Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 маусымдағы N 906 Қаулысы

Қолданыстағы

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 203-бабының 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 15 маусымдағы
N 906 қаулысымен  
бекітілген     

Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының
лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін
беру лимиттерін айқындау ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексіне (бұдан әрі - Бюджет кодексі) сәйкес әзірленді және үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерін айқындау тәртібін белгілейді.
      2. Үкіметтік борыш пен жергілікті атқарушы орган борышы лимиттерінің, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимиттерінің мөлшері мың теңгеге дейінгі дәлдікпен дөңгелектенеді.

2. Үкіметтік борыштың және жергілікті атқарушы органдар
борышының лимитін айқындау тәртібі

      3. Тиісті қаржы жылына арналған үкіметтік борыш лимиті осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес жоспарланатын қаржы жылының алдындағы жылдың соңындағы үкіметтік борыш лимитіне, жоспарланатын қаржы жылында республикалық бюджеттің тапшылығын ішкі нарықтағы үкіметтік қарыз алу және сыртқы нарықтағы үкіметтік қарыз алу есебінен қаржыландырудың жалпы көлеміне сүйене отырып қалыптастырылады және республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізіледі.
      4. Жергілікті атқарушы орган борышын өтеуге және оған қызмет көрсетуге арналған шығыстар көлемі тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет кірістерінің он пайызына тең мөлшерден аспауы тиіс.
      5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары борышының тиісті қаржы жылына арналған лимитін айқындау үшін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның жергілікті атқарушы органдар борышының жоспарланатын кезеңнің басындағы жай-күйі туралы деректері пайдаланылады.
      6. Облыстардың жергілікті атқарушы органдарының қарыз алуы Қазақстан Республикасының Үкіметінен қарыз алу түрінде жүзеге асырылған жағдайларда борыш лимиті жоспарланатын қаржы жылында қарыз алуды және жергілікті бюджеттің тиісті жергілікті атқарушы органның борышын өтеуге жұмсалатын қаражатының көлемін ескере отырып қалыптастырылады.
      7. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қарыз алуы Қазақстан Республикасының Үкіметінен қарыз алу және республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің тапшылығын қаржыландыру үшін ішкі нарықтағы айналым үшін мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруы түрінде жүзеге асырылған жағдайларда:
      1) борыш лимиті республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы ұсынған өз борыштарына дербес қызмет көрсету және оларды өтеу мүмкіндігінің есептемелері ескеріле отырып қалыптастырылады;
      2) лимитті есептеу республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы бюджетінің бюджеттік алып қоюларды шегергенде, салықтық және салықтық емес түсімдер мен негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдердің көлеміне сәйкес келетін кірістеріне (бұдан әрі - меншікті кірістер) негізделе отырып жүзеге асырылады.
      8. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес формулалар бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары борышының жоспарланатын қаржы жылына арналған лимитін айқындайды және жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 1 тамызына дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге жібереді.

3. Мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимитін айқындау тәртібі

      9. Мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін берудің тиісті жылға арналған лимиті республикалық бюджет кірісінің көлеміне, үкіметтік борышқа, мемлекет кепілдік берген борышқа және мемлекет кепілгерліктері бойынша борышқа қызмет көрсетуге және оларды өтеуге арналған республикалық бюджет әзірленетін жылдың алдындағы соңғы үш жылдық кезеңдегі шығындарына сүйене отырып қалыптастырылады.
      10. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін берудің тиісті қаржы жылына арналған лимиттерін осы Ережеге 3-қосымшаға сәйкес формулалар бойынша айқындайды және мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін берудің тиісті қаржы жылына арналған лимиті бойынша тиісті ұсыныстарды республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.

Үкіметтік борыштың және жергілікті
атқарушы орган борышының лимитін,
мемлекеттік кепілдіктер мен    
мемлекет кепілгерліктерін беру  
лимиттерін айқындау ережесіне  
1-қосымша            

Үкіметтік борыш лимитін айқындау формулалары

      Lgov = Lgov1 + Вdеf + (Dgov * Е), мұнда
      Lgov - жоспарланатын қаржы жылына арналған, теңгемен есептелетін үкіметтік борыш лимиті;
      Lgov1 - жоспарланатын қаржы жылының алдындағы жылдың соңындағы үкіметтік борыш лимиті;
      Вdеf - жоспарланатын қаржы жылында республикалық бюджет тапшылығын ішкі нарықта ұлттық валютамен үкіметтік қарыз алу есебінен қаржыландырудың жалпы көлемі;
      Dgov - жоспарланатын қаржы жылында республикалық бюджет тапшылығын сыртқы нарықтағы үкіметтік қарыз алу есебінен қаржыландырудың АҚШ долларындағы кросс-бағамды ескере отырып келтірілген жалпы көлемі;
      Е - жоспарланатын қаржы жылына арналған республикалық бюджетті әзірлеу барысында көзделген теңгенің АҚШ долларына есептік бағамы;
      Жоспарланатын қаржы жылына арналған үкіметтік борыш лимиті мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс:
      Lgov * b1 <(InGB * 0,1) - (GWt * b2), мұнда
      InGB - жоспарланатын қаржы жылындағы республикалық бюджет кірістерінің көлемі;
      GWt - мемлекет кепілдік берген борыш пен мемлекет кепілгерліктері бойынша борыштың жоспарланатын қаржы жылының соңындағы көлемі;
      b1 - республикалық бюджет әзірленетін жылдың алдындағы соңғы үш жылдық кезеңде үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге арналған шығындардың орташа деңгейіне сәйкес келетін коэффициент;
      b2 - республикалық бюджет әзірленетін жылдың алдындағы соңғы үш жылдық кезеңде мемлекет кепілдік берген борыш пен мемлекет кепілгерліктері бойынша борышқа қызмет көрсетуге және оларды өтеуге арналған шығындардың орташа деңгейіне сәйкес келетін коэффициент.

Үкіметтік борыштың және жергілікті
атқарушы орган борышының лимитін,
мемлекеттік кепілдіктер мен    
мемлекет кепілгерліктерін беру  
лимиттерін айқындау ережесіне  
2-қосымша            

Жергілікті атқарушы органдар борышының лимиттерін айқындау формулалары

      1. Облыстардың жергілікті атқарушы органдары борышының жоспарланатын кезеңге арналған лимиті мынадай формулаға сәйкес айқындалады:
      Llg = Dlg + BdefLg - Plg, мұнда
      Llg - Қазақстан Республикасының Үкіметі ғана оған қарыз беруші бола алатын жергілікті атқарушы орган борышының жоспарланатын қаржы жылында жергілікті атқарушы орган бюджетінің кірістеріне қатысты лимиті;
      Dlg — облыстың жергілікті атқарушы органының жоспарланатын қаржы жылының басындағы борышы;
      BdefLg - бюджеттік заңнамаға сәйкес жоспарланатын қаржы жылында белгілі бір мақсаттарды іске асыру үшін республикалық бюджеттен берілетін қарыздар;
      Plg — облыстың жергілікті атқарушы органының жоспарланатын қаржы жылында борышты өтеуге жіберетін қаражатының көлемі.
      2. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы борышының жоспарланатын кезеңге арналған лимиті мынадай формулаға сәйкес айқындалады:
      Lslg = МахL, мұнда
      Lslg - республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы борышының жоспарланатын қаржы жылындағы өзінің меншікті кірістеріне қатысты лимиті;
      МахL - республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы борышының ең жоғары лимиті, бұл оның меншікті кірістері көлемінің 45 %-ын құрайды.
      Айқындалатын лимит мынадай талапқа сәйкес болуы тиіс:
      Lslg > Dslg + BdefLg + Ss - Pslg, мұнда
      Dslg - республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жоспарланатын қаржы жылының басындағы борышы;
      BdefLg - бюджеттік заңнамаға сәйкес жоспарланатын қаржы жылында белгілі бір мақсаттарды іске асыру үшін республикалық бюджеттен берілетін қарыздар;
      Ss - республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының жоспарланатын қаржы жылында шығаруы болжанатын мемлекеттік бағалы қағаздарының көлемі;
      Pslg - республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жоспарланатын қаржы жылында борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге жұмсалатын қаражатының көлемі.

Үкіметтік борыштың және жергілікті
атқарушы орган борышының лимитін,
мемлекеттік кепілдіктер мен    
мемлекет кепілгерліктерін беру  
лимиттерін айқындау ережесіне  
3-қосымша            

Мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін беру лимитін айқындау формулалары

      Мемлекет кепілдік берген борыш пен мемлекет кепілгерліктері бойынша борыштың жоспарланатын қаржы жылының соңына арналған ең жоғары көлемі мынадай формулаға сәйкес анықталады:
      LGW = (ІnGB * 0,1) - (Lgov * b1) - (GWtP * b2), мұнда
      LGW - жоспарланатын қаржы жылында мемлекеттік кепілдіктер мен кепілгерліктер берудің ең жоғары ықтимал көлемі;
      GWtP - берілген мемлекеттік кепілдіктер мен кепілгерліктердің жоспарланатын қаржы жылының басындағы көлемі;
      ІnGB - жоспарланатын қаржы жылындағы республикалық бюджет кірістерінің көлемі;
      Lgov — жоспарланатын қаржы жылына арналған, теңгемен есептелетін үкіметтік борыш лимиті;
      b1 - республикалық бюджет әзірленетін жылдың алдындағы соңғы үш жылдық кезеңде үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге арналған шығындардың орташа деңгейіне сәйкес келетін коэффициент;
      b2 - республикалық бюджет әзірленетін жылдың алдындағы соңғы үш жылдық кезеңде мемлекет кепілдік берген борыш пен мемлекет кепілгерліктері бойынша борышқа қызмет көрсетуге және оларды өтеуге арналған шығындардың орташа деңгейіне сәйкес келетін коэффициент.