Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық мәселелері жөнінде комиссия құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 11 желтоқсандағы N 2091 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес құрамда Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі комиссия құрылсын.
      2. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі комиссия туралы ереже бекітілсін.
      3. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің       
2009 жылғы 11 желтоқсандағы
N 2091 қаулысына    
1-қосымша       

Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық
мәселелері жөніндегі комиссияның құрамы

Саудабаев                 - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік
Қанат Бекмырзаұлы           хатшысы - Қазақстан Республикасының
                            Сыртқы істер министрі, төраға

Омаров                    - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер
Қайрат Ермекұлы             министрінің орынбасары, төрағаның
                            орынбасары

Нұрсұлтан                 - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер
Назым Алтайқызы             министрлігі Көп жақты ынтымақтастық
                            департаментінің атташесі, хатшы

Бекетаев                  - Қазақстан Республикасының Әділет вице-
Марат Бақытжанұлы           министрі

Дәленов                   - Қазақстан Республикасының Қаржы вице-
Руслан Ерболатұлы           министрі

Сүлейменов                - Қазақстан Республикасының Экономика және
Тимур Мұратұлы              бюджеттік жоспарлау вице-министрі

Мұқашев                   - Қазақстан Республикасы Премьер-
Жанат Базикенұлы            Министрінің Кеңсесі Сыртқы байланыстар
                            бөлімінің сектор меңгерушісі

Әзімова                   - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі
Эльвира Әбілқасымқызы       Халықаралық құқық, мемлекеттің мүліктік
                            құқықтарын қорғау департаментінің
                            директоры

Аманжолова                - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер
Зүлфия Алтайқызы            министрлігі Халықаралық құқық
                            департаментінің директоры

Досполов                  - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы
Сергей Долдаұлы             Халықаралық ынтымақтастық департаментінің
                            бастығы (келісім бойынша)

Садықов                   - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер
Барлыбай Кәрімұлы           министрлігі Көп жақты ынтымақтастық
                            департаментінің директоры

Сарыева                   - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер
Жұмагүл Қансейітқызы        министрлігі Валюта-қаржы департаментінің
                            директоры

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2009 жылғы 11 желтоқсандағы
N 2091 қаулысымен     
бекітілген        

Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық
мәселелері жөніндегі комиссия туралы ереже

      1. Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы бойынша және Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдарға кіруі, олардан шығуы, қатысуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарға қосылуы мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
      Комиссия мемлекеттік органдардың халықаралық ұйым болып табылмайтын (мемлекетаралық немесе үкіметаралық) ұйымдарға жарналар төлеуге қатысты ұсыныстарын қарамайды.
      2. Комиссияның құрамына Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, Қаржы министрлігінің, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің, Әділет министрлігінің, Бас прокуратурасының, сондай-ақ Премьер-Министрі Кеңсесінің өкілдері қосылады.
      Комиссия жұмысына Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, халықаралық және басқа да ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ ғалымдар мен мамандар тартылуы мүмкін.
      3. Өз қызметінде Комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімдерін, басқа да нормативтік құқықтық актілер мен халықаралық шарттарды, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
      4. Комиссияның негізгі міндеттері мен функциялары:
      1) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар мен әмбебап сипаттағы халықаралық шарттарға қатысуына және қабылданған, оның ішінде қаржылық міндеттемелерді барынша тиімді орындауды қамтамасыз етуге байланысты және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық мәселелері бойынша;
      2) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдарға кіруі және олардан шығуы, қатысуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарға қосылуы жөнінде мемлекеттік органдардың ұсыныстарын қарау нәтижелері бойынша;
      3) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдарға кіруі, қатысуы, сондай-ақ халықаралық шарттарға қосылуы үшін (заңнамалық, қаржылық, және басқа да салалық) жағдайларды қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
      5. Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдарға кіруі және олардан шығуы, қатысуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарға қосылуы жөніндегі ұсыныстарға мынадай құжаттар қоса беріледі:
      1) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдарға мүшелігіне немесе қатысуына байланысты, сондай-ақ халықаралық шарттарға қосылуына байланысты қабылдаған, оның ішінде қаржылық міндеттемелерді орындау жөніндегі ұсыныстар;
      2) халықаралық шарттың не халықаралық ұйымның құрылтай құжатының Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі растаған көшірмесі;
      3) осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша толтырылған түсіндірме жазба;
      4) осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша салыстырмалы кесте;
      5) ұсынысты мүдделі мемлекеттік органдармен келісу материалдары;
      6) халықаралық және ақпараттық сипаттағы өзге де құжаттар;
      7) мүдделі мемлекеттік орган ұсыныста халықаралық шарттарды жасасудың ықтимал саяси, құқықтық, қаржы-экономикалық және өзге де салдарларын көрсетеді;
      8) басқа мемлекеттер қалыптастырған көп жақты халықаралық шарттарға ескертпелердің мәтіндері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ықтимал ескертпелерінің жобалары мен негіздемелерін енгізеді.
      6. Осы Ереженің 5-тармағында көрсетілген құжаттармен қоса тиісті ұсыныс отырыс басталғанға дейін екі апта бұрын Комиссияның қарауына енгізіледі.
      7. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ кемінде жарты жылда бір рет өткізіледі. Комиссия отырыстарының аралығында төраға Комиссия хатшысының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарға қосылуы туралы, сондай-ақ халықаралық ұйымдарға кіруі жөніндегі тиісті ұсынысты Комиссияның мүшелерімен жазбаша келіскеннен кейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.
      8. Комиссия төрағасы оның жұмысына басшылық етеді, Комиссия отырыстарында төрағалық етеді, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешімдерінің іске асырылуын жалпы бақылауды жүзеге асырады және қолданыстағы заңнамаға сәйкес Комиссия жүзеге асыратын қызмет, сондай-ақ салааралық, ведомствоаралық үйлестіру мен Комиссия шығаратын шешімдер үшін дербес жауапты болады. Төраға болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары атқарады.
      9. Комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі болып табылады.
      10. Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдарға кіруінің және олардан шығуының, қатысуының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарға қосылуының қорытындылары бойынша Жұмыс органына жыл сайын есепті жылдан кейінгі 15 қаңтарға дейінгі мерзімге:
      1) қазақстандық өкілдер қол қойған Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар/әмбебап халықаралық шарттардың атқарушы органдары алдындағы қаржылық міндеттемелерін орындауы туралы есепті жылдағы тексеру актілері;
      2) Қазақстан Республикасының мүшелік жарналарды пайдалануы туралы (шығыстардың баптары бойынша) есепті жылдағы есеп;
      3) қол жеткізілген нәтижелер негізінде Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдарға/шарттарға қатысуының орындылығы туралы ұсыныс беріледі.
      11. Комиссияның хатшысы Комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды және оны өткізгеннен кейін хаттамаларды ресімдейді.
      Хатшы Комиссияның мүшесі болып табылмайды.
      12. Комиссияның шешімдері ашық дауыс берумен қабылданады және олар үшін Комиссия мүшелерінің жалпы санының басым көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      Комиссия мүшелерінің ерекше пікірге құқығы бар, ол білдірілген жағдайда, жазбаша түрде баяндалуы және Комиссия отырысының хаттамасына қоса берілуі тиіс.
      Комиссия отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша оның барлық мүшелері міндетті түрде қол қоятын хаттама жасалады.

Қазақстан Республикасының   
халықаралық ұйымдармен    
ынтымақтастық мәселелері жөніндегі
комиссия туралы ережеге    
1-қосымша           

Мүдделі мемлекеттік органның Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттарға қосылуы, халықаралық ұйымдарға кіруі,
одан әрі қатысуы және/немесе мүшелігі не олардан шығуы
туралы ұсынысына түсіндірме жазбаның нысаны

Р/с
N

Түсіндірме жазбада көрсетілуі тиіс мәліметтердің тізбесі

Бастамашы органның ақпараты

1

Бастамашы органның атауы


2

Халықаралық шарттың немесе халықаралық ұйымның құрылтай құжатының атауы


3

Халықаралық шарттың немесе халықаралық ұйымның құрылтай құжатының реттеу мәні


4

Халықаралық шартқа немесе халықаралық ұйымның құрылтай құжатына қатысушы-мемлекеттердің саны мен атауы


5

Халықаралық шартқа немесе халықаралық ұйымның құрылтай құжатына қатысушы-мемлекеттердің бар ескертпелері мен мәлімдемелері


6

Халықаралық шарттың немесе құрылтай құжатының қатысушы-мемлекеттері қабылдайтын міндеттемелер тізбесі (халықаралық шарттың немесе құрылтай құжатының тиісті баптарын, тармақтарын және басқа нормаларын көрсете отырып)


7

Халықаралық шарттың немесе құрылтай құжатының Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық актілерінен өзге нормаларды белгілейтін нақты нормалары (заңнамалық актінің тиісті баптары мен тармақтарын көрсете отырып)


8

Халықаралық шарттың немесе құрылтай құжатының орындау үшін ұлттық деңгейде құқықтық шарттарды қамтамасыз ету (Қазақстан Республикасының заңнамасына имплементациялау бойынша шаралар қабылдау) талап етілетін нақты нормалары


9

Халықаралық шарттың немесе құрылтай құжатының орындау үшін мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру және болжалды қаржыландыру көздері талап етілетін нақты нормалары


10

Халықаралық шарттың немесе құрылтай құжатының орындау үшін Қазақстан Республикасының аумағында басқа да шарттарды қамтамасыз ету талап етілетін нақты нормалары және ұсынылатын шаралар


Қазақстан Республикасының    
халықаралық ұйымдармен     
ынтымақтастық мәселелері жөніндегі
комиссия туралы ережеге     
2-қосымша           

_____________ және _____________ бойынша
(халықаралық шарттың атауы) (заңнамалық актілердің атауы)
САЛЫСТЫРМА КЕСТЕ

200_ жылғы "__" ____________

N

Халықаралық шарт нормасының редакциясы

Заңнамалық акт нормасының редакциясы

Мемлекеттік органдардың халықаралық шарт нормасын ҚР ұлттық заңнамасына имплементациялау жөніндегі ұсыныстары

1

2

3

4

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2009 жылғы 11 желтоқсандағы
N 2091 қаулысына     
2-қосымша        

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір
шешімдерінің тізбесі

      1. "Қазақстан Республикасының Халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жөніндегі сарапшылық кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 12 ақпандағы N 189 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 8, 51-құжат).
      2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 12 ақпандағы N 189 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 29 желтоқсандағы N 1354 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1998 ж., N 49, 459-құжат).
      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 12 ақпандағы N 189 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 9 тамыздағы N 891 қаулысы.
      4. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 12 ақпандағы N 189 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 23 сәуірдегі N 324 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., N 13, 147-құжат).
      5. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 12 ақпандағы N 189 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы N 1342 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., N 50, 621-құжат).