Азаматтық істер бойынша қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 12 қаңтардағы N 2 Нормативтік қаулысы.

Жаңартылған

      ХАБАРЛАНДЫРУ      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "АІЖК-нің", "АІЖК" деген сөздер "АПК-нің" деген сөзбен; "159" деген цифрлар "156" деген цифрлармен ауыстырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "талапты", "талапкердің", "талапкер", "Талапкер", "талапкерден" деген сөздер тиісінше "талап қоюшының", "талап қоюшы", "Талап қоюшы", "талап қоюшыдан", "талап қоюды" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "талап арызды", "талап арыз" деген сөздер тиісінше "талап қоюды" "талап қою" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Азаматтық істер бойынша қамтамасыз ету шараларын қабылдауды реттейтін заң актілерін сот практикасында біркелкі түсіну және қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде (бұдан әрі - АПК) және басқа да заң актілерінде қарастырылған жауапкердің (борышкердің) сот актілерін мәжбүрлеп орындатуды қиындатуы немесе болдырмауы мүмкін әрекеттерінің жолын кесу шараларын азаматтық сот ісін жүргізудегі қамтамасыз ету шаралары деп түсіну керек.

      Қабылданған қамтамасыз ету шаралары жауапкер-заңды тұлғаны немесе жеке кәсіпкерді банкроттыққа ұшыратуға, қалыпты өндірістік қызметті бұзуға, басқа тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерін бұзуға, рейдерлікке жол беруге (жауапкердің мүлкін заңсыз тартып алуға) әкеліп соқтырмауы керек.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      2. Төреліктің талқылаумен қаралатын істер бойынша талап қоюды қамтамасыз ету шараларын сот АПК-нің 15-бабында қарастырылған барлық ережелерді сақтай отырып, борышкердің немесе төреліктің орналасқан жері бойынша қабылдайды.

      Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды қарау кезінде сот қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арыз берген тұлғаның талап қоюы бойынша төреліктің істі қозғаған-қозғамағанын, төрелік талқылауды қозғау туралы ұйғарымды талап ете отырып, тексеруге міндетті.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      3. Қамтамасыз ету шаралары:

      мүліктік немесе мүліктік емес сипаттағы талап қоюларды;

      соттардың шешімдерін орындауды;

      бітімгершілік келісімдерді бекіту туралы соттардың ұйғарымдарын орындауды;

      дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді;

      атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуды қамтамасыз ету үшін қабылданады.

      Сот қамтамасыз ету шараларын істің қандай жағдайында болмасын судья талап қоюды іс жүргізуге қабылдағаннан және азаматтық істі қозғағаннан кейін ғана, бірақ заңды күшіне енген сот актісін орындау туралы атқарушылық құжат берілгенге дейін қабылдайды.

      Егер сот қамтамасыз ету шараларын қабылдамаса, заңда көзделген жағдайларда сот орындаушысы да атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуды қамтамасыз ету үшін атқарушылық іс жүргізуде қамтамасыз ету шараларын қабылдайды.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      4. АПК-нің 156-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген қамтамасыз ету шаралары түбегейлі болып табылмайды.

      Егер өзге де қамтамасыз ету шараларын қабылдамау осы санаттағы істер бойынша шешімдерді орындауды қиындатуы немесе болдырмауы мүмкін болса, даулы құқықтық қатынастардың сипатын ескере отырып және осы құқықтық қатынастарды реттейтін заңнамаға сәйкес, сот оларды қабылдай алады.

      Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда Қазақстан Республикасының заң актілерімен салыстырғандағыдан өзге қамтамасыз ету шаралары қарастырылуы мүмкін. 1995 жылғы Конституция қабылданғанға дейiн жасалған, күшiне енуiнің шарты ретінде ратификациялау көзделмеген халықаралық шарттардың күшi бар болып табылады және Республиканың тиiстi құқықтық қатынастар саласын реттейтiн заңдарында осы халықаралық шарттар үшін мұндай басымдық тікелей көзделген болса, онда Республика заңдарынан басымдығы сақталады ("Қазақстан Республикасы Конституциясы 4-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің 2000 жылғы 11 қазандағы № 18/2 қаулысы.

      Егер сот шешімін орындауды және талап қоюшының бұзылған заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды неғұрлым тиімді қамтамасыз етуге мүмкіндік берсе, сот бір мезгілде бірнеше қамтамасыз ету шараларын қабылдауға құқылы.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысымен.

      5. АПК-нің 157-бабына сәйкес сот қамтамасыз ету шараларын іске қатысатын адамдардың, төрелік талқылау тараптарының немесе олардың өкілдерінің арызы негізінде қабылдайды.

      АПК-нің 155-бабына сәйкес іске қатысатын адамдар, төрелік талқылау тараптары немесе олардың өкілдері арызда қамтамасыз ету шараларын қабылдамау сот актісін мәжбүрлеп орындауды қиындататыны немесе мүмкін етпейтіндігі жөнінде дәлелдерді көрсетуі тиіс.

      АПК-нің 156-бабында қарастырылған сот бұйрығын беру туралы арызды қарау барысында қамтамасыз ету шаралары қабылданбайды, өйткені сот бұйрығы АПК-нің 135-бабында қарастырылған даусыз талаптар бойынша азаматтық іс қозғамастан шығарылады. Алайда, сот бұйрығы заңды күшіне енгеннен кейін, бірақ ол АПК-нің 143-бабының тәртібімен өндіріп алушыға берілгенге дейін, сот өндіріп алушының арызы бойынша сот бұйрығын мәжбүрлеп орындату жөніндегі қамтамасыз ету шараларын қабылдауға құқылы.

      Сот өз бастамасымен қамтамасыз ету шараларын қабылдай алмайды.


      Ескерту. 5-тармаққа өзгерістер енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      6. Егер талап қоюшының немесе оның өкілінің арызы бола тұра қамтамасыз ету шаралары қабылданбаған болса, сот АПК-нің 157-бабына сәйкес, талап қоюды қамтамасыз ету немесе сот актілерін орындауды қамтамасыз ету туралы ұйғарым шығарады.

      Егер талап қоюды қамтамасыз ету туралы арыз талап қоюға қоса берілсе немесе ол туралы талап қоюда көрсетілсе, онда судья арызды азаматтық іс қозғау туралы ұйғарым шығарылған күні қарайды және шешеді. Қалған жағдайларда талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды судья арыз сотқа түскен күні шешеді.

      Істі сот талқылауына дайындаған кезде берілген талап қоюды қамтамасыз ету шаралары туралы, сот актісін мәжбүрлеп орындату сатысынан бұрын берілген қамтамасыз ету шаралары туралы арыздарды судья іске қатысушы тұлғаларға олардың қаралатын орны мен уақытын хабарламастан жеке дара қарайды. Мұндай жағдайларда іс жүргізу әрекеттерінің жеке хаттамасы жүргізілмейді.

      Егер талап қоюды қамтамасыз ету туралы арыз сот отырысында берілсе, онда ол дереу зерттеледі, содан кейін судья оны қанағаттандыру немесе бас тарту туралы ұйғарым шығарады.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5; 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      7. Қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арызды қараған кезде сот қамтамасыз ету шараларының талап қоюшы (арызданушы) мәлімдеген материалдық-құқықтық талаптарға сәйкес келетіндігі, мәлімделген талаптарға парапарлығы, сот актісін орындауды қиындату немесе орындатпау мақсатында жауапкер жасауы мүмкін әрекеттердің жолын кесуді қамтамасыз ете алатындығы туралы мәселелерді зерттеуі керек.

      Егер сот талап қоюшы арызында көрсеткен қамтамасыз ету шараларының ол мәлімдеген материалдық-құқықтық талаптарға сәйкес келмейтіні туралы тоқтамға келсе, онда аталған қамтамасыз ету шараларымен талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды қанағаттандырусыз қалдырады.

      8. Соттың қамтамасыз ету шараларын қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарым шығаруы талап қоюшының немесе оның өкілінің осындай шараларды қабылдаудың қажеттігі туралы жаңа дәлелдерді көрсетіп, талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қабылдау жөнінде сотқа қайта арыз беруіне кедергі келтірмейді.

      9. Қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арызды қарау нәтижесі бойынша шығарылған сот ұйғарымы АПК-нің 269-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келуі тиіс. Бұл ретте сот АПК-нің 155-бабында қарастырылған қамтамасыз ету шараларын қабылдаудың негіздерінің бар-жоғы туралы арызданушының дәлелдеріне баға беруі тиіс.

      Жауапкердің өзінің барлық мүлкін немесе оның бір бөлігін жасыруға не иеліктен шығаруға, Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге дайындық жасауға бағытталған және тағы басқа әрекеттерін заңды күшіне енген сот актісін орындаудың қиындығы немесе мүмкін еместігі деп түсіну керек.

      Қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы ұйғарымның қарар бөлігінде оның дереу орындалуға жататыны көрсетілуі тиіс.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      10. АПК-нің 429-бабына сәйкес талап қоюды қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі ұйғарымға ол түпкілікті нысанда дайындалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде прокурор өтінішхат келтіруі, мүдделеріне қатысы бар адамдар жеке шағым беруі мүмкін.

      Егер талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым шағым берген адамға хабарламай шығарылса, АПК-нің 161-бабының екінші бөлігіне сәйкес шағым беру үшін мерзім оған осы ұйғарым туралы белгілі болған күннен бастап есептеледі.

      Талап қоюды қамтамасыз ету мәселелері бойынша соттың ұйғарымына берілген жеке шағыммен (прокурордың өтінішхатымен) бірге қабылданған ұйғарымға қатысты істен бөліп алынған материал жолданады.

      Қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы соттың ұйғарымына жеке шағымды беру ұйғарымды орындауды тоқтатпайды.

      Сонымен қатар талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою немесе қамтамасыз етудің бір түрін екіншісіне ауыстыру туралы соттың ұйғарымына шағым келтіру немесе прокурордың өтінішхатын қарау жеке шағымды немесе прокурордың өтінішхатын қарағанға дейін көрсетілген ұйғарымдардың орындалуын тоқтата тұрады.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5; 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.
      11. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      12. АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасын қолданған кезде талап қоюшы шарттық, деликтілік немесе борышкердің мүлкі есебінен қанағаттандырылуға жататын мүліктік сипаттағы өзгеде құқықтық қатынастардан туындайтын талаптар қойғанда ғана жауапкерге тиесілі мүлікке тыйым салу сияқты қамтамасыз ету шараларына жол беріледі.

      Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 115-бабында көрсетілген жауапкер меншік құқығымен немесе шаруашылық жүргізу құқығымен иелік ететін және пайдаланатын мүлік түрлерін жауапкерге тиесілі мүлік деп түсіну керек.

      Аталған жауапкерлердің иелігіндегі ақшаларды қоспағанда, мемлекеттік мүлікке оралымды басқару құқығымен иелік ететін және пайдаланатын мемлекеттік органға, мемлекеттік мекемеге немесе қазыналық кәсіпорынға қатысты мүлікке тыйым салу сияқты қамтамасыз ету шарасы қолданылмайды. АК 44 , 922 , 923-баптарына сәйкес, аталған жауапкерлер келтірілген зиян үшін өздерінің иелігіндегі ақшаларымен есептеседі. Аталған жауапкерлердің иелігіндегі ақша жеткілікті болмаған жағдайда, олардың міндеттемелері бойынша субсидиарлық жауапкершілік мемлекеттік қазынаға жүктеледі.

      13. Мүлікке тыйым салу сияқты қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы талап қоюшының өтінішін қараған кезде сот нақты заттарды немесе мүліктің түрлерін көрсетпейді, тіпті талап қоюшы нақты заттарға тыйым салу туралы өтініш білдірсе де тыйым салынуы мүмкін мүліктің құнын белгілемейді.

      Сот ұйғарымында талап қоюшының мүліктік талабының мөлшері немесе талап қоюшының мүліктік талабының сот шешімімен қанағаттандырылған мөлшері ғана көрсетілуі керек, ал мүліктің жауапкерге (борышкерге) тиесілігін немесе оның құнын атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамалық актіде көзделген тәртіпте атқарушылық құжатты орындаған кезде сот орындаушысы белгілейді.

      14. АК 952-бабына сәйкес, моральдық зиянның көлемін сот шешім шығарған кезде анықтайтындықтан, моральдық зиянды ақшалай өндіру туралы істер бойынша талап қоюды қамтамасыз ету үшін мүлікке тыйым салу шарасын қабылдай алмайды.

      Осындай талап қоюды қамтамасыз ету туралы талап қоюшының өтініші болған жағдайда, сот шешім шығарумен қатар немесе моральдық зиянды өтеу мөлшерін белгілеген шешім шығарғаннан кейін шешімді орындауды қамтамасыз ету туралы ұйғарым шығарады. Бұл ретте, тыйым салынуға жататын мүліктің көлемі сот жауапкерден өндірген моральдық зиян сомасының мөлшерінен аспауы тиіс.

      15. Талап қоюшы мәлімдеген мүліктік емес сипаттағы талаптардан дауланып отырған заттың немесе оның істі қарағанға дейінгі қалпының сақталуы қажеттілігі туындаған жағдайларда, сот АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында қарастырылған қамтамасыз ету шарасын қабылдауы мүмкін. Дауланып отырған заттарды иемдену, үй-жайдың құрылымын өзгерту, жер телімінің шекарасын өзгерту, авторлық құқықтар мен сабақтас құқықтардың объектілерін көбейту жөніндегі және басқа әрекеттерді жауапкердің жасауына тыйым салынуы мүмкін.

      16. АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес борышкердің талап қоюшы алдындағы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуі мақсатында сот үшінші тұлғалардың жауапкерге мүлікті беруіне немесе мүліктік сипаттағы басқа да міндеттемелерді орындауына тыйым салуға құқылы.

      Үшінші тұлғалардың іс бойынша жауапкердің алдындағы міндеттемелері жөнінде анық мәліметтер болғанда және жауапкер үшінші тұлғалардан міндеттемесін орындатқаннан кейін сот актісінің орындалуын қиындатуы немесе орындалмастай етуі мүмкін екендігіне негіз болғанда сот аталған қамтамасыз ету шарасын қабылдай алады.

      Аталған қамтамасыз ету шарасын қабылдау туралы сот ұйғарымында нақты қандай тұлғаға мүлікті беруге немесе іс бойынша жауапкер алдындағы өзге де міндеттемелерді орындауға тыйым салынатыны көрсетілуі керек. Сонымен бірге тұлғаның жауапкер алдындағы міндеттемелерінің талаптап артық көлемі АК 272-бабына сәйкес орындала беруі үшін сот талап қоюшы мәлімдеген материалдық-құқықтық талаптар мен тұлғаның іс бойынша жауапкердің алдындағы міндеттемелерінің көлемін ескеруі керек.

      17. АПК-нің 251-бабына сәйкес, талап қоюшының өтініші бойынша мүлікті тыйым салудан босату (тізімнен алып тастау) туралы талап қою берілген кезде, сот АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 4) тармақшасында қарастырылған қамтамасыз ету шарасын қабылдайды.

      Сот орындаушысы тыйым салудан босату туралы талап қою берілген мүлікті сату жөніндегі атқарушылық әрекеттерді өз бетімен тоқтатпаса, қамтамасыз ету шарасы тыйым салудан босату (тізімнен алып тастау) туралы арыз берілген нақты мүлікке қолданылады.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгерістер енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.
      18. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      19. Тұлға атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамалық актімен қарастырылған атқарушылық құжатты сот тәртібімен даулаған жағдайда сот АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 6) тармақшасында көрсетілген қамтамасыз ету шарасын қабылдайды.

      Сот бұйрығы АПК-нің 141, 142, 143-баптарында белгіленген тәртіп пен мерзімдері бұзыла отырып мәжбүрлеп орындауға жіберілсе, оны атқарушылық құжат ретінде сотта даулауға болады.

      Атқарушылық парақ АПК-нің 241-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес келмесе, бірақ сот орындаушысы оны мәжбүрлеп орындатуға қабылдаса, оны атқарушылық құжат ретінде сот тәртібімен даулауға болады.

      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша судьяның қаулысы атқарушылық құжат ретінде, егер ол әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамалық актіде көзделген қағидаларды бұза отырып, мәжбүрлеп орындатуға қолданылған болса, сот тәртібімен дау айтылуы мүмкін.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгерістер енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      19-1. АПК 156-бабының бірінші бөлігінің 7) тармақшасында көзделген кепіл нысанасын соттан тыс сату жөніндегі сауда-саттықтарды тоқтата тұру түрінде қамтамасыз ету шарасына қатысты, соттардың соттан тыс сату нысанасы болып табылатын кепіл мүлкіне дау болған жағдайда осы талап қоюды қамтамасыз ету шарасы қолданылуы мүмкін екенін ескергендері жөн.

      Бұл ретте соттар мұндай талап қоюды қамтамасыз ету шарасы сауда-саттықтың қорытындылары шығарылғанға дейін қабылданатынын ескеруі тиіс.

      Ескерту. 19-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      19-2. АПК 156-бабының бірінші бөлігінің 8) тармақшасында белгіленген талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар атқарушылық іс жүргізуде жасалатын мүлікті өндіріп алуға байланысты сот орындаушысының актілері мен әрекеттері дауланған жағдайда қабылдануы мүмкін.

      Ескерту. 19-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
      20. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      21. АПК-нің 159-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, сот іс бойынша қабылданған қамтамасыз ету шарасын басқа қамтамасыз ету шарасымен ауыстыруға құқылы (мысалы, мүлікке тыйым салуды жауапкерге белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым салумен және т.б.).

      АПК-нің 159-бабының екінші бөлігіне сәйкес сот талап қоюды қамтамасыз ету шараларын ауыстыру туралы арызды іске қатысатын адамдарды шақырмастан қарауға не сот отырысын тағайындауға құқылы. Бұл ретте сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған іске қатысатын адамдардың келмеуі арызды қарау үшін кедергі болып табылмайды.

      Арызды қараған кезде талап қоюшы бұрын қабылданған қамтамасыз ету шарасы парапарлық талаптарына сәйкес келмейтіні, ал оның орнына ұсынылып отырған қамтамасыз ету шарасы АПК-нің 155-бабында көрсетілген мақсаттарға сәйкес келетіні туралы сотқа дәләлдемелер ұсынуға міндетті.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгерістер енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      22. АПК-нің 159-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, талап қоюшының қарызды ақшалай өндіріп алу туралы талабы бойынша ғана жауапкер АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің депозитіне талап қою бағасына тең соманы енгізуге құқылы.

      Ескерту. 22-тармаққа өзгерістер енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      23. Сот талап қоюды қамтамасыз ету туралы талап қоюшының өтінішін қанағаттандыра отырып, АПК-нің 162-бабының негізінде тек талап қоюшының дәлелдерін ғана емес, екі жақтың да мүдделерін ескеріп, ақылға қонымдылық пен әділдікке сүйеніп, қамтамасыз ету шараларын қабылдаудан жауапкерге келетін залалды қамтамасыз етуді талап қоюшыдан талап етуге құқылы.

      Егер талап қоюшы қамтамасыз ету шараларын қабылдаудан жауапкерге келетін залалды қамтамасыз етпесе, онда сот қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы талап қоюшының арызын қанағаттандырусыз қалдыруға құқылы.

      Егер АПК-нің 155-бабында қарастырылған қамтамасыз ету шараларын қабылдауға арналған негіздер болмаса, қарсы қамтамасыз ету шарасы қолданылмайды.

      Ескерту. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      24. АПК-нің 160-бабының екінші бөлігіне сәйкес талап қою қанағаттандырылған шешім толық орындалғанға дейін сот қабылдаған қамтамасыз ету шаралары күшінде болады.

      АПК-нің 160-бабының екінші бөлігіне сәйкес талап қоюдан бас тартылған жағдайда талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде қабылданған шаралар шешім заңды күшіне енгенге дейін сақталады. Сот шешімнің заңды күшіне енуімен бірге талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы ұйғарым шығарады. Талап қою қанағаттандырылған кезде оны қамтамасыз ету жөніндегі қабылданған шаралар сот шешімі орындалғанға дейін өзінің қолданысын сақтайды. Қамтамасыз ету шараларының күшін жою туралы мәселе бойынша атқару парағы жазылмайды.

      Сот қамтамасыз ету шараларының күшін жою туралы мәселені сот отырысының хаттамасын жасай отырып, іске қатысатын адамдарды хабардар ете отырып, сот отырысында қарайды.

      Ескерту. 24-тармаққа өзгерістер енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.12.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.
      25. Алып тасталды – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
      26. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      27. Егер сот актісінің орындалуы АПК-нің 448-бабында қарастырылған тәртіппен тоқтатылмаса, атқару құжаты беріле отырып шығарылған сот актісіне кассациялық тәртіппен шағым беру (наразылық келтіру) атқару құжатын мәжбүрлеп орындатуды тоқтату үшін негіз бола алмайды.

      Ескерту. 27-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      28. Мыналардың:

      1) "Азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы N 21 нормативтік қаулысының 13-тармағының;

      2) "Сот шешiмi туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі N 5 нормативтік қаулысының 29-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      29. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ. Мәми
      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы Ж. Бәйішев