Алкоголь өнімінің өндірісі жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі мен оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 23 тамыздағы N 732 Қаулысы

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда көзделген - ҚР Үкіметінің 2011.12.23 N 1585 (2012.01.30 бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының " Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы" 1999 жылғы 16 шілдедегі және " Лицензиялау туралы " 2007 жылғы 11 қаңтардағы заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. Қоса беріліп отырған:
      РҚАО-ның ескертпесі!
      1) тармақшаны алып тастау көзделген - ҚР Үкіметінің 2011.12.23 N 1585 (2012.01.30 бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      1) Алкоголь өнімінің өндірісі жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі;
      2) алкоголь өнімінің өндірісі жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.

      2. Осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін жиырма бір күн мерзім өткен соң қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің      
2007 жылғы 23 тамыздағы 
N 732 қаулысымен   
бекітілген   

  Алкоголь өнімінің өндірісі жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Алкоголь өнімінің өндірісі жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының "Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы" 1999 жылғы 16 шілдедегі және "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы заңдарына сәйкес әзірленді және алкоголь өнімінің өндірісі жөніндегі қызметті лицензиялау тәртібін айқындайды.

      2. Алкоголь өнімінің өндірісі жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін лицензияларды және (немесе) лицензияға қосымшаларды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын уәкілетті мемлекеттік орган береді.

      3. Алкоголь өнімінің өндірісі жөніндегі қызметпен айналысу құқығына лицензиялар және (немесе) лицензияға қосымшалар басты болып табылады.

  2. Лицензиялаудың тәртібі

      4. Лицензия алу үшін мынадай құжаттар қажет:
      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нысан бойынша өтініш;
      2) заңды тұлға үшін - жарғының және өтініш берушінің заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмелері;
      3) жеке тұлға үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, өтініш берушінің дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелуі туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      4) өтініш берушінің салық органында есепке тұрғаны туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      5) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін ставка бойынша этил спирті өнімінің өндірісі жөніндегі қызметпен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжат;
      6) өтініш берушінің біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын мәліметтер мен құжаттар:
      өндіріс паспортының көшірмесі;
      уәкілетті орган белгілеген талаптарға жауап беретін, лицензиарға автоматты түрде өндіру көлемі туралы ақпарат беруді (қос тотықты көміртекпен қанықтырылғаннан басқа) қамтамасыз ететін, алкоголь өнімін өндіру көлемін есепке алатын аспаптарды сатып алғанын және қондырғанын растайтын құжаттардың (лицензиарға автоматты түрде өндіру көлемі туралы ақпарат беруді (қос тотықты көміртекпен қанықтырылғаннан басқа) қамтамасыз ететін, алкоголь өнімін өндіру көлемін есепке алатын аспаптарды сатып алу-сату шартының, лицензиарға автоматты түрде өндіру көлемі туралы ақпарат беруді (қос тотықты көміртекпен қанықтырылғаннан басқа) қамтамасыз ететін, алкоголь өнімін өндіру көлемін есепке алатын аспаптардың паспортының, лицензиарға автоматты түрде өндіру көлемі туралы ақпарат беруді (қос тотықты көміртекпен қанықтырылғаннан басқа) қамтамасыз ететін, алкоголь өнімін өндіру көлемін есепке алатын аспаптарды қондыруға және пайдалануға енгізуге шартының) көшірмелері;
      этил спирті мен алкоголь өнімін қабылдауды, сақтауды, шығаруды және есепке алуды жүзеге асыру үшін меншік құқығында қойма үй-жайларының және жабдықтарының бар екенін растайтын құжаттардың (ғимараттарды, құрылыстарды, мүлік пен жабдықты сатып алу-сату шартының, жер теліміне жеке меншік құқығына акті) көшірмелері;
      тұтынушылардың өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз етуді регламенттейтін техникалық құжаттаманың (санитарлық нормалар мен ережелердің, МЕМСТ-ың, өрт қауіпсіздігі, қоршаған ортаны қорғау нормалары мен ережелерінің) көшірмелері;
      қойма үй-жайларына автомобиль және/немесе теміржол кіреберістерінің бар екендігі туралы құжаттардың (қойма үй-жайларына автомобиль және/немесе теміржол кіреберістерін салуға шарттың) көшірмелері;
      өлшеу құралдарының тізбесі (шикізатты қабылдау және шығару үшін таразы және өлшеу шаруашылығы);
      жабдықтардың айрықшалығымен, жабдықтарды орналастырудың жинақтамалық жоспарларымен бірге өндірістің аппаратуралық-технологиялық схемасының көшірмелері.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.07.18. N 820 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен. 

      5. Лицензияға қосымшалар алу үшін мынадай құжаттар қажет:
      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нысан бойынша өтініш;
      2) лицензияның нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      3) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттар (қызметтің кіші түріне):
      өндіріс паспортының көшірмесі;
      алкоголь өнімінің кіші түрін қабылдауды, сақтауды, шығаруды және есепке алуды жүзеге асыру үшін меншік құқығында жабдықтарының бар екенін растайтын құжаттардың (жабдықты сатып алу-сату шартының) көшірмелері;
      жабдықтардың айрықшалығымен, жабдықтарды орналастырудың жинақтамалық жоспарларымен бірге өндірістің аппаратуралық-технологиялық схемасының көшірмелері.

      6. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру үшін лицензиарға ұсынылған барлық құжаттар тізімдеме бойынша қабылданады, оның көшірмесі лицензиардың құжаттарды қабылдаған күні туралы белгі соғылып, өтініш берушіге жіберіледі (табыс етіледі).

      7. Лицензиар лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алуға өтініш берушінің құжаттары тіркелген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушінің мемлекеттік тіркелген жері бойынша қоршаған ортаны қорғау, санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі саласындағы органдарға өтініш берушінің Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен нысан бойынша тиісті талаптарға сәйкестігі туралы белгіленген қорытынды ұсыну жөнінде сауал жібереді.
      Көрсетілген органдар жиырма бес жұмыс күні ішінде өтініш берушінің қойылатын талаптарға сәйкестігін белгілейді және лицензиарға өтініш берушінің Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нысан бойынша қойылатын талаптарға сәйкестігі туралы қорытынды жібереді.

      8. Лицензиар алкоголь өнімін өндіруге лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру кезінде өтініш берушінің біліктілік талаптарына сәйкестігін анықтауды жүзеге асырады.

      9. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны лицензиар барлық қажетті құжаттармен қоса өтініш берілген күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей береді.

      10. Егер:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарында субъектілердің осы санаты үшін алкоголь өнімінің өндірісі жөніндегі қызметпен айналысуға тыйым салынған;
      2) осы Ереженің 4, 5-тармақтарына сәйкес талап етілетін барлық құжаттар табыс етілмеген жағдайларда лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тартылуы мүмкін. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған жағдайда өтініш жалпы негіздерде қаралады;
      3) алкоголь өнімінің өндірісі жөніндегі қызметпен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым енгізілмеген;
      4) өтініш беруші біліктілік талаптарына сай келмеген;
      5) өтініш берушіге қатысты оған алкоголь өнімінің өндірісі жөніндегі қызметпен айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі болған жағдайларда, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тартылуы мүмкін.
      Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тартқан кезде, өтініш берушіге лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тартудың себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап беріледі.

      11. Егер лицензия және (немесе) лицензияға қосымша белгіленген мерзімде берілмесе немесе лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тарту өтініш берушіге негізсіз болып көрінсе, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бұл іс-әрекеттерге шағымдануға құқылы.

      12. Лицензиясы және (немесе) лицензияға қосымшасы жоғалған, бүлінген жағдайда лицензиат лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның телнұсқаларын алуға құқылы.
      Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның жоғалған, бүлінген бланкілері лицензиат лицензиарға жазбаша өтініш (лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның жоғалған, бүлінген фактісін растайтын құжаттармен қоса) берген күннен бастап жарамсыз деп есептеледі.
      Лицензиар өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып және жоғарғы оң жақ бұрышында "Телнұсқа" деген жазуы бар лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның телнұсқаларын береді.

      13. Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты өзгерген жағдайда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құру нысанында заңды тұлға қайта ұйымдастырылған, заңды тұлғаның атауы өзгерген, сондай-ақ қызмет түрінің атауы өзгерген кезде, егер мұндай өзгеріс қызмет түрі шеңберінде орындалатын операциялардың мәнінің өзгеруіне әкеп соқпаса, ол отыз күнтізбелік күн ішінде аталған мәліметтерді растайтын тиісті құжаттармен қоса, лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу туралы өтініш беруге міндетті.
      Лицензиат тиісті жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лицензиар лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдейді.

  3. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, тоқтату, одан айыру

      14. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      15. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуы мынадай жағдайларда:
      1) лицензия алып қойылғанда;
      2) жеке тұлғаның қызметі тоқтатылғанда, заңды тұлға таратылғанда, бірігу, біріктіру, бөліну, немесе қайта құрылу нысанындағы қайта ұйымдастырылуды қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда;
      3) лицензия және (немесе) лицензияға қосымша лицензиарға ерікті түрде қайтарылғанда;
      4) лицензияланатындардың тізбесінен алкоголь өнімі және (немесе) алкоголь өнімінің жекелеген түрі өндірісінің қызмет түрлері және (немесе) кіші қызмет түрі алып тасталса тоқтатылады.
      Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуы тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны лицензиарға қайтаруға міндетті.

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің       
2007 жылғы 23 тамыздағы  
N 732 қаулысымен   
бекітілген    

  Алкоголь өнімінің өндірісі жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары

      1. Алкоголь өнімінің өндірісі жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде өтініш берушіге қойылатын біліктілік талаптары мыналардың болуын қамтиды:
      1) өндіруші әзірлеген және бекіткен өндіру паспортының;
      2) лицензиарға өнім өндіру көлемдері туралы ақпаратты автоматты түрде беруді қамтамасыз ететін (қос тотықты көміртекпен қанықтырылғаннан басқа), лицензиар пломбылаған және белгіленген талаптарды қанағаттандыратын алкоголь өнімінің өндірілу көлемдерін есепке алу приборларының;
      3) қойма үй-жайлары - тек қана этил спирті мен алкоголь өнімін қабылдауды, сақтауды, босатуды және есепке алуды жүзеге асыруға арналған, нормативтік техникалық құжаттамаларға сәйкес келетін мамандандырылған тұрақты үй-жайлардың және (немесе) алаңдардың;
      4) тұтынушылардың өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз етуді регламенттейтін техникалық құжаттаманың (санитарлық нормалар мен ережелер, МЕМСТ-тар, өрт қауіпсіздігі, қоршаған ортаны қорғау нормалары мен ережелері);
      5) тұрақты коммуникациялар - нормативтік техникалық құжаттаманың талаптарына сәйкес өндірістің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ыстық және салқын сумен жабдықтаудың, бу, салқын, электр жабдықтаудың және кәріздің;
      6) қойма үй-жайларына автомобиль және/немесе темір жол кіреберістерінің;
      7) өлшеу құралдарының (шикізатты қабылдау және беру үшін таразы және өлшеу шаруашылығының);
      8) өндірісті және сынақ зертханаларын өлшеу құралдарымен метрологиялық қамтымның;
      9) нормативтік техникалық құжаттаманың талаптарына сәйкес алкоголь өнімін, өндірістің қосалқы өнімдерін, шикізатты, көмекші материалдарды, ыдыстарды сақтау жағдайларының;
      10) жабдықтардың айрықшалығымен, жабдықтарды орналастырудың жинақтамалық жоспарларымен бірге өндірістің аппаратуралық-технологиялық схемасының;
      11) арақ пен айрықша арақ және ликер-арақ өнімдерін (күштілігі он екі пайызға жетпейтін күштілігі төмен ликер-арақ өнімдерінен басқасын) әрбір технологиялық желіге тоқсандар бойынша бір қалыпты жылына 200 мың декалитрден төмен емес көлемде өндіру және өнім шығару мүмкіндігінің;
      12) санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық, өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келетін меншік құқығында тұрақты өндірістік үй-жайлар мен жабдықтардың болуын қамтиды.