Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесін құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 9 шілдедегі N 1048 Қаулысы

Жаңартылған

      Индустриялық-инновациялық саясат саласындағы қызметті жандандыру және мемлекеттік органдардың күш-жігерін шоғырландыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесі (бұдан әрі - Үйлестіру кеңесі) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Үйлестіру кеңесінің құрамы;

      2) Үйлестіру кеңесі туралы ереже бекітілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 9 шілдедегі
N 1048 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық дамыту жөніндегі
үйлестіру кеңесі туралы ереже

      Осы Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесі туралы ереже (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесі (бұдан әрі - Үйлестіру кеңесі) қызметінің міндеттерін, функцияларын, құқықтық және ұйымдық негіздерін айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Үйлестіру кеңесі экономиканың орнықты әрі теңгерімді өсуі және елдің бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру жөнінде ұсынымдар әзірлеу мақсатында құрылды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.10.14 № 1176 Қаулысымен.

       2. Үйлестіру кеңесі Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      3. Үйлестіру кеңесі өз қызметінде Қазақстан Республикасының заңнамасын және осы Ережені басшылыққа алады.

      4. Үйлестіру кеңесінің шешімі ұсынымдық сипатта болады.

2. Үйлестіру кеңесінің негізгі міндеттері мен функциялары

      5. Үйлестіру кеңесінің негізгі міндеті:

      1) дамуы елді үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту көзқарасы тұрғысынан маңызды болып табылатын өнеркәсіптің нақты кіші салалары мен секторларын айқындау;

      2) үдемелі индустриялық-инновациялық даму жолымен экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

      3) ел экономикасын қамтамасыз ету үшін іске асыру қажет үдемелі индустриялық-инновациялық, инвестициялық және экспорттық саясат іс-шаралары;

      4) Үйлестіру кеңесінің орталық және өңірлік салалық жұмыс топтарының қызметін үйлестіруі бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар дайындау болып табылады.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.10.14 № 1176 Қаулысымен.

       6. Үйлестіру кеңесі жүктелген міндеттерді іске асыру мақсатында мыналарға:

      1) үдемелі индустриялық-инновациялық, инвестициялық және экспорттық саясатты іске асыруға тікелей немесе жанама әсер ететін салаларда мемлекеттік саясатты іске асыруға тұжырымдамалық көзқарастарға;

      2) мемлекеттік даму институттарының, холдингтердің келісілген инвестициялық саясатын қамтамасыз етуге, олардың арасында ақпаратпен тиімді алмасу мен инвестициялық және инновациялық жобаларды бірлесіп іске асыруға;

      3) инвестициялық ахуалды жетілдіруге және ел экономикасының шикізатқа қатысты емес секторына тікелей шетелдік инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға;

      4) қазақстандық бизнестің шетелдік нарықтарға шығу үдерісін нысаналы жүйелік қолдауды ұйымдастыруға;

      5) алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2011.10.14 № 1176 Қаулысымен;

      6) алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2011.10.14 № 1176 Қаулысымен;

      7) бизнес-бастамалар мен инвестициялық жобаларды тексеруге;

      8) инвестициялық жобаларды іріктеу өлшемдеріне қатысты ұсыныстар әзірлеу жөніндегі функцияларды орындайды.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.10.14 № 1176 Қаулысымен.

3. Үйлестіру кеңесінің құқықтары

      7. Үйлестіру кеңесінің өз құзыреті шегінде:

      1) үдемелі индустриялық-инновациялық дамуды іске асыру мәселелері жөніндегі ұсыныстарды және нормативтік құқықтық актілердің тиісті жобаларын, сондай-ақ инвестициялық жобалар бойынша жасалған жұмыс туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізуге;

      2) өз жұмысына мемлекеттік органдардың басшыларын, ғалымдарды, сарапшыларды және мамандарды тартуға;

      3) мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардан Үйлестіру кеңесінің міндеттерін орындау үшін қажетті ақпаратты сұратуға;

      4) салалық жұмыс топтарын құруға;

      5) Үйлестіру кеңесі отырыстарының хаттамаларын бекітуге;

      6) Үйлестіру кеңесінің, салалық жұмыс топтарының жұмыс жоспарларын бекітуге;

      7) өз қызметін ұйымдастыру бойынша жұмыс топтарын құруға;

      8) жергілікті үйлестіру кеңестеріне әдістемелік басшылықты жүзеге асыруға құқығы бар.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.02.26 № 133 Қаулысымен.

3. Жұмысты ұйымдастыру

      8. Үйлестіру кеңесін төраға басқарады, ол оның қызметіне басшылық етеді, отырыстарына төрағалық етеді, жұмысын жоспарлайды, оның шешімдерінің іске асырылуын жалпы бақылауды жүзеге асырады.

      Төраға болмаған уақытта оның функцияларын Үйлестіру кеңесі төрағасының орынбасары атқарады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.10.14 № 1176 Қаулысымен.

       9. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Үйлестіру кеңесінің жұмыс органы болып табылады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.09.2014 N 970 қаулысымен.

       10. Үйлестіру кеңесінің жұмыс органы Үйлестіру кеңесінің жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде Үйлестіру кеңесі отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар Үйлестіру кеңесінің отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні қалғанда хаттама жобасымен қоса Үйлестіру кеңесінің мүшелеріне жіберілуі тиіс.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

       11. Үйлестіру кеңесінің жұмыс органы:

      1) алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен;

      2) Үйлестіру кеңесінде қарауға арналған ұсыныстарды жинауды жүзеге асырады. Үйлестіру кеңесінің қарауына мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар енгізетін ұсыныстарды қалыптастырады;

      3) Үйлестіру кеңесі шешімдерінің орындалуын бақылайды;

      4) мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардан Үйлестіру кеңесінің міндеттерін орындау үшін қажетті ақпаратты сұратады.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

       12. Үйлестіру кеңесінің отырысы өткізілгеннен кейін Үйлестіру кеңесінің хатшысы хаттама ресімдейді. Хатшы Үйлестіру кеңесінің мүшесі болып табылмайды.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

       13. Үйлестіру кеңесінің шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оларға Үйлестіру кеңесі мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру Үйлестіру кеңесінің отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) қосымшаға сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен өткізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      Үйлестіру кеңесі мүшелерiнiң ерекше пiкiр білдіруге құқығы бар, оны бiлдiрген жағдайда, ол жазбаша түрде жазылуы және Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген Үйлестіру кеңесі отырысының есеп-хатына қоса берілуі тиiс.

      Үйлестіру кеңесінің отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтары негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға мен хатшы қол қояды.

      Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, Үйлестіру кеңесінің хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын Үйлестіру кеңесінің мүшелеріне келісу үшін жібереді.

      Үйлестіру кеңесінің мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не себептерін негіздей отырып, келіспеу туралы жауап береді.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

       14. Үйлестіру кеңесінің отырысын Үйлестіру кеңесінің төрағасы өз бастамасы, Төраға орынбасарының бастамасы, не Үйлестіру кеңесі мүшесінің бастамасы бойынша Үйлестіру кеңесінде қарауға ұсынылатын материалдар негізінде шақырады.

      15. Үйлестіру кеңесінің отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі және егер оған оның мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысса, заңды болып саналады. Үйлестіру кеңесінің мүшелері отырыстарға ауыстыру құқығынсыз қатысады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.10.14 № 1176 Қаулысымен.

       15-1. Дауыс беру парақтарымен қоса, Үйлестіру кеңесінің материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды Үйлестіру кеңесінің жұмыс органы жүзеге асырады.

      Ескерту. Ереже 15-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

       16. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      17. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

4. Үйлестіру кеңесінің қызметін тоқтату

      18. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі Үйлестіру кеңесінің қызметін тоқтату үшін негіздеме болып табылады.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 9 шілдедегі
N 1048 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің құрамы

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.09.2014 N 970; өзгеріс енгізілді – 15.02.2017 № 70 қаулысымен.

       Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі, төраға

      Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрі, төрағаның орынбасары

      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат коры" акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары, төрағаның орынбасары (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры, хатшы

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрі

      Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің Индустриялық-инновациялық даму бөлімінің меңгерушісі

      Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі

      "KAZNEX INVEST" экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "Центр Кредит банкі" акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы (келісім бойынша)

      "Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Ұлттық талдау орталығы" акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің мүшесі - тәуелсіз директор (келісім бойынша)

      "Парасат" ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі" акционерлік қоғамының төрағасы (келісім бойынша)

      "Экономикалық зерттеулер институты" акционерлік қоғамының президенті (келісім бойынша)

      "Қазақстанның Даму банкі" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "ForteBank" акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары (келісім бойынша)

      "Қазақстан индустриясын дамыту институты" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы

      "Ұлттық инновациялық қор" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "RESMI" компаниялар тобы" акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы (келісім бойынша)

      "Ресей жинақ банкі" акционерлік қоңамы еншілес банкінің басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "Caspian Group" акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы (келісім бойынша)

      "Зерде" ұлттық инфокоммуникациялық холдингі" акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары (келісім бойынша)

      "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары (келісім бойынша)

      "Нұр Отан" партиясының орталық аппараты басшысының орынбасары (келісім бойынша)

      "Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің кеңесі төрағасының орынбасары (келісім бойынша)

      "Белкамит" бірлескен кәсіпорны" акционерлік қоғамының бас директоры (келісім бойынша)

      "Тау-кен өндіру металлургиясы және тау-кен кәсіпорындары республикалық қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры (келісім бойынша)

      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының Инвестициялық жобалар департаментінің директоры (келісім бойынша)

      "Беккер және К" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры (келісім бойынша)

      "G4 City" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры (келісім бойынша)

      "Алматы СИТИК Қазына Эдвайзер" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры (келісім бойынша)

      "Самұрық-Қазына Инвест" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары (келісім бойынша)