Мемлекеттік орман қорының учаскелерінде орман пайдаланушылар жүзеге асыратын сүрек дайындау жөніндегі қызметті лицензиялау ережесін және оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 7 шілдедегі N 580 Қаулысы

Жаңартылған

      "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Мемлекеттік орман қорының учаскелерінде орман пайдаланушылар жүзеге асыратын сүрек дайындау жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі;
      2) мемлекеттік орман қорының учаскелерінде орман пайдаланушылар жүзеге асыратын сүрек дайындау жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
      2. "Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдаланушылар жүзеге асыратын сүрек дайындау жөніндегі қызметті лицензиялаудың кейбір мәселелері және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 2 қазандағы N 1018 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., N 40, 421-құжат) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2007 жылғы 9 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2007 жылғы 7 шілдедегі
N 580 қаулысымен 
бекітілген   

Мемлекеттік орман қорының учаскелерінде орман
пайдаланушылар жүзеге асыратын сүрек дайындау
жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік орман қорының учаскелерінде орман пайдаланушылар жүзеге асыратын сүрек дайындау жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңына (бұдан әрі - Заң) және Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шілдедегі Орман кодексіне сәйкес әзірленді және мемлекеттік орман қорының учаскелерінде орман пайдаланушылар жүзеге асыратын сүрек дайындау жөніндегі қызметті (бұдан әрі - сүрек дайындау жөніндегі қызмет) лицензиялау тәртібін айқындайды.

      2. Сүрек дайындау жөніндегі қызметпен айналысуға лицензияны (бұдан әрі - лицензия) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті (бұдан әрі - лицензиар) мерзімін шектемей береді және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады.

      3. Сүрек дайындау жөніндегі қызмет ағаш кесудің барлық түрін - басты мақсатта пайдалануға, аралық мақсатта пайдалануға ағаш кесуді және басқа да мақсаттарда ағаш кесуді жүзеге асыруды қамтиды.

      4. Лицензия ағаштарды құлатуды, бұтақтарды кесуді, сүректі сүйрей тасуды, көлденең бөлуді, сүректі тиеуді және тасып әкетуді, кеспеағаштарды тазартуды қоса алғанда, сүрек дайындау жөніндегі қызмет кезінде жүзеге асырылатын барлық технологиялық операцияларға беріледі.

      5. Лицензиар лицензиялар тізілімін Заңда айқындалған мәліметтерді көрсете отырып жүргізеді.

2. Лицензия беру тәртібі

      6. Лицензия алу үшін мынадай құжаттар қажет:
      1) өтініш;
      2) заңды тұлғалар үшін - жарғының және өтініш берушінің заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркегені туралы куәліктің (салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларын ұсынбаған жағдайда нотариалды куәландырылған) көшірмелері;
      3) жеке тұлға үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      4) жеке кәсіпкерлер үшін - өтініш берушінің жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің (салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларын ұсынбаған жағдайда нотариалды куәландырылған) көшірмесі;
      5) өтініш берушінің салық органында есепке тұрғаны туралы куәліктің (салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларын ұсынбаған жағдайда нотариалды куәландырылған) көшірмесі;
      6) жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжат;
      7) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттар, оның ішінде:
      дипломның және тиісті оқудан өткені туралы, инженер-техник қызметкердің және оқыған персоналдың болуын растайтын құжаттардың көшірмелері;
      инженер-техник қызметкердің жұмыс өтілін растайтын еңбек кітапшасының көшірмесі;
      өтініш беруші мен инженер-техник қызметкер, персонал арасындағы еңбек келісімін растайтын бұйрықтардың немесе еңбек келісім-шарттарының көшірмелері;
      ағаш дайындау жұмыстарын жүзеге асыру үшін қолданылатын техникаға, жабдықтар мен аспаптарға техникалық паспорттардың көшірмелері;
      Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті төрағасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы N 268 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының ормандарындағы өрт қауіпсіздігі ережесінде көзделген өрт сөндіру жабдықтары мен құралдарының болуын растайтын құжат;
      еңбекті қорғауға және қауіпсіздік техникасына жауапты маманды белгілеуді растайтын бұйрықтың немесе келісім-шарттың көшірмелері.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.06.17 № 604 Қаулысымен.
      7. Лицензия беру үшін лицензиарға ұсынылған барлық құжаттар тізімдеме бойынша қабылданады, оның көшірмесі құжаттың қабылданған күні туралы белгімен өтініш берушіге жіберіледі (табыс етіледі).
      Лицензиар өтініш берушінің құжаттары алынған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде құжаттардың толықтығын және олардың дұрыс ресімделгенін тексеруге міндетті. Толықсыздық фактісі анықталған жағдайда (оның ішінде бекітілген құжат нысандарының толтырылмағаны). Лицензиар көрсетілген мерзімде одан әрі қараудан жазбаша толық дәлелді бас тарту береді. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған кезде құжаттар жалпы негізде қаралады.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.06.17 № 604 Қаулысымен.
      8. Лицензияны лицензиар осы Ережеде белгіленген тиісті құжаттармен қоса, өтініш берілген күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін он жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
      9. Лицензиар осы Ережеде белгіленген мерзім ішінде лицензия беруге не лицензия беруден бас тарту себептері туралы уәжді жауап қайтаруға міндетті.
      Егер лицензиар белгіленген мерзімде өтініш берушіге лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны бермеген не өтініш берушіні лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тарту себебі туралы жазбаша түрде хабардар етпеген жағдайда, онда лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру үшін мерзімдер өткен күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң өтініш беруші лицензиарды қызметтің осы түрін жүзеге асыра бастағаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
      Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған кезден бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш беруші жазбаша хабарламада көрсеткен күннен бастап лицензия және (немесе) лицензияға қосымшаны береді.
      Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.06.17 № 604 Қаулысымен.

3. Лицензия беруден бас тарту, лицензияның телнұсқаларын
қайта ресімдеу, беру, қолданылуын тоқтату және тоқтата тұру

      10. Егер:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарында өтініш берушілердің осы санаты үшін қызметтің осы түрімен айналысуға тыйым салынса;
      2) осы Ереженің 6-тармағында көзделген барлық құжаттар ұсынылмаса;
      3) осы қызмет түрімен айналысу құқығына лицензиялық алым енгізілмесе;
      4) өтініш беруші белгіленген біліктілік талаптарына сай келмесе;
      5) өтініш берушіге қатысты оған осы қызмет түрлерімен айналысуға тыйым салатын, заңды күшіне енген сот үкімі болса лицензия беруден бас тартылады.
      Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.06.17 № 604 Қаулысымен.
      11. Лицензиясы жоғалған, бүлінген жағдайда лицензиат лицензияның телнұсқаларын алуға құқылы.
      Лицензияның жоғалған, бүлінген бланкілері лицензиат лицензиарға жазбаша өтініш (лицензияның жоғалған, бүлінген фактісін растайтын құжаттармен қоса) берген күннен бастап жарамсыз деп саналады.
      Лицензиар өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып және жоғары оң жақ бұрышында "Телнұсқа" деген жазуы бар лицензияның телнұсқасын береді.

      12. Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты өзгерген жағдайда, заңды тұлға бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құрылу нысанында қайта ұйымдастырылған, атауы өзгерген кезде ол отыз күнтізбелік күн ішінде көрсетілген мәліметтерді растайтын тиісті құжаттармен қоса, лицензияны қайта ресімдеу туралы өтініш беруге міндетті.

      13. Лицензияның қолданылуы мынадай жағдайларда:
      1) лицензиядан айырғанда;
      2) жеке тұлғаның қызметі тоқтатылғанда, заңды тұлға таратылғанда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құрылу нысанындағы қайта ұйымдастырылуды қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда;
      3) лицензия лицензиарға ерікті түрде қайтарылғанда;
      4) лицензияланатындардың тізбесінен осы қызмет түрі алынып тасталғанда тоқтатылады.

      14. Лицензияның қолданылуы тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензияны лицензиарға қайтаруға міндетті.

      15. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, лицензиядан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2007 жылғы 7 шілдедегі
N 580 қаулысымен 
бекітілген   

Мемлекеттік орман қорының учаскелерінде орман
пайдаланушылар жүзеге асыратын сүрек дайындау
жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары

      Осы Мемлекеттік орман қорының учаскелерінде орман пайдаланушылар жүзеге асыратын сүрек дайындау жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары (бұдан әрі - біліктілік талаптары) мемлекеттік орман қорының учаскелерінде орман пайдаланушылар жүзеге асыратын сүрек дайындау жөніндегі қызметке (бұдан әрі - сүрек дайындау жөніндегі қызмет) лицензия алуға үміткер жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.
      Біліктілік талаптары:
      1) мамандығы бойынша (ағаш дайындау, орман инженерлік ісі, ағаш өңдеу, орман шаруашылығы) жоғары кәсіби білімі немесе тиісті орта кәсіби білімі және мамандығы бойынша кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар инженер-техник қызметкердің - жауапты орындаушының;
      2) ағаш құлату, бұтақтар кесу, сүректі сүйрей тасу, сүректі тиеу және тасып әкету жөніндегі жұмыстарды жүргізуге үйретілген персоналдың;
      3) меншік құқығындағы материалдық-техникалық база:
      тарту күшінің сыныбы 14 кН-нан аспайтын (сүйреу және тиеу құрылғылары бар) сүректі сүйрей тасуға, тиеуге және тасып әкетуге арналған, тракторлардың немесе тарту күшінің сыныбы 40 kH-нан аспайтын арнайы сүйрей тасу тракторларының, ағаш тасушының, техникалық сипаттамалары бар әбзелдердің, аспаптар мен құрылғылардың, ағаш кесудің белгіленген жыл сайынғы көлемін және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 14 ақпандағы N 141 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік орман қоры учаскілерінде ағаш кесу ережесімен белгіленген ағаш кесу жұмыстарын жүргізу кезінде ағаш өсіру - экологиялық талаптарын орындауды қамтамасыз ететін ағаштарды кесіп құлатудан бастап оларды тиеуге және тасып әкетуге дейінгі жұмыстар кешенін орындауға арналған бензин моторлы аралардың немесе ағаш кесу машиналарының;
      4) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті төрағасының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы N 268 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының ормандарында өрт қауіпсіздігі ережесінде көзделген өрт сөндіру жабдықтары мен құралдарының болуын; қараңыз.V116840
      5) еңбекті қорғау мен қауіпсіздік техникасына жауапты маманның болуын қамтиды.