Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 маусымдағы N 906 Қаулысы.

Жаңартылған

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 203-бабының 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
К. Мәсімов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 15 маусымдағы
N 906 қаулысымен
бекітілген

Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының
лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін
беру лимиттерін айқындау ережесі
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексіне (бұдан әрі - Бюджет кодексі) сәйкес әзірленді және үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау тәртібін белгілейді.

      2. Үкіметтік борыш пен жергілікті атқарушы орган борышы лимиттерінің, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерінің мөлшері мың теңгеге дейінгі дәлдікпен дөңгелектенеді.

2. Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы органдар
борышының лимитін айқындау тәртібі

      3. Тиісті қаржы жылына арналған үкіметтік борыш лимиті осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес жоспарланатын қаржы жылының алдындағы жылдың соңындағы үкіметтік борыш лимитіне, жоспарланатын қаржы жылында валюталарды айырбастаудың есептік бағамын есепке алумен, республикалық бюджеттің тапшылығын ішкі нарықтағы үкіметтік қарыз алу және сыртқы нарықтағы үкіметтік қарыз алу есебінен қаржыландырудың жалпы көлеміне сүйене отырып қалыптастырылады және республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізіледі.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.04.2016 № 245 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3-1. Үкіметтік борыш лимитін нақтылау жоспарланатын қаржы жылына белгіленген республикалық бюджет тапшылығының көлемі немесе валюталарды айырбастаудың есептік бағамы өзгерген жағдайларда, республикалық бюджетті тиісті қаржы жылы ішінде нақтылау кезінде жүргізіледі.

      Ескерту. Ереже 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2010.10.05 № 1027; жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.04.2016 № 245 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      3.2. Үкіметтік борыш лимиті жоспарланып отырған қаржы жылына арналған республикалық бюджетті әзірлеу барысында көзделген теңгенің АҚШ долларына есептік бағамына қатысты валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамы өзгерген, мемлекеттік бағалы қағаздарды дисконтпен шығарған жағдайларда, сондай-ақ бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның шетел валютасындағы шотына түскен үкіметтік сыртқы қарыздардың сомасына асырылуы мүмкін.

      Ескерту. Ереже 3-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 25.04.2016 № 245 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен; жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.12.2020 № 868 қаулысымен.

      4. Жергілікті атқарушы орган борышын өтеуге және оған қызмет көрсетуге арналған шығыстар көлемі тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет кірістерінің он пайызына тең мөлшерден аспауы тиіс.

      5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары борышының тиісті қаржы жылына арналған лимитін айқындау үшін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның жергілікті атқарушы органдар борышының жоспарланатын кезеңнің басындағы жай-күйі туралы деректері пайдаланылады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 19.10.2018 № 665 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қарыз алуы Қазақстан Республикасының Үкіметінен қарыз алу түрінде жүзеге асырылған жағдайларда борыш лимиті жоспарланатын қаржы жылында қарыз алуды және қаражат көлемі ескеріле отырып қалыптастырылады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 19.10.2018 № 665 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қарыз алуы республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттер алу және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің тапшылығын қаржыландыру мақсатында ішкі нарықтағы айналыс үшін мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруы түрінде, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін, төтенше жағдай қолданылатын кезеңде айқындалған, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі жекелеген іс-шараларды белгіленген тәртіппен қаржыландыру мақсатында ішкі нарықтағы айналыс үшін мемлекеттiк бағалы қағаздар шығаруы түрінде жүзеге асырылған жағдайларда:

      1) борыш лимиті жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 15 тамызына дейінгі мерзімде бюджетті атқару, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі және еңбек, жұмыспен қамту, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық уәкілетті органдармен келісу бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы ұсынған жоспарланатын қаржы жылында қарыз алу және өз борыштарына дербес қызмет көрсету және оларды өтеу мүмкіндігінің есеп-қисаптары ескеріле отырып қалыптастырылады;

      2) лимитті есептеу жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде есепке алынған, түзету коэффициенттерін және төтенше жағдай қолданылатын кезеңде айқындалған, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі жекелеген іс-шараларды белгіленген тәртіппен қаржыландыру үшін қажетті соманы ескере отырып, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жоспарланатын үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік даму бағдарламаларының болжамына негізделе отырып жүзеге асырылады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 07.08.2020 № 503 қаулысымен.

      8. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша осы Ережеге
2-қосымшаға сәйкес формулалар бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары борышының жоспарланатын қаржы жылына арналған лимитін жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 15 қыркүйегіне дейінгі мерзімде белгілейді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 19.10.2018 № 665 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8-1. Жергілікті атқарушы органдар борышының лимитін нақтылау бюджеттік өлшемдер өзгерген жағдайда, республикалық және жергілікті бюджеттерді тиісті қаржы жылы ішінде нақтылау кезінде жүргізіледі.

      Ескерту. Ереже 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2010.10.05 № 1027; жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.04.2016 № 245 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

3. Мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимитін айқындау тәртібі

      9. Мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін берудің тиісті жылға арналған лимиті жоспарланатын қаржы жылына арналған республикалық бюджет шығыстарының, үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығындардың, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктері бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты шығындардың көлемдері негізге алынып қалыптастырылады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 682 қаулысымен.

      10. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін берудің тиісті қаржы жылына арналған лимиттерін осы Ережеге 3-қосымшаға сәйкес формулалар бойынша айқындайды және мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін берудің тиісті қаржы жылына арналған лимиті бойынша тиісті ұсыныстарды Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.02.21 № 249 Қаулысымен.

  Үкіметтік борыштың және
жергілікті атқарушы орган
борышының лимитін,
  мемлекеттік кепілдіктер мен
мемлекет кепілгерліктерін беру
лимиттерін айқындау ережесіне
1-қосымша

Үкіметтік борыш лимитін айқындау формулалары

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 682 қаулысымен.

      Lgov = Lgov1 + Вdеf + (Dgov * Е), мұндағы

      Lgov – жоспарланатын қаржы жылына арналған, теңгемен есептелетін үкіметтік борыш лимиті;

      Lgov1 – жоспарланатын қаржы жылының алдындағы жылдың соңындағы үкіметтік борыш лимиті;

      Вdеf – жоспарланатын қаржы жылында республикалық бюджет тапшылығын ішкі нарықта ұлттық валютамен үкіметтік қарыз алу есебінен қаржыландырудың жалпы көлемі;

      Dgov – жоспарланатын қаржы жылында республикалық бюджет тапшылығын сыртқы нарықта үкіметтік қарыз алу есебінен қаржыландырудың АҚШ долларындағы кросс-бағамды ескере отырып келтірілген жалпы көлемі;

      Е – жоспарланатын қаржы жылына арналған республикалық бюджетті әзірлеу барысында көзделген теңгенің АҚШ долларына есептік бағамы.

      Жоспарланатын қаржы жылына арналған үкіметтік борыш лимитін айқындау кезінде мынадай талаптар орындалуға тиіс:

      В1< (ExGB * 0,15) - В2, мұндағы

      B1 – жоспарланатын қаржы жылына үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығындардың көлемі;

      ExGB – жоспарланатын қаржы жылына арналған республикалық бюджет шығыстарының көлемі;

      B2 – жоспарланатын қаржы жылына арналған мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекеттің кепілгерліктері бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты шығындардың көлемі.


  Үкіметтік борыштың
және жергілікті атқарушы орган
борышының лимитін,
  мемлекеттік кепілдіктер мен
мемлекет кепілгерліктерін беру
лимиттерін айқындау
ережесіне
2-қосымша

Жергілікті атқарушы органдар борышының лимиттерін айқындау формулалары

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.08.2020 № 503 қаулысымен.

      1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары борышының жоспарланатын кезеңге арналған лимиті мынадай формулаға сәйкес айқындалады:

      Lslg = Dlg + BdefLg + Ss - Plg, мұнда

      Lslg – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы борышының жоспарланатын қаржы жылындағы лимиті;

      Dlg – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жоспарланатын қаржы жылының басындағы борышы;

      BdefLg – бюджет заңнамасына сәйкес жоспарланатын қаржы жылында белгілі бір мақсаттарды іске асыру үшін республикалық бюджеттен берілетін бюджеттік кредиттер;

      Ss – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жоспарланатын қаржы жылында шығаруы болжанатын мемлекеттік бағалы қағаздарының көлемі;

      Plg – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жоспарланатын қаржы жылында борышты өтеуге жұмсалатын қаражатының көлемі.

      2. Айқындалатын борыш лимиті мынадай талапқа сәйкес болуға тиіс:

      Lslg < Bd*k+E, мұнда

      Bd – жоспарланатын үш жылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде ескерілген бюджеттік даму бағдарламаларының болжамы;

      k – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы үшін түзету коэффициенті (k=0,8, республикалық бюджеттен бюджеттік субвенциялар алатын өңірлер үшін; k=1, республикалық бюджетке бюджеттік алып қоюларды аударатын өңірлер үшін);

      E – төтенше жағдай орын алған кезеңде айқындалған, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі жекелеген іс-шараларды белгіленген тәртіппен қаржыландыру үшін қажетті сома.


  Үкіметтік борыштың және
жергілікті атқарушы орган
борышының лимитін,
мемлекеттік кепілдіктер мен
мемлекет кепілгерліктерін беру
лимиттерін айқындау ережесіне
3-қосымша

Мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимитін айқындау формулалары

      Ескерту. 3-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.10.2020 № 682 қаулысымен.

      Мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимитін айқындау кезінде мынадай талаптар орындалуға тиіс:

      B2 < (ExGB * 0,15) - В1, мұндағы

      В2 – жоспарланатын қаржы жылына арналған мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктері бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты шығындардың көлемі;

      ExGB – жоспарланатын қаржы жылына арналған республикалық бюджет шығыстарының көлемі;

      B1 – жоспарланатын қаржы жылына үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығындардың көлемі.