Ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау ережесін және оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы N 1395 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау ережесі;
      2) ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметке қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.

      2. Мыналардың:
      1) "Заңды және жеке тұлғаларға ғарыштық кеңістікті пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыруға лицензия берудің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 21 наурыздағы N 431 қаулысының ;
      2) "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы N 1111 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 40, 522-құжат) бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 5-тармағының;
      3) "Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 мамырдағы N 438 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., N 17, 191-құжат) бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 7-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін жиырма бір күн мерзім өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2007 жылғы 29 желтоқсандағы
N 1395 қаулысымен   
бекітілген       

Ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы
қызметті лицензиялау ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында заңды және жеке тұлғалардың ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау тәртібін белгілейді.

      2. Ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметті лицензиялауды Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі (бұдан әрі - лицензиар) жүзеге асырады.

      3. Зымыран-ғарыш техникасын жасауды, өндіруді, пайдалануды, жөндеу мен жаңғыртуды, оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жерүсті инфрақұрылымын (полигон, командалық-өлшеу кешені, стендтік база және басқалары) пайдалануды қоса алғанда, ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметтің барлық түрлері лицензиялауға жатады.

      4. Ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыруға қолдану мерзімі шектеусіз бас лицензия беріледі.

2. Лицензияны беру, қайта ресімдеу және
оны беруден бас тарту тәртібі

      5. Лицензияны алу үшін өтініш беруші лицензиарға мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) өтініш;
      2) заңды тұлға үшін - Жарғының және өтініш берушінің заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмелері;
      3) жеке тұлға үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      4) дара кәсіпкер үшін - өтініш берушінің дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелуі туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      5) өтініш берушінің салық органында есепке тұрғаны туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      6) ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметпен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжат;
      7) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттар.

      6. Лицензияны беру үшін лицензиарға ұсынылған барлық құжаттар тізімдеме бойынша қабылданады, оның көшірмесі лицензиар құжаттарды қабылдаған күні туралы белгі соғылып, өтініш берушіге жіберіледі (тапсырылады).

      7. Лицензиар лицензияны алуға өтініш берушінің құжаттары тіркелген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің мемлекеттік тіркелген жері бойынша қоршаған ортаны қорғау, санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі саласындағы органға өтініш берушінің тиісті талаптарға сәйкестігі туралы қорытынды ұсыну туралы сауал жібереді.
      Көрсетілген органдар жиырма бес жұмыс күні ішінде, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін жеті жұмыс күні ішінде өтініш берушінің қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтайды және лицензиарға өтініш берушінің қойылатын талаптарға сәйкестігі туралы қорытынды жібереді.

      8. Лицензияны лицензиар өтініш берушіге отыз жұмыс күнінен кешіктірмей, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін, осы Ереженің 5-тармағында белгіленген тиісті құжаттармен қоса өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
      Лицензиар осы Ережеде белгіленген мерзім ішінде лицензияны беруге не лицензияны беруден бас тартудың себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап қайтаруға міндетті.

      9. Егер лицензиар осы Ережеде белгіленген мерзімде өтініш берушіге лицензияны бермеген немесе өтініш берушіні лицензияны беруден бас тарту себептері туралы жазбаша түрде хабардар етпеген жағдайда, онда осы Ережеде лицензияны беру үшін белгіленген мерзімдер өткен күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң өтініш беруші лицензиарды ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыра бастағаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
      Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш беруші жазбаша хабарламада көрсеткен күннен бастап лицензияны беруге міндетті.

      10. Ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметпен айналысу құқығы үшін лицензиялық алымның ставкасын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді .

      11. Егер:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарында субъектілердің осы санаты үшін ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметпен айналысуға тыйым салынған;
      2) осы Ереженің 5-тармағына сәйкес талап етілетін барлық құжаттар табыс етілмеген жағдайда лицензия беруден бас тартылуы мүмкін. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған жағдайда өтініш жалпы негіздер бойынша қаралады;
      3) ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметпен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым енгізілмеген;
      4) өтініш беруші біліктілік талаптарына сай келмеген;
      5) өтініш берушіге қатысты оған ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметпен айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі болған жағдайларда, лицензия беруден бас тартылуы мүмкін.

      12. Егер лицензия осы Ережеде белгіленген мерзімде берілмесе немесе лицензияны беруден бас тарту өтініш берушіге дәлелсіз болып көрінсе, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бұл іс-әрекеттерге шағымдануға құқылы.

      13. Лицензиясы жоғалған, бүлінген жағдайда лицензиат лицензияның телнұсқасын алуға құқылы. Бұл ретте лицензиат лицензиарға лицензияның жоғалған, бүлінген фактісін растайтын құжаттармен қоса жазбаша өтініш береді.

      14. Лицензиар өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып және жоғарғы оң жақ бұрышында "Телнұсқа" деген жазуы бар лицензияның телнұсқасын береді.

      15. Лицензияның телнұсқасын алу үшін лицензиат бюджетке лицензиялық алымды Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерде төлейді.

      16. Лицензияның жоғалған, бүлінген бланкілері лицензиат лицензиарға жазбаша өтініш (лицензияның жоғалған, бүлінген фактісін растайтын құжаттармен қоса) берген күннен бастап жарамсыз деп есептеледі.

      17. Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты өзгерген жағдайда, заңды тұлғаның атауы өзгерген, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құру нысанында қайта ұйымдастырылған кезде, сондай-ақ қызмет түрінің атауы өзгерген кезде, егер мұндай өзгеріс қызмет түрі шеңберінде орындалатын операциялардың мәнінің өзгеруіне әкеп соқпаса, лицензиат күнтізбелік отыз күн ішінде көрсетілген мәліметтерді растайтын тиісті құжаттармен қоса лицензияны қайта ресімдеу туралы өтінішті лицензиарға беруге міндетті.
      Лицензиат тиісті жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лицензиар лицензияны қайта ресімдейді.

3. Лицензияның қолданылуын тоқтату,
одан айыру және қолданылуын тоқтата тұру

      18. Ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметпен айналысу құқығына арналған лицензия өз қолданылуын мынадай жағдайларда:
      1) лицензия алып қойылғанда;
      2) жеке тұлғаның қызметі тоқтатылғанда, заңды тұлға таратылғанда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құрылу нысанындағы қайта ұйымдастырылуды қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда;
      3) лицензия лицензиарға ерікті түрде қайтарылғанда;
      4) лицензияланатындардың тізбесінен ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызмет алып тасталса тоқтатылады.
      Лицензияның қолданылуы тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензияны лицензиарға қайтаруға міндетті.

      19. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

4. Есепке алу және бақылау

      20. Лицензиаттың Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған лицензиялық бақылауды лицензиар жүзеге асырады.
      Лицензиар өз құзыретінің шегінде лицензиаттардан бақылау функцияларын орындау үшін қажетті тиісті құжаттарды ұсынуды талап етуге және жазбаша немесе ауызша ақпарат алуға құқылы.

      21. Лицензиар берілген, қайта ресімделген, тоқтатыла тұрған, қайта жаңартылған және қолданылуы тоқтатылған лицензиялар туралы мәліметтер бар лицензиялардың тізілімін жүргізеді.

      22. Лицензиялар лицензиар заңнамада белгіленген тәртіппен тапсырыс беретін арнайы бланктерде ресімделеді.
      Лицензиялар бланктері қатаң есептілік құжаттары болып табылады.
      Лицензиар лицензиялардың бүлінген бланктерін, сондай-ақ қолданылуы тоқтатылған лицензияларды комиссиялық жоюға тиіс.

Қазақтан Республикасы 
Үкіметінің       
2007 жылғы 29 желтоқсандағы
N 1395 қаулысымен   
бекітілген      

Ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы
қызметке қойылатын біліктілік талаптары

      Ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметке қойылатын біліктілік талаптары мыналардың:
      1) заңды тұлға үшін немесе жеке кәсіпкер ретінде ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға үшін - ұйым қызметкерлерінің біліктілік құрамы үшін кемінде үш жыл біліктілікке сәйкес жұмыс өтілімен лицензияланатын қызмет түрінің бейіні бойынша жоғары білімінің;
      2) санитарлық және экологиялық нормаларға жауап беретін техникалық және өндірістік базаның;
      3) жобаның мақсаты, өндіріс өрістейтін немесе қызметтер көрсетілетін аумақ, технологиялық процестің сипаттамасы, техникалық параметрлер көрсетіле отырып, таңдап алынған жабдықтың типі көрсетілетін белгіленген тәртіппен бекітілген техникалық жобаның;
      4) лицензияланатын қызметте пайдаланылатын техника мен жабдыққа техникалық құжаттаманың болуын қамтиды.