Мемлекеттік тапсырманы әзірлеу және орындау ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 12 наурыздағы N 291 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 41-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі Қ АУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік тапсырманы әзірлеу және орындау ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2009 жылғы 12 наурыздағы
N 291 қаулысымен   
бекітілген      

Мемлекеттік тапсырманы әзірлеу және орындау
ережесі

      Осы Мемлекеттік тапсырманы әзірлеу және орындау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 41-бабына сәйкес әзірленді және мемлекеттік тапсырманы әзірлеу және орындау тәртібін айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік тапсырма жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған жекелеген мемлекеттік қызметтер көрсетуге, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға және басқа да міндеттерді орындауға арналған Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тапсырыс болып табылады.
      2. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға мемлекеттік тапсырманы орындауға бюджет қаражатын бөлу осы заңды тұлғалардың жарғылық капиталы ұлғайтылмай жүзеге асырылады.

2-тарау. Мемлекеттік тапсырманы әзірлеу тәртібі

      3. Мемлекеттік тапсырманы әзірлеу мемлекеттік тапсырма нысанында мемлекеттік қызметтер көрсетуге, инвестициялық жобаларды іске асыруға немесе басқа да міндеттерді орындауға арналған ұсыныстар мен негіздемелерді дайындауды қамтиды.
      4. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі республикалық бюджетті әзірлеу кезінде стратегиялық жоспардың жобасымен және бюджеттік өтініммен бірге мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға мемлекеттік тапсырма нысанында мемлекеттік қызметтер көрсетуге немесе инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған ұсыныс береді.
      5. Ұсыныс осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша беріледі
және:
      мемлекеттік қызметтің немесе инвестициялық жобаның атауын;
      мемлекеттік қызметтің немесе инвестициялық жобаның сипатын;
      мемлекеттік тапсырманың орындалуына жауапты жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғаның атауын;
      шеңберінде мемлекеттік тапсырманы орындау ұсынылатын республикалық бюджеттік бағдарламаның атауын және оны орындауға жоспарланып отырған бюджет қаражатының сомасын;
      мемлекеттік тапсырманы орындау мерзімін;
      мемлекеттік тапсырма нысанында мемлекеттік қызметті немесе инвестициялық жобаны іске асыру қажеттігінің негіздемесін қамтуы тиіс.
      6. Мемлекеттік тапсырма нысанында орындау жоспарланып отырған мемлекеттік қызметтер мен бюджеттік инвестициялық жобалардың тізбесі мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларымен, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерімен бірге Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізіледі.
      7. Мемлекеттік тапсырма нысанында іске асыру жоспарланып отырған бюджеттік инвестициялық жобалар бюджеттік инвестициялық жобаларды жоспарлаудың Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген барлық рәсімдерінен өтеді.
      8. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджет туралы заңның негізінде және Республикалық бюджет комиссиясының ұсыныстарын ескере отырып, республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері және мемлекеттік тапсырмаларды орындауға жауапты заңды тұлғалар көрсетілген мемлекеттік тапсырмалардың тізбесін (бұдан әрі - Мемлекеттік тапсырмалар тізбесі) қалыптастырады.
      Мемлекеттік тапсырмалар тізбесі:
      мемлекеттік тапсырма нысанында жүзеге асырылатын мемлекеттік қызметтің немесе бюджеттік инвестициялық жобаның атауын;
      мемлекеттік қызметтің немесе инвестициялық жобаның қысқаша сипаттамасын;
      мемлекеттік тапсырманы орындауға жауапты республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен заңды тұлғаның атауын;
      шеңберінде мемлекеттік тапсырма орындалатын Бірыңғай бюджеттік сыныптаманың кодын көрсете отырып, республикалық бюджеттік бағдарламаның атауын;
      мемлекеттік тапсырманы орындауға қажетті бюджет қаражатының сомасын қамтуы тиіс.
      Мемлекеттік қызметтің немесе инвестициялық жобаның сипаттамасы қысқа әрі нақты болуы және мемлекеттік қызметтің немесе инвестициялық жобаның мәнін көрсетуге тиіс. Мемлекеттік қызметті көрсетуге бағытталған мемлекеттік тапсырмаға сипаттама қол жеткізу үшін осы қызмет көрсетілетін мақсатта және оны көрсету кезінде пайдаланылатын ресурстарды емес, тиісті қызметті нақты көрсетуі қажет.
      Мемлекеттік тапсырмалар тізбесі республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына қосымша нысанда бекітіледі.
      9. Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған міндеттерді кейінге қалдырмай шешу қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі қаржы жылы ішінде Республикалық бюджет комиссиясының ұсыныстарын ескере отырып, республикалық бюджетте бекітілген республикалық бюджеттік бағдарламалар шегінде Мемлекеттік тапсырмалар тізбесіне толықтырулар енгізуі мүмкін.

3-тарау. Мемлекеттік тапсырманы орындау тәртібі

      10. Мемлекеттік тапсырманы орындау республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісі мен мемлекеттік тапсырманы орындаушы арасында азаматтық-құқықтық мәміле (бұдан әрі - шарт) жасай отырып, бекітілген республикалық бюджеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде жүзеге асырылады.
      11. Шарт мемлекеттік тапсырманы орындаудың тікелей және түпкілікті нәтижелерінің көрсеткіштерін, қажет болған кезде сапа мен тиімділік көрсеткіштерін, мемлекеттік тапсырманы орындау мерзімін, бюджет қаражатын алған және пайдаланып отырған заңды тұлғаның мемлекеттік тапсырманы орындау көрсеткіштеріне қол жеткізібегені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылығы қамтуы тиіс.
      12. Мемлекеттік тапсырманы орындау Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген конкурстық рәсімдер сақталмай жүзеге асырылады.
      13. Мемлекеттік тапсырманы орындауға жауапты жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлға соның шеңберінде мемлекеттік тапсырма орындалатын республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісіне шартта белгіленген мерзімде оның орындалу барысы туралы есеп береді.
      Республикалық бюджеттік бағдарламаның әкімшісі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджетті орындау жөніндегі орталық уәкілетті органға мемлекеттік тапсырманың орындалуы туралы есеп береді.

Мемлекеттік тапсырманы 
әзірлеу және орындау  
ережесіне қосымша   

Мемлекеттік тапсырма нысанындағы мемлекеттік қызметтерді көрсетуге немесе бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған ұсыныс

_____________________________________________________________________
      (республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің атауы)

N

Мемлекеттік қызметтің немесе инвестициялық жобаның атауы

Мемлекеттік қызметтің немесе инвестициялық жобаның сипаты

Мемлекеттік тапсырманы орындауға жауапты жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғаның атауы

Шеңберінде мемлекеттік тапсырманы орындау ұсынылатын республикалық бюджеттік бағдарламаның атауы

Мемлекеттік тапсырманы орындауға жоспарланатын бюджет қаражатының сомасы

Мемлекеттік тапсырманың орындалу мерзімі

Мемлекеттік тапсырма нысанында мемлекеттік қызметті көрсету немесе инвестициялық жобаны іске асыру үшін негіздеме

















Орталық атқарушы органның жауапты хатшысы
(белгіленген тәртіппен орталық атқарушы
органның жауапты хатшысының өкілеттіктері
жүктелген лауазымды тұлға)
                                   ________ _________________________
                                    (қолы)   (колының толық жазылуы)

                                   М.О
Ұсыныс жасауға жауапты орталық
атқарушы органның тиісті
құрылымдық бөлімшесінің басшысы    ________ _________________________
                                    (қолы)   (қолының толық жазылуы)