Қазақстан Республикасында электрондық сауданы жүзеге асыру ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 10 қыркүйектегі N 786 Қаулысы

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі.

      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 25 қарашадағы № 720 бұйрығын қараңыз.


      "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 12 сәуірдегі Заңына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында электрондық сауданы жүзеге асыру ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

                                     Қазақстан Республикасы
                                            Үкіметінің
                                    2007 жылғы 10 қыркүйектегі
                                   N 786 қаулысымен бекітілген

Қазақстан Республикасында электрондық сауданы жүзеге асыру
ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасында электрондық сауданы жүзеге асыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының " Сауда қызметін реттеу туралы " 2004 жылғы 12 сәуірдегі, " Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы " 2003 жылғы 7 қаңтардағы заңдарына сәйкес әзірленді және электрондық сауданы жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
      2. Осы Ереженің қолданысы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алуға, сондай-ақ "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттелетін сауда-саттықты ұйымдастырушының (қор биржасы және биржадан тыс бағалы қағаздар нарығының баға белгілеу ұйымы) алаңдарында жасалатын мәмілелерге қолданылмайды.
      3. Осы Ережеде пайдаланылатын ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.

2. Электрондық саудаға қатысушылар

      4. Электрондық саудаға:
      тиісті ақпараттық жүйелер мен желілерді ұйымдастыру мен басқаруға байланысты (сатуға және сатып алуға ұсыныстары бар электрондық құжаттарды алу, орналастыру, сақтау) қызмет көрсететін адамдар (делдал);
      белгілі бір тауарды өткізуге ұсынатын адамдар (сатушы);
      тиісті тауарларды әлеуетті сатып алушылар болып табылатын адамдар (сатып алушы) қатысады.
      5. Сатушы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органға , мемлекет алдындағы салық міндеттемелерінің орындалуына салық бақылауын қамтамасыз ететін мемлекеттік органға және құқық қорғау органдарына өзі туралы электронды нысанда мемлекеттік және/немесе орыс тілдерінде, ал қажетті жағдайда басқа тілдерде шынайы ақпаратқа тиісті қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Бұл ақпарат мынадай мәліметтерді қамтиды:
      жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты (бар болған кезде), заңды тұлғаның оның ұйымдық-құқықтық нысаны көрсетіле отырып, толық атауы; заңды тұлғаның тұрғылықты жері және мемлекеттік тіркелгені туралы мәлімет немесе жеке кәсіпкердің тіркелгені; лицензиясының болуы (заңнама талаптарына сәйкестігі кезінде), лицензия нөмірі, лицензияның қолданылу мерзімі, лицензияны берген мемлекеттік органның атауы туралы мәлімет, салық төлеушінің тіркеу нөмірі, почталық және электрондық мекен-жайы, сондай-ақ телефон нөмірі.
      6. Электронды саудадағы делдал рұқсатсыз әсер етуді болдырмау, қорғалатын ақпаратқа оны жою, түрлендіру, бүлдіру, көшіру және жауып қою мақсатында жариялауды және осы ақпараттық ресурстарға қол жеткізуді кепілдендіруге мүмкіндік беретін электрондық ақпараттық ресурстарды қорғауды қамтамасыз етеді.
      7. Сатушы делдалмен сатуға ұсыныстар бере отырып, электрондық құжаттарды орналастыру құқығына, сондай-ақ Сатушыны мамандануы бойынша сатып алуға келіп түскен сұрау салулардың ішінен іздеу қызметіне арналған жазбаша шарт жасайды. Делдалдың қызметіне төлемді Сатушы тараптар арасындағы келісім бойынша шартта белгіленген мөлшерде және мерзімде жүргізеді.
      8. Сатып алушылар қажетті ақпаратты қарауға ақпараттық жүйеге кіргені үшін төлем жүргізбейді.

3. Электрондық сауданы жүзеге асыру тәртібі

      9. Нотариалдық куәландыруды немесе мемлекеттік тіркеуді талап етпейтін шарттар түпнұсқалығы Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы заңнамасына сәйкес куәландырылған электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжаттармен алмасу жолымен жасалуы мүмкін.
      10. Электрондық саудада жасалған шартта оның жекелеген шарттары шартқа тиісті ақпараттық жүйеге орналастырылған электрондық құжатқа сілтеме арқылы енгізіле алатыны көзделуі мүмкін. Бұл жағдайда электрондық құжатты орналастырған тарап шарттың әрекет етуі мерзімі ішінде оған кедергісіз қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді, ал осы мерзім аяқталған соң осындай құжаттың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен сақталуын қамтамасыз етеді.
      11. Электрондық саудадағы шарт офертада белгіленген мерзімде акцепті алу сәтінен бастап жасалды деп саналады. Оферта және акцепт Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шарттың елеулі талаптарынан тұрады.
      12. Офертада көрсетілген шарттың талаптары офертаны алушыға оларды сақтауға және молайтуға мүмкіндік беретін нысанда ұсынылады.
      Сатушы электронды түрде тауарлар туралы шынайы ақпарат ұсынады.
      13. Сатушыдан шыққан оферталар немесе оферта жасауға шақырулар, сондай-ақ олар ұсынатын тауарлар туралы өзге мәліметтер арнайы білімі жоқ адресатқа алынған мәліметтерді электрондық саудаға қатысты екенін бір жақты анықтауға және шартты жасасу кезінде сатушының құқықтық жағдайы, олар ұсынатын тауарлар, олардың бағалары және оларды сатып алу шарттары туралы шынайы ақпарат жасауға мүмкіндік беретін нысанда ұсынылады.
      14. Электрондық құжаттардың мазмұнын делдал өзгертпеуге тиіс. Көрсетілген талапты орындаған кезде делдалдар олар қызмет көрсеткен электрондық құжаттар пайдаланылып жасалған шарттар бойынша жауапкершілік жүктемейді.
      15. Егер тараптардың келісімімен өзгеше көзделмесе, электрондық құжатты (офертаны, акцепті, офертаны алуды растау) алуды растау жіберушіге оны алғаны туралы растауды жіберу жолымен жүргізіледі, ол электрондық құжат болып табылады.
      16. Электрондық саудада жасасқан шарттар бойынша төлемдер және ақша аударымдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      17. Салық салу объектілері мен салық салуға байланысты объектілерді айқындау үшін, сондай-ақ салықтық міндеттемелерді есептеу үшін негіздеме болып табылатын есептік құжаттаманы жасау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      18. Құжаттарды, жазбаларды немесе өзге ақпаратты сақтау қажет болған кезде мынадай талаптар сақталады:
      1) онда бар ақпарат кейіннен сілтеме жасау үшін пайдаланылуы мүмкін болса;
      2) электронды құжаттар олар құрастырылған, берілген немесе алынған форматты сақтайды;
      3) электрондық құжаттар олар электрондық құжаттарды жіберушіні және алушыны, сондай-ақ оларды құрастыру немесе алу күні мен уақытын айқындауға мүмкіндік беретін шамада сақталады;
      4) электрондық сауда туралы заңнамада немесе тараптар келісімінде көзделген өзге шарттарды сақтау кезінде.
      19. Ереженің 18-тармағына сәйкес электрондық құжаттарды сақтау мақсатында электрондық саудаға қатысушылар басқа делдалдың қызметтерін пайдалануы мүмкін.
      20. Ақпараттық жүйенің түзетусіз жұмысының себебінен жіберілген қате акцепт жіберілген жағдайда кері қайтарып алуды делдал жүзеге асырады.