Денсаулық сақтау ұйымдарының шығындарын бюджет қаражатының есебінен өтеу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 7 желтоқсандағы N 2030 Қаулысы

Жаңартылған

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Денсаулық сақтау ұйымдарының шығындарын бюджет қаражатының есебінен өтеу ережесі бекітілсін.
      2. "Бюджет қаражатының есебінен ұсталатын медицина ұйымдарының шығындарын өтеу және денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсету ережелері мен мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асыратын ақылы қызметтерден түскен қаражатты пайдалану тәртібін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 6 қазандағы N 965 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., N 37, 410-құжат) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                             К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2009 жылғы 7 желтоқсандағы
N 2030 қаулысымен
бекітілген    

Денсаулық сақтау ұйымдарының шығындарын бюджет қаражаты
есебінен өтеу ережесі

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша «қаржыландыру» деген сөздің алдынан «шығындарды өтеу бойынша» деген сөздермен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2010.12.27 № 1425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Денсаулық сақтау ұйымдарының шығындарын бюджет қаражаты есебінен өтеу ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылы 18 қыркүйектегі Кодексіне сәйкес әзірленді және денсаулық сақтау ұйымдарының шығындарын бюджет қаражаты есебінен өтеу тәртібін айқындайды.
      2. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына шығындарды өтеу мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, шарт негізінде жүзеге асырылады.
      3. Денсаулық сақтау ұйымдарына күрделі шығыстарды (денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын денсаулық сақтау ұйымдарының (бұдан әрі - пилоттық ұйымдар) қаржылық лизинг шартымен медициналық техниканы сатып алу шығыстарынан басқа) қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген денсаулық сақтау ұйымдарының тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету жөніндегі қызметіне байланысты шығындардың барлық түрлері өтеледі.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.04.07 № 392 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      4. Денсаулық сақтау ұйымдарының күрделі шығыстары Қазақстан Республикасы бюджетінің шығыстары экономикалық жіктемесінің тиісті ерекшелігі бойынша өтеледі.
      5. Осы Ережеде қолданылатын негізгі ұғымдар:
      бастапқы медициналық-санитариялық көмек (жан басына шаққандағы норматив) - бір адамды тегін медициналық көмектің нақты көлемімен қамтамасыз етуге арналған шығындар көлемі;
      жасы-жынысы бойынша түзету коэффиценті - халықтың әртүрлі жас-жыныс санаттарына медициналық көмек көрсету коэффиценті;
      тарификатор - денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган  белгілеген, көрсетілетін медициналық қызметтер тізбесі;
      қызметтердің шығын сыйымдылығы коэффициенті - тарификатор бойынша көрсетілетін медициналық қызметтердің барлық түрінің орташа құнына бір медициналық қызмет құнының арақатынасы нәтижесінде алынған коэффициент;
      емделіп шығу жағдайы - стационарда және стационарды алмастыратын жағдайларда пациентке түскен сәттен бастап шыққанға дейін көрсетілген медициналық қызметтер кешені;
      тариф - стационарлық, стационарды алмастыратын көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында емделген бір жағдайға; жедел медициналық көмек көрсететін ұйымдардағы, санитариялық авиацияны бір шақыру үшін медициналық көмек көрсету құны;
      бастапқы медициналық-санитариялық көмек тарифіне қосымша компонент - бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары көрсететін медициналық көмек сапасының нәтижелерін ескеретін, бастапқы медициналық-санитариялық көмек тарифіне ынталандыратын құрамдас бөлік.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.12.27 № 1425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      6. Денсаулық сақтау ұйымдарына шығыстарды өтеу орындалған жұмыстар (қызметтер) актілері мен шот-тізілімдердің негізінде жүргізіледі, оларды ұсынудың нысандары мен тәртібін денсаулық саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
      7. Денсаулық сақтау ұйымдарында паллиативтік көмек көрсету, мейірбике күтімі, қалпына келтіру емі, тәулік бойы медициналық бақылай отырып, оңалту кезінде бюджет қаражаты есебінен денсаулық сақтау ұйымдарына шығындарды өтеу осы Ереженің 17-тармағында көзделген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
      8. Денсаулық сақтау ұйымдарында ұзақтығы бір күннің ішінде төрт сағаттан сегіз сағатқа дейін паллиативтік көмек көрсету, мейірбике күтімі, қалпына келтіру емі, медициналық бақылай отырып, оңалту кезінде бюджет қаражаты есебінен денсаулық сақтау ұйымдарына шығындарды өтеу осы Ереженің 20, 20-1-тармақтарында көзделген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.06.07 № 530 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

2. Денсаулық сақтау ұйымдарының шығындарын бюджет қаражаты
есебінен өтеу тәртібі

      9. Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті шығындарды өтеу бойынша қаржыландыру көлемі тіркелген халықтың санын жан басына шаққандағы нормативке және жынысы-жасы бойынша түзету коэффициентіне көбейту жолымен осы Ережеге  l-қосымшаға сәйкес формула бойынша айқындалады.
      10. Жан басына шаққандағы норматив бір адамға белгіленеді.
      Ауылдық денсаулық сақтаудың ерекшелігін, қызмет көрсету учаскесінің географиялық созылымдылығын, ауылдық жерлердегі халықтың тығыздығының төмендігін ескере отырып, бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ауылдық және қалалық денсаулық сақтау ұйымдары үшін жеке жан басына шаққандағы нормативті белгілеуі мүмкін.
      11. Жынысы-жасы бойынша түзету коэффициентін есептеу тәртібін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
      11-1. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек тарифіне қосымша компоненттің шығындарын өтеу біліктілікті арттыруға және сараланған төлемдерді ескере отырып, еңбекті ынталандыруға арналған шығындарды қамтиды және осы Ережеге 1-1-қосымшаға сәйкес айқындалады.
      Ескерту. Ереже 11-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2010.12.27 № 1425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      12. Жедел медициналық көмек көрсету, санитариялық авиация үшін шығындарды өтеу бойынша қаржыландыру көлемі жоспарланған медициналық қызметтер көрсету санына шұғыл медициналық көмек көрсетуге кезекті жоспарлы кезеңге тиісті бюджеттердің көзделген қаражатын болу жолымен осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес формула бойынша айқындалады.
      Ескерту. 12-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.12.27 № 1425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      13. Консультациялық-диагностикалық көмек көрсету үшін шығындарды өтеу бойынша қаржыландыру көлемі қызметтердің шығынды қажет ететін коэффициентін тарификатордың базалық тарифіне көбейту жолымен осы Ережеге 3-қосымшаға сәйкес формула бойынша айқындалады.
      14. Қызметтердің шығынды қажет ететін козффициентін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
      15. Консультациялық-диагностикалық көмек көрсету үшін базалық тарифті бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі кезекті жоспарланатын кезеңге тиісті бюджеттердің көзделген қаражатын консультациялық-диагностикалық көмекке, медициналық қызметтер көрсетудің жоспарланатын санына бөлу жолымен осы Ережеге 4-қосымшаға сәйкес формула бойынша айқындайды.
      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2010.06.07 № 530 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
      16. Барлық жоспарланған медициналық қызметтер бойынша шығынды қажет ететін орташа коэффициент денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен әдістемеге сәйкес айқындалады.
      17. Бір емделіп шығу жағдайы үшін шығындарды өтеу бойынша қаржыландыру көлемі денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тарифтер бойынша стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық көмек көрсетуіне шығыстарды төлеу жолымен осы Ережеге 5-қосымшаға сәйкес формула бойынша айқындалады.
      18. Коммуналдық және басқа шығыстар денсаулық сақтау ұйымдары үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тарифтер бойынша өтеледі.
      Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау ұйымдары емделген науқастардың көлемдерін орындамаған кезде коммуналдық және басқа шығындарды өтеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормативтерге сәйкес есептелген ең төменгі нақты шығыстар бойынша жүзеге асырылады.
      Ескерту. 18-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.12.27 № 1425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      19. Пациентті қалпына келтіріп емдеуге және медициналық оңалтуға ауыстыру жағдайларын қоспағанда, медициналық ұйымның ішінде аурулардың бейімі бойынша ауруды бір бөлімшеден басқа бөлімшеге ауыстыру кезінде оны емдеу үшін ақы төлеу бір емделген жағдай ретінде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2010.12.27 № 1425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      20. Денсаулық сақтау ұйымдары үйде стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде бір емделіп шыққан жағдай үшін шығындарды өтеу бойынша қаржыландыру көлемі денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тарифтер бойынша, осы Ережеге 6-қосымшаға сәйкес формула бойынша айқындалады.
      Ескерту. 20-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.06.07 № 530 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
      20-1. Бір емделіп шығу жағдайы үшін шығындарды өтеу бойынша қаржыландыру көлемі денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тарифтер бойынша бір күннің ішінде ұзақтығы төрт сағаттан сегіз сағатқа дейін медициналық бақылау жасалатын күндізгі стационардағы денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық көмек көрсетуіне шығыстарды төлеу жолымен осы Ережеге 7-қосымшаға сәйкес формула бойынша айқындалады.
      Ескерту. Ереже 20-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2010.06.07 № 530 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
      21. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 2010.12.27 № 1425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      22. Стационарлық медициналық көмек көрсететін пилоттық ұйымдар үшін лизинг төлемдерінің шығыстарын өтеуге арналған қаржыландыру көлемі осы Ережеге 8-қосымшаға сәйкес формула бойынша айқындалады.
      Пилоттық ұйымдарға лизинг төлемдерін өтеуді медициналық қызметке ақы төлеу жөніндегі мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері республикалық бюджетте көзделген бюджет қаражатын пилоттық ұйымдардың шотына шарт негізінде аудару жолымен жүзеге асырады. Лизинг төлемдерін өтеуге бағытталған бюджет қаражаты Қазақстан Республикасының Үкіметі құрған, медициналық техниканы кейіннен денсаулық сақтау ұйымдарына қаржылық лизинг шарттарында беру үшін сатып алу қызметінің негізгі мәні болып табылатын ұйыммен жасалған қаржылық лизинг шартының шеңберінде ғана пайдаланылады.
      Лизинг төлемдерін өтеуге қаражат жеткіліксіз болған жағдайда пилоттық ұйымдар лизинг төлемдерін ақылы қызметтер көрсетуден алынған қаражат есебінен өтейді.
      Ескерту. Ереже 22-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2011.04.07 № 392 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

Денсаулық сақтау  
ұйымдарының шығындарын
бюджет қаражаты есебінен
өтеу ережесіне   
1-қосымша      

Бастапқы медициналық-санитариялық көмекті шығындарды өтеу бойынша қаржыландыру көлемін айқындау формуласы

      Қарж. к = Хал. с х Ж норм, х Ж коэф.,
      мұнда:
      Қарж. К - алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымын кезекті жоспарлау кезеңіне арналған шығындарды өтеу бойынша қаржыландыру көлемі;
      Хал. с - тіркелген халық саны;
      Ж норм. - жан басына шаққандағы норматив;
      Ж коэф. - жынысы-жасы бойынша түзету коэффициент!.

Денсаулық сақтау  
ұйымдарының шығындарын
бюджет қаражаты есебінен
өтеу ережесіне   
1-1-қосымша      

Бастапқы медициналық-санитариялық көмек тарифіне қосымша компонент шығындарын өтеу жөніндегі шығындарды өтеу бойынша қаржыландыру көлемін айқындау формуласы

      Ескерту. Ереже 1-1-қосымшамен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2010.12.27 № 1425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      К қк өңір = Бал. құны х өңілердің БМСК МҰ балы,
      мұнда:
      К қк өңір - тиісті өңірдің (облыстың, астананың, республикалық маңызы бар қаланың) кезекті жоспарлы кезеңіне арналған бастапқы медициналық-санитариялық көмек тарифіне қосымша компонентті қаржыландыру көлемі;
      өңір БМСК МҰ балы - тиісті еңірдің (облыстың, астананың, республикалық маңызы бар қаланың) кезекті жоспарлы кезеңіне арналған бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін денсаулық сақтау медициналық ұйымдары баллдарының сомасы;
      Бал. құны = ҚР қк қаржыл. К /ҚР БМСК МҰ балы,
      мұнда:
      ҚР қк қаржыл. К - республикалық бюджет қаражатынан кезекті жоспарлы кезеңге арналған бастапқы медициналық-санитариялық көмек тарифіне қосымша компонентті қаржыландыру көлемі;
       ҚР БМСК МҰ балы - кезекті жоспарлы кезеңге арналған бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін барлық денсаулық сақтау медициналық ұйымдары баллдарының сомасы.

Денсаулық сақтау  
ұйымдарының шығындарын
бюджет қаражаты есебінен
өтеу ережесіне   
2-қосымша      

Жедел медициналық көмекті және санитариялық авиацияны шығындарды өтеу бойынша қаржыландыру көлемін айқындау формуласы

      Ескерту. 2-қосымшаға өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.12.27 № 1425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      Қарж. к = Қараж. к/Ж с,
      мұнда:
      Қарж. к — жедел медициналық көмек пен санитариялық авиация көрсету үшін кезекті жоспарлы кезеңге арналған шығындарды өтеу бойынша қаржыландыру көлемі;
      Қараж. к - кезекті жоспарлы кезеңге арналған тиісті бюджеттердің шұғыл медициналық көмек көрсетуге көзделген қаражаты;
      Ж с шұғыл медициналық көмек көрсететін ұйымдардағы қызметтердің жоспарланатын саны.

Денсаулық сақтау  
ұйымдарының шығындарын
бюджет қаражаты есебінен
өтеу ережесіне   
3-қосымша      

Консультациялық-диагностикалық көмекті шығындарды өтеу бойынша қаржыландыру көлемін айқындау формуласы

      Қарж. к = Ш к. х Б т,
      мұнда:
      Қарж. к - консультациялық-диагностикалық көмек көрсету үшін шығындарды өтеу бойынша қаржыландыру көлемі;
      Ш к - қызметтердің шығынды қажет ететін коэффициент;
      Б т - тарификатордың базалық тарифі.

Денсаулық сақтау  
ұйымдарының шығындарын
бюджет қаражаты есебінен
өтеу ережесіне   
4-қосымша      

      Ескерту. 4-қосымшаға өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.06.07 № 530 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

Консультациялық-диагностикалық көмек көрсеткені үшін базалықтарифті айқындау формуласы

      Б т = Қараж. к/(Жс х К ш.орт.),
      мұнда:
      Қараж. к - кезекті жоспарлы кезеңге арналған консультациялық-диагностикалық көмекке көзделген қаражат;
      Ж с - консультациялық-диагностикалық көмек көрсететін ұйымдардағы медициналық қызметтер көрсетудің жоспарланған саны;
      К ш. орт. - барлық жоспарланған қызметтер бойынша шығынды қажет ететін орташа коэффициент.

Денсаулық сақтау  
ұйымдарының шығындарын
бюджет қаражаты есебінен
өтеу ережесіне   
5-қосымша      

      Ескерту. 5-қосымшаға өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.06.07 № 530 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз), 2010.12.27 № 1425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.04.07 № 392 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.

Стационарлық көмек көрсеткені үшін тарифті айқындау формуласы

      Тст = НМШ + ҚМШ
      Тст - стационарлық көмек тарифі.
      НМШ - негізгі медициналық шығыстар, ол денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің еңбек ақысын, ҚР Еңбек кодексіне сәйкес қосымша ақшалай төлемдерді, ҚР Салық кодексіне сәйкес әлеуметтік аударымдарды, дәрілік заттарды және медициналық мақсаттағы бұйымдар мен шығыс материалдарын сатып алуды, пациенттер үшін тамақ өнімдерін сатып алуды қамтиды.
      Денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы N 1400 қаулысына сәйкес айқындалады.
      Қосымша ақшалай төлемдер Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес азаматтық қызметшілерді жыл сайынғы еңбек демалысына лауазымдық жалақы мөлшерінде сауығуға берілетін жәрдемақы төлеуді қамтиды.
      Әлеуметтік салықтар Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес әлеуметтік салық және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдар төлеуді қамтиды.
      Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін дәрілік формулярларға сәйкес дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және шығыс материалдарын сатып алу.
      "Республиканың мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тамақтанудың заттай нормаларын және жұмсақ мүкәммалмен жабдықтардың ең төменгі нормаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 қаңтардағы N 128 қаулысына сәйкес пациенттер үшін тамақ өнімдерін салып алу.
      ҚМШ - қосымша медициналық шығыстар, ол коммуналдық және өзге де шығыстарды қамтиды: жылу, электр энергиясы, ыстық және суық су, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға жұмсалатын шығындар, банк қызметтеріне, байланыс қызметтеріне ақы төлеу, кеңсе тауарларын сатып алу, іссапар шығыстары, ағымдағы жөндеу, стационарды орналастыру үшін үй-жайды жалға алу, қаржылық лизинг шартымен медициналық техниканы сатып алуға арналған шығыстар, шаруашылық тауарларды, жұмсақ мүкәммалды және басқа да тауарлар мен қызметтерді сатып алу.

Денсаулық сақтау  
ұйымдарының шығындарын
бюджет қаражаты есебінен
өтеу ережесіне   
6-қосымша      

      Ескерту. 6-қосымшаға өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.06.07 № 530 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

Үйде стационарды алмастыратын көмек тарифін айқындау формуласы

      Тү = ЕА + ҚАТ + ӘА + ДЗ, мұнда:
      Тү - үйде стационарды алмастыратын көмек тарифі.
      ЕА - денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы.
      Денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы N 1400 қаулысына сәйкес айқындалады.
      ҚАТ - қосымша ақшалай төлемдер: Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес азаматтық қызметшілерге жыл сайынғы еңбек демалысына лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыруға жәрдемақы төлеу;
      ӘА - әлеуметтік аударымдар: Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес әлеуметтік салық және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдар төлеу;
      ДЗ - денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін дәрілік формулярларға сәйкес дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен шығыс материалдарын сатып алу.

Денсаулық сақтау   
ұйымдарының шығындарын 
бюджет қаражаты есебінен
өтеу ережесіне     
7-қосымша       

      Ескерту. Ереже 7-қосымшамен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2010.06.07 № 530 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен, өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.12.27 № 1425 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.04.07 № 392 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.

Күндізгі стационар тарифін айқындау формуласы

      Тк.ст. = НМШ + ҚМШ
      Тк.ст. - күндізгі стационардың тарифі;
      НМШ - негізгі медициналық, олар денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысын, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес қосымша ақшалай төлемдерді, Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес әлеуметтік аударымдарды, пациенттер үшін дәрілік заттарды және медициналық мақсаттағы бұйымдар мен шығыс материалдарын сатып алуды қамтиды.
      Денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1400 қаулысына сәйкес айқындалады.
      Қосымша ақшалай төлемдер Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес азаматтық қызметшілердің жыл сайынғы еңбек демалысына лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыруға берілетін жәрдемақы телеуді қамтиды.
      Әлеуметтік аударымдар Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес әлеуметтік салықты және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдарды төлеуді қамтиды.
      Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және шығыс материалдарын сатып алу денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін дәрілік формулярларға сәйкес айқындалады.
      ҚМШ - қосымша медициналық шығыстар, олар коммуналдық және басқа шығыстарды: жылу, электр энергиясы, ыстық және суық су, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға арналған шығындарды, банк қызметтеріне, байланыс қызметтеріне ақы төлеуді, кеңсе тауарларын сатып алуды, іссапар шығыстарын, ағымдағы жөндеуді, стационарды орналастыру үшін үй-жайларды жалға алуды, шаруашылық тауарларын, жұмсақ мүкәммалды және басқа да қызметтерді сатып алуды қамтиды.

Денсаулық сақтау     
ұйымдарының шығындарын  
бюджет қаражаты есебінен 
өтеу ережесіне     
8-қосымша        

      Ескерту. Ереже 8-қосымшамен толықтырылды - ҚР Үкіметінің  2011.04.07 № 392 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

Пилоттық денсаулық сақтау ұйымдары үшін лизинг төлемдерінің шығыстарын өтеуге арналған қаржыландыру көлемін анықтау формуласы

      ЛТ шығыстары = К стац.нақт.қараж. Х ЛТ жылстац.жоспар.қараж.
      мұнда:
      ЛТ жыл - қаржылық лизинг шартына сәйкес стационарлық медициналық көмек көрсететін пилоттық денсаулық сақтау ұйымдарының лизинг төлемдерін өтеуге арналған шығыстарының жылдық сомасы;
      К стац.нақт.қараж. - медициналық техниканы лизинг шарттарында сатып алуға қатысатын пилоттық денсаулық сақтау ұйымы қаржылық лизинг шарттарында сатып алған медициналық техникамен стационарлық көмек көрсетуден іс жүзінде алынған қаражат сомасы;
      К стац.жоспар.қараж. - медициналық техниканы лизинг шарттарында сатып алуға қатысатын пилоттық денсаулық сақтау ұйымы қаржылық лизинг шарттарында сатып алған медициналық техникамен стационарлық көмек көрсетуден алуға жоспарланатын қаражат сомасы;
      ЛТ - лизинг төлемі.