Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "АІЖК-нің" деген сөз "АПК-нің" деген сөзбен; "253" деген цифрлар "270" деген цифрлармен ауыстырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
Соттардың жеке ұйғарымдар шығару кезінде Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің нормаларын біркелкі қолдануы мақсатында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы
қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 270-бабында қарастырылған тәртіпте шығарылған жеке ұйғарымдар – соттардың заңдылықты бұзушылық жағдайына назар аудару актісі болып табылады.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.2. Сот отырысында анықталған заңдылықты бұзушылық жағдайлар жеке ұйғарымдар шығару үшін негіздемелер болып табылады.
Нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келмейтін әрекеттерді заңдылықты бұзушылық деп түсінген жөн.
Іске қатысушы тұлғалардың дәлелдеу жөніндегі іс жүргізу міндеттерін тиісінше орындамауы жеке ұйғарымдар шығару үшін жеткілікті негіздеме бола алмайды.
3. Соттар тиісті ұйымдарға, басқару қызметін атқаратын лауазымды немесе өзге де тұлғаларға қатысты жеке ұйғарымдар шығарады.
Мемлекеттік органдарда, жергілікті басқару органдарында, сонымен қатар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа әскерлерде және әскери құралымдарда тұрақты, уақытша немесе арнайы өкілеттік бойынша билік өкілінің қызметін жүзеге асыратын немесе ұйымдастыру-әкімшілік немесе әкімшілік-шаруашылық қызмет атқаратын тұлғалар лауазымды тұлғалар болып танылады.
Коммерциялық және коммерциялық емес заңды тұлғалардың атқару органдарының басшыларын басқару қызметін атқаратын өзге де тұлғалар деп түсінген жөн.
4. Сот жеке ұйғарымды дербес іс жүргізу құжаты түрінде, қаралған іс бойынша сот актісімен бір уақытта, кеңесу бөлмесінде шығарады.
5. Жеке ұйғарымның мазмұны шешілетін істердің және жол берілген заңдылық бұзушылықтың сипаты ескеріле отырып, АПК-нің 269-бабының талаптарына сәйкес келуі тиіс.
Жеке ұйғарымның дәлелдеме бөлімінде соттардың заңдылық бұзушылыққа жол берілгені туралы тұжырым жасауына негіз болған дәлелдер көрсетіліп, жол берілген заңдылық бұзушылықтың мәні ашылуы, талаптары бұзылған нақты нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ әрекеттері (әрекетсіздіктері) заңдылықтың бұзылуына әкеліп соқтырған тұлғалар көрсетілуге тиіс.
Жеке ұйғарымда іс бойынша мүдделі тұлғалардың әрекеттеріне қатысты нақты нұсқаулар немесе ұсыныстар болмауға тиіс, сондай-ақ кінәлілердің құқықтық жауапкершілігінің түрі мен шаралары да белгіленбеуге тиіс.
Жеке ұйғарымның қарар бөлімінде ұйымдардың атауы мен орналасқан жері көрсетілуге, сондай-ақ жеке ұйғарымды орындамаудың, жауапсыз қалдырудың немесе жеке ұйғарым бойынша мерзімінде жауап бермеудің салдары, жеке ұйғарымға шағым келтіру құқығы мен тәртібі туралы АПК-нің 270-бабы екінші бөлігінің ережелері түсіндірілуге тиіс.
Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.6. Шығарылған жеке ұйғарым қаралатын іс бойынша сот отырысында жарияланады.
7. АПК-нің 270-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, ұйымдар, басқару қызметін атқаратын лауазымды немесе өзге де тұлғалар, жеке ұйғарымды алған күннен бастап бір ай мерзім ішінде ол бойынша қабылданған шаралар туралы соттарға хабарлауға міндетті.
Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.8. Жеке ұйғарымдар қараусыз қалдырылған не оларда көрсетілген заң бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылданбаған, сондай-ақ жеке ұйғарымдарға жауап дәлелді себептерсіз мерзімінде берілмеген жағдайда, соттар лауазымды тұлғаларды Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 664-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартуға құқылы.
Әкімшілік жазаны қолдану жеке ұйғарым бойынша қабылданған шаралар туралы сотқа хабарлау міндетінен тиісті лауазымды тұлғаларды босатпайды.
Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).9. Егер сот жеке ұйғарым шығару үшін негіздердің болғанына және жеткіліктілігіне қарамастан жеке ұйғарым шығармаса, онда келесі сатыдағы сот АПК-нің 270-бабында бекітілген тәртіпте сот актісінің заңдылығын тексере отырып, өзі жеке ұйғарым шығаруға құқылы.
10. Жеке ұйғарымдарға заңда бекітілген тәртіпте жеке шағымдар, наразылықтар келтірілуі мүмкін.
Егер жеке ұйғарымдар құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын тұлғалар істерді қараған кезде қатыспаса, оларға қатысты жеке ұйғарымдар шығарылғаны туралы білмесе және (немесе) заңмен белгіленген шағымдану мерзімін өткізіп алса, олар сондай-ақ жеке ұйғарымдарға шағым беруге құқылы.
11. Жеке ұйғарымда көрсетілген заңдылықты бұзушылық анықталмаған жағдайларды қоспағанда, сот актісінің күшін жою жеке ұйғарымның күшін жоюға әкеп соқпайды.
12. "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V Заңының 5-бабына, АПК-нің 4-бабына сәйкес соттар азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған мемлекеттік функцияларды сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың салдарларын жою және кінәлілерді жауапкершілікке тарту арқылы жүзеге асырады.
Тараптардың, басқа да процеске қатысушылардың, лауазымды немесе басқа да тұлғалардың іс-әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда, соттар бұл туралы прокурорға хабарлайды.
Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.13. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
14. Мыналардың:
1) "Соттардың қоршаған ортаны қорғау туралы заңнаманы қолдану тәжірибесі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 2000 жылғы 22 желтоқсандағы № 16 қаулысының 30-тармағының екінші және үшінші абзацтарының;
2) "Соттардың бала асырап алу туралы істерді қарау кезінде неке және отбасы туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2000 жылғы 22 желтоқсандағы № 17 нормативтік қаулысының 20-тармағының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 10 және 2008 жылғы 22 желтоқсандағы № 14 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістерімен және толықтыруларымен бірге);
3) "Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 нормативтік қаулысының 21-тармағының күші жойылды деп танылсын.
15. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасы | |
Жоғарғы Сотының Төрағасы | М. Әлімбеков |
Қазақстан Республикасы | |
Жоғарғы Сотының судьясы, | |
жалпы отырыс хатшысы | Ж. Бәйішев |