тапсырады немесе жібереді, сондай-ақ қабылданған шешімнің көшірмесін ұсына отырып, ішкі істер органдарының көші-қон полициясының бөлімшесін хабардар етеді.

      11. Босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы шешімге сотқа және (немесе) уәкілетті органға шағымданған кезде уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі пана іздеген адамның куәлігінің қолданылу мерзімін шағымның қаралу кезеңіне ұзартады. Пана іздеген адам шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы сот қаулысын алған жағдайда пана іздеген адамның куәлігі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне тапсырылуға тиіс.

      12. Босқын мәртебесі бір жыл мерзімге беріледі. Босқын шыққан елінде "Босқындар туралы" Заңның 1-бабының 1) тармақшасында көзделген мән-жайлар сақталған кезде уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі босқын мәртебесін бір жылға және көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін бір ай бұрын берілген босқынның өтініші негізінде әрбір келесі жылға ұзартады.

      Мерзімді ұзарту кезінде уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі босқынның босқын куәлігінің, тұруға ықтиярхатының (болған жағдайда), жол жүру құжатының болуын тексереді, отбасылық жағдайының, отбасы құрамының, тұратын мекен-жайының өзгеруі туралы деректерді нақтылайды және бұл өзгерістерді босқынның жеке ісіне енгізеді.

      13. Босқын мәртебесін ұзартудан бас тартылған жағдайда, уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі үш жұмыс күнінің ішінде ішкі істер органдарының көші-қон полициясы бөлімшесін қабылданған шешімнің көшірмесін ұсына отырып хабардар етеді, сондай-ақ босқын мәртебесін ұзартудан бас тартылған адамға қабылданған шешім мен босқын куәлігін жарамсыз деп тану туралы хабарламаны тапсырады немесе жібереді.

3. Босқын мәртебесінен айыру және оны тоқтату

      14. Егер адам:

      1) босқын мәртебесі берілуі үшін негіз болған көрінеу жалған мәліметтерді хабарласа не жалған құжаттарды ұсынса;

      2) бейбітшілікке қарсы қылмысқа, әскери қылмысқа немесе адам затқа қарсы қылмысқа қатысты шаралар қолдану мақсатында жасалған халықаралық актілерде осы әрекеттерге берілген анықтамадағы осындай қылмысы үшін сотталған болса;

      3) Қазақстан Республикасының аумағына келгенге дейін оның шегінен тысқары жерлерде жасаған саяси емес сипаттағы ауыр қылмысы үшін сотталған болса;

      4) Біріккен Ұлттар Ұйымының және Қазақстан мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдардың мақсаттары мен принциптеріне қайшы келетін әрекеттер жасағаны үшін сотталған болса;

      5) террористік, экстремистік, сондай-ақ тыйым салынған діни ұйымдардың қызметіне қатысқаны үшін сотталған болса, ол уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің тиісті шешімінің негізінде босқын мәртебесінен айырылады.

      15. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі босқын мәртебесінен айыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы адамға осы шешімнің себебі көрсетілген және қабылданған шешімге шағымданудың тәртібі түсіндірілген шешімнің көшірмесін тапсырады немесе жібереді, сондай-ақ ішкі істер органдарының көші-қон полициясы бөлімшесін қабылданған шешімнің көшірмесін ұсына отырып хабардар етеді.

      16. Босқын мәртебесі қолданылу мерзімі өткен кезде, оны ұзарту болмаса, сондай-ақ, егер адам:

      1) Қазақстан Республикасының немесе өзге мемлекеттің азаматтығын алса және өзі азаматы болған мемлекеттің қорғауын пайдаланса;

      2) өзінің босқын деп тануға негіз болған мән-жайлар өзгергендіктен, бұдан әрі өзі азаматы болып табылатын елдің қорғауын пайдаланудан бас тарта алмайтын болса;

      3) өзінің бұрынғы мемлекетінің жоғалтқан азаматтығын өз еркімен қайта қабылдаса;

      4) өзі азаматы болған елдің қорғауын өз еркімен қайта пайдаланса;

      5) өзіне босқын мәртебесін беру негіздері болмағандықтан, шыққан еліне қайтып оралуға тілек білдірсе;

      6) қудалау қаупінің салдарынан тастап шыққан немесе кетіп қалған еліне өз еркімен қайта оралса;

      7) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты тұруға кетсе, осы негіздемелер бойынша босқын мәртебесі тоқтатылады.

      17. Адамның босқын мәртебесі тоқтатылған кезде уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі босқын мәртебесінің тоқтатылу себебі мен оның басталу мерзімін көрсете отырып, босқынның жеке ісіне белгі қояды, сондай-ақ бұл туралы ішкі істер органдарының көші-қон полициясы бөлімшесін және Қазақстан Республикасының аумағында болған жағдайда мәртебесі тоқтатылған адамды хабардар етеді.

      Осы Ереженің 16-тармағында айтылған мән-жайлардың туындауы, атап айтқанда:

      1) 1), 3) тармақшалар бойынша - тиісті азаматтық алған күні;

      2) 2) тармақша бойынша - өзі азаматы болып табылатын елдегі, солардың негізінде өзі босқын деп танылған мән-жайлардың өзгергені туралы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесін хабардар еткен күні;

      3) 4), 6) тармақшалар бойынша - өзі азаматы болып табылатын елге ерікті қайта оралған күні;

      4) 5) тармақша бойынша - босқынның өзінің шыққан еліне қайту ниеті туралы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесін хабардар еткен күні;

      5) 7) тармақша бойынша - Қазақстан Республикасынан тысқары тұрақты тұруға кеткен күні;

      6) ұзартуға келмеген кезде - құжаттарды ұсынған кезде дәлелді себепті жағдайларды қоспағанда, босқын мәртебесінің мерзімі өткеннен кейінгі оныншы күн босқын мәртебесі тоқтатылуының туындау сәті болып табылады.

4. Қорытынды ережелер

      18. Босқын куәлігі жоғалған жағдайда куәліктің иесі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне оның жоғалуы және телнұсқа беру туралы өтініш береді. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей босқынға босқын куәлігінің телнұсқасын береді, онда "Телнұсқа" белгісі қойылады.

      19. Уәкілетті органның босқын мәртебесін беруден, ұзартудан бас тарту немесе босқын мәртебесінен айыру туралы шешіміне жоғары тұрған уәкілетті органға және (немесе) сотқа Қазақстан Республикасы заңдарында белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.

      20. Пана іздеген және босқын мәртебесін беруден бас тартылған адамдар мен олардың отбасы мүшелерінің, сондай-ақ босқын мәртебесін жоғалтқан немесе босқын мәртебесінен айрылған адамдардың Қазақстан Республикасының аумағында болу уақыты шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен реттеледі.

      21. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі босқын мәртебесін беру, оны ұзарту, одан айыру және оны тоқтату туралы не босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы ақпаратты осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша журналға енгізеді.

  Босқын мәртебесін беру,
ұзарту, одан айыру және
оны тоқтату ережесіне
қосымша

Босқындарды, сондай-ақ босқын мәртебесін беруден бас
тартылған адамдарды есепке алу журналы

Р/с

Тегі, аты, әкесінің аты

Туған күні және туған жері

Азаматтығы

Отбасылық жағдайы

Қабылданған шешімнің №, күні

Бас тарту туралы қабылданған шешімнің №, күні

Босқын мәртебесін тоқтату күні

Ескертпе


беру туралы

ұзарту туралы

айыру туралы

беруден

ұзартудан

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12


















































      Ескертпе: журнал нөмірленеді, тігіледі және жауапты қызметкердің қолымен және уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің мөрімен бекітіледі.