Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидасын және Әскери-дәрігерлік сараптама органдары туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 30 қаңтардағы № 44 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидасы;
      2) Әскери-дәрігерлік сараптама органдары туралы ереже бекітілсін.
      2. «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 наурыздағы № 226 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 11, 108-құжат) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің       
2010 жылғы 30 қаңтардағы
№ 44 қаулысымен   
бекітілген      

Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидасы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидасы (бұдан әрі - Қағида) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» 2005 жылғы 7 қаңтардағы, «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі заңдарына сәйкес әзірленді, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарында, әділет органдарының қылмыстық-атқару жүйесінде, өртке қарсы қызметте, қаржы полициясында, кеден органдарында, прокуратура органдарында (бұдан әрі - әскери қызметте, ұлттық қауіпсіздік органдарында және құқық қорғау органдарында) әскери-дәрігерлік сараптаманы ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін айқындайды.
      2. Әскери-дәрігерлік сараптама:
      1) медициналық куәландыру кезінде:
      шақыру учаскелеріне тіркелетін, әскери қызметке немесе әскери жиындарға шақырылатын және әскери (арнайы) оқу орындарына, республикалық әскери мектеп-интернаттарына (лицейлерге) түсетін азаматтарға;
      әскери қызметке немесе ұлттық қауіпсіздік органдарына, құқық қорғау органдарына, соның ішінде келісімшарт бойынша қызметке түсетін азаматтарға;
      жоғарғы оқу орындарының әскери кафедраларында (факультеттерінде) запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша оқитын азаматтарға;
      әскерге шақыру бойынша, соның ішінде келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге;
      әскери (арнайы) оқу орындарының курсанттарына, кадеттер мен тәрбиеленушілерге;
      радиоактивті заттармен, иондаушы сәулелену көздерімен, зымыран отыны құрауыштарымен, электромагниттік өріс көздерімен қызмет (жұмыс) үшін іріктелетін және қызмет өткеретін (жұмыс істейтін) әскери қызметшілерге (Қарулы Күштердің қызметшілеріне);
      мемлекеттік авиацияның авиациялық персоналына;
      әскери жиындарға немесе әскери қызметке шақырған кезде немесе есепке алу мақсатында запаста болатын азаматтарға;
      2) ұлттық қауіпсіздік органдарына және құқық қорғау органдарына қызметке түсетін азаматтарды психофизиологиялық тұрғыдан іріктеуді жүзеге асырған кезде;
      3) әскери қызмет (әскери жиындарды) немесе ұлттық қауіпсіздік органдарында, құқық қорғау органдарында қызмет өткеретін әскери қызметшілер мен азаматтарда науқастанулардың, мертігулердің (жараланулардың, жарақаттанулардың, контузия алудың) (бұдан әрі - мертігулер) себепті байланысын айқындаған кезде;
      4) денсаулық жағдайы бойынша азаматтардың, оларды әскери қызметтен немесе ұлттық қауіпсіздік органдарындағы, құқық қорғау органдарындағы қызметтен босату сәтінде әскери қызметке немесе ұлттық қауіпсіздік органдарындағы, құқық қорғау органдарындағы қызметке жарамдылық санатын айқындау кезінде;
      5) әскери қызметшілердің, әскери міндеттілердің, қызметкерлердің әскери қызмет (әскери жиындар) немесе ұлттық қауіпсіздік органдарындағы, құқық қорғау органдарындағы қызметі кезеңінде немесе әскери қызмет (әскери жиындарды) өткеру кезеңінде немесе ұлттық қауіпсіздік, құқық қорғау органдарында қызмет өткеру кезінде мертігудің, науқастанудың салдарынан әскери қызметтен (әскери жиыннан) немесе ұлттық қауіпсіздік, құқық қорғау органдарындағы қызметтен босатылғаннан кейін қаза табудың (қайтыс болудың) себепті байланысын анықтағанда жүргізіледі.

2-тарау. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде,
басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери-дәрігерлік
сараптама жүргізудің тәртібі және оны ұйымдастыру

1. Шақыру учаскелеріне тіркелетін, әскери қызметке
шақырылатын және әскери (арнайы) оқу орындарына, оның
ішінде оқу мерзімі бір жыл және он ай кадет корпустарына
түсетін азаматтарды медициналық куәландыру

      3. Азаматтарды шақыру учаскелеріне тіркегенге, әскери қызметке шақырғанға және әскери (арнайы) оқу орындарына, оның ішінде оқу мерзімі бір жыл және он ай кадет корпустарына (бұдан әрі - әскери (арнайы) оқу орындарына) түскенге дейін қорғаныс істері жөніндегі басқармалардың (бөлімдердің) сұрау салулары бойынша медициналық денсаулық сақтау ұйымдары жеті күн ішінде мынадай медициналық құжаттарды береді:
      1) психоневрологиялық, наркологиялық, туберкулезге қарсы, тері-венерологиялық диспансерлерден (кабинеттерден) - олардың есепте тұратыны туралы мәліметтерді (анықтамаларды);
      2) басқа да медициналық денсаулық сақтау ұйымдарынан - созылмалы науқастары бойынша диспансерлік есепте тұру жай-күйі және соңғы он екі ай ішінде жұқпалы және паразитарлық науқастарға шалдыққаны туралы мәліметтерді, алдын алу егулері туралы және дәрі-дәрмек құралдары мен баска да заттарды көтере алмайтыны (артылған сезімгіштігі) туралы мәліметтерді, сондай-ақ амбулаторлық науқастың медициналық карталары (№ 025/у үлгісі), жас өспірімнің медициналық картаға қосымша парағы (№ 025-1/у үлгісі), стационарлық науқастың медициналық карталарынан көшірмелерді, рештенограммаларды, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген арнайы зерттеулер әдістерінің хаттамаларын және азаматтардың денсаулық жағдайын сипаттайтын медициналық құжаттарды.
      4. Шақыру учаскелеріне тіркелуге, әскери қызметке шақырылуға жататын және әскери (арнайы) оқу орындарына түсетін азаматтарды медициналық куәландыруға дейін отыз жұмыс күні ішінде:
      1) қанды жалпы талдау;
      2) мерезге серологиялық реакциялар;
      3) зәрді жалпы талдау;
      4) электрокардиографиялық зерттеу;
      5) кеуде қуысы мүшелерін флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу әскерге шақыру күніне дейін үш айдан кешіктірілмей жүргізіледі;
      6) медициналық куәландыру күні бойы мен дене салмағын өлшеу жүргізіледі.
      5. Әскери (арнайы) оқу орындарына түсетін азаматтарға, бұдан басқа, мұрынның қосалқы қуыстарының рентгенографиясы және жоспарлы алдын алу егулері жүргізіледі. Медициналық куәландыру үдерісінде толық тексеру кезінде зертханалық, рентгенологиялық және басқа да зерттеулер қайтадан жүргізіледі.
      6. Флюорографиялық (рентгенологиялық), зертханалық  және электрокардиографиялық зерттеулердің нәтижелері, бойы мен дене салмағы туралы, сондай-ақ бұрын алынған барлық алдын алу егулері мен дәрі-дәрмек құралдарын және басқа да заттарды көтере алмаушылығы (артылған сезгіштігі) туралы мәліметтер әскер шақырылушының есептік картасына немесе әскери (арнайы) оку орындарына түсетін азаматтардың медициналық куәландыру картасына жазылады.
      Флюорограммалар (ренттенограммалар) куәландырылушының жеке ісінде оның әскери қызмет мерзімі аяқталғанға дейін болады, одан кейін тиісті медициналық ұйымдарға қайтарылады, олар флюорографиялық үлдір түрінде немесе электронды тасымалдауыштарда бір жыл бойы сақталады.
      7. Медициналық персоналдың жұмысына басшылық жасайтын дәрігер - медициналық комиссияның төрағасы:
      1) медициналық куәландыру басталғанға дейін:
      шақыру (жиын) пункті үй-жайының жай-күйін, дәрігер-мамандардың кабинеттерін қорғаныс саласындағы уәкілетті орган белгілеген дәрігер-мамандардың кабинеттерін жарақтандыру үшін қажетті медициналық және басқа да мүліктің тізбесіне сәйкес медициналық және басқа да мүлікпен жарақтандыруды тексереді;
      азаматтарды тексеруге (емделуге) жіберу орнын, уақыты мен тәртібін нақтылайды;
      даярлығы бар дәрігер-мамандарға әскери-дәрігерлік сараптама мәселелері бойынша, азаматтарды медициналық куәландыруды ұйымдастыру мен жүргізу туралы нұсқау береді, осы Қағиданың талаптарын және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша қорғаныс саласындағы орталық атқарушы орган бекіткен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, мемлекеттік авиацияда қызмет ету үшін адамдардың денсаулық жағдайына қойылатын Талаптарды (бұдан әрі - Талаптар), сондай-ақ әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді түсіндіреді;
      әскери қызметке тіркеу немесе шақыру бойынша комиссияның төрағасы - тиісті жергілікті әскери басқару органының бастығына Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес азаматтарды медициналық куәландыруға дайындаудағы кемшіліктер туралы баяндайды;
      2) медициналық куәландыру кезеңінде:
      дәрігер-мамандардың жұмысындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;
      дәрігер-мамандар шығарған қорытындылардың сапалы ресімделуін, негізділігін және Талаптарға сәйкес келуін тексереді;
      медициналық комиссияның құрамына кіретін дәрігерлермен алқа болып азаматтардың әскери қызметке және әскер түрлері мен тектері бойынша арналу көрсеткішіне жарамдылығы санаты туралы, сондай-ақ азаматтардың әскери (арнайы) оқу орындарына түсуге жарамдылығы туралы медициналық комиссияның қорытындысын шығарады;
      күн сайын комиссияның хаттамалары кітабын жүргізудің дұрыстығын тексереді;
      бұрын шығарылған қорытындылар бойынша азаматтарды тексеруге (емделуге) уақтылы жіберуді тексереді;
      күн сайын қорытынды жасайды, азаматтарды медициналық куәландыру нәтижелерін талдайды және оларды комиссия төрағасына баяндайды;
      шақыру учаскелеріне тіркеу, әскери қызметке шақыру және әскери (арнайы) оқу орындарына түсу кезінде медициналық куәландыру мәселелері бойынша азаматтарға түсініктемелер береді, азаматтарды медициналық куәландыруға байланысты шағымдар мен өтініштерді шешуге қатысады.
      8. Шақыру учаскелеріне тіркеу кезінде тексеруге (емделуге) мұқтаж деп танылған азаматтарды қорғаныс істері жөніндегі департаменттер, басқармалар (бөлімдер) екі тізімде ескереді:
      № 1 тізімде - әскери қызметке уақытша жарамсыздар;
      № 2 тізімде - әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамдылар.
      Көрсетілген тізімдер тіркеу жөніндегі комиссияларының жұмысы аяқталғаннан кейін он жұмыс күнінен кешіктірілмей денсаулық сақтау департаменттеріне (басқармаларына) әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтарға медициналық тексеру (емдеу) жүргізу үшін жолданады.
      9. Тексеруге (емделуге) жолдама шақыру учаскелеріне тіркелуге, әскери қызметке шақырылуға жататын және әскери (арнайы) оқу орындарына түсетін азаматтарға, оларға тіркеу жөніндегі комиссиясының немесе әскерге шақыру комиссиясының шешімдерін жариялаған кезде беріледі.
      10. Жолдамада медициналық денсаулық сақтау ұйымының (әскери-медициналық (медициналық) мекеменің (ұйымның) атауы, диагнозы, тексеру мақсаты және медициналық куәландыруға қайтадан келу мерзімі көрсетіледі.
      Тексеруге (емделуге) арналған жолдамаға денсаулық жағдайын зерттеу актісі (бұдан әрі - акт), науқастың амбулаторлық медициналық картасы мен денсаулық жағдайын сипаттайтын медициналық құжаттары қоса беріледі.
      Тексеру аяқталғаннан кейін акт толтырылады, оған бас дәрігер мен тексеру жүргізген дәрігер қол қояды және елтаңбалық мөр басылады.
      Акт әскери қызметке жарамдылық санаты немесе әскери (арнайы) оқу орнына түсуге жарамдылығы туралы түпкілікті шешім шығаратын тіркеу жөніндегі комиссиясының немесе шақыру комиссиясының қарауына ұсынылады.
      11. Медициналық куәландыру жүргізген кезде дәрігер-маман әскерге шақырылушының есепке алу картасына, медициналық картаға қосымша параққа немесе әскери (арнайы) оқу орындарына түсетін азаматтардың медициналық куәландыру картасына дигнозды (науқастары болмаған кезде - «дені сау» деген жазба жасалады), Талаптарға сәйкес әскери қызметке жарамдылық санаты туралы қорытындыны, әскер түрлері мен тектері бойынша арналу көрсеткішін, әскери (арнайы) оқу орнына түсуге жарамдылығын (жарамсыздығын) жазады.
      12. Тіркеу немесе әскери қызметке шақыру кезінде әскери қызметке жарамды немесе әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамды деп танылған азаматтарға дәрігер-маман әскери қызметке жарамдылық санаты туралы қорытындысынан кейін Талаптарға сәйкес әскер түрлері мен тектеріне арналу көрсеткішін көрсетеді.
      13. Тіркеу немесе әскери қызметке шақыру кезінде әскери қызметке уақытша жарамсыз деп танылған азаматтарға дәрігер-маман әскери қызметке уақытша жарамсыздығы туралы қорытынды шығарады.
      Медициналық көрсеткіштер бойынша әскери қызметке уақытша жарамсыздығы туралы қорытынды үш айға шығарылады, науқастары жазылмаған жағдайлар кезінде ол қайтадан шығарылады, бірақ уақытша жарамсыздықтың жалпы мерзімі он екі айдан аспауға тиіс.
      Азаматтарды тексеру (емдеу) тіркеу жөніндегі комиссиясының немесе шақыру комиссиясының жұмысы (әскери қызметке ағымдағы шақыру) аяқталғанға дейін әскери қызметке уақытша жарамсыздығы туралы қорытынды шығарылмайды және дәрігер-маман тексеру (емдеу) және қайтадан медициналық куәландыру туралы қорытынды шығарады.
      Ұзақ тексеруге (емдеуге) (үш айдан артық) мұқтаж азаматтарға алтыдан он екі айға дейінгі мерзімге әскери қызметке уақытша жарамсыздығы туралы қорытынды шығарылады, одан кейін қайтадан медициналық куәландыру жүргізіледі.
      Азаматтардың әскери қызметке уақытша жарамсыздығы мерзімі өткеннен кейін әскери қызметке жарамдылығы (жарамсыздығы) туралы түпкілікті қорытынды шығарылады.
      Жиырма жеті жасқа толуы бойынша мерзімді әскери қызметке шақырылудан босатылған адамдар медициналық куәландыруға (тексерілуге) жатпайды.
      Аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) шақыру комиссияларының қызметін бақылау әскери қызметке шектеулі жарамды, әскери қызметке уақытша жарамсыз, әскери қызметке жарамсыз, әскери (арнайы) оқу орындарына түсуге жарамсыз деп танылған азаматтарды облыстық (республикалық маңызы бар қала және астана) шақыру комиссиясының медициналық куәландыруымен жүзеге асырылады және облыстық (республикалық маңызы бар қала және астана) шақыру комиссиясының хаттамалары кітабында аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) шақыру комиссияларының шешімін растау немесе жою көрсетіледі.
      14. Егер тіркеу кезінде әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамды деп танылған азаматтар емделуге, ауыз қуысын санациялауға, көздің көруін түзетуге мұқтаж болған жағдайда дәрігер-маманның қорытындысы әскер түрлері мен тектеріне арналу көрсеткішінен кейін: «Емделуге (ауыз қуысын санациялауға, көздің көруін түзетуге) мұқтаж» деген сөздермен толықтырылады.
      15. Әскери қызметке шектеулі жарамды, әскери қызметке уақытша жарамсыз, әскери қызметке жарамсыз, әскери (арнайы) оқу орнына түсуге жарамсыз деп танылған, сондай-ақ тексерілуге (емделуге) жіберілген азаматтарға медициналық куәландыру парағы толтырылады.
      16. Әскери-есептік мамандық бойынша оқуға жарамдылық Талаптарға сәйкес айқындалады және азаматтардың әскери қызметке жарамдылық санаты туралы қорытындыдан кейін шығарылады.
      17. Қорытынды әскерге шақырылушының, есепке алу картасына, шақыру комиссиясы хаттамаларының кітабына, ал әскери (арнайы) оқу орындарына түсетін азаматтар үшін медициналық куәландыру картасына жазылады.
      18. Шақыру комиссиялары медициналық куәландыруды жүргізгеннен кейін облыстық (республикалық маңызы бар қала және астана) шақыру комиссиясы дәрігер-мамандары қорытындыларының негізділігін тексеру, азаматтардың әскери қызметке жарамдылық санатын, әскер түрлері мен тектері бойынша арналу көрсеткішін нақтылау және жол берілген кемшіліктерді жою мақсатында әскери қызметке шақырылған азаматтарды қызмет өткеру орнына жөнелту алдында оларды медициналық тексеруді ұйымдастырады.
      19. Егер медициналық тексеру нәтижесінде азаматтардың денсаулық жағдайында әскери қызметке шақыруға кедергі келтіретін (әскери қызметке жарамдылық санатын өзгертетін) ауытқулар анықталса, дәрігер-маман медициналық куәландыру парағын ресімдейді, ал облыстық (республикалық маңызы бар қала және астана) шақыру комиссиясы хаттамаларының кітабында ресімделетін және азаматтарға жарияланатын өз шешімін шығарады.
      20. Әскерге шақырылушының есепке алу картасы, медициналық куәландыру парағы, облыстық (республикалық маңызы бар қала және астана) шақыру комиссиясының хаттамалары кітабынан көшірме қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мөрімен расталған, шешімі қайта қаралған аудандық (облыстық маңызы бар қала) шақыру комиссиясына жіберіледі.
      21. Азаматтарға денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату негізділігін облыстық (республикалық маңызы бар қала және астана) шақыру комиссиясының медициналық тексеруімен және (немесе) әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылған немесе одан босатылған барлық азаматтардың жеке істерін зерделеу жолымен тексеріледі.
      Құжаттарды тексеру нәтижелері бойынша облыстық (республикалық маңызы бар қала және астана) шақыру комиссиясы әскерге шақырылушының есепке алу картасына аудандық (қалалық) шақыру комиссиясының шешімін бекіту туралы немесе азаматты қайтадан медициналық куәландыруға жіберу туралы белгі жасайды.
      Қайта медициналық куәландырылуға, сондай-ақ олардың әскери қызметке жарамдылығы (жарамсыздығы) туралы медициналық комиссияның қорытындысымен келіспеген азаматтар жатады.
      22. Қайтадан медициналық куәландыру жүргізу мерзімі, орны және медициналық куәландырылуға тиіс азаматтар туралы облыстық (республикалық маңызы бар қала және астана) шақыру комиссиясы төмен тұрған шақыру комиссияларына хабарлайды.
      23. Қайтадан медициналық куәландыруға азамат жеке ісімен және белгіленген диагнозы мен шығарылған қорытындыны растайтын медициналық құжаттарымен жіберіледі.
      Егер қайтадан медициналық куәландыру нәтижесінде азаматтың әскери қызметке жарамдылық санаты өзгерсе, дәрігер-маман медициналық куәландыру парағын ресімдейді, ал облыстық (республикалық маңызы бар қала және астана) шақыру комиссиясы төмен тұрған комиссияның шешімін жояды және хаттамалар кітабында ресімделетін және азаматқа жарияланатын өз шешімін шығарады.
      Әскерге шақырылушының есепке алу картасы, медициналық куәландыру парағы, сондай-ақ қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мөрімен расталған облыстық (республикалық маңызы бар қала және астана) шақыру комиссиясының хаттамалары кітабынан көшірме шешімі қайта қаралған шақыру комиссиясына жіберіледі.
      Егер қайтадан медициналық куәландыру нәтижесінде аудандық (облыстық маңызы бар қала) шақыру комиссиясының шешімі өзгермесе, онда хаттамалар кітабы мен есепке алу картасында оны бекіту туралы қысқаша жазба жасалады, бұл ретте медициналық куәландыру парағы ресімделмейді.
      24. Әскери қызметке шақырылған азаматтарды медициналық бақылау сабақтастығын қамтамасыз ету үшін қорғаныс істері жөніндегі басқарма (бөлім) әскери бөлімге дэрігер-мамандардың қорытындылары бар медициналық картаға қосымша парақты (№ 025-1/у үлгі) жолдайды.
      25. Азаматтар әскери қызмет орнына келгеннен кейін медициналық тексеруден өтеді, ал әскери (арнайы) оқу орындарына немесе оқу-жаттығу әскери бөлімдеріне келгендер әскери (арнайы) оқу орындарына түсуге немесе әскери-есептік мамандықтар бойынша оқуға (қызметке) жарамдылығын айқындау үшін штаттан тыс (тұрақты, уақытша әрекет ететін) әскери-дәрігерлік комиссияларында (бұдан әрі - ӘДК) түпкілікті медициналық куәландырудан өтеді.
      Дәрігер-мамандардың қорытындылары медициналық куәландыру картасына, медициналық кітапшаға, ал ӘДК-ның қорытындылары ӘДК отырыстарының хаттамалары кітабына жазылады.
      Әскери (арнайы) оқу орындарына түсетін, түпкілікті медициналық куәландыру кезінде әскери (арнайы) оқу орындарына түсуге жарамсыз деп танылған азаматтардың медициналық куәландыру карталары медициналық куәландыру аяқталғаннан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмей медициналық куәландырудың сапасын талдау және жақсарту үшін қорғаныс істері жөніндегі департаменттерге жолданады.
      26. Денсаулық жағдайы бойынша мерзімді әскери қызметке шақырылуға жатпайтын әскери қызметшілерді мерзімінен бұрын босату науқастылығы туралы куәлік болып ресімделген және штаттық ӘДК бекіткен госпитальдық немесе гарнизондық ӘДК қорытындысы негізінде стационарлық немесе амбулаторлық тексеруден кейін жүргізіледі. Гарнизондық ӘДК-ның амбулаторлық медициналық куәландыру дене бітімінің нақты кемтарлығы болған кезде жүргізіледі.
      27. Штаттық ӘДК гарнизондық (госпитальдық) ӘДК бекіткен сараптамалық қорытындының көшірмесін бекіткеннен кейін бес жұмыс күні ішінде әскери қызметшілердің әскерге шақыру орны бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаменттерге жолдайды.
      28. Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, азаматты денсаулық жағдайы бойынша негізсіз әскери қызметке шақыру себептерін зерделейді және «Негізсіз әскерге шақыру себептерін зерделеу картасының» тиісті бөлімдерін толтырғаннан кейін штаттық ӘДК-ға қайтарады.
      29. Штаттық ӘДК, қорғаныс істері жөніндегі департаменттер облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) денсаулық сақтау саласындағы жергілікті атқарушы органдармен, медициналық денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлесіп, азаматтарды денсаулық жағдайы бойынша негізсіз әскери қызметке шақыру жағдайлары мен себептерін есепке алуды жүргізеді және әскери қызметке шақырылатын азаматтарды тексерудің және медициналық куәландырудың сапасын жақсартуға шараларды қабылдайды.
      30. Авиациялық персоналды даярлау бойынша әскери оқу орындарына түскен кезде алдын ала медициналық куәландыруға:
      1) түсті қалыпты сезінетін;
      2) әрбір көзге түзетулерсіз көру өткірлігі 1,0-ден төмен емес;
      3) артериалдық қан қысымы сынап бағанасымен 130/80-нен жоғары емес және 105/60 мм-нан төмен емес;
      4) дене салмағының индексі 18,5-тен төмен емес және дене салмағы 90 кг-дан артық емес;
      5) бойы 160 см-ден төмен емес және 186 см-ден артық емес;
      6) аяқтың ұзындығы 88 см-ден қысқа емес;
      7) қолдың ұзындығы 76 см-ден қысқа емес;
      8) отыру қалпында бойы 80 см-ден төмен емес және 97 см-ден артық емес азаматтар жіберіледі.
      31. Алдын ала медициналық куәландыруға жіберер алдында қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерде (басқармаларда) немесе әскери бөлімдерде осы талаптарға жауап беретін кандидаттарға ұшқыштар құрамын даярлау бойынша әскери оқу орнына түсетін азаматтың медициналық куәландыру картасы ресімделеді және:
      1) кеуде қуысы мүшелерін екі кескінде (тура және оң жақ қырынан) флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу;
      2) мұрынның қосалқы қуыстарының рентгенографиясы;
      3) он екі жалғамалық әдіспен (тыныштықта және дене жүктемесінен кейін - қолдарын созып отыз секунд ішінде он бес рет отырып тұру) электрокардиография;
      4) қанды жалпы талдау;
      5) мерезге серологиялық реакциялар;
      6) зәрді жалпы талдау;
      7) ішек құрты жұмыртқаларына және ішек құрттарының цисталарына үлкен дәретті зерттеу жүргізіледі.
      32. Алдын ала медициналық куәландыру кезінде әскери қызметшілер болып табылмайтын азаматтардың жүргізілген медициналық тексеру нәтижелері; амбулаторлық науқастың медициналық картасы; психоневрологиялық, наркологиялық, туберкулезге қарсы және тері-венерологиялық диспансерлерден (кабинеттерден) есепте тұратындығы туралы мәліметтер (анықтамалар) зерделенеді.
      Ұшқыштар құрамын даярлау бойынша әскери оқу орындарына түсетін әскери қызметшілердің медициналық кітапшасы, қызметтік және медициналық мінездемелері зерделенеді.
      33. Дәрігерлік тексеру алдында дене температурасын өлшеу және антропометрия жүргізіледі.
      Мынадай зерттеулер міндетті болып табылады:
      1) дозаланған дене жүктемесімен (степ-тест немесе қолдарын созып отыз секунд ішінде он бес рет отырып тұру) байқау;
      2) тыныштық және циклоплегия жағдайларында скиаскопия немесе рефрактометрия көмегімен түсті сезінуін, көру өткірлігін, рефракцияны зерттеу;
      3) мұрынмен тыныс алуды, иіс сезуді, құлақтардың бароқызметін, 5/5 м-ден кем емес алшақтықта сыбыр сөзді естуді, вестибулярлық және отолиттік аппараттарды зерттеу.
      34. Азаматтар келгеннен кейін екі күнтізбелік күннен ерте емес жүргізілетін әскери оқу орны дәрігерлік-ұшқыштар комиссиясының түпкілікті медициналық куәландыруына жатады.
      35. Дәрігерлік-ұшқыштар комиссиясы маман дәрігерлерінің біреуі ұшуға үйретуге кедергі келтіретін науқастануды анықтаған азаматтар қалған мамандар дәрігерлерден медициналық тексеруден өтеді, бірақ арнайы жүктеме сынамаларын орындаудан босатылады.
      Ұшуға үйретуге кедергі келтіретін науқастануы анықталмаған азаматтарға арнайы зерттеулер: барокамерада биіктік гипоксиясына және барометрлік қысымның төмендеуіне шыдауға сынаулар, вестибулометрия, тоналдық аудиометрия, электрокардиография және энцефалография жүргізіледі.
      Барокамерада сынауларды және вестибулометрияны бір жұмыс күнінде жүргізуге тыйым салынады.
      36. Медициналық куәландыру нәтижелері дәрігерлік-ұшқыштар комиссиясы отырыстарының хаттамалары кітабында, ұшқыштар құрамын даярлау бойынша әскери оқу орнына түсетін азаматтың медициналық куәландыру картасына, ал әскери қызметшіге - медициналық кітапшада жазылады.
      Ұшуға үйретуге жарамсыз деп танылған адамдарға дәрігерлік-ұшқыштар комиссиясы отырыстарының хаттамалары кітабында жарамсыздық себебінің толық негіздемесі жазылады.
      37. Науқастанудың диагнозын нақтылау үшін азамат медициналық денсаулық сақтау ұйымына (әскери-медициналық мекемеге) амбулаторлық немесе стационарлық тексеруге жіберіледі.
      38. Түпкілікті медициналық куәландыру кезінде ұшуға үйретуге жарамсыз деп танылған және әскери оқу орны дәрігерлік-ұшқыштар комиссиясының қорытындысымен келіспеген азаматтардың бұл шешімді штаттық әскери-дәрігерлік комиссияда қайта қарау құқығы бар.
      39. Курсанттар көктемгі кезеңде (жазғы практика басталғанға дейін) жыл сайын дәрігерлік-ұшқыштар комиссиясының медициналық куәландыруына жатады.
      Бұл ретте олар:
      1) кеуде қуысы мүшелерін екі кескінде (тура және оң жақ қырынан) флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу;
      2) он екі жалғамалық әдіспен (тыныштықта және дене жүктемесінен кейін - қолдарын созып отыз секунд ішінде он бес рет отырып тұру) электрокардиография;
      3) қанды жалпы талдау;
      4) зәрді жалпы талдау;
      5) нәтижелері медициналық кітапшаға және әскери билетке енгізілетін бірінші курс курсанттарының қан тобын және резус-факторын анықтау;
      6) ішек құрты жұмыртқаларына және ішек құрттарының цисталарына үлкен дәретті зерттеу;
      7) дәрігерлік-ұшқыштар комиссиясы маман дәрігерлерінің тексеруі жүргізіледі.
      40. Күрделі диагностикалық жағдайларда немесе медициналық көрсеткіштер болған кезде курсанттар әскери-медициналық (медициналық) мекемелердің (ұйымдардың) мамандандырылған бөлімшелеріне медициналық куәландыруға жіберіледі.

2. Оқу мерзімі үш жыл кадет корпустарына, генерал С.Қ.
Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебіне,
Армия орталық спорт клубының әскери спорт колледжіне,
республикалық әскери мектеп-интернаттарына (лицейлерге) түсетін
азаматтарды, кадеттер мен тәрбиеленушілерді медициналық
куәландыру

      41. Оқу мерзімі үш жыл кадет корпустарына, генерал С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебіне (бұдан әрі - «Жас ұлан» мектебі), Армия орталық спорт клубының әскери спорт колледжіне, республикалық әскери мектеп-интернаттарына (лицейлерге) түсетін кандидаттарды, кадеттер мен тәрбиеленушілерді медициналық куәландыру денсаулық жағдайы бойынша оқуға түсуге және оны жалғастыруға жарамдылығын айқындау мақсатында жүргізіледі.
      42. Кандидаттар алдын ала медициналық тексеруден және түпкілікті медициналық куәландырудан өтеді.
      43. Алдын ала медициналық тексеруді әскери (арнайы) оқу орындарына түсуге жарамдылық санатын айқындау үшін тұрғылықты жері бойынша әскери-дәрігерлік сараптама мәселелері бойынша оқытылған медициналық ұйымдардың дәрігер-мамандары, ал түпкілікті медициналық куәландыруды - штаттық емес уақытша әрекет ететін ӘДК жүргізеді.
      44. Кандидаттарға медициналық куәландыру жүргізетін тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымдардың дәрігер-мамандары мен штаттық емес уақытша әрекет ететін ӘДК құрамына: терапевт (педиатр), хирург, невропатолог, отоларинголог, офтальмолог, дерматолог, фтизиатр, эндокринолог, психиатр және стоматолог енгізілуге тиіс.
      45. Медициналық куәландыру басталғанға дейін барлық кандидаттарға міндетті түрде:
      1) кеуде қуысы мүшесін флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу (он бес жасқа дейінгі адамдарға - кеуде қуысы мүшесін ренттенологиялық зерттеу, ал он бес жастан үлкен адамдарға - кеуде қуысы мүшесін флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу);
      2) электрокардиографиялық зерттеу;
      3) қанды жалпы талдау;
      4) зәрді жалпы талдау;
      5) ішек құрты жұмыртқаларына және дизентериялық бактерия тасымалдаушылыққа үлкен дәретті зерттеу жүргізіледі.
      Медициналық керсеткіштер бойынша қосымша клиникалық зерттеулер жүргізіледі.
      46. Зерттеулер нәтижелері, сондай-ақ бұрын қабылданған егулер туралы мәліметтер оқу орнына түсетін кандидаттың медициналық куәландыру картасына қоса беріледі.
      47. Медициналық куәландыру кезінде кандидаттың денсаулық жағдайын алдыңғы бақылау құжаттары - амбулаторлық науқастың медициналық картасы (№ 025/у үлгі) және диспансерлік тексеру деректері бар қосымша парағы, оқу мінездемесі, сондай-ақ куәландыратынның және оның ата-анасының анамнестикалық деректері зерделенеді.
      48. Егер медицина ұйымдарының мәліметтері бойынша адамдарда созылмалы науқастар немесе дене бітімінің кемістіктері бар болса, олар алдын ала медициналық тексеруге жіберілмейді.
      Медициналық куәландыру нәтижесінде штаттық емес уақытша әрекет ететін ӘДК оқуға түсуге жарамдылығы туралы ӘДК қорытындысын шығарады (Бұл ретте ӘДК қорытындысын шығаруға негіз болған Талаптардың тармақтары көрсетіледі).
      49. Талаптарда көрсетілген науқастар кезінде оқуды жалғастыруға жарамдылығын айқындау мақсатында кадеттер мен тәрбиеленушілер штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін (гарнизондық немесе госпитальдық) ӘДК-ға медициналық куәландыру үшін жіберіледі.
      50. Медициналық куәландыру нәтижесінде штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК оқуды жалғастыруға жарамдылығы (жарамсыздығы) туралы ӘДК қорытындысын шығарады (бұл ретте ӘДК қорытындысын шығаруға негіз болған Талаптардың тармақтары көрсетіледі).
      51. Оқуға жарамсыз деп танылған кадеттер (жасы он сегізге толмаған) мен тәрбиеленушілерге, сондай-ақ әскери (арнайы) оқу орындарына түсуге жарамсыз деп танылған бітірушілерге ӘДК қорытындысы анықтама түрінде ресімделеді.

3. Әскери (арнайы) оқу орындарына түсетін әскери қызметшілер
мен кадет корпустарының, «Жас ұлан» мектебінің, республикалық
әскери мектеп-интернаттарының (лицейлердің) бітірушілерін
медициналық куәландыру

      52. Әскери (арнайы) оқу орындарының күндізгі оқу нысанына түсетін әскери қызметшілер мен кадет корпустарының, «Жас ұлан» мектебінің, республикалық әскери мектеп-интернаттарының (лицейлердің) бітірушілері алдын ала медициналық куәландыруды штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін (гарнизондық немесе госпитальдық) ӘДК-да, түпкілікті медициналық куәландыруды әскери (арнайы) оқу орындарындағы штаттық емес уақытша әрекет ететін ӘДК-да өтеді.
      53. Әскери (арнайы) оқу орындарына түсетін азаматтарды медициналық куәландыруға жіберу алдында әскери бөлімдер мен осы оқу мекемелерінде медициналық куәландыру карталары ресімделеді және:
      1) кеуде қуысы мүшесін екі кескінде (тура және оң жақ қырынан) флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу (он бес жасқа дейінгі адамдарға - кеуде қуысы мүшесін рентгенологиялық зерттеу, ал он бес жастан үлкен адамдарға - кеуде қуысы мүшесін флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу);
      2) мұрынның қосалқы қуыстарының рентгенографиясы;
      3) тыныштықта және жүктемеден кейін электрокардиографиялық зерттеу;
      4) қанды жалпы талдау;
      5) мерезге серологиялық реакция;
      6) зәрді жалпы талдау жүргізіледі.
      54. Алдын ала медициналық куәландыруға жіберген кезде жыл сайынғы тереңдетілген және бақылау медициналық тексерулердің (офицерлерге кемінде соңғы үш жылдағы) нәтижелері, медициналық көмекке жүгінуі көрсетілген медициналық кітапша беріледі.
      55. Офицерлер құрамының медициналық кітапшаларында жыл сайынғы тереңдетілген медициналық тексерулердің соңғы үш жылдағы нәтижелері болмаған кезде алдын ала медициналық куәландыру кезінде оларды стационарлық тексеруге жіберу, кейіннен госпитальдық ӘДК-да медициналық куәландыру туралы ӘДК қорытындысы шығарылады.
      56. Медициналық куәландыру әскери қызметшіде медициналық кітапша бар болған кезде жүргізіледі.
      57. Әскери (арнайы) оқу орнына түсуге кедергі келтіретін науқасы анықталған кезде бұдан әрі тексеру тоқтатылады және штаттық емес (тұрақты, уақытша әрекет ететін) ӘДК әскери (арнайы) оқу орнына түсуге жарамсыздығы туралы қорытынды шығарады.
      58. Медициналық куәландыру нәтижелері және штаттық емес (тұрақты, уақытша әрекет ететін) ӘДК қорытындысы медициналық куәландыру картасына, медициналық кітапшаға және ӘДК отырыстарының хаттамалары кітабына жазылады.
      59. Түпкілікті медициналық куәландыру кезінде әскери (арнайы) оқу орындарына түсуге жарамсыз деп танылған азаматтардың медициналық куәландыру карталары медициналық куәландыру аяқталғаннан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмей алдын ала медициналық куәландырудың сапасын талдау және жақсарту үшін медициналық құжаттарды жолдаған штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін (гарнизондық немесе госпитальдық) ӘДК-ға жолданады.

4. Келісімшарт бойынша әскери қызметке түсетін азаматтарды
медициналық куәландыру

      60. Қорғаныс істері жөніндегі басқарма (бөлім) әскери қызметке келісімшарт бойынша түсетін азаматтың медициналық куәландыру картасын ресімдейді және медициналық денсаулық сақтау ұйымдарынан:
      1) психоневрологиялық, наркологиялық, туберкулезге қарсы, тері-венерологиялық диспансерлерден (кабинеттерден) оның есепте тұратыны туралы мәліметтерді (анықтамаларды);
      2) басқа да медициналық денсаулық сақтау ұйымдарынан созылмалы науқасына байланысты диспансерлік есепте тұратыны және соңғы он екі ай ішінде жұқпалы және паразитарлық науқасына шалдыққаны туралы мәліметтерді, амбулаторлық науқастың медициналық картасын, стационарлық науқастың медициналық картасынан көшірмелерді, рентгенограммаларды, арнайы зерттеу әдістерінің хаттамалары мен азаматтың денсаулық жағдайын сипаттайтын медициналық құжаттарды сұратады.
      61. Алдын ала медициналық тексеру басталғанға дейін:
      1) кеуде қуысы мүшесін екі кескінде (тура және оң жақ қырынан) флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу;
      2) мұрынның қосалқы қуыстарының рентгенограммасы;
      3) тыныштықта және жүктемеден кейін электрокардиографиялық зерттеу;
      4) қанды жалпы талдау;
      5) мерезге серологиялық реакция;
      6) зәрді жалпы талдау жүргізіледі.
      Медициналық көрсеткіштер бойынша алдын алу егулері және клиникалық зерттеулер жүргізіледі.
      62. Келісімшарт бойынша әскери қызметке түсетін азаматтарды алдын ала медициналық тексеру тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымдардың дәрігер-мамандары: хирург, терапевт, невропатолог, психиатр, окулист, оториноларинголог, дерматовенеролог, стоматолог, әйелдер үшін - гинеколог, маммолог мамандықтары бойынша, ал түпкілікті медициналық куәландыруды - штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК (гарнизондық ӘДК немесе қорғаныс істері жөніндегі департаменттер жанындағы әскери-дәрігерлік (дәрігерлік) комиссиялар, қырық және одан жоғары жастағыларға штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін госпитальдық ӘДК жүргізеді.
      63. Науқастың диагнозын нақтылау үшін азамат медициналық денсаулық сақтау ұйымына (әскери-медициналық мекемеге) амбулаторлық немесе стационарлық тексеруге жіберіледі.
      Бұл ретте штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК «Тексерілуге жатады» деген қорытынды шығарады.
      Тексеруге арналған жолдамада науқастың денсаулық жағдайын зерттеу актісі, амбулаторлық картасы мен азаматтың денсаулық жағдайын сипаттайтын медициналық құжаттар қоса беріледі.
      Азамат тексерілуден бас тартқан кезде штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК «Келісімшарт бойынша әскери қызметке түсуге жарамсыз» деген қорытынды шығарады.
      64. Талаптарға сәйкес денсаулық жағдайы бойынша әскери қызмет жарамды немесе әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамды азаматтар келісімшарт бойынша әскери қызметке жарамды деп танылады.
      Мұндай жағдайларда штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ның әскери қызметке жарамдылық санаты туралы қорытындысы «Келісімшарт бойынша әскери қызметке түсуге жарамды» деген сөздермен толықтырылады.
      65. Келісімшарт бойынша әскери қызметке түсуге жарамды деп танылған азаматтарға қатысты, егер ол туралы медициналық куәландыру жолдамасында көрсетілсе, штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскер түрлері мен тектерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру үшін, әскери-есептік мамандық бойынша оқуға (қызметке), климаттық жағдайлары қолайсыз аумақтарда әскери қызмет өткеруге жарамдылығы туралы қорытынды шығарады.
      66. Талаптарға сәйкес әскери қызметке жарамдылық санаты жеке бағалауды көздейтін науқастар кезінде штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК «Әскери қызметке шектеулі жарамды. Келісімшарт бойынша әскери қызметке түсуге жарамсыз» деген қорытынды шығарады.
      67. Медициналық куәландыруда әскери қызметке түсуге кедергі келтіретін науқасы немесе жүктілік анықталған кезде бұдан әрі медициналық куәландыру тоқтатылады, штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК «Келісімшарт бойынша әскери қызметке түсуге жарамсыз» деген қорытынды шығарады, бұл ретте әскери қызметке жарамдылық санаты туралы қорытынды шығарылмайды.
      Әскери қызметке уақытша жарамсыз деп танылған адамдарға қатысты да осындай қорытынды шығарылады.

5. Әскерге шақыру бойынша немесе келісімшарт бойынша әскери
қызметшілерді, әскери (арнайы) оқу орындарының
курсанттарын медициналық куәландыру

      68. Медициналық куәландыруға жіберу туралы шешімді:
      мерзімді әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге қатысты - әскери бөлімдердің командирлері (мекемелердің бастықтары), гарнизондардың бастықтары, штаттық ӘДК бастықтары (төрағалары), қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің бастықтары, қорғаныс істері жөніндегі департаменттер бастықтарымен келісу бойынша қорғаныс істері жөніндегі басқармалардың (бөлімдердің) бастықтары, әскери сот немесе прокуратура, тергеу органы;
      әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін офицерлер құрамының адамдарына, келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге қатысты - әскери бөлімдер командирлерінің лауазымдарынан бастап, оларға тең және жоғарғы тікелей бастықтар (мекемелер бастықтары), әскери сот немесе әскери прокуратура, тергеу органы;
      әскери (арнайы) оқу орындарының курсанттарына қатысты - әскери (арнайы) оқу орындарының бастықтары, әскери сот немесе әскери прокуратура, тергеу органы шығарады.
      69. Медициналық куәландыруға жолдаманы тікелей командирдің (бастықтың) шешіміне сілтеме жасай отырып, әскери бөлім штабының бастығы және одан жоғары немесе кадр органының бастығы (құрама кадрлар бөлімінің бастығы лауазымынан бастап) береді.
      70. Тексеру немесе емдеу барысында мерзімді әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерде әскери қызметке жарамдылық санатын өзгертетін науқастану анықталған жағдайда медициналық куәландыру әскери-медициналық мекеме бастығының өкімі бойынша жүргізіледі.
      71. Медициналық куәландыруға жіберілетін адамдарға штаттық емес тұрақты жүмыс істейтін ӘДК-ға мыналар ұсынылады:
      1) медициналық куәландыруға жолдама;
      2) медициналық кітапша;
      3) қызметтік және медициналық мінездемелер:
      қызметтік мінездемеде куәландырылушы денсаулық жағдайының атқарып отырған лауазымы бойынша оның әскери қызмет міндеттерін атқаруға әсері туралы мәліметтер, әскери қызметшіні әскери қызметте пайдаланудың мақсаттылығы туралы қолбасшылықтың пікірі сипатталады;
      медициналық мінездемеде әскери қызметшінің денсаулық жағдайын серпінді қадағалау нәтижелері туралы, оның медициналық көмекке жүгінуі туралы мәліметтері көрсетіледі;
      медициналық мінездемеде көрсетілген мәліметтер медициналық кітапшаның деректерімен және басқа да медициналық құжаттармен расталады;
      4) адамдардың әскери қызмет өткеру (әскери жиындардан өту) кезінде алған мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы) туралы анықтама.
      72. Науқастануы бойынша демалыс беру немесе әскери қызмет міндеттерін атқарудан босату туралы мәселені шешу үшін әскери қызметшілерді медициналық куәландыру әскери-медициналық мекеме бастығының өкімі бойынша жүргізіледі.
      73. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерді медициналық куәландыруды штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін (гарнизондық немесе госпитальдық) ӘДК амбулаторлық немесе стационарлық тексеру басталған күннен бастап он төрт тәуліктен кешіктірмей және жасын ескере отырып, қырық және одан жоғары жастағыларға штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін госпитальдық ӘДК) жүргізеді.
      74. Әскери қызметшіні медициналық куәландыруды науқастану, мертігу диагнозы және олардың салдарлары айқын болмауына байланысты көрсетілген мерзімде жүргізу мүмкін болмаған жағдайда, оны тексеру әскери-медициналық мекеме бастығының өкімімен ұзартылады, ол туралы әскери қызметшіні медициналық куәландыруға жіберген әскери бөлімнің командирі (мекеме бастығы) немесе кадр органы хабардар етіледі.
      75. Егер әскери қызметшіні медициналық куәландыру кезінде штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-да ол куәландырылатын мертігу немесе науқастану салдары әскери қызмет өткерумен байланысты емес деп тануға негіз болса, онда ӘДК азаматтың жеке ісін және медициналық куәландыру картасын сұратады.
      76. Әскери (арнайы) оқу орындарының курсанттарына және жасы он сегізге толмаған кадеттерге қатысты штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК тек оқуға жарамдылық (жарамсыздылық) санаты туралы қорытынды шығарады.
      77. Оқуға жарамсыз деп танылған әскери (арнайы) оқу орындарының курсанттарына (офицер атақтары жоқ тыңдаушыларға), он сегіз және одан жоғары жастағы кадеттерге қатысты бір уақытта Талаптарға сәйкес олардың әскери қызметке жарамдылығы туралы мәселе шешіледі.
      78. «Әскери қызметке уақытша жарамсыз» деген қорытынды шығарылған кезде бұдан әрі оқуды жалғастыруға және әскери қызметке жарамдылығы туралы ӘДК-ның түпкілікті қорытындысы босату мерзімі, науқастануы бойынша демалысы аяқталғаннан кейін шығарылады.
      79. Әскери кафедраларда запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасы бойынша жоғары оқу орындарында оқитын азаматтарды медициналық куәландыруды тіркеу жөніндегі комиссияларының медициналық комиссиялары; тұрғылықты әсері бойынша медициналық мекемелердегі дәрігер-мамандар; гарнизондық ӘДК, қорғаныс істері жөніндегі департаменттер жанындағы әскери-дәрігерлік (дәрігерлік) комиссиялар жүргізеді.
      80. Әскери қызмет міндеттерін атқару кезінде мертіккен әскери қызметшілерді медициналық куәландыру әскери-медициналық (медициналық) мекемелерде (ұйымдарда) емделу аяқталғаннан кейін жүргізіледі.
      Мертігу, науқастану кезінде емдеу ұзақтығы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен стандарттарға сәйкес белгіленген мерзімдерден асқан қалған жағдайларда әскери қызметшілер медициналық куәландыруға ұсынылады.
      81. Әскери қызметшіні бір әскери-медициналық (медициналық) мекемеден (ұйымнан) басқасына ауыстыру, науқастануы бойынша босатылған әскери қызметшінің тұрғылықты жеріне ілесіп жүру қажет болған, оның медициналық көмекке және бөгде адамның қамқорлығына мұқтаж болуына байланысты, оқшаулауды және ілесіп жүретін адамдарды талап ететін науқасты көшірген кезде штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК ауыстыру қажеттігі, ілесіп жүретін адамдардың саны және көлік түрі туралы қорытынды шығарады.
      82. Әскери қызметшіге науқастануы бойынша демалыс беру немесе әскери қызмет міндеттерін атқарудан босату туралы ӘДК қорытындысы Талаптарға сәйкес әскери қызметке уақытша жарамсыздығы көзделгенде шығарылады.
      83. Бейбіт уақытта штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК, егер стационарлық емделу және медициналық оңалту жүргізу (емдеу бөлімшесі, оңалту орталығы, санаторий) аяқталғаннан кейін кемінде бір айды құрайтын мерзімде әскери қызметші әскери қызмет міндеттерін атқаруға кірісе алса, демалыс беру туралы қорытынды шығарады.
      Қалған жағдайларда әскери қызметшілерді емдеу әскери-медициналық мекемелерде немесе сауығушылар командаларында аяқталады, ал штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК әскери қызмет міндеттерін атқарудан толық немесе ішінара босату туралы қорытынды шығарады.
      Әскери-медициналық (медициналық) мекемеде (ұйымда) емделуден кейін үш айдан аспайтын мерзімде әскери қызметші әскери қызмет міндеттерін атқаруға кірісе алған жағдайда, штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК сауығушылар командасына жіберу туралы қорытынды шығарады, ал егер бұл мерзім үш айдан асатын болса, ӘДК алты-он екі айдан кейін қайтадан медициналық куәландыра отырып, әскери қызметке уақытша жарамсыздығы туралы қорытынды шығарады.
      Штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК мертігу, науқастану сипаты мен ауырлығына қарай науқастануы бойынша демалыстың ұзақтығын белгілейді.
      84. Бейбіт уақытта әскери қызметшіге науқастануы бойынша демалыс (қалпына келтіру емделудің соңғы кезеңі) отыздан алпыс тәулікке дейінгі мерзімге беріледі.
      85. Мерзімді әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілердің және осы санатқа сәйкес келетін адамдардың стационарлық емдеуде үздіксіз болуының, медициналық оңалту жүргізудің және науқастануы бойынша демалыста болуының жалпы ұзақтығы төрт айдан аспауға тиіс, ол аяқталғаннан кейін штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК әскери қызметке жарамдылық санатын айқындайды.
      86. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшіге науқастануы бойынша демалыс медициналық көрсеткіштері бойынша ұзартылуы мүмкін, бірақ әрбір ретте отыз тәуліктен аспайды. Стационарлық емделуде болу, медициналық оңалту жүргізу және науқасы бойынша демалыста болу уақытын жалпы алғанда төрт айдан, ал туберкулезбен ауыратындар үшін он айдан аспауға тиіс.
      Егер көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметші денсаулық жағдайы бойынша әскери қызмет міндеттерін атқаруға кірісе алмайтын болса, оның емделуде болу мерзімі әскери-медициналық мекеменің қорытындысы негізінде құрама командирінен бастап және одан жоғары тікелей бастықтың шешімімен ұзартылады.
      87. Әскери қызметшінің емделуде үздіксіз болу мерзімін ұзарту үшін әскери-медициналық мекеменің бастығы әскери қызметші қызмет өткеретін әскери бөлімнің командиріне (мекеме бастығына) емделуде болу мерзімін ұзарту туралы қатынас қағазын жолдайды, онда диагнозы, емделуде үздіксіз болудың мерзімі, емделуді жалғастыру қажеттігі және оның болжамды мерзімі көрсетіледі.
      Әскери бөлімнің командирі (мекеменің бастығы) көрсетілген қатынас қағазы бойынша өз пікірі бар оны әскери қызметшінің емделуде үздіксіз болу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдайтын тікелей бастығына ұсынады.
      Қажет болған кезде әскери қызметшінің емделуде үздіксіз болу мерзімі осындай тәртіппен ұзартылуы мүмкін.
      88. Емделуде және науқастануы бойынша демалыста үздіксіз болудың шекті мерзімі (ұзартуды ескере отырып) аяқталғаннан кейін әскери қызметшілер әскери қызметке жарамдылық санатын айқындау үшін медициналық куәландыруға жатады.
      89. Әскери қызметші әйелдерге жүктілігі және бала тууы бойынша демалысты әскери бөлімнің командирі Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімге медициналық денсаулық сақтау ұйымының жүктілік және бала туу туралы қорытындысына сәйкес береді.
      90. Штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ның науқастануы бойынша демалыс беру (демалысты ұзарту) туралы немесе әскери қызметшіні сауығушылар командасына жіберу туралы қорытындысы әскери-дәрігерлік комиссия отырыстарының хаттамалары кітабына жазылады және анықтамамен ресімделеді.
      91. Осы Қағиданың 83-тармағымен көзделмеген жағдайларда штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК әскери қызметшінің әскери қызмет міндеттерін атқарудан жетіден он бес тәулікке дейін босатуға (бұдан әрі - босату) туралы қорытынды шығарады, бірақ жалпы босату мерзімі отыз тәуліктен аспауға тиіс.
      92. Мерзімді әскери қызмет өткеретін және денсаулық жағдайы бойынша әскери қызмет міндеттерін атқарудан босатылған әскери қызметшілер әскери бөлімнің медициналық пунктіне (лазаретке) емделуге (сауықтыруға) жіберіледі.
      Егер штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК ішінара босату туралы қорытынды шығарса, онда ӘДК қорытындысында мерзімді әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер босатылған сабақтардың, жұмыстардың, нарядтардың нақты түрлері көрсетіледі.
      93. Науқастануы бойынша босату (босатуды ұзарту) туралы штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК қорытындысы әскери-дәрігерлік комиссия отырыстарының хаттамалары кітабына жазылады және анықтамамен ресімделеді.
      94. Мерзімді әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерді науқастануы бойынша демалысы аяқталғаннан кейін әскери қызметке жарамдылық санатын немесе демалыс ұзақтығын айқындау үшін қайта медициналық куәландыруға штаттық емес ӘДК-ға (әскери қызмет өткерген немесе демалысты өткізген орны бойынша) жіберіледі.
      95. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін және келісімшарттың жаңа түрін жасасуға немесе әскери қызмет өткеру туралы келісімшартты ұзартуға ниет білдірген әскери қызметшілерді медициналық куәландыруды штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін (гарнизондық немесе госпитальдық) ӘДК жүргізеді.
      Талаптарға сәйкес олар бойынша медициналық куәландырудан өтетін шекті жасына жеткен офицерлер құрамына қатысты әскери қызметке жарамдылығын жеке бағалауды көздейтін науқастанулар кезінде әскери қызмет өткеру қажеттілігі туралы қолбасшылықтың қолдауы және оң қызметтік мінездеме кезінде - әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамды деген қорытынды шығарылады.
      96. Мерзімді әскери қызмет өткеретін және тәртіптік әскери бөлімде жазасын өтеуге сотталған әскери қызметшілерге қатысты науқастануы бойынша демалыс беру, әскери қызмет міндеттерін атқарудан босату туралы ӘДК қорытындысы шығарылмайды. Оларды емдеу әскери-медициналық мекемеде немесе әскери бөлімнің медициналық пунктінде аяқталуға тиіс.
      97. Дене салмағының индексі кемінде 18,5 килограмм/метр квадрат болған кезде тамақтануы төмен мерзімді әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге, әскери (арнайы) оқу орындарының курсанттарына, кадеттерге және тәрбиеленушілерге қатысты штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК үш айдан аспайтын мерзімге оларға арналып көзделген азық-түлік үлесі нормасының жартысы шегінде оларды қосымша тамақтандыру туралы қорытынды шығарады.
      98. Мерзімді әскери қызмет өткеретін бойы 190 см және одан жоғары болатын әскери қызметшілерге, әскери (арнайы) оқу орындарының курсанттарына, кадеттерге және тәрбиеленушілерге қатысты штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК көрсеткіштер бойынша үш айдан аспайтын мерзімге оларға арналып көзделген азық-түлік үлесі нормасының жартысы шегінде оларды қосымша тамақтандыру туралы қорытынды шығарады.
      99. Көңіл-күйінің нашарлауына, ашығуды сезінуге, тамақтанғаннан кейін тойғанын сезбеуге шағымдану, сондай-ақ дене салмағының теріс үрдісі үнемі болған жағдайларда штаттық емес түрақты жұмыс істейтін ӘДК қосымша тамақтандыруды ұзарту туралы қорытынды шығарады.
      100. Осы Қағиданың 97, 98-тармақтарында көзделген жағдайларда штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК тәуліктік азық-түлік үлесі нормасының жартысы шегінде қосымша тамақтандыру туралы қорытынды шығарады.
      101. Егер әскери есептен шығарумен әскери қызметке жарамсыз деп танылған келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметші және ол босатуды ресімдеу кезеңінде денсаулық жағдайы бойынша әскери қызмет міндеттерін атқара алмайтын болса, штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК оның әскери қызметке жарамсыздығы туралы қорытындымен бір уақытта «Қызметтен босатуды ресімдеу үшін қажетті 30 (отыз) тәуліктен аспайтын мерзімге әскери қызмет міндеттерін атқарудан босатылуға жатады» деген ӘДК қорытындысын шығарады.
      Егер әскери есептен шығарумен әскери қызметке жарамсыз деп танылған келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметші денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметтен көрсетілген мерзімде босатылмаса штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК қайта: «Қызметтен босатуды ресімдеу үшін қажетті 30 (отыз) тәуліктен аспайтын мерзімге әскери қызмет міндеттерін атқарудан босатылуға жатады» деген ӘДК қорытындысын шығарады.

6. Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілерін
медициналық куәландыру

      102. Әскери қызметшілерді қызметке жарамдылығын айқындау үшін медициналық куәландыру мынадай әскери-есептік мамандықтар бойынша он екі айда бір рет жүргізіледі:
      суүсті кемелерінің жеке құрамы;
      тереңге сүңгитін сүңгуір, акванавт, сүңгуір маман;
      басқарушы, белгі беруші, штурмандық электрик, торпедалық электрик, торпедашы, гидроакустик, суүсті кемелерінің радиотелеграфисі.
      103. Егер әскери қызметшілер Әскери-теңіз күштеріндегі қызметке жарамсыз болған жағдайларда штаттық емес (уақытша әрекеттегі) ӘДК олардың әскери қызметке жарамдылық санаты туралы қорытынды шығарады.
      104. Егер кезекті медициналық куәландырудан кейін алты айдан астам уақыт өтсе, суүсті кемелеріндегі гидроакустиктер және радиотелеграфистер болып қызмет өткеретін әскери қызметшілер ұзақ (екі айдан артық) жүзу алдында медициналық куәландырылуға тиіс.
      105. Жүзуге кететін суүсті кемелеріне іссапарға жіберілген адамдардың суүсті кемелеріндегі қызметке жарамдылығын айқындау үшін штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-да медициналық куәландырылуға тиіс.
      Жекелеген жағдайларда кемедегі қызметке кедергі келтіретін тұрақты теңгерілген науқастанулары бар іссапарға жіберілетін адамдарға штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК мынадай редакцияда ӘДК қорытындысын шығарады: «Суүсті кемесінде 3 (үш) айдан аспайтын мерзімге теңізге шығуға қарсы көрсеткіштері жоқ».

7. Аэроұтқыр әскерлерінің әскери қызметшілерін
медициналық куәландыру

      106. Аэроұтқыр әскерлеріндегі әскери қызметке жарамдылығын айқындау үшін мерзімді әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерді медициналық куәландыру қызмет кезеңінде бір рет, келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретіндерге - он екі айда бір рет жүргізіледі.
      107. Аэроұтқыр әскерлеріне әскери қызметке (әскери жиындарға) шақырылған азаматтарға, басқа да әскер тектерінен, әскери (арнайы) оқу орындарынан, жетілдіру курстарынан әскери қызмет өткеру үшін келген әскери қызметшілерге медициналық куәландыру жүргізіледі.
      108. Аэроұтқыр әскерлерінің әскери қызметшілерін кезектен тыс медициналық куәландыру олар әскери-медициналық (медициналық) мекемелерден (ұйымдардан) стационарлық емдеуден қайтып келгенде (егер оларды госпитальдық ӘДК куәландырмаған болса), сондай-ақ әскери бөлім дәрігерінің, әскери-медициналық мекеменің дәрігер-маманының қорытындысы негізінде әскери бөлім командирінің шешімі бойынша жүргізіледі.
      109. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін және дене салмағы 90 кг-нан асатын әскери қызметшілердің Аэроұтқыр әскерлеріне қызметке жарамдылығы жеке айқындалады.

8. Радиоактивті заттармен, иондаушы сәулелену көздерімен,зымыран отыны құрамдауыштарымен, электромагниттік өріс
көздерімен қызмет (жұмыс) үшін іріктелетін және қызмет
өткеретін (жұмыс істейтін) әскери қызметшілерді (Қарулы
Күштердің қызметшілерін) медициналық куәландыру

      110. Радиоактивті заттармен (бұдан әрі - РЗ), иондаушы сәулелену көздерімен (бұдан әрі - ИСК), зымыран отыны құрамдауыштарымен (бұдан әрі - ЗОҚ), электромагниттік өріс көздерімен (бұдан әрі - ЭӨК) қызмет (жұмыс) үшін іріктелетін және қызмет өткеретін (жұмыс істейтін) әскери қызметшілерді (Қарулы Күштердің қызметшілерін) медициналық куәландыру медициналық қызмет бастығының (дәрігерінің) және әскери бөлім қолбасшылығы өкілінің қатысуымен жүргізіледі.
      111. Медициналық куәландыру РЗ, ИСК, ЗОҚ, ЭМӨ көздерімен қызмет (жұмыс) үшін іріктелетін әскери қызметшілерді (Қарулы Күштердің қызметшілерін) лауазымға тағайындау алдында, ал РЗ, ИСК, ЗОҚ және ЭМӨ көздерімен қызмет өткеретіндерді (жұмыс істейтіндерді) екі жылда бір рет немесе медициналық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі.
      112. РЗ, ИСК, ЗОҚ және ЭМӨ көздерімен қызмет (жұмыс) үшін іріктелетін және қызмет өткеретін (жұмыс істейтін) адамдарды медициналық куәландыру басталғанға дейін:
      1) кеуде қуысы мүшесін екі кескінде (тура және оң жақ қырынан) флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу;
      2) қанды жалпы талдау;
      3) зәрді жалпы талдау жүргізіледі.
      113. Қырық жастан асқан адамдарға электрокардиографиялық зерттеу, көздің ішкі қысымын өлшеу, қандағы қант құрамының деңгейін анықтау жүргізіледі. Медициналық көрсеткіштер бойынша басқа да зерттеулер жүргізіледі.
      114. Медициналық куәландыру басталғанға дейін әскери бөлім медицина қызметінің бастығы (дәрігері) штаттық емес тұрақты (уақытша) жұмыс істейтін ӘДК-ға әскери бөлім қолбасшылығы бекіткен медициналық куәландырылуға тиіс әскери қызметшілер мен Қарулы Күштер қызметшілерінің тізімін береді.
      Тізімде: медициналық куәландырудың мақсаты; әскери атағы (әскери қызметшілер үшін); куәландырылушының тегі, аты, әкесінің аты; РЗ-мен, ИСК-мен, ЗОҚ-мен, ЭМӨ көздерімен қызмет өткеретін (жұмыс істейтін) адамдарға қатысты оның РЗ-мен, ИСК-мен, ЗОҚ-мен, ЭМӨ көздерімен жұмыс өтілі, сондай-ақ комиссия аралық кезеңде жеке дозиметрлік бақылау деректері көрсетіледі.
      115. Медициналық куәландыру алдында әскери бөлім қолбасшылығының өкілі штаттық емес тұрақты (уақытша) жұмыс істейтін ӘДК мүшелерін куәландырылушылардың қызмет (жұмыс) жағдайларымен таныстырады, ал әскери бөлім медицина қызметінің бастығы (дәрігері) ӘДК-ға комиссияаралық кезеңде куәландырылушылардың денсаулық жағдайын медициналық бақылаудың нәтижелері туралы хабарлайды.
      116. РЗ-мен, ИСК-мен, РОҚ-мен және ЭМӨ көздерімен қызмет өткеретін (жұмыс істейтін) әскери қызметшіні (Қарулы Күштер қызметшісін) әскери-медициналық мекемеге стационарлық тексеруге және медициналық куәландыруға жіберген кезде маманның еңбек және жұмыс орны жағдайының санитарлық-гигиеналық картасы ұсынылады.
      117. Стационарлық тексеру нәтижесінде әскери қызметшіде (Қарулы Күштер қызметшісінде) РЗ-ның, ИСК-ның, ЗОҚ-тың, ЭМӨ көздерінің организмге әсер етуі салдарынан болуы мүмкін науқастануы анықталғанда  және осы науқастану бойынша Талаптарда РЗ-мен, ИСК-мен, ЗОҚ-мен, ЭМӨ көздерімен қызметке (жұмысқа) әскери қызметке уақытша жарамсыздықты, жарамсыздықты немесе жарамдылықты жеке бағалау көзделген жағдайда штаттық емес (тұрақты, уақытша жұмыс істейтін) ӘДК радиолог және/немесе токсиколог дәрігердің қатысуымен ғана қорытынды шығарады.
      ӘДК қорытындысы патологиялық үдерістің өтелу дәрежесі, әскери-есептік мамандық, жалпы еңбек өтілі және мамандығы бойынша еңбек өтілі, әскери қызмет міндеттерін орындау қабілеті ескеріле отырып шығарылады.
      118. Әскери қызметке уақытша жарамсыздықты көздейтін Талаптарға  сәйкес РЗ-мен, ИСК-мен, ЗОҚ-мен, ЭМӨ көздерімен қызмет ету (жұмыс істеу) үшін іріктелетін адамдарға қатысты РЗ-мен, ИСК-мен, ЗОҚ-мен, ЭМӨ көздерімен қызмет етуге (жұмыс істеуге) жарамсыздығы туралы ӘДК қорытындысы шығарылады.
      119. Кезектен тыс медициналық куәландыруға денсаулық жағдайына шағымданған, бұрын РЗ-мен, ИСК-мен, ЗОҚ-мен, ЭМӨ көздерімен қызметке (жұмысқа) уақытша жарамсыз деп танылған, олар РЗ-мен, ИСК-мен, ЗОҚ-мен, ЭМӨ көздерімен қызметке (жұмысқа) жарамсыз деп танылуы мүмкін мертігуден, науқастанудан кейін науқастануы бойынша берілген демалыстан келген әскери қызметшілер (Қарулы Күштер қызметшісі) жатады.
      120. Стационарлық тексеру және медициналық куәландыру нәтижелері бойынша бұрын РЗ-мен, ИСК-мен, ЗОҚ-мен, ЭМӨ көздерімен қызметке (жұмысқа) жарамсыз деп танылған адамдар (жүктілігіне және бала тууына байланысты демалыс берілген әйелдерден басқа) үш айдан кейін қайтадан медициналық куәландыруға жіберіледі.
      121. РЗ-мен, ИСК-мен, ЗОҚ-мен, ЭМӨ көздерімен қызметке жарамсыз деп танылған әскери қызметшілерге қатысты олардың әскери қызметке жарамдылық санаты туралы да ӘДК қорытындысы шығарылады.

9. Климаттық жағдайлары қолайсыз аумақта әскерге шақыру бойынша
әскери қызмет өткеретін офицерлер құрамының адамдарын және
келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери
қызметшілерді әскери қызмет өткеруге (отбасы мүшелері үшін
тұруға) жарамдылығын айқындау үшін медициналық куәландыру

      122. Климаттық жағдайлары қолайсыз аумақта әскери қызмет өткеруге (отбасы мүшелері үшін тұруға) жарамдылығын айқындау үшін әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін офицерлер құрамының адамдарын және келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерді медициналық куәландыру әскери бөлім командирінің (мекеме бастығының) жолдамасы бойынша жүргізіледі.
      123. Жолдамада әскери қызмет өткеру үшін жіберілетін немесе әскери қызмет өткеретін нақты жері (аудан, қала, облыс), медициналық куәландырудың мақсаты көрсетіледі.
      124. Климаттық жағдайлары қолайсыз аумақта әскери қызмет өткеретін немесе осы аумақтарға қызмет өткеру үшін жіберілетін әскери қызметшілердің жарамдылығын айқындау үшін және осы аудандар мен аумақтарда қызмет етуге жарамдылығын айқындау үшін штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК Қазақстан Республикасының жекелеген аумақтарында әскери қызмет өткеруге (отбасы мүшелері үшін тұруға) қорғаныс және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдары бекіткен медициналық қарсы көрсеткіштер тізбесіне сәйкес мәселені шешеді.
      125. Медициналық куәландыруды дәрігер-мамандар: хирург, терапевт (он бес жасқа дейінгі балаларды - педиатр), невропатолог, окулист, оториноларинголог, дерматовенеролог, стоматолог, әйелдерге қатысты-гинеколог жүргізеді. Патологиялар бар болған жағдайларда басқа да дәрігер-мамандар тартылады.
      126. Медициналық куәландыру алдында:
      1) он бес жасқа дейінге - кеуде қуысы мүшесін рентгенологиялық зерттеу, ал одан үлкендерге - кеуде қуысы мүшесін флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу;
      2) қанды клиникалық талдау;
      3) мерезге серологиялық реакция;
      4) зәрді жалпы талдау жүргізіледі.
      Диагнозды нақтылау үшін басқа да клиникалық зерттеулер жүргізіледі.
      127. Қырық жастан асқан адамдарға электрокардиографиялық зерттеу (тыныштықта және жүктемеден кейін), көздің ішкі қысымын өлшеу, қандағы қанттың деңгейін анықтау жүргізіледі.
      Қырық жастағы және одан асқан әскери қызметші әйелдерге маммологтың тексеруі; онкологиялық тексеру - онкоцитологияға жағындылар; көрсеткіштер бойынша биопсия; овариалды-етеккір циклы бұзылған кезде гормоналдық тексеру және эндокринологтың консультациясы жүргізіледі. Медициналық көрсеткіштер бойынша клиникалық зерттеулер жүргізіледі.
      128. Климаттық жағдайлары қолайсыз аумақта әскери қызмет өткеруге жарамдылығын айқындау үшін әскери қызметшілерді медициналық куәландыру кезінде штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК куәландырылушының әскери қызметке жарамдылық санатын айқындайды, ал ол әскери қызметке жарамды немесе әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамды деп танылған жағдайда жолдамада көрсетілген жердегі қызметке жарамдылығын айқындайды.
      129. Климаттық жағдайлары қолайсыз аумаққа жібергенге дейін әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін медициналық куәландыру кезінде штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК мыналарды айқындайды:
      1) жолдамада көрсетілген жергілікті жерде тұруға жарамдылығын немесе жарамсыздығын;
      2) әскери қызметші ауыстырылатын немесе ол қызмет өткеретін жергілікті жерде жоқ мамандандырылған медициналық денсаулық сақтау ұйымында ұзақ (он екі айдан астам) емделуге және бақылауға, девианттық мінез-құлқы бар балалар үшін мамандандырылған білім беру ұйымдарында оқуға, тәрбиеленуге мұқтаждығын;
      3) климаттық жағдайлары қолайсыз жергілікті жерде мамандандырылған медициналық көмек көрсететін мекемелердің немесе мамандандырылған мектепке дейінгі (оқу) ұйымдардың болуын.
      130. Әскери қызметшінің отбасы мүшелерінде әскери қызметші ауыстырылатын немесе ол әскери қызмет өткеретін жергілікті жерде жоқ мамандандырылған медициналық денсаулық сақтау ұйымдарында ұзақ (он екі айдан астам) емделуді немесе қосалқы мектептер мен девианттық мінез-құлқы бар балалар үшін мамандандырылған білім беру ұйымдарында оқытуды (тәрбиелеуді) талап ететін науқастардың немесе дамудағы ауытқулардың болуы әскери қызметшінің отбасы мүшелерінің бұл жергілікті жерде тұруына қарсы көрсеткіш болып табылады.
      Жоғарыда көрсетілген медициналық денсаулық сақтау ұйымдарының, арнайы оқу (мектепке дейінгі) ұйымдарының болуы туралы мәліметтерді штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК облыстағы уәкілетті денсаулық сақтау, білім және ғылым органдарынан сұрату бойынша алады.
      131. Әскери қызметші қызмет өткеретін жергілікті жерге немесе әскери қызметшіні жаңа қызмет орнына ауыстыру кезінде тасымалдауға жарамдылығын (тасымалдауға жарамсыздығын) айқындау үшін әскери қызметшінің өзімен бірге немесе одан бөлек тұратын отбасы мүшелерін медициналық куәландыру бөлім командирінің (мекеме бастығының) немесе кадр органының жолдамасы бойынша әскери қызметшінің өтініші бойынша жүргізіледі.
      132. Медициналық куәландырудың нәтижелері бойынша штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК мынадай қорытындылардың біреуін шығарады:
      1) климаттық жағдайлары қолайсыз аумақтарда қызметке (отбасы мүшелері үшін тұруға) жарамды;
      2) климаттық жағдайлары қолайсыз аумақтарда қызметке (отбасы мүшелері үшін тұруға) жарамсыз;
      3) девианттық мінез-құлқы бар балалар мен жасөспірімдердің арнайы медициналық ұйымда ұзақ емделуге (бейінін көрсету) немесе қосымша мектепте немесе арнайы білім беру ұйымдарында оқуға (тәрбиелеуге) және облыстық (республикалық) орталықтарда тұруға мұқтаж;
      4) отбасы отағасын бір айдан үш айға дейінгі мерзім ішінде ауыстыру (қысқы (жазғы) оқу кезеңі аяқталғаннан кейін);
      5) тасымалдауға жарамсыздығына байланысты (облыс, қала, аудан көрсетілсін) қарсы көрсетілген.

10. Шетел мемлекеттеріне шығатын келісімшарт бойынша
әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерді және олардың
отбасы мүшелерін медициналық куәландыру

      133. Шетел мемлекеттеріне ұзақ (үш айдан астам) іссапарларға шығатын келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерді, олардың отбасы мүшелерін осы Қағиданың 125-тармағында көрсетілген маман дәрігерлер куәландырады.
      Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін медициналық куәландыру оларға туберкулезге қарсы, тері-венерологиялық, психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлерден олардың есепте тұратындығы туралы анықтамалар болған жағдайда ғана жүргізіледі.
      Медициналық куәландыру басталғанға дейін жалпы қабылданған зертханалық зерттеулерден басқа, қосымша қандағы қанттың деңгейін зерттеу жүргізіледі, ал әскери қызметшілерде бұдан басқа, қан тобы және резус-тиістілігі айқындалады.
      Кіру үшін АҚТВ-инфекциясының жоқтығына сертификат талап етілетін мемлекеттерге шығатындарға АҚТВ-ға тексеру жүргізіледі, нәтижелер тиісті сертификатқа енгізіледі.
      134. Шетел мемлекеттеріне ұзақ (үш айдан астам) іссапарға жіберілетін әскери қызметшілерді және олардың отбасы мүшелерін медициналық куәландыру денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бекітілетін шетел мемлекетінде әскери қызмет өткеруге (отбасы мүшелері үшін тұруға) медициналық қарсы көрсеткіштер тізбесі негізінде жүргізіледі.
      135. Медициналық куәландырудың нәтижелері бойынша штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК мынадай қорытындылардың біреуін шығарады:
      шетел мемлекетінде қызметке (отбасы мүшелері үшін тұруға) жарамды;
      шетел мемлекетінде қызметке (отбасы мүшелері үшін - тұруға) жарамсыз.
      136. Штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК қорытындысы шетел мемлекетіне шығатын азаматтың денсаулық жағдайы туралы анықтамамен ресімделеді.
      Шетел мемлекетіне қызметке (тұруға) жарамды деп танылған адамдарға анықтама үш данада жасалады, олардың бірінші және екінші даналары медициналық куәландыруға жіберген әскери бөлімнің командиріне жіберіледі, үшінші данасы штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-да қалады.
      137. Штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ның шетел мемлекетіне шығатын адамның шетел мемлекетінде қызметке (тұруға) жарамсыздығы туралы қорытындысын штаттық ӘДК бекітуі тиіс.
      138. Штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ның шетел мемлекетінде қызметке (тұруға) жарамдылығы туралы қорытындысы оны шығарған күннен бастап алты ай ішінде жарамды.
      139. Куәландырылушыларда карантиндік науқастануларға (тырысқақ, сары науқастану қызбасы және басқалары) қарсы алдын алу егулерін жүргізу үшін қарсы көрсеткіш болып табылатын науқастанулар болған жағдайда штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК шетел мемлекетінде қызметке (тұруға) жарамсыздығы туралы ӘДК қорытындысын шығарады.

11. Запастағы азаматтарды әскери жиындарға немесе әскери
қызметке шақыру кезінде немесе есепке алу мақсатында
медициналық куәландыру

      140. Запастағы азаматтарды әскери жиындарға немесе әскери қызметке шақыру кезінде немесе есепке алу мақсатында медициналық куәландыру басталғанға дейін қорғаныс істері жөніндегі басқарманың (бөлімнің) бастығы запастағы азаматтың медициналық куәландыру картасын ресімдейді және:
      психоневрологиялық, наркологиялық, тері-венерологиялық және туберкулезге қарсы диспансерлерден (кабинеттерден) оның есепте тұратындығы туралы мәліметтерді (анықтамаларды);
      басқа да медициналық денсаулық сақтау ұйымдарынан созылмалы науқастанулары және соңғы он екі ай ішінде науқастанған жұқпалы және паразитарлық науқастанулар бойынша диспансерлік есепте тұратыны туралы мәліметтерді, амбулаторлық науқастың медициналық картасын, стационарлық науқастанудың медициналық картасынан көшірмелерді, рентгенограммаларды, арнайы медициналық зерттеулердің хаттамалары мен азаматтың денсаулық жағдайын сипаттайтын медициналық құжаттарды сұратады.
      141. Медициналық куәландыру басталғанға дейін:
      1) кеуде қуысы мүшелерін екі кескінде (тура және оң жақ қырынан) флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу;
      2) қанды жалпы талдау;
      3) зәрді жалпы талдау;
      4) қырық жастан асқан адамдарға электрокардиографиялық зерттеу (тыныштықта және жүктемеден кейін) және көздің ішкі қысымын өлшеу, қандағы қантты анықтау жүргізіледі.
      142. Әскери қызметтен денсаулық жағдайы бойынша босатылған азаматтарды медициналық куәландыру кезінде қорғаныс істері жөніндегі басқарма (бөлім) қорғаныс істері жөніндегі департаменттер жанындағы әскери-дәрігерлік (дәрігерлік) комиссияларға ӘДК қорытындысының түпнұсқасын (көшірмесін) береді.
      143. Талаптарға сәйкес әскери қызметке жарамдылығын жеке бағалау көзделетін науқастанулар болған кезде келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген және есепке алу мақсатында немесе келісімшарт бойынша әскери қызметке түскен кезде куәландырылатын азаматтарға қатысты, сондай-ақ әскери қызметке шақыру кезінде запастағы офицерлер құрамының әскери міндеттілеріне қатысты - әскери қызметке шектеулі жарамды (әскери жиындарға шақыру кезінде - әскери жиындарға жарамсыз) деген ӘДК қорытындысы шығарылады.
      144. Талаптарға сәйкес әскери қызметке уақытша жарамсыздығы көзделетін науқастанулар болған кезде әскери жиындарға шақырылатын әскери міндеттілерге қатысты әскери жиындарға жарамсыздығы туралы ӘДК қорытындысы шығарылады.
      145. Әскери қызметке шақырылған (Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің әскери қызметке шақыру туралы бұйрығы болған кезде), бірақ қызмет орнына әлі жіберілмеген және денсаулық жағдайына шағымданған запастағы офицерлер құрамының әскери міндеттілерін қорғаныс істері жөніндегі басқармалар (бөлімдер) бастықтарының жолдауы бойынша штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін (гарнизондық немесе госпитальдық) ӘДК куәландырады.
      Талаптарға сәйкес әскери қызметке жарамдылық санатын өзгерту көзделетін науқастанулар анықталған кезде штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК қорытындысы науқастану туралы куәлікпен (анықтамамен) ресімделеді және штаттық ӘДК-ның бекітуіне жатады.
      146. Егер әскери қызметтен денсаулық жағдайы бойынша босатылған азамат медициналық куәландыру сәтінде ӘДК қорытындысын қайта қарау және әскери қызметке жарамдылық санатын айқындау туралы мәселе қоятын болса, қорғаныс істері жөніндегі басқарма (бөлім) бастығы оның өтінішін, әскери билетін, медициналық кітапшасын, ӘДК қорытындысын және басқа да қолда бар медициналық құжаттарын штаттық ӘДК-ға жібереді.
      Әскери қызметтен психикалық науқастануы салдарынан денсаулық жағдайы бойынша босатылған азаматқа медициналық денсаулық сақтау ұйымы маман дәрігерлерінің бұрын қойылған диагнозды өзгерту немесе алып тастау туралы қорытындысы ұсынылады.
      147. Штаттық ӘДК ұсынылған құжаттарды зерделейді және егер өтінішті қанағаттандыру үшін негіздеме бар екені белгіленсе, азамат әскери қызметке жарамдылық санатын айқындау мақсатында штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін (гарнизондық немесе госпитальдық) ӘДК-ға медициналық куәландыруға жіберіледі.
      148. Штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ның қорытындысы науқастануы туралы куәлікпен ресімделеді, мұнда мертігудің, науқастанудың себепті байланысы айқындалмайды және штаттық ӘДК-ның қарауына жіберіледі.

3-тарау. Мемлекеттік авиацияда әскери-дәрігерлік сараптама
жүргізудің тәртібі және оны ұйымдастыру

1. Авиациялық персоналды медициналық куәландыру

      149. Авиациялық персонал, атап айтқанда, ұшқыштар құрамы, ұшулар жетекшілері жыл сайын мамыр-маусымда кезекті (амбулаторлық) жоспарлы медициналық куәландыруға жатады.
      150. Кезекті медициналық куәландыруға дайындық кезінде әскери бөлім медицина қызметінің бастығы комиссияаралық кезеңде медициналық қадағалаудың мынадай нәтижелерін жинақтайды:
      1) денсаулық жағдайындағы өзгерістердің қарқынын;
      2) ұшу жұмысының бұрын анықталған патологиялық өзгерістерге, егер олар орын алса, әсерін;
      3) жеке психологиялық ерекшеліктерін;
      4) шалдыққан науқастануларды, олардың өтуінің ерекшеліктерін;
      5) әртүрлі ұшу түрлеріне, арнайы жаттықтыруларға, сынаулар мен зерттеулерге төзімділігін.
      151. Медициналық куәландыру басталғанға дейін авиациялық персоналдың барлық адамдарына:
      1) кеуде қуысы мүшелерін флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу;
      2) тыныштықта және қолдарын созып отыз секунд ішінде он бес рет отырып тұру - дене жүктемесінен кейін он екі жалғамалық әдіспен электрокардиография;
      3) қанды және зәрді жалпы талдау;
      4) ішек құрты жұмыртқаларына және ішек құрттарының цисталарына үлкен дәретті зерттеу;
      5) көрсеткіштер бойынша қандағы қантты зерттеу;
      6) көрсеткіштер бойынша көздің ішкі қысымын өлшеу;
      7) көрсеткіштер бойынша мұрынның қосалқы қуыстарының рентгенографиясы жүргізіледі.
      152. Барлық клиникалық-зертханалық және инструменталдық зерттеулер медициналық куәландыру басталғанға дейін бір айдан ерте емес орындалуы тиіс. Қосымша тексерулер медициналық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі.
      153. Авиациялық персонал, атап айтқанда, ұшқыштар мен штурмандар бірінші стационарлық медициналық куәландырудан отыз жаста өтеді.
      Талаптардың тармақтарын қолданусыз ұшу жұмысына жарамды деп танылған ұшқыштар мен штурмандар кезекті стационарлық медициналық куәландырудан үш жылдан кейін төртінші жылы, ал ұшу жұмысына жарамдылығын жеке бағалауды көздейтін Талаптардың тармақтарына сәйкес ұшу жұмысына жарамды деп танылғандар екі жылдан кейін үшінші жылы өтеді.
      154. Егер ұшқыштар мен штурмандардың денсаулық жағдайында диагнозды немесе дәрігерлік-ұшқыштар комиссиясының сараптамалық қорытындысын нақтылауды талап ететін өзгерістер болса, олар жоғарыда көрсетілген мерзімдерге қарамастан, кезектен тыс стационарлық медициналық куәландыруға жіберуге жатады.
      Авиациялық персоналдың басқа адамдары медициналық көрсеткіштер бойынша стационарлық медициналық куәландыруға жіберіледі.
      155. Кезектен тыс медициналық куәландыру мынадай жағдайларда:
      1) денсаулық жағдайында өзгерістер болған кезде;
      2) ұшу тапсырмаларын жүйелі түрде орындамаған жағдайларда;
      3) ұшу жұмысында 6 (алты) айдан астам үзілістер болған кезде;
      4) авиациялық оқиғалардан кейін;
      5) жұмыс істеу үшін оларға денсаулық жағдайына анағұрлым жоғары медициналық талаптар қойылатын ұшқыштар құрамын ұшақтардың басқа да типтеріне ауыстырған кезде;
      6) климаттық жағдайлары қолайсыз жергілікті жерге (шетел мемлекеттеріне) жіберген кезде және одан қайтқаннан кейін (екі айдан астам болу мерзімімен) жүргізіледі.
      156. Кезекті (кезектен тыс) стационарлық медициналық куәландыру әскери-медициналық мекемелердің мамандандырылған бөлімшелерінде жүргізіледі.
      157. Кезекті (кезектен тыс) медициналық куәландыруға жіберуді әскери бөлімнің командирі және одан жоғары немесе кадр органының бастығы жүргізеді.
      158. Медициналық куәландыруға жіберілетін адамдарға дәрігерлік-ұшқыштар комиссиясына:
      1) медициналық куәландыруға жолдама;
      2) медициналық кітапша;
      3) қызметтік және медициналық мінездемелер ұсынылады.
      159. Медициналық мінездемеде мынадай негізгі мәліметтер болуы тиіс:
      1) қай уақыттан бастап әскери қызметші әскери бөлімде дәрігерлік қадағалауда тұр;
      2) бұрынғы дәрігерлік-ұшқыштар комиссиясының диагнозы мен қорытындысы;
      3) соңғы рет қашан және қайда стационарлық медициналық куәландырудан өтті;
      4) комиссияаралық кезеңдегі дене бітімінің жағдайына және жұмысқа қабілеттілігіне жалпы мінездеме;
      5) медициналық көмекке жүгінушілік және еңбекке қабілеттілік шығындары күндерінің саны;
      6) медициналық көрсеткіштер бойынша ұшу жұмысынан босату немесе шеттету жағдайлары, олардың себептері;
      7) ұшу жұмысына дәрігерлік қадағалаудың деректері;
      8) жеке-психологиялық ерекшеліктері;
      9) ұшу жұмысын жалғастыруға мақсаттылығы;
      10) медициналық куәландыруға жіберудің себебі;
      11) әскери бөлім дәрігерінің ұшу жұмысында одан әрі пайдалану туралы пікірі.
      160. Қызметтік мінездемеде мынадай негізгі мәліметтер болуы тиіс:
      1) жалпы ұшу, ұшақтың (тікұшактың) типі;
      2) ұшу жұмысын және қызметтік міндеттерді орындау сапасы;
      3) ұшу жұмысын жалғастыру мүмкіндігі туралы қорытынды.
      161. Барокамерада биіктік гипоксиясына төзімділікті зерттеу:
      1) ұшқыштар мен штурмандарға отыз жасқа жеткенге дейін төрт жылда бір рет, одан әрі стационарлық медициналық куәландыру кезінде және медициналық көрсеткіштер бойынша;
      2) ұшқыштар экипаждарының басқа да мүшелеріне бес жылда бір рет;
      3) парашютшілерге, планершілерге және әуеде ұшушыларға, әуе кемесінің бортында ұшу тапсырмаларын орындауға қатысатын әскери қызметшілерге алғашқы медициналық куәландыру кезінде, ал одан әрі медициналық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі.
      Барокамерада биіктік гипоксиясына төзімділікті жоспарлы сынаулар барокамера болмаған кезде ұшақтағы биіктік сынауларымен ауыстырылады.
      162. Авиациялық персонал адамдары кезекті ауыз қуысын санациялауды жүргізгеннен кейін және бұдан басқа әйелдер гинекологтың қарауынан еткеннен кейін ғана медициналық куәландыруға жіберіледі.
      163. Стационарлық медициналық тексеру аяқталғаннан кейін әскери қызметші сараптамалық қорытынды шығаратын және оны куәландырылушыға жеткізетін штаттық емес госпитальдық дәрігерлік-ұшқыштар комиссиясына ұсынылады. Зерттеулер, маман дәрігерлердің тексеру нәтижелері және дәрігерлік-ұшқыштар комиссиясының қорытындысы медициналық кітапшаның тиісті бөлімдеріне енгізіледі. Куәландырылушы міндетті медициналық зерттеу жүргізуден бас тартқан жағдайда медициналық тексеру тоқтатылады және әскери қызметші әскери бөлімге шығарылады. Медициналық кітапшада «Міндетті медициналық тексеруден бас тартуына байланысты дәрігерлік-ұшқыштар комиссиясының медициналық куәландыруынсыз шығарылады» деген жазба жүргізіледі.
      164. Ұшу жұмысына (ұшуларға басшылық жасауға, парашюттік секірулерге немесе ұшуларға) жарамсыз деп танылған және ұшу жұмысымен (ұшуларға басшылық жасаумен, парашюттік секірулермен және ұшулармен) байланысты емес әскери лауазымдарға тағайындалған авиациялық персонал диспансерлік есепте тұратын адамдар тобында түр.
      165. Жазылған немесе науқастанудың тұрақты ремиссиясына жеткен жағдайда осы адамдарды штаттық әскери-дәрігерлік комиссиямен алдын ала келіскеннен кейін (әскери бөлім қолбасшылығының қолдаухатын, қызметтік және медициналық мінездемелерді, медициналық кітапшаны міндетті түрде ұсына отырып) әскери бөлімнің командирі ұшу жұмысына, ұшуларға басшылық жасауға, парашюттік секірулерге және ұшуларға, бірақ ұшу жұмысына (ұшуларға басшылық жасауға, парашюттік секірулерге және ұшуларға) жарамсыздығы туралы сараптамалық қорытынды шығарылғаннан кейін бір жылдан ерте емес, қалпына келтіру мүмкіндігін айқындау үшін стационарлық медициналық куәландыруға жібереді.
      166. Авиациялық персонал, атап айтқанда ұшу жұмысымен байланысты емес әскери лауазымдарға тағайындалған ұшқыштар мен штурмандар ұшу лауазымдарына қалпына келтіру кезінде әскери-медициналық мекемелердің мамандандырылған бөлімшелерінде медициналық тексеруге және куәландыруға жатады.
      167. Әскери-медициналық мекемеде емдеуде жатқан авиациялық персонал тексеру кезінде денсаулық жағдайында анықталған өзгерістер:
      1) ұшу жұмысына жарамдылық дәрежесін өзгерту;
      2) климаттық жағдайлары қолайсыз жергілікті жерде (шетел мемлекеттерінде) қызмет өткеруге қарсы көрсеткіштерді айқындау;
      3) науқастануы бойынша демалыс беру;
      4) әскери қызметтің басқа да міндеттерін орындай отырып, ұшулардан босату;
      5) жұмыстар мен сабақтардан босату қажеттілігін тудыратын жағдайларда ғана дәрігерлік-ұшқыштар комиссиясына ұсынылады.
      168. Егер шалдыққан науқастану бұрынғы сараптамалық қорытындыны өзгертуді талап етпесе, авиациялық персонал медициналық куәландырусыз әскери-медициналық (медициналық) мекемеден (ұйымнан) шығарылады және шығару эпикризінде және медициналық кітапшада «Шалдыққан науқастану ұшу жұмысын жалғастыруға кедергі келтірмейді» деген жазба жүргізіледі.

2. Запастағы авиациялық персоналды есепке алу мақсатында
медициналық куәландыру

      169. Авиациялық персоналды, атап айтқанда запастағы ұшқыштар құрамын есепке алу мақсатында медициналық куәландыру бес жылда бір рет, әскери жиындарға шақыру алдында немесе денсаулық жағдайында өзгерістер болған кезде жүргізіледі. Ұшқыштар экипаждарының басқа да мүшелері тек әскери жиындарға шақырған кезде немесе денсаулық жағдайында өзгерістер болған кезде.
      170. Медициналық куәландыру нәтижелері запастағы азаматтың медициналық куәландыру картасына енгізіледі.
      171. Авиациялық персонал, атап айтқанда запастағы және азаматтық авиацияда ұшу жұмысындағы ұшқыштар мен штурмандар есепке алу мақсатында медициналық куәландыруға жіберілмейді. Бұл ретте қорғаныс істері жөніндегі басқармалар (бөлімдер) сол мерзімдерде осы адамдарға жұмыс орны бойынша дәрігерлік-ұшу сараптау комиссияларынан жеке іске тіркеу үшін оларды медициналық куәландыру нәтижелері туралы анықтамаларды сұратады.

4-тарау. Әскери қызмет (әскери жиындарды) өткеруге (міндеттерді
орындауға) байланысты әскери қызметшілердің немесе азаматтардың
науқастануларының, мертігуінің, қаза табуының (қайтыс болудың)
себепті байланысын айқындау

      172. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет (әскери жиындар) өткеретін және өткерген азаматтардың науқастануларының, мертігуінің себепті байланысы айқындалады.
      173. Әскери қызмет (әскери жиындар) өткерген әскери қызметшілерге немесе азаматтарға мертігудің себепті байланысын белгілеу туралы ӘДК қорытындысы мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу) туралы анықтамаға сәйкес мертігу алудың жағдайлары туралы акті немесе қызметтік тексеру материалдары негізінде шығарылады.
      174. Мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу) туралы анықтаманы әскери қызметші немесе азамат әскери қызмет (әскери жиындар) өткерген әскери бөлімнің командирі (мекеме бастығы) береді. Мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу) туралы анықтамада мертігу алу жағдайлары және әскери қызмет міндеттерін орындаумен байланысы көрсетіледі.
      Ішкі істер органдарының штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-сы немесе штаттық ӘДК-сы құзыреті шегінде мертігудің (жараланудың, жарақаттанудың, контузия алудың) себепті байланысы туралы ӘДК қорытындысын мертігу туралы анықтаманы және мертігу жағдайларын көрсететін растайтын құжаттарды қарау негізінде шығарады.
      175. Егер азамат әскери қызмет (әскери жиындар) өткеру кезеңінде науқастануына, мертігуіне байланысты емдеуде болса және медициналық куәландыруға штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ға жіберілмесе, науқастанудың, мертігудің себепті байланысын штаттық ӘДК айқындайды.
      176. Нақастану, мертігу туралы жаңадан ашылған жағдайлар және олардың әскери қызмет өткерумен (міндеттерді орындаумен) байланысы болған кезде науқастанудың, мертігудің себепті байланысы туралы қорытынды сырттай (құжаттар бойынша) қайта қаралады.
      177. Науқастанулардың, мертігудің себепті байланысын айқындау - азаматтардың, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы орган аумақтық бөлімшелерінің, зейнетақымен қамсыздандыруды жүзеге асыратын органдардың, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары кадрлар қызметтерінің, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өтініші негізінде айқындалады.
      178. Науқастануы туралы куәлікте, анықтамада немесе басқа да медициналық құжаттарда науқастанудың, мертігудің себепті байланысы туралы ӘДК қорытындысы болмаған кезде, көрсетілген құжаттарды дұрыс ресімдемеген, азамат қолда бар науқастанудың, мертігудің себепті байланысы туралы ӘДК қорытындысымен келіспеген кезде, сондай-ақ әскери қызмет өткеруді растайтын құжаттарда «науқастануы бойынша» немесе «денсаулық жағдайы бойынша» әскери қызметтен босату туралы жазбалар болған кезде құжаттар штаттық ӘДК-ның қарауына жолданады.
      179. Құжаттарды қарау нәтижелері және науқастанудың, мертігудің себепті байланысы туралы штаттық ӘДК-ның қорытындысы ӘДК отырысының хаттамасымен ресімделеді және сараптамалық қорытынды шығарылады.
      180. Әскери қызмет өткерген азаматтың құжаттарында науқастану диагнозы көрсетілмеген, бірақ медициналық куәландыру сәтінде қолданылған Талаптардың (Науқастанулар кестесінің) тармағы көрсетілген жағдайда штаттық ӘДК науқастанудың, мертігудің себепті байланысы туралы өз қорытындысында Талаптардың (Науқастанулар кестесінің) көрсетілген тармағында көзделген науқастанулардың атауын көрсетеді.
      181. Егер әскери жиындарды өткерген әскери қызметшіде, азаматта әртүрлі жағдайларда туындаған (алған) бірнеше науқастанулар, мертігулер немесе олардың салдарлары анықталса, себепті байланысы туралы ӘДК қорытындысы жеке шығарылады.
      182. Егер құжатта себепті байланысы туралы ӘДК қорытындысы бұрын шығарылған науқастанудың, мертігудің диагнозы нақты көрсетілмесе, штаттық ӘДК оның тұжырымын өзгертпей, алғашқы диагнозды көрсетеді, одан кейін науқастанудың, мертігудің нақтыланған диагнозын көрсетеді және ол бойынша себепті байланысы туралы ӘДК қорытындысы шығарады.
      183. Егер азаматтың медициналық куәландыру нәтижелері туралы құжаттары болмаса немесе оған медициналық куәландыру жүргізілмесе, науқастанудың, мертігудің себепті байланысы туралы ӘДК қорытындысын шығару үшін негіздеме науқастану тарихындағы, медициналық кітапшадағы, медициналық анықтамадағы, мұрағат анықтамасындағы жазбалар болып табылады.
      184. Әскери қызмет (әскери жиындар) өткеру кезеңінде алған науқастанудың, мертігудің салдарынан немесе қызметтен (жиындар аяқталғаннан кейін) босатылғаннан кейін қаза табуының (қайтыс болудың) себепті байланысы туралы ӘДК қорытындысын штаттық ӘДК айқындайды.
      185. ӘДК-ның «Әскери қызметті (әскери жиындарды) өткеруге байланысты науқастану», «Әскери қызмет (әскери жиындар) міндеттерін орындау кезінде мертіккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған)» деген қорытындысы, егер олар куәландырылушыда әскери қызмет (әскери жиындар) өткеру кезеңінде туындаса немесе көрсетілген кезеңде әскери қызметке жарамдылық санатын өзгертетін ауырлық дәрежесіне жеткен болса, сондай-ақ егер науқастанудың басталуын әскери қызмет (әскери жиындар) өткеру кезеңіне жатқызса, созылмалы баяу үдемелі науқастанулар кезінде әскери қызметті (әскери жиындарды) өткерген әскери қызметшілерге, азаматтарға шығарылады.
      186. ӘДК-ның «Төтенше экологиялық жағдайлар салдарынан алынған науқастану» деген қорытындысы, егер науқастанулар апат салдарынан туындаған қолайсыз факторлардан пайда болса, әскери қызмет (әскери жиындар) өткерген және төтенше экологиялық жағдайлардың, соның ішінде 1986-1990 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы авария салдарын жою жөніндегі жұмыстарды орындауға тартылған әскери қызметшілерге, азаматтарға шығарылады.
      187. ӘДК-ның «Иондаушы сәулелену әсеріне байланысты алынған науқастану» деген қорытындысы әскери қызмет (әскери жиындар) өткерген және ядролық қару сынағына қатысқан немесе 1949-1991 жылдар кезеңінде радиоактивті заттармен ластанған аумақта әскери қызмет (әскери жиындар) өткерген әскери қызметшілерге, азаматтарға шығарылады.
      188. Осы Қағиданың 186-187-тармақтарында көрсетілген санаттағы азаматтарға науқастанулардың себепті байланысын анықтау кезінде штаттық ӘДК Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген иондаушы сәулелену әсеріне байланысты науқастанулардың тізбесін, әскери қызмет (әскери жиындар) өткеру туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қорғаныс министрліктерінің мұрағаттық деректерін басшылыққа алады.
      189. ӘДК-ның «Бұрынғы КСР Одағын қорғау кезінде алынған мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу)»; «Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде алынған мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу)»; «Майданда болумен байланысты науқастану»; «Ауғанстанда немесе жауынгерлік іс-қимылдар жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызмет өткерумен байланысты науқастану» деген қорытындысы «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 сәуірдегі Заңымен мәртебесі белгіленген әскери қызмет (әскери жиындар) өткерген әскери қызметшілерге, азаматтарға шығарылады.
      190. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысумен байланысты науқастанулардың, мертігулердің себепті байланысын анықтау үшін штаттық ӘДК-ға әскери қызмет өткергені туралы құжаттар, әскери қызмет өткеру кезеңінде науқастану, мертігу фактісін растайтын мұрағаттық құжаттар және әскери қызметтен босатылғаннан кейін ресімделген медициналық құжаттар ұсынылады.
      191. ӘДК-ның «Әскери қызмет өткерумен байланысты емес науқастану» деген қорытындысы, егер науқастану куәландырылушыда әскери қызметке (әскери жиындарға) шақырғанға, келісімшарт бойынша әскери қызметке түскенге дейін туындаса және әскери қызмет (әскери жиындар) өткеру кезеңінде келісімшарт бойынша қызметтер куәландырылушының әскери қызметке жарамдылық санатын өзгертетін дәрежеге жетпесе, әскери қызметшілерге шығарылады.
      192. ӘДК-ның «Әскери қызмет міндеттерін орындаумен байланысты емес қайғылы оқиға нәтижесінде алынған мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу)» деген қорытындысы, мертігу әскери қызметпен байланысты болмаған жағдайларда әскери қызметшілерге шығарылады.
      193. ӘДК-ның «Әскери қызмет өткеру кезеңінде алынған қаза табуына (қайтыс болуға) әкеп соқтырған науқастану, мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу)» деген қорытындысы, егер әскери қызмет (әскери жиындар) өткеру кезеңінде алынған науқастану, мертігу салдарынан қаза табу (қайтыс болу) болса, әскери қызмет (әскери жиындар) өткерген әскери қызметшілерге, азаматтарға шығарылады.
      194. ӘДК-ның «Чернобыль АЭС-індегі апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты қаза табуына (қайтыс болуға) әкеп соқтырған науқастану, мертігу» деген қорытындысы, егер әскери қызмет (әскери жиындар) өткеру кезеңінде алынған науқастану, мертігу салдарынан қаза табу (қайтыс болу) болса, әскери қызмет (әскери жиындар) өткерген әскери қызметшілерге, азаматтарға шығарылады.

5-тарау. Ұлттық қауіпсіздік органдарында әскери-дәрігерлік сараптама жүргізудің тәртібі және оны ұйымдастыру

      195. Ұлттық қауіпсіздік органдарына келісімшарт бойынша әскери қызметке түсетін азаматтарды медициналық куәландыру медициналық куәландыруға жолдама негізінде жүргізіледі. Жолдамаға кадр аппараты бөлімшесінің бастығы қол қояды, мөрмен расталады, кандидатты жіберген инспектордың телефоны көрсетіледі.
      196. Жолдамада кандидаттың тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы, айы, күні; медициналық куәландыруға жіберудің мақсаты; медициналық куәландыру жүргізілетін жарамдылығын айқындау үшін қызмет тегі көрсетілуі тиіс.
      ӘДК-ға куәландырылуға берілетін жолдама бір ай ішінде жарамды.
      197. Ұлттық қауіпсіздік органдарына келісімшарт бойынша әскери қызметке түсетін азаматтар медициналық куәландыру кезінде әскери билетті немесе тіркеу куәлігін ұсынуға міндетті. Осы құжаттар негізінде медициналық куәландыру актісіне әскери қызметке жарамдылық санаты туралы мәліметтер енгізіледі. Бұрын «Д - әскери қызметке жарамсыз» немесе «В - әскери қызметке шектеулі жарамды» деген тұжырымында әскери қызметке жарамдылық санаты белгіленген ұлттық қауіпсіздік органдарына келісімшарт бойынша әскери қызметке түсетін адамдар әскери есепке алынған жері бойынша ӘДК-да қайта медициналық куәландырғаннан кейін және оларды әскери қызметке жарамды немесе әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамды деп танылғаннан кейін ұлттық қауіпсіздік органдарының ӘДК-сына медициналық куәландыруға жіберілуі мүмкін.
      198. Медициналық куәландыру басталғанға дейін ұлттық қауіпсіздік органдарына келісімшарт бойынша әскери қызметке түсетін азаматтар:
      1) психоневрологиялық, наркологиялық, туберкулезге қарсы және тері-венерологиялық диспансерлерден (кабинеттерден) оның есепте тұратындығы туралы мәліметтерді (анықтамаларды);
      2) басқа да медициналық денсаулық сақтау ұйымдарынан созылмалы науқастанулар және соңғы он екі ай ішінде ауырған жұқпалы және паразитарлық науқастанулар бойынша диспансерлік есепте тұратындығы туралы мәліметтерді, амбулаторлық науқастың медициналық картасын, стационарлық науқастың медициналық картасынан көшірмелерді, рентгенограммаларды, зерттеулер арнайы әдістерінің хаттамаларын және азаматтың денсаулық жағдайын сипаттайтын басқа да медициналық құжаттарды ұсынады.
      199. Медициналық куәландыру басталғанға дейін ұлттық қауіпсіздік органдарына келісімшарт бойынша әскери қызметке түсетін азаматтарға:
      1) кеуде қуысы мүшелерін екі кескінде (тура және оң жақ қырынан) флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу;
      2) мұрынның қосалқы қуыстарының рентгенограммасы;
      3) тыныштықта және жүктемеден кейін электрокардиографиялық зерттеу;
      4) қанды жалпы талдау;
      5) мерезге серологиялық реакциялар;
      6) зәрді жалпы талдау жүргізіледі.
      Медициналық көрсеткіштер бойынша алдын алу егулері және клиникалық зерттеулер жүргізілуі мүмкін.
      Куәландырылушылар көрсетілген медициналық құжаттарды ұсынғаннан кейін ӘДК-ның медициналық куәландыруына рұқсат етіледі.
      200. Медициналық куәландыру жүргізу кезінде ӘДК барлық мүшелері мен маман дәрігерлер куәландырылушының жеке басын куәландыруы (жеке басын куәландыратын құжаттағы фотомен салыстырып тексеруге) тиіс.
      201. Келісімшарт бойынша әскери қызметке түсетін азаматтарды алдын ала медициналық тексеруді тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымдардың хирург, терапевт, невропатолог, психиатр, көз дәрігері, оториноларинголог, дерматовенеролог, стоматолог, әйелдер үшін - гинеколог, маммолог мамандықтары бойынша маман дәрігерлері, ал түпкілікті медициналық куәландыруды ұлттық қауіпсіздік органдарының штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК (гарнизондық ӘДК) жүргізеді.
      202. Барлық куәландырылушыларға түпкілікті медициналық куәландыру барысында В және С гепатитінің маркерлеріне қанды зерттеу жүргізіледі.
      203. Ұлттық қауіпсіздік органдарының ӘДК түпкілікті медициналық куәландыру кезінде ұлттық қауіпсіздік органдарына келісімшарт бойынша әскери қызметке түсетін барлық азаматтарға психофизиологиялық куәландыру жүргізіледі.
      204. Науқастану диагнозын нақтылау үшін азамат амбулаторлық немесе стационарлық медициналық тексеруге медициналық денсаулық сақтау ұйымына жіберіледі. Бұл ретте штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК «Тексерілуге жатады» деген қорытынды шығарады.
      Медициналық тексеруге жолдамаға қосымша медициналық зерттеулердің деректері, амбулаторлық науқастың медициналық картасы және азаматтың денсаулық жағдайын сипаттайтын басқа да медициналық құжаттар қоса беріледі.
      205. Куәландырылушыны медициналық тексеруді аяқтау бір ай ішінде мүмкін болмаған немесе тексеруден бас тартқан кезде, сондай-ақ тағайындалған қосымша медициналық тексерулер нәтижелері мерзімінде ұсынылмаған жағдайда қорытынды шығарылмайды, «Қорытынды кейін шығарылады (қорытынды шығару үшін қажет тексерулер атап көрсетіледі)» деген анықтама ресімделеді.
      206. Талаптарға сәйкес денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды немесе әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамды азаматтар келісімшарт бойынша әскери қызметке түсуге жарамды.
      Бұл жағдайларда штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК әскери қызметке жарамдылық санаты туралы қорытындысы: «Келісімшарт бойынша әскери қызметке түсуге жарамды» деген сөздермен толықтырылады.
      207. Келісімшарт бойынша әскери қызметке түсуге жарамды деп танылған азаматтарға қатысты штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК кандидат зерделенетін болжамды қызмет тегіне жарамдылығы туралы қорытынды шығарады.
      208. Болжамды қызмет тегіне жарамдылық денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік орталық орган бекіткен Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметі үшін азаматтардың денсаулық жағдайына сәйкес келуіне қойылатын талаптарға сәйкес айқындалады.
      209. Талаптарға сәйкес әскери қызметке жарамдылық санатын жеке бағалау көзделетін науқастанулар болған кезде штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК «Әскери қызметке шектеулі жарамды. Келісімшарт бойынша әскери қызметке түсуге жарамсыз» деген әскери қызметке жарамдылығы туралы қорытынды шығарады.
      210. Егер медициналық куәландыру кезінде келісімшарт бойынша әскери қызметке түсуге кедергі келтіретін науқастанулар немесе жүктілік анықталса, одан әрі медициналық куәландыру тоқтатылады және штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК «Келісімшарт бойынша әскери қызметке түсуге жарамсыз» деген қорытынды шығарады, бұл ретте әскери қызметке жарамдылық санаты туралы қорытынды шығарылмайды.
      Осындай қорытынды әскери қызметке уақытша жарамсыз деп танылған адамдарға да шығарылады.
      211. Ұлттық қауіпсіздік органдарына қабылданатын азаматтарды медициналық куәландыру кезінде ӘДК қорытындылары әскери-дәрігерлік комиссия отырыстарының хаттамалары кітабында, медициналық куәландыру актісінде және келісімшарт бойынша әскери қызметке түсетіннің картасында жазылады.

6-тарау. Ішкі істер, әділет органдарының қылмыстық-атқару
жүйесі, өртке қарсы қызмет, қаржы нолициясы органдарында, кеден
органдарында, прокуратура органдарында (бұдан әрі - құқық
қорғау органдарындағы қызмет) әскери-дәрігерлік сараптама жүргізудің тәртібі және оны ұйымдастыру

1. Құқық қорғау органдарына қызметке және ішкі әскерлерге келісімшарт бойынша әскери қызметке түсетін кандидаттарды медициналық куәландыру

      212. Кадр қызметтері құқық қорғау органдарына қызметке және ішкі әскерлерге келісімшарт бойынша әскери қызметке түсетін кандидаттың жолдамасын (лауазымына және мамандығына сәйкес) ресімдейді және медициналық денсаулық сақтау ұйымдарынан:
      1) психоневрологиялық, наркологиялық, туберкулезге қарсы және тері-венерологиялық диспансерлерден (кабинеттерден) - оның есепте тұратындығы туралы мәліметтерді (анықтамаларды);
      2) басқа да медициналық денсаулық сақтау ұйымдарынан - науқастану бойынша диспансерлік есепте тұратындығы туралы мәліметтерді (анықтамаларды), соңғы бес жыл ішінде медициналық көмекке жүгінуі туралы анықтамаларды, амбулаторлық науқастың медициналық картасын және медициналық құжаттарды (егілу картасын) сұратады.
      213. Ішкі істер органдарының ӘДК-сына медициналық куәландыру үшін жолдама берілген күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде жарамды.
      214. Медициналық куәландыру аяқталғаннан кейін азаматтарға амбулаторлық науқастың медициналық картасы және медициналық құжаттар (егілу картасы) қайтарылады.
      215. Алдын ала медициналық тексеру басталғанға дейін:
      1) кеуде қуысы мүшелерін флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу;
      2) тыныштықта және жүктемеден кейін электрокардиографиялық зерттеу;
      3) қанды жалпы талдау;
      4) мерезге серологиялық реакциялар;
      5) зәрді жалпы талдау жүргізіледі.
      216. Құқық қорғау органдарына қызметке және ішкі әскерлерге келісімшарт бойынша әскери қызметке түсетін кандидаттарды алдын ала медициналық тексеруді тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымдардың хирург, терапевт, невропатолог, психиатр, көз дәрігері, отоларинголог, дерматовенеролог, стоматолог, әйелдер үшін гинеколог, маммолог мамандықтары бойынша маман дәрігерлері, ал түпкілікті медициналық куәландыруды - ішкі істер органдарының ӘДК-сы жүргізеді.
      217. Науқастану диагнозын нақтылау үшін кандидат амбулаторлық немесе стационарлық тексеруге медициналық денсаулық сақтау ұйымына жіберіледі.
      Бұл ретте ішкі істер органдарының ӘДК-сы «Тексерілуге жатады» деген ӘДК-ның қорытындысын шығарады.
      218. Тексеруге жолдамаға амбулаторлық науқастың медициналық картасы және азаматтың денсаулық жағдайын сипаттайтын басқа да медициналық құжаттар қоса беріледі.
      219. Кандидат тексеруден бас тартқан жағдайда ішкі істер органдарының ӘДК-сы «Құқық қорғау органдарына қызметке түсуге жарамсыз», «Ішкі әскерлерге келісімшарт қызметіне түсуге жарамсыз» деген ӘДК-ның қорытындысын шығарады.
      220. Ішкі істер органдарының ӘДК-сы құқық қорғау органдарына қызметке және ішкі әскерлерге келісімшарт бойынша әскери қызметке түсетін кандидаттарды медициналық куәландыру үшін медициналық куәландыру актілерін ресімдейді.
      221. Медициналық куәландыру кезінде мереке мен демалыс күндерін қоспағанда, он жұмыс күні ішінде:
      1) кеуде қуысы мүшелерін екі кескінде (тура және оң жақ қырынан) флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу - көрсеткіштер бойынша;
      2) мұрынның қосалқы қуыстарының рентгенограммасы көрсеткіштер бойынша;
      3) тыныштықта (жүктемеден кейін - көрсеткіштер бойынша) электрокардиографиялық зерттеу;
      4) қанды жалпы талдау;
      5) мерезге серологиялық реакциялар;
      6) зәрді жалпы талдау;
      7) қырық жастан асқан адамдарға көздің ішкі қысымын өлшеу;
      8) психофизиологиялық тексеру жүргізіледі.
      Медициналық көрсеткіштер бойынша алдын алу егулері мен қосымша зерттеулер туралы мәліметтер талап етіледі.
      222. Талаптарға сәйкес денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды немесе әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамды кандидаттар ішкі әскерлерге келісімшарт бойынша әскери қызметке түсуге жарамды деп танылады.
      Ішкі істер органдарындағы қызметке түсуге жарамды деп денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша ішкі істер саласындағы орталық атқарушы орган бекіткен Ішкі істер органдарындағы қызмет үшін денсаулық жағдайына сәйкес келуіне қойылатын талаптарға сәйкес танылады.
      223. Құқық қорғау органдарына қызметке түсуге жарамды деп танылған кандидаттарға қатысты ішкі істер органдарының ӘДК-сы ішкі істер, әділет органдарының қылмыстық-түзету жүйесі, өртке қарсы қызмет, қаржы полициясы органдарында, кеден органдарында, прокуратура органдарында (жолдамаға сәйкес) қызмет өткеру үшін, арнайы оқу орындарында оқуға, климаттық жағдайлары қолайсыз аумақтарда арнайы қызмет өткеруге жарамдылығы туралы ӘДК-ның қорытындысын шығарады.
      224. Ішкі әскерлерге келісімшарт бойынша әскери қызметке түсуге жарамды деп танылған кандидаттарға қатысты, медициналық куәландыруға жолдамаға сәйкес ішкі істер органдарының ӘДК-сы ішкі әскерлерде келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеру үшін, әскери (арнайы) оқу орындарында оқуға, климаттық жағдайлары қолайсыз аумақтарда әскери қызмет өткеруге жарамдылығы туралы ӘДК-ның қорытындысын шығарады.
      225. Медициналық куәландыруда құқық қорғау органдарына қызметке түсуге кедергі келтіретін немесе жазылу үшін уақытты талап ететін науқастану немесе жүктілік анықталған кезде одан әрі медициналық куәландыру тоқтатылады және ішкі істер органдарының ӘДК-сы (жолдамаға сәйкес) «Құқық қорғау органдарына қызметке түсуге жарамсыз» немесе «Құқық қорғау органдарына қызметке түсуге уақытша жарамсыз» деген ӘДК-ның қорытындысын шығарады.
      226. Медициналық куәландыруда ішкі әскерлерге келісімшарт бойынша әскери қызметке түсуге кедергі келтіретін немесе жазылу үшін уақытты талап ететін науқастану немесе жүктілік анықталған кезде одан әрі медициналық куәландыру тоқтатылады және ішкі істер органдарының ӘДК-сы (жолдамаға сәйкес) «Келісімшарт бойынша әскери қызметке түсуге жарамсыз» немесе «Келісімшарт бойынша әскери қызметке түсуге уақытша жарамсыз» деген ӘДК-ның қорытындысын шығарады.

2. Әскери (арнайы) оқу орындарына түсетін кандидаттарды
медициналық куәландыру

      227. Әскери (арнайы) оқу орындарына күндізгі оқу нысанына түсетін кандидаттар ішкі істер органдарының штаттық ӘДК-да алдын ала медициналық куәландырудан, әскери (арнайы) оқу орындарының штаттық емес уақытша әрекеттегі ӘДК-сында түпкілікті медициналық куәландырудан өтеді.
      228. Медициналық куәландыруға жіберу алдында ішкі істер органдарының штаттық ӘДК-да әскери (арнайы) оқу орындарына түсетін кандидаттардың медициналық куәландыру карталары ресімделеді және:
      1) кеуде қуысы мүшелерін екі кескінде (тура және оң жақ қырынан) флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу;
      2) мұрынның қосалқы қуыстарының рентгенографиясы көрсеткіштер бойынша;
      3) тыныштықта (жүктемеден кейін - көрсеткіштер бойынша) электрокардиографиялық зерттеу;
      4) қанды жалпы талдау;
      5) мерезге серологиялық реакциялар;
      6) зәрді жалпы талдау жүргізіледі.
      229. Алдын ала медициналық куәландыруға жіберу кезінде амбулаторлық науқастың медициналық кітапшасы мен медициналық картасы ұсынылады, оларда жыл сайынғы тереңдетілген және бақылау медициналық тексерулердің нәтижелері (офицерлерге соңғы үш жыл ішіндегі), медициналық көмекке жүгінулер көрсетілуі тиіс.
      230. Офицерлер құрамының медициналық кітапшаларында соңғы үш жылдағы жыл сайынғы тереңдетілген медициналық тексерулер нәтижелері болмаған жағдайда алдын ала медициналық куәландыру кезінде кейіннен ішкі істер органдарының штаттық ӘДК-сы медициналық куәландыра отырып, оларды стационарлық тексерілуге жіберу туралы қорытынды шығарылады.
      231. Медициналық куәландыру әскери (арнайы) оқу орындарына түсетін кандидаттарда тіркеу куәлігі, ал ішкі әскерлердің әскери қызметшілерінде медициналық кітапша бар болған кезде жүргізіледі.
      232. Әскери (арнайы) оқу орнына түсуге кедергі келтіретін науқастану анықталған жағдайда одан әрі тексеру тоқтатылады және әскери (арнайы) оқу орнына түсуге жарамсыздығы туралы қорытынды шығарылады.
      233. Медициналық куәландыру нәтижелері және ішкі істер органдары штаттық ӘДК-сы мен әскери (арнайы) оқу орындары штаттық емес уақытша әрекеттегі ӘДК-ның қорытындылары медициналық куәландыру карталарында, медициналық кітапшаларда және ӘДК отырыстарының хаттамалары кітабында жазылады.
      234. Түпкілікті медициналық куәландыру кезінде әскери (арнайы) оқу орындарына түсуге жарамсыз деп танылған кандидаттардың медициналық куәландыру карталары медициналық куәландыру аяқталғаннан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей және ішкі істер органдарының штаттық аумақтық ӘДК-сы әскери (арнайы) оқу орындары штаттық емес уақытша әрекеттегі ӘДК-ның қорытындыларын бекіткеннен кейін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Орталық әскери-дәрігерлік комиссиясына жолданады.

3. Құқық қорғау органдары қатардағы жауынгерлер мен басшылық құрамының адамдарын, сондай-ақ ішкі әскерлердің әскери қызметшілерін медициналық куәландыру

      235. Медициналық куәландыруға жолдаманы:
      құқық қорғау органдары қатардағы жауынгерлер мен басшылық құрамының адамдарына, сондай-ақ ішкі әскерлердің әскери қызметшілеріне қатысты құқық қорғау органдарының басшылығымен келісу бойынша құқық қорғау органдарының кадр қызметтері, ішкі әскерлер әскери бөлімдерінің командирлері;
      әскери (арнайы) оқу орындарының курсанттарына қатысты әскери (арнайы) оқу орындарының бастықтарымен келісу бойынша әскери (арнайы) оқу орындарының кадр қызметтері береді.
      236. Ішкі істер органдарының штаттық ӘДК-сына медициналық куәландыруға жіберілетін құқық қорғау органдары қатардағы жауынгерлер мен басшылық құрамының адамдарына, сондай-ақ ішкі әскерлердің әскери қызметшілеріне:
      1) медициналық куәландыруға жолдама;
      2) амбулаторлық науқастанудың медициналық картасы (медициналық кітапшасы);
      3) қызметтік және медициналық мінездемелер ұсынылады:
      қызметтік мінездемеде куәландырылушының денсаулық жағдайының атқаратын лауазымы бойынша оның қызметтік (әскери қызмет) міндеттерін орындауына әсері туралы мәліметтер, кадр қызметінің (қолбасшылықтың) оны қызметте сақтаудың мақсатқа сәйкестігі туралы пікірі және басқа лауазымға ауыстыру (ішкі әскерлердің әскери қызметшісін әскери қызметте пайдалану) мүмкіндіктері көрсетіледі;
      медициналық мінездемеде әскери қызметшінің денсаулық жағдайын қарқынды қадағалау нәтижелері туралы, оның медициналық көмекке жүгінуі туралы мәліметтер көрсетіледі;
      медициналық мінездемеде көрсетілген мәліметтер амбулаторлық науқас қартасының деректерімен (медициналық кітапшамен), басқа да медициналық құжаттармен расталады;
      4) құқық қорғау органдарында қызмет (әскери қызмет) өткеру кезінде мертіккен адамдарға мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу) туралы анықтама мертігу жағдайлары туралы акті және қызметтік тексеру материалдары негізінде ұсынылады.
      237. Құқық қорғау органдары қатардағы жауынгерлер мен басшылық құрамының адамдарын, сондай-ақ ішкі әскерлердің әскери қызметшілерін медициналық куәландыруды ішкі істер органдарының штаттық ӘДК-сы мереке және демалыс күндерін қоспағанда, үштен он төрт жұмыс күніне дейінгі мерзімдерде жүргізеді.
      238. Әскери (арнайы) оқу орындарының жасы он сегізге толмаған курсанттарына қатысты ішкі істер органдарының штаттық ӘДК-сы тек оқуға жарамдылығы (жарамсыздығы) туралы қорытынды шығарады.
      239. Әскери (арнайы) оқу орындарының он сегіз және одан жоғары жастағы оқуға жарамсыз деп танылған курсанттарына (офицерлік немесе арнайы атақтары жоқ тыңдаушыларына) қатысты бір мезгілде олардың әскери қызметке жарамдылығы туралы мәселе Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында қызмет өткеру үшін денсаулық жағдайын сәйкестендіруге қойылатын Талаптарға сәйкес шешіледі.
      240. «Әскери қызметке уақытша жарамсыз» деген ӘДК-ның қорытындысын шығарған кезде босату мерзімі, науқастануы бойынша демалыс аяқталғаннан кейін одан әрі оқуға және әскери қызметке жарамдылығы туралы түпкілікті қорытынды қабылданады.
      241. Құқық қорғау органдарында қызмет (әскери қызмет) өткеру кезінде мертіккен, ауырған құқық қорғау органдары қатардағы жауынгерлер мен басшылық құрамының адамдарын, сондай-ақ ішкі әскерлердің әскери қызметшілерін медициналық куәландыру айқындалған дәрігерлік-сараптау қорытындысы болған кезде жүргізіледі.
      Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін стандарттарға сәйкес емделу ұзақтығы белгіленген нормалардан асатын мертігулер мен науқастанулар болған жағдайда құқық қорғау органдары қатардағы жауынгерлер мен басшылық құрамының адамдары, сондай-ақ ішкі әскерлердің әскери қызметшілері медициналық куәландыруға ұсынылады.
      242. Құқық қорғау органдары қатардағы жауынгерлер мен басшылық құрамының адамдарына немесе ішкі әскерлердің әскери қызметшілеріне қызметтік міндеттерін орындаудан босату (уақытша еңбекке жарамсыздық парақшасы) немесе әскери қызмет міндеттерін орындаудан босату, науқастануы бойынша демалыс беру туралы ӘДК-ның қорытындысы Талаптарға сәйкес құқық қорғау органдарында қызметке немесе әскери қызметке уақытша жарамсыздық көзделетін жағдайда шығарылады.
      243. Ішкі әскерлердің әскери қызметшілеріне әскери қызмет міндеттерін орындаудан босату жетіден отыз тәулікке дейінгі немесе науқастануы бойынша демалыс отыздан алпыс тәулікке дейінгі мерзімге беріледі.
      244. Ішкі әскерлерде мерзімді әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілердің және осы санатқа сәйкес келетін адамдардың стационарлық емдеуде үздіксіз болуының, медициналық оңалту жүргізудің және науқастануы бойынша демалыста болуының жалпы ұзақтығы төрт айдан аспауға тиіс, ол аяқталғаннан кейін ішкі істер органдарының ӘДК-сы әскери қызметке жарамдылық санатын айқындайды.
      245. Емдеуде және науқастануы бойынша демалыста үздіксіз болудың шекті мерзімі (ұзартуды ескере отырып) аяқталғаннан кейін құқық қорғау органдары қатардағы жауынгерлер мен басшылық құрамының адамдары, сондай-ақ ішкі әскерлердің әскери қызметшілері құқық қорғау органдарында қызметке (әскери қызметке) жарамдылық санатын айқындау үшін медициналық куәландыруға жатады.
      246. Құқық қорғау органдарының қызметкер әйелдеріне және ішкі әскерлердің әскери қызметші әйелдеріне жүктілігі және бала тууы бойынша демалыстарды құқық қорғау органдарының кадр қызметтері, ішкі әскерлер әскери бөлімдерінің командирлері медициналық денсаулық сақтау ұйымының жүктілік және бала туу туралы қорытындысына сәйкес Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімге береді.
      247. Ішкі істер органдарының ӘДК ішкі әскерлердің әскери қызметшілеріне науқастануы бойынша босату (босатуды ұзарту) немесе науқастануы бойынша демалыс (демалысты ұзарту) беру туралы қорытындысы әскери-дәрігерлік комиссия отырыстарының хаттамалары кітабына жазылады және анықтамамен ресімделеді.
      248. Мерзімді әскери қызмет өткеретін ішкі әскерлердің әскери қызметшілері науқастануы бойынша демалыс аяқталғаннан кейін әскери қызметке жарамдылық санатын айқындау немесе науқастануы бойынша демалысты ұзарту үшін ішкі істер органдарының ӘДК-сына қайта медициналық куәландыруға (әскери қызмет өткерген немесе демалысты өткізген жері бойынша) жіберіледі.
      249. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін және келісімшарттың жаңа түрін жасасуға немесе әскери қызмет өткеру туралы келісімшартты ұзартуға тілек білдірген ішкі әскерлердің әскери қызметшілерін медициналық куәландыруды ішкі істер органдарының ӘДК-сы жүргізеді.
      250. Қатардағы жауынгерлер құрамының адамдарын (үш жылда кемінде бір рет және көрсеткіштер бойынша), ал құқық қорғау органдарының басшылық құрамын (жыл сайын) медициналық куәландырудың санын ішкі істер саласындағы орталық атқарушы орган белгілейді.

4. Құқық қорғау органдары қатардағы жауынгерлер мен басшылық
құрамының адамдарында қызметтік міндеттерді орындауға
байланысты науқастанудың, мертігудің, қаза табудың (қайтыс
болудың) себепті байланысын айқындау

      251. Науқастанудың, мертігудің себепті байланысы құқық қорғау органдары қатардағы жауынгерлер мен басшылық құрамының адамдарында немесе Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарында қызмет өткерген азаматтарында айқындалады.
      252. Құқық қорғау органдары қатардағы жауынгерлер мен басшылық құрамының адамдарына немесе құқық қорғау органдарында қызмет өткерген азаматтарға мертігудің себепті байланысын айқындау туралы ӘДК қорытындысы мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу) туралы анықтамаға сәйкес мертігудің жағдайлары туралы акті немесе қызметтік тексеру материалдары негізінде шығарылады.
      253. Мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу) туралы анықтаманы азамат қызмет өткерген құқық қорғау органдарының кадр қызметтері береді.
      254. Мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу) туралы анықтамада мертігудің жағдайлары және құқық қорғау органдарында қызметтік міндеттерді орындаумен байланысы көрсетіледі.
      255. Ішкі істер органдарының ӘДК-сы мертігудің себепті байланысы туралы ӘДК қорытындысын мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу) туралы анықтаманы және мертігу жағдайларын сипаттайтын растайтын құжаттарды қарау негізінде шығарады.
      256. Егер азамат құқық қорғау органдарында қызмет өткерген кезде науқастануына, мертігуіне байланысты емдеуде болса және медициналық куәландыруға жіберілмесе, науқастанудың, мертігудің себепті байланысын ішкі істер органдарының ӘДК-сы айқындайды.
      257. Науқастану, мертігу туралы жаңадан ашылған жағдайлар және олардың құқық қорғау органдарында қызмет өткерумен байланысы болған кезде науқастанудың, мертігудің себепті байланысы туралы ӘДК қорытындысы сырттай (құжаттар бойынша) қайта қаралады.
      258. Науқастанулардың, мертігудің себепті байланысын айқындау азаматтардың, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы орган аумақтық бөлімшелерінің, зейнетақымен қамсыздандыруды жүзеге асыратын органдардың, құқық қорғау органдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары кадр қызметтерінің өтініші негізінде айқындалады.
      259. Науқастануы туралы куәлікте, анықтамада немесе басқа да медициналық құжаттарда науқастанудың, мертігудің себепті байланысы туралы ӘДК қорытындысы болмаған кезде, көрсетілген құжаттарды дұрыс ресімдемеген, азамат науқастанудың, мертігудің себепті байланысы туралы қолда бар ӘДК қорытындысымен келіспеген кезде, сондай-ақ құқық қорғау органдарында қызмет өткеруді куәландыратын құжаттарда «науқастануы бойынша» немесе «денсаулық жағдайы бойынша» құқық қорғау органдарында қызметтен босату туралы жазбалар болған кезде құжаттар ішкі істер органдары штаттық ӘДК-сының қарауына жолданады.
      260. Құжаттарды қарау нәтижелері және науқастанудың, мертігудің себепті байланысы туралы ішкі істер органдары штаттық ӘДК-сының қорытындысы ӘДК отырысының хаттамасымен ресімделеді және сараптау қорытындысы шығарылады.
      261. Егер құқық қорғау органдарында қызмет өткерген азаматтың құжаттарында науқастану диагнозы көрсетілмесе, бірақ медициналық куәландыру сәтінде қолданылған Талаптардың (Науқастанулар кестесінің) тармағы көрсетілсе, ішкі істер органдарының штаттық ӘДК-сы өзінің науқастанудың, мертігудің себепті байланысы туралы ӘДК қорытындысында Талаптардың (Науқастанулар кестесінің) көрсетілген тармағымен көзделген науқастанулардың атауын көрсетеді.
      262. Егер құқық қорғау органдары қатардағы жауынгерлер мен басшылық құрамының адамдарында немесе құқық қорғау органдарында қызмет өткерген азаматтарда әртүрлі жағдайларда туындаған (алған) бірнеше науқастанулар, мертігулер немесе олардың салдары анықталса, себепті байланысы туралы ӘДК қорытындысы жеке шығарылады.
      263. Егер құжатта бұрын себепті байланысы туралы қорытынды шығарылған науқастанудың, мертігудің диагнозы нақты көрсетілмесе, ішкі істер органдарының штаттық ӘДК-сы оның тұжырымын өзгертпей, алғашқы диагнозды көрсетеді, одан кейін науқастанудың, мертігудің нақтыланған диагнозын көрсетеді және ол бойынша себепті байланысы туралы ӘДК қорытындысын шығарады.
      264. Егер азаматтың медициналық куәландыру нәтижелері туралы құжаттары болмаса немесе оны медициналық куәландыру жүргізілмесе, науқастанудың, мертігудің себепті байланысы туралы ӘДК қорытындысын шығару үшін негіздеме науқастану тарихындағы, медициналық кітапшадағы, медициналық анықтамадағы, мұрағат анықтамасындағы жазбалар болып табылады.
      265. Қызметтік міндеттерді орындау кезінде алған науқастану, мертігу салдарынан немесе қызметтен босатылғаннан кейін қаза табудың (қайтыс болудың) себепті байланысы туралы ӘДК қорытындысы ішкі істер органдарының штаттық ӘДК-сы айқындайды.
      266. ӘДК-ның «Қызметтік міндеттерді орындау кезінде шалдыққан науқастануы», «Қызметтік міндеттерді орындау кезінде алған мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу)» деген қорытындысы, егер олар куәландырылушыда құқық қорғау органдарында қызмет өткеру кезеңінде туындаса немесе көрсетілген кезеңде құқық қорғау органдарына қызметке жарамдылық санатын өзгертетін ауырлық дәрежесіне жеткен болса, сондай-ақ егер науқастанудың басталуын құқық қорғау органдарында қызмет өткеру кезеңіне жатқызса, созылмалы баяу үдемелі науқастанулар кезінде құқық қорғау органдары қатардағы жауынгерлер мен басшылық құрамының адамдарына немесе құқық қорғау органдарында қызмет өткерген азаматтарға шығарылады.
      267. ӘДК-ның «Төтенше экологиялық жағдайлар салдарынан алынған науқастану» деген қорытындысы, егер науқастанулар апат салдарынан туындаған қолайсыз факторлардан пайда болса, құқық қорғау органдары қатардағы жауынгерлер мен басшылық құрамының адамдарына немесе құқық қорғау органдарында қызмет өткерген және төтенше экологиялық жағдайлардың, соның ішінде 1986-1990 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы авария салдарын жою жөніндегі жұмыстарды орындауға тартылған азаматтарға шығарылады.
      268. ӘДК-ның «Иондаушы сәулелену әсеріне байланысты алынған науқастану» деген қорытындысы құқық қорғау органдары қатардағы жауынгерлер мен басшылық құрамының адамдарына немесе құқық қорғау органдарында қызмет өткерген және ядролық қару сынағына қатысқан немесе 1949-1991 жылдар кезеңінде радиоактивті заттармен ластанған аумақта құқық қорғау органдарында қызмет өткерген азаматтарға шығарылады.
      269. Осы Қағиданың 267-268-тармақтарында көрсетілген санаттағы азаматтарға науқастанулардың себепті байланысын анықтау кезінде ішкі істер органдарының штаттық ӘДК-сы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген иондаушы сәулелену әсеріне байланысты науқастанулардың тізбесін, құқық қорғау органдарында қызмет өткеру туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қорғаныс министрліктерінің мұрағаттық деректерін басшылыққа алады.
      270. ӘДК-ның «Қызметтік міндеттерді орындау кезінде алған мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу)»; «Майданда болумен байланысты науқастану»; «Жауынгерлік іс-қимылдар жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерді орындауға байланысты науқастану» деген қорытындысы «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 сәуірдегі Заңымен мәртебесі белгіленген құқық қорғау органдары қатардағы жауынгерлер мен басшылық құрамының адамдарына немесе құқық қорғау органдарында қызмет өткерген азаматтарға шығарылады.
      271. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысуға байланысты науқастанулардың, мертігулердің себепті байланысын анықтау үшін ішкі істер органдарының штаттық ӘДК-сына қызмет өткергені туралы құжаттар, қызмет өткеру кезеңінде науқастану, мертігу фактісін растайтын мұрағаттық құжаттар және әскери қызметтен босатылғаннан кейін ресімделген медициналық құжаттар ұсынылады.
      272. ӘДК-ның «Қызметтік міндеттерді орындауға байланысты емес науқастану» деген қорытындысы, егер науқастану куәландырылушыда құқық қорғау органдарына қызметке түскенге дейін туындаса және құқық қорғау органдарында қызмет өткеру кезеңінде куәландырылушының құқық қорғау органдарында қызметке жарамдылық санатын өзгертетін дәрежеге жетпесе, құқық қорғау органдары қатардағы жауынгерлер мен басшылық құрамының адамдарына шығарылады.
      273. ӘДК-ның «Қызметтік міндеттерді орындауға байланысты емес қайғылы оқиға нәтижесінде алынған мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу)» деген қорытындысы, мертігу құқық қорғау органдарындағы қызметпен байланысты болмаған жағдайларда құқық қорғау органдары қатардағы жауынгерлер мен басшылық құрамының адамдарына шығарылады.
      274. ӘДК-ның «Қызметтік міндеттерді орындау кезінде алынған қаза табуына (қайтыс болуына) әкеп соқтырған науқастану, мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алу)» деген қорытындысы, егер құқық қорғау органдарында қызмет өткеру кезеңінде алынған науқастану, мертігу салдарынан қаза табу (қайтыс болу) болса, құқық қорғау органдары қатардағы жауынгерлер мен басшылық құрамының адамдарына немесе құқық қорғау органдарында қызмет өткерген азаматтарға шығарылады.
      275. ӘДК-ның «Чернобыль АЭС-індегі апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты қаза табуына (қайтыс болуына) әкеп соқтырған науқастану, мертігу» деген қорытындысы, егер құқық қорғау органдарында қызмет өткеру кезеңінде алынған науқастану, мертігу салдарынан қаза табу (қайтыс болу) болса, құқық қорғау органдары қатардағы жауынгерлер мен басшылық құрамының адамдарына немесе құқық қорғау органдарында қызмет өткерген азаматтарға шығарылады.

Қорытынды ережелер

      276. Штаттық немесе штаттық емес тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ның қорытындысына жоғары тұрған штаттық ӘДК-ға шағым жасалады.
      277. Штаттық ӘДК-ның қорытындысына сот тәртібімен шағым жасалады.

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2010 жылғы 30 қаңтардағы
№ 44 қаулысымен     
бекітілген       

Әскери-дәрігерлік сараптама органдары туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Әскери-дәрігерлік сараптама органдары туралы ереже (бұдан әрі - Ереже) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне сәйкес әзірленді, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарында әскери-дәрігерлік сараптама органдарын ұйымдастыру принциптерін, мәртебесін және өкілеттігін айқындайды.
      2. Әскери-дәрігерлік сараптама органдары - штаттық әскери-дәрігерлік комиссиялар, оларда әскери-дәрігерлік сараптама мәселелері бойынша өз қарамағындағы штаттық емес (тұрақты және уақытша жұмыс істейтін) әскери-дәрігерлік (дәрігерлік) комиссиялары (бұдан әрі - ӘДК) және дәрігерлік-ұшқыштар комиссиялары (бұдан әрі - ДӨК) болады.
      Әскери-дәрігерлік сараптама органдары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының, Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарының ұйымдық-штаттық құрылымына сәйкес құрылады және қорғаныс, ішкі істер саласындағы орталық атқарушы органдары, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы орталық мемлекеттік органы және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету күштеріне жататын арнайы мемлекеттік органы басқармасының құрамдас бөлігі болып табылады.
      3. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарындағы, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарындағы әскери-дәрігерлік сараптама органдарының құрамы мен құрылымын қорғаныс, ішкі істер саласындағы орталық атқарушы органдарының, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы орталық мемлекеттік органының және Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету күштеріне жататын арнайы мемлекеттік органының бірінші басшылары бекітеді.
      4. Әскери-дәрігерлік сараптама органдары тиісті командирлерге (бастықтарға) бағынады және тиісті қорғаныс, ішкі істер саласындағы орталық атқарушы органдарында, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы орталық мемлекеттік органында және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету күштеріне жататын арнайы мемлекеттік органында әскери-дәрігерлік сараптаманың ұйымдастырылуына жауап береді.
      5. Әскери-дәрігерлік сараптама органдарының құрамы тиісті қорғаныс, ішкі істер саласындағы орталық атқарушы органдары, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы орталық мемлекеттік органы және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету күштеріне жататын арнайы мемлекеттік органы бірінші басшысының бұйрығымен айқындалады және бекітіледі.
      6. Штаттық ӘДК мыналар болып табылады:
      1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери-дәрігерлік комиссиясы (Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Орталық әскери-дәрігерлік комиссиясының филиалы, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери-дәрігерлік комиссиясы жанындағы дәрігерлік-ұшқыштар комиссиясы) (бұдан әрі - ҚР Қорғанысминінің ОӘДК);
      2) Қазақстан Республикасы Республикалық ұланының әскери-дәрігерлік комиссиясы (бұдан әрі - ҚР РҰ ӘДК);
      3)  Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Орталық әскери-дәрігерлік комиссиясы (бұдан әрі - ҚР ҰҚК ӘДК);
      4) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Орталық әскери-дәрігерлік комиссиясы (бұдан әрі - ҚРІІМ ӘДК);
      5) ішкі істер департаменттерінің әскери-дәрігерлік комиссиялары;
      6) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери-дәрігерлік комиссиясы;
      7) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің әскери-дәрігерлік комиссиясы.
      7. Штаттық ӘДК ұйымдық-құқықтық нысанында:
      Қазақстан Республикасының қорғаныс саласындағы орталық атқарушы органының әскери-дәрігерлік сараптама орталығы мәртебесі бар «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери-дәрігерлік комиссиясы» мемлекеттік мекемесі;
      Қазақстан Республикасының ішкі істер орталық атқарушы органы орталық аппаратының құрылымдық бөлімшелері;
      Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы орталық мемлекеттік органы орталық аппаратының құрылымдық бөлімшелері;
      Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету күштеріне жататын арнайы мемлекеттік органының мемлекеттік мекемесі ретінде құрылады.
      Штаттық ӘДК-ның Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы сипатталған, атауы мемлекеттік тілде жазылған белгіленген үлгідегі мөрі, мөртаңбалары мен бланкілері болады.
      8. ҚР Қорғанысминінің ОӘДК, ҚР ҰҚК ОӘДК, ҚР ІІМ ОӘДК әскери-дәрігерлік сараптама мәселелері жөніндегі әдістемелік ұсынымдары барлық штаттық және штаттық емес (тұрақты және уақытша жұмыс істейтін) ӘДК және ДӨК қолдануға міндетті.

2. Әскери-дәрігерлік сараптама органдарының қызметін
ұйымдастыру

      9. Әскери-дәрігерлік сараптама органдарының жүйесі бағыныстылық тәртібі бойынша өкілеттіктері шегінде былай құрылады:
      1) әскери-дәрігерлік сараптаманың басшылық органдары: ҚР Қорғанысминінің ОӘДК, ҚР ҰҚК ОӘДК, ҚР РҰ ӘДК, ҚРІІМ ОӘДК;
      2) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының, Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Орталық әскери-дәрігерлік комиссиясы филиалының өз өкілеттігі шегінде бағынысты штаттық және штаттық емес (тұрақты және уақытша жұмыс істейтін) ӘДК және ДҰК; Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Орталық әскери-дәрігерлік комиссиясы жанындағы дәрігерлік-ұшқыштар комиссиясы; Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери-дәрігерлік комиссиясы; ішкі істер департаменттерінің әскери-дәрігерлік комиссиялары; Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің Әскери-дәрігерлік комиссиясы; госпитальдық ӘДК; гарнизондық ӘДК; Қазақстан Республикасы Құрлық әскерлерінің ӘДК; Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері авиациялық медицина зертханаларының ДҰК; Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштерінің ӘДК; Аэроұтқыр әскерлерінің ӘДК; қорғаныс істері жөніндегі департаменттер жанындағы әскери-дәрігерлік (дәрігерлік) комиссиялар; медициналық денсаулық сақтау ұйымдары жанындағы госпитальдық ӘДК құқықтары бар дәрігерлік комиссиялар; Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының авиациялық персоналын даярлау жөніндегі әскери (арнайы) оқу орындарының ДҰК; авиациялық персоналды дәрігерлік-ұшқыштар сараптау бөлімшелері бар әскери-медициналық мекемелердің госпитальдық ДҰК; қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің жанындағы ДҰК; әскери (арнайы) оқу орындарына, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусына, С. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебіне, Армия орталық спорт клубының әскери спорт колледжіне және басқа да республикалық әскери мектеп-интернаттарына (лицейлерге) түсетін кандидаттарды медициналық куәландыруға арналған ӘДК; Әскери-теңіз күштерінің сүңгуірлерін медициналық куәландыруға арналған ӘДК; танктер мен басқа да машиналарды суасты жүргізуге тартылатын әскери қызметшілерді медициналық куәландыруға арналған ӘДК; радиоактивті заттармен, иондаушы сәулелену көздерімен, зымыран отыны құрамдауыштарымен, электромагниттік өріс көздерімен жұмыс істейтін әскери қызметшілерді медициналық куәландыруға арналған ӘДК; шақыру учаскелеріне тіркеу, әскери қызметке шақыру және әскери (арнайы) оқу орындарына түсу кезінде азаматтарға медициналық куәландыру жүргізетін қорғаныс істері жөніндегі департаменттер, басқармалар (бөлімдер) жанындағы дәрігерлік комиссиялар, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның тіркеу жөніндегі комиссиялары немесе әскерге шақыру жөніндегі комиссиялары жанындағы медициналық комиссиялары.
      10. Штаттық және штаттық емес ӘДК және ДҰК қорытындылары, егер осы қорытындыларда өзгелер (шетел мемлекетіндегі қызметке жарамдылығы (тұруы) туралы) айтылмаса, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарында медициналық куәландырылған сәттен бастап бір жыл бойы, ал Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында: қатардағы жауынгер мен басшылық құрам үшін - алты ай бойы; құқық қорғау органдарына түсетін адамдар үшін - үш ай бойы жарамды.
      11. Штаттық емес ӘДК және ДӨК, сондай-ақ бағынысты штаттық ӘДК қорытындыларын өкілеттігі шегінде басшылық ететін әскери-дәрігерлік сараптама органдары қарайды және бекітеді.
      12. Штаттық және штаттық емес (тұрақты және уақытша жұмыс істейтін) ӘДК және ДӨК қорытындылары ӘДК және ДҰК мүшелерінің көп дауысымен алқалық түрінде қабылданады.
      13. Әскери-дәрігерлік сарашпы-мамандарының лауазымына әскери-дәрігерлік сараптама органдарына жоғары медициналық білімі, әскери медицина бойынша білімі, маманның сертификаты бар, сондай-ақ әскерлерде және әскери-медициналық (медициналық) мекемелердің (ұйымдардың) және өзге де орталық атқарушы органдардың бөлімшелерінде және өзге де мемлекеттік орталық органдарда клиникалық және сараптама жұмысында тәжірибесі бар адамдар тағайындалады.
      14. Әскери-медициналық (медициналық) мекеме (ұйым) немесе өзге де орталық атқарушы органдар бөлімшелерінің және өзге де мемлекеттік орталық органдардың басшысы штаттық емес (тұрақты және уақытша жұмыс істейтін) ӘДК және ДӨК қызметкерлеріне, олардың дұрыс жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайларды жасайды (жеке үй-жай, телефон, заңнамалық-анықтамалық материалдармен, басқа да қажетті заңды және медициналық әдебиеттермен, техникалық құралдармен қамтамасыз ету).

3. Әскери-дәрігерлік сараптама органдарының міндеттері

      15. Әскери-дәрігерлік сараптама органдарының негізгі міндеттері:
      1) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарында әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу;
      2) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарында және мемлекеттік авиацияда қызмет ету үшін денсаулық жағдайыны сәйкес келуіне қойылатын Талаптарға (бұдан әрі - Талаптар) сәйкес медициналық куәландыру жүргізу;
      3) денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы қызметті жүзеге асыратын және зейнетақымен қамсыздандыруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен әскери-дәрігерлік сараптама мәселелері бойынша өзара іс-қимыл;
      4) әскери-дәрігерлік сараптама мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындауға қатысу болып табылады.

4. Әскери-дәрігерлік сараптама органдарының функциялары

      16. Әскери-дәрігерлік сараптама органдары:
      1) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының төмен тұрған штаттық және штаттық емес (тұрақты және уақытша жұмыс істейтін) ӘДК мен ДҰК қорытындыларын қарайды және бекітеді (бекітпейді) немесе жояды;
      2) оларға қолбасшылық немесе медициналық куәландыруға түскен адамдар шағымданған кезде өзінің және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының, Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарының төмен тұрған штаттық және штаттық емес (тұрақты және уақытша жұмыс істейтін) ӘДК-ны және ДҰК-ны бақылау тәртінде әскери-дәрігерлік сараптама қорытындыларын қайта қарайды және қабылдайды;
      3) әскери қызмет немесе ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарында қызмет өткеруіне және әскери жиындардан өтуіне (міндеттерін атқаруға) байланысты азаматтарда мертігулердің (жараланулардың, жарақаттанулардың, контузия алудың), науқастанулардың, қаза табуының (қайтыс болуының) себепті байланысы туралы өзінің және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының, Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының төмен тұрған штаттық және штаттық емес (тұрақты және уақытша жұмыс істейтін) ӘДК қорытындыларын қайта қарайды және қабылдайды;
      4) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының төмен тұрған штаттық және штаттық емес (тұрақты және уақытша жұмыс істейтін) ӘДК және ДҰК әскери-дәрігерлік сараптаманың және сараптамалық әрекеттін жай-күйін талдайды;
      5) әскери-дәрігерлік сараптамаға байланысты әскери-медициналық (медициналық) мекемелердегі (ұйымдардағы) және өзге де орталық атқарушы органдардың бөлімшелеріндегі және өзге де орталық мемлекеттік органдарындағы емдеу-алдын алу жұмысын және медициналық куәландыруды ұйымдастыруды кемшіліктерін айқындайды;
      6) қорғаныс істері жөніндегі департаменттердегі (бөлімдердегі, басқармалардағы) шақыру учаскелеріне тіркеу және әскери қызметке шақыру кезінде, келісімшарт бойынша әскери қызметке, әскери (арнайы) оқу орындарына түскен кезінде азаматтарды, әскери міндеттілерді медициналық куәландыруды ұйымдастыруды, оның жай-күйі мен нәтижелерін зерделейді;
      7) қорғаныс, ішкі істер саласындағы орталық атқарушы органдарында, Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік орталық органдарында және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету күштеріне жататын мемлекеттік арнайы органында осы Ережелерді, ӘДС бойынша және ӘДС басқа да мәселелері бойынша нормативтік құқықтық құжаттарды іс жүзінде қолдану жөнінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының, Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының төмен тұрған штаттық және штаттық емес (тұрақты және уақытша жұмыс істейтін) ӘДК және ДӨК әскери-дәрігерлік сараптама мәселелері бойынша нұсқаулар, түсініктемелер береді;
      8) әскери-дәрігерлік сараптаманы ұйымдастыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының төмен тұрған штаттық және штаттық емес (тұрақты және уақытша жұмыс істейтін) ӘДК және ДҰК қызметкерлері орындау үшін міндетті нұсқаулар береді;
      9) әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін, әскери міндеттілерді, ұлттық қауіпсіздік органдары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін әскери-медициналық (медициналық) мекемелерге (ұйымдарға) және өзге де орталық атқарушы органдардың және өзге де мемлекеттік орталық органдарының бөлімшелеріне стационарлық немесе амбулаторлық тексеруге және медициналық куәландыруға шақыртады, жібереді;
      10) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының бағынысты штаттық және штаттық емес (тұрақты және уақытша жұмыс істейтін) ӘДК-дан және ДҰК-дан, әскери-медициналық (медициналық) мекемелерден (ұйымдардан) және өзге де орталық атқарушы органдардың және өзге де мемлекеттік орталық органдарының бөлімшелерінен, әскери бөлімдер мен мекемелерден сараптама қорытындыларын шығаруға қажетті құжаттарды сұратады;
      11) мемлекеттік мекемелердің қызметінде туындаған әскери-дәрігерлік сараптама мәселелері бойынша кеңестер, қорытындылар, анықтамалар береді;
      12) денсаулық сақтау саласында сараптама жүргізуді бақылауды жүзеге асыру кезінде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның комиссиясы құрамымен оның әрекетіне қатысады;
      13) әскери-дәрігерлік сараптама мәселелері бойынша норма жасау қызметіне қатысады;
      14) әскери-медициналық (медициналық) мекемелердің (ұйымдардың) қызметін ұйымдастыруды және үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы органдарының және өзге де мемлекеттік орталық органдары құрылымдық бөлімшелерінің басшыларымен келісу бойынша нормативтік құқықтық актілердің және басқа да құжаттардың жобаларын дайындау үшін, сондай-ақ жүктелген міндеттерге сәйкес жүргізілетін әскери-дәрігерлік сараптама жөніндегі шараларды әзірлеу және жүзеге асыру үшін әскери-медициналық қызметтің бас мамандарын тартады;
      15) әскери-дәрігерлік сараптама бойынша мәселелерді сотта және өзге де органдарда қарастырғанда мемлекеттік мекемелердің мүдделерін қорғайды.

5. Әскери-дәрігерлік сараптама органдарын қайта
ұйымдастыру және тарату

      17. Әскери-дәрігерлік сараптама органдарын қайта ұйымдастыру, тарату Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.