«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының 16-бабының 40) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Ілеспе және (немесе) табиғи газды алау етіп жағуға рұқсат беру қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 8 қарашадағы
№ 1174 қаулысымен
бекітілген
Ілеспе және (немесе)табиғи газды алау етіп
жағуға рұқсат беру қағидасы 1. Жалпы ережелер
1. Осы Ілеспе және (немесе) табиғи газды алау етіп жағуға рұқсат беру қағидасы (бұдан әрі - Қағида) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңына (бұдан әрі - Заң), «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 5 шілдедегі Заңына және Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес әзірленді.
Осы Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган - жер қойнауын геологиялық зерттеу, ұтымды әрі кешенді пайдалану саласында мемлекеттік саясатты іске асыру және бақылау жөніндегі функцияларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жер қойнауын пайдалану саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган - қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу мен іске асыру мәселелері бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы, сондай-ақ оның аумақтық органдары;
3) мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган - мұнай-газ, мұнай-химия өнеркәсібі, көмірсутек шикізатын тасымалдау салаларында мемлекеттік саясатты қалыптастыруды, басқару үдерісін үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
4) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган - өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
5) ілеспе және табиғи газды кәдеге жарату - газды алау етіп жағуды болдырмауға бағытталған барлық өндірістік іс-шаралар, атап айтқанда: газды өзінің техникалық және технологиялық мұқтаждығына пайдалану, электр энергиясын өндіру және сату, газ өңдеу өнімдерін қайта өңдеу және сату, газды немесе оны өңдеу өнімдерін сақтау үшін қабатқа айдау, сондай-ақ қабат қысымын ұстап тұру.
Осы Қағидада пайдаланылатын өзге ұғымдар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңында айқындалған.
2. Ілеспе және (немесе) табиғи газды
алау етіп жағуға рұқсат беру тәртібі
2. Ілеспе және (немесе) табиғи газды алау етіп жағуға (бұдан әрі - газды жағу) рұқсатты жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі, қоршаған ортаны қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органдардың келісімі бойынша мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган береді.
Газды жағуға рұқсат беруді (рұқсат беруден бас тартуды) мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган осы Қағидада көзделген барлық қажетті құжаттарды алған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
Жер қойнауын пайдаланушының осы Қағиданың 7, 8 және 9-тармақтарында көзделген барлық талап етілетін құжаттарды бермеуі жер қойнауын пайдаланушыны хабардар ету сәтінен бастап оларды беру сәтіне дейін өтінімді қарауды тоқтатуға әкеп соғады.
3. Жер қойнауын пайдаланушы газды жағуға рұқсат беру үшін мұнай және газ саласындағы уәкілетті органға сұралатын рұқсат түріне байланысты осы Қағиданың 7, 8 және 9-тармақтарында көзделген құжаттармен бірге осы Қағиданың қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтінім береді.
4. Мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган газды жағуға рұқсат жобасын қажетті құжаттармен бірге жер қойнауын зерттеу және пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органдарға келісу үшін жібереді.
5. Жер қойнауын зерттеу және пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органдардағы келісу мерзімі он бес жұмыс күнінен аспауы тиіс.
6. Мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган жер қойнауын зерттеу және пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органдардан келісімді алғаннан кейін жер қойнауын пайдаланушыға газды жағуға рұқсат береді.
Рұқсатта жағатын газдың көлемі және рұқсаттың қолданылу мерзімі көрсетіледі.
7. Ұңғыма объектілеріне сынақтар жүргізу кезінде рұқсат алу үшін өтінімге мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) жер қойнауын пайдаланушыны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесі;
2) жер қойнауын пайдаланушы жасаған және жер қойнауын зерттеу және пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органдардың аумақтық органдарымен келісілген ұңғымалардың жекелеген объектілерін сынау жоспарлары.
8. Кен орнын сынамалы пайдалану кезінде рұқсат алу үшін өтінімге мына құжаттар қоса беріледі:
1) жер қойнауын пайдаланушыны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесі;
2) мұнай және газ саласындағы уәкілетті органның ілеспе және (немесе) табиғи газды кәдеге жарату немесе өңдеуді дамыту бағдарламасын бекіту туралы шешімінің көшірмесі;
3) кен орнын сынамалы пайдалану жобасын бекіту туралы шешімнің көшірмесі;
4) бекітілген кен орнын сынамалы пайдалану жобасына сәйкес газ өндірудің және жағудың болжамды (жобалық) көлемі.
9. Газды технологиялық тұрғыдан болмай қоймайтын жағу кезінде (технологиялық жабдықтарды іске қосу, технологиялық жабдықтарды пайдалану, технологиялық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары кезінде) рұқсат алу үшін өтінімге мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) жер қойнауын пайдаланушыны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесі;
2) мұнай және газ саласындағы уәкілетті органның ілеспе және (немесе) табиғи газ кәдеге жарату немесе өңдеуді дамыту бағдарламасын бекіту туралы шешімінің көшірмесі;
3) өндірілетін және жағылатын газды есептеу аспаптарымен техникалық кәсіптік жарақтандыру туралы ақпарат;
4) кен орнын игеру жобасын бекіту туралы шешімнің көшірмесі;
5) өткен жылғы газ өндіру мен газ жағу туралы ақпарат;
6) өтінім беру жылына мұнай мен газды өндіру және газ жағудың жоспарланған көлемі туралы ақпарат;
7) өткен жылғы (газ өңдеу зауыты жұмысының ағымдағы жағдайы мен өңдеу өнімінің көлемі, газтурбиналық станцияның жұмысы, газды қабаттық қысымды ұстап тұру үшін қабатқа тоғыту, мұнай өндірудің газлифтілік тәсіл жүйелерінің жұмыс жағдайы туралы) газ өңдеудің және кәдеге жаратудың нақты көлемі туралы ақпарат;
8) кен орнын игеру жөніндегі жобалық құжатта көзделген немесе рұқсат алу күніне нақты қолданылатын газды өндірістік үздіксіз жағу көздері (алаулары) туралы деректер.
10. Заңның 85-бабының 6-тармағына сәйкес 2004 жылғы 1 желтоқсанға дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша мұнай операцияларын жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар, егер олар 2004 жылғы 1 желтоқсанға дейін мемлекеттік органда бекітілген (келісілген) немесе 2006 жылғы 1 шілдеге дейін құзыретті органда және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органда келісілген болса, ілеспе және (немесе) табиғи газды кәдеге жарату жөніндегі бағдарламаларды іске асыру мерзімдері аяқталғанға дейін ілеспе және (немесе) табиғи газды алауларда жағуды жүзеге асырады.
Газды кәдеге жарату жөніндегі бағдарламаның, оның ішінде іс-шараларға, іске асыру кестесі мен мерзімінің технологиялық бөлігіндегі толықтырулар мен өзгерістерді жер қойнауын зерттеу мен пайдалану және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдардың келісімімен мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
11. Ұңғымалардың объектілеріне сынақтар жүргізу кезінде газ жағуға рұқсат бекітілген жобаға сәйкес ұңғымалардың жекелеген объектілерін сынау жоспарына сәйкес мерзімге беріледі, бірақ ұңғыманың әр объектісі үшін үш айдан артық болмауы керек.
Технологиялық жабдықты іске қосу-баптау кезінде газ жағу іске қосу-баптау жұмыстарына байланысты кезең ішінде жүзеге асырылады.
12. Кен орнын сынамалы пайдалану кезінде және газды технологиялық тұрғыдан болмай қоймайтын жағу кезінде газ жағуға рұқсат бір жылдан аспайтын мерзімге және күнтізбелік жылдың соңына дейін қолданылу мерзімімен беріледі.
Бұл ретте кен орнын сынамалы пайдалану кезінде газды жағуға үш жылдан аспайтын жалпы мерзімге рұқсат етілуі мүмкін.
13. Осы Қағиданың 4-тармағында көрсетілген уәкілетті органдардың біреуінің газ жағуға рұқсат жобасын келіспеуі, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушының дұрыс мәліметтер қамтылмаған құжаттарды беруі рұқсат беруден бас тартуға негіз болып табылады.
Рұқсат беруден бас тарту бес жұмыс күні ішінде жазбаша түрде ресімделеді және дәлелді бас тарту негіздерін қамтуы тиіс.
14. Мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган берілген рұқсаттардың есебін жүргізеді, тіркейді, сондай-ақ оларды беруге негіз болған материалдармен бірге рұқсаттардың көшірмелерін сақтайды.
15. Ілеспе және (немесе) табиғи газды кәдеге жаратуды немесе өңдеуді дамыту бағдарламасын орындамаған жағдайда, мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган газ жағуға рұқсатты кері қайтарып алады.
16. Қайта ұйымдастырылған және/немесе атауы өзгерген жағдайда мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлікті алған сәттен бастап жер қойнауын пайдаланушы бір ай мерзім ішінде көрсетілген мәліметтерді растайтын тиісті құжаттармен қоса газды жағуға рұқсатты қайта ресімдеу туралы өтініш береді.
Заңның 72-бабы 10-тармағына сәйкес келісімшарттың қолданылуын құзыретті орган мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда, бұрынғы жер қойнауын пайдаланушыға газды жағуға берілген рұқсат жаңа жер қойнауын пайдаланушы анықталғанға дейінгі мерзімге ұлттық компанияға қайта ресімделуге жатады.
Мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган жер қойнауын пайдаланушы (ұлттық компания) тиісті жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде осы Қағиданың 4, 5 және 6-тармақтарында көзделген рәсімдерді сақтамай-ақ газды жағуға рұқсатты қайта ресімдейді.
Ілеспе және (немесе) табиғи
газды алау етіп жағуға
рұқсат беру қағидасына
қосымша
Газ жағуға рұқсат алуға өтінім
_________________________________________________________________
(ұйымның атауы, кен орны, қай сатыда)
_________________________________________________________________
_________________________________________________________________
(газ жағу қажеттілігінің себебі және негіздемесі,
жылына жағылатын газдың болжамды көлемі, млн.м3.)
_________________________________________________________________
_________________________________________________________________
_________________________________________________________________
(қоса берілген құжаттардың тізбесі)
1. ______________________________________________________________
2. ______________________________________________________________
3. ______________________________________________________________
4. ______________________________________________________________
5. ______________________________________________________________
6. ______________________________________________________________
Ұйымның басшысы (лауазымы)
_______________________________ ___________________________
(қолы) (Т.А.Ә.)
м.о. 20__ж.«___» _________________