Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 маусымдағы N 906 Қаулысы.

Жаңартылған

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 203-бабының 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
К. Мәсімов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 15 маусымдағы
N 906 қаулысымен
бекітілген

Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының
лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін
беру лимиттерін айқындау ережесі
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексіне (бұдан әрі - Бюджет кодексі) сәйкес әзірленді және үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау тәртібін белгілейді.

      2. Үкіметтік борыш пен жергілікті атқарушы орган борышы лимиттерінің, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерінің мөлшері мың теңгеге дейінгі дәлдікпен дөңгелектенеді.

2. Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы органдар
борышының лимитін айқындау тәртібі

      3. Тиісті қаржы жылына арналған үкіметтік борыш лимиті осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес жоспарланатын қаржы жылының алдындағы жылдың соңындағы үкіметтік борыш лимитіне, жоспарланатын қаржы жылында валюталарды айырбастаудың есептік бағамын есепке алумен, республикалық бюджеттің тапшылығын ішкі нарықтағы үкіметтік қарыз алу және сыртқы нарықтағы үкіметтік қарыз алу есебінен қаржыландырудың жалпы көлеміне сүйене отырып қалыптастырылады және республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізіледі.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.04.2016 № 245 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3-1. Үкіметтік борыш лимитін нақтылау жоспарланатын қаржы жылына белгіленген республикалық бюджет тапшылығының көлемі немесе валюталарды айырбастаудың есептік бағамы өзгерген жағдайларда, республикалық бюджетті тиісті қаржы жылы ішінде нақтылау кезінде жүргізіледі.

      Ескерту. Ереже 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2010.10.05 № 1027; жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.04.2016 № 245 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      3.2. Жоспарланатын қаржы жылына арналған республикалық бюджетті әзірлеу барысында көзделген теңгенің АҚШ долларына есептік бағамына қатысты валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамы өзгерген жағдайда, үкіметтік борыш лимиті асып түсуі мүмкін.

      Ескерту. Ереже 3-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 25.04.2016 № 245 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Жергілікті атқарушы орган борышын өтеуге және оған қызмет көрсетуге арналған шығыстар көлемі тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет кірістерінің он пайызына тең мөлшерден аспауы тиіс.

      5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары борышының тиісті қаржы жылына арналған лимитін айқындау үшін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның жергілікті атқарушы органдар борышының жоспарланатын кезеңнің басындағы жай-күйі туралы деректері пайдаланылады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 19.10.2018 № 665 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қарыз алуы Қазақстан Республикасының Үкіметінен қарыз алу түрінде жүзеге асырылған жағдайларда борыш лимиті жоспарланатын қаржы жылында қарыз алуды және қаражат көлемі ескеріле отырып қалыптастырылады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 19.10.2018 № 665 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қарыз алуы республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттер алу және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің тапшылығын қаржыландыру мақсатында ішкі нарықтағы айналым үшін республикалық маңызы бар қалалардың, астананың мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруы түрінде, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға ішкі нарықтағы айналым үшін мемлекеттiк бағалы қағаздар шығаруы түрінде жүзеге асырылған жағдайларда:

      1) борыш лимиті жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 15 тамызына дейінгі мерзімде бюджетті атқару және сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы ұсынған жоспарланатын қаржы жылында қарыз алу және өз борыштарына дербес қызмет көрсету және оларды өтеу мүмкіндігінің есептемелері ескеріле отырып қалыптастырылады;

      2) лимитті есептеу жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде есепке алынған, түзету коэффициенттерін ескере отырып, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жоспарланатын үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік даму бағдарламаларының болжамына негізделе отырып жүзеге асырылады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 19.10.2018 № 665 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша осы Ережеге
2-қосымшаға сәйкес формулалар бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары борышының жоспарланатын қаржы жылына арналған лимитін жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 15 қыркүйегіне дейінгі мерзімде белгілейді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 19.10.2018 № 665 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8-1. Жергілікті атқарушы органдар борышының лимитін нақтылау бюджеттік өлшемдер өзгерген жағдайда, республикалық және жергілікті бюджеттерді тиісті қаржы жылы ішінде нақтылау кезінде жүргізіледі.

      Ескерту. Ереже 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2010.10.05 № 1027; жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.04.2016 № 245 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

3. Мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимитін айқындау тәртібі

      9. Мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін берудің тиісті жылға арналған лимиті жоспарланатын үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет кірісінің, үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге арналған шығындардың, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктері бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты шығындардың көлемдерін негізге ала отырып қалыптастырылады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2010.10.05 № 1027 Қаулысымен.

      10. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін берудің тиісті қаржы жылына арналған лимиттерін осы Ережеге 3-қосымшаға сәйкес формулалар бойынша айқындайды және мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін берудің тиісті қаржы жылына арналған лимиті бойынша тиісті ұсыныстарды Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.02.21 № 249 Қаулысымен.

  Үкіметтік борыштың және
жергілікті атқарушы орган
борышының лимитін,
мемлекеттік кепілдіктер мен
мемлекет кепілгерліктерін беру
лимиттерін айқындау ережесіне
1-қосымша

      Ескерту. 1-қосымшаға өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.10.05 № 1027 Қаулысымен.

Үкіметтік борыш лимитін айқындау формулалары

      Lgov = Lgov1 + Вdеf + (Dgov * Е), мұнда

      Lgov - жоспарланатын қаржы жылына арналған, теңгемен есептелетін үкіметтік борыш лимиті;

      Lgov1 - жоспарланатын қаржы жылының алдындағы жылдың соңындағы үкіметтік борыш лимиті;

      Вdеf - жоспарланатын қаржы жылында республикалық бюджет тапшылығын ішкі нарықта ұлттық валютамен үкіметтік қарыз алу есебінен қаржыландырудың жалпы көлемі;

      Dgov - жоспарланатын қаржы жылында республикалық бюджет тапшылығын сыртқы нарықтағы үкіметтік қарыз алу есебінен қаржыландырудың АҚШ долларындағы кросс-бағамды ескере отырып келтірілген жалпы көлемі;

      Е - жоспарланатын қаржы жылына арналған республикалық бюджетті әзірлеу барысында көзделген теңгенң АҚШ долларына есептік бағамы;

      Жоспарланатын қаржы жылына арналған үкіметтік борыш лимитін айқындау кезінде мынадай талаптар орындалуы тиіс:

      В1< (ІnGВ*0,15) - В2, мұнда

      B1 - жоспарланатын үш жылдық кезеңге арналған үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге арналған шығындардың көлемі;

      ІnGВ - жоспарланатын үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет кірістерінің көлемі;

      B2 - жоспарланатын үш жылдық кезеңге арналған мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктері бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты шығындар көлемі.

  Үкіметтік борыштың және
жергілікті атқарушы орган
борышының лимитін,
мемлекеттік кепілдіктер мен
мемлекет кепілгерліктерін беру
лимиттерін айқындау ережесіне
2-қосымша

Жергілікті атқарушы органдар борышының лимиттерін айқындау формулалары

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 19.10.2018 № 665 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары борышының жоспарланатын кезеңге арналған лимиті мынадай формулаға сәйкес айқындалады:

      Lslg = Dlg + BdefLg + Ss - Plg, мұнда

      Dlg – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жоспарланатын қаржы жылының басындағы борышы;

      BdefLg – бюджет заңнамасына сәйкес жоспарланатын қаржы жылында белгілі бір мақсаттарды іске асыру үшін республикалық бюджеттен берілетін бюджеттік кредиттер;

      Ss – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жоспарланатын қаржы жылында шығаруы болжанатын мемлекеттік бағалы қағаздарының көлемі;

      Plg – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жоспарланатын қаржы жылында борышты өтеуге жұмсалатын қаражатының көлемі.

      2. Айқындалатын лимит мынадай талапқа сәйкес болуға тиіс:

      Lslg < MaxL*k, мұнда

      Lslg – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы борышының жоспарланатын қаржы жылындағы өзінің жоспарланатын үш жылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде ескерілген бюджеттік даму бағдарламаларының болжамына қатысты лимиті;

      MaxL – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы борышының ең жоғары лимиті, ол жоспарланатын үш жылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде ескерілген бюджеттік даму бағдарламалары болжамының 100 % құрайды;

      k – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы үшін түзету коэффициенті (k=0,8, республикалық бюджеттен бюджеттік субвенциялар алатын өңірлер үшін; k=1, республикалық бюджетке бюджеттік алып қоюларды аударатын өңірлер үшін).

  Үкіметтік борыштың және жергілікті
атқарушы орган борышының лимитін,
мемлекеттік кепілдіктер мен
мемлекет кепілгерліктерін беру
лимиттерін айқындау ережесіне
3-қосымша

      Ескерту. 3-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2010.10.05 № 1027 Қаулысымен.

Мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимитін айқындау формулалары

      Мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимитін айқындау кезінде мынадай талаптар орындалуы тиіс:

      В2 < (ІnGВ * 0,15) - В1, мұнда

      В2 - жоспарланатын үш жылдық кезеңге арналған мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктері бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты шығындардың көлемі;

      ІnGВ - жоспарланатын үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет кірістерінің көлемі;

      В1 - жоспарланатын үш жылдық кезеңге арналған үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге арналған шығындардың көлемі.